Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз - жер бетіндегі ең көне мейрам

3825
Наурыз - жер бетіндегі ең көне мейрам - e-history.kz

Наурыз жер бетіндегі ең көне мейрамдардыңы бірі ғана емес әлем бойынша кең көлемде аталып өтілетін мерекелердің бірі. Бес мың жылдық тарихы бар бұл мейрам Мексика, Иран, Ауғанстан, Бирма секілді елдерде жоғары деңгейде аталып өтілсе, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Албания, Қырғызстан, Моңғолия,  Македония және Түркия елдерінде мемлекеттік мереке ретінде тойланады.

Керек болса, наурыз мейрамы бертінге дейін (17-18 ғасырларға дейін) грекия, рим, англия секілді еуропа елдерінде де аталып өтілетін болған. Тіптен ежелгі Русьтің өзінде 1700 жылға дейін Наурыз мейрамы маңызы зор мерекелердің бірі ретінде тойланып келген екен.  Орыс халқы жаңа жыл мерекесін Наурыз айында атап өтіпті. Тек І Петр бұл мерекені өзгертіп, 1-қаңтарға ауыстырады.

Күн мен түн теңесетін бұл мейрамды аталмыш халықтарда түрліше аталғанымен негізі бір: Наурыз мейрамы – жыл басы,  көктем мерекесі ретінде аталып өтіледі. Мәселен, Наурыз мейрамын түрік бауырларымыздың арасында «Невруз байрам», «Невруз Султан» сияқты аттармен танылған. Қазақтар секілді түрік ағайындар да Наурызға алдын-ала дайындалып, жақындары мен көршілеріне сый жасап, дәмдер үлестіреді және жақсы амалдар жасауға тырысады. Түріктер бұл күні жанып тұрған алаудың үстінен секіріп бойларындағы жаман энергия, ауру-сырқаудан арылып аласталады.  Бірақ кейінгі кездері бұл дәстүр жаппай отшашулармен алмастырылып келеді.

Әзірбайжанда да аластау дәстүрі бар. «Тонгал» деп аталатын қасиетті от жағылып адамдар оның үсітен жеті рет секіріп өтеді. Наурыз мейрамын халық ерекше ықыласпен атап өтеді. Мереке күні Шекербура деп аталатын ас дайындайды. Ол қамырдан жасалған ай пішіндес тәтті тағам түрі. Оны айналдыра «күн символы» ретінде жасыл бидай сабақтары қойылады. Бұл күн мен түннің теңесуін еске түсіреді. Үйге келген қонақтар шекербурадан ауыз тиіп тұрып бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша Наурыз күні жаңбыр жауса, «келер жыл өте берекетті болады» деген наным бар.

Ұлыстың ұлы күнін Өзбекстан ерекше атап өтеді. Онда Наурызды қалай күтіп алса, жыл солай өтеді деген сенім бар. Наурыз көжеміз секілді сумаляк (бидай ұнынан жасалған тағам) деп аталатын тағам дайындап адамдар бір-бірінен кешірім сұрасып, жақындарына сыйлық беріп, қуанышқа бөлейді.

Қырғыздар да бұл күнге Нооруз мейрамы деп айрықша мән беріп дастархан жайылып, дәстүрлі сумелек тағамы дайындалады. Оны қант, май, сондай- ақ бидай ұнынан әзірлейді. Бұл ас жәннәт тағамы, қасиетті деп есептеледі.

Сол секілді Армяндарда «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе», тәжіктер «Гүлнавруз» немесе «Бәйшешек», татарлар «Нардуган», бурят пен моңғолдарда «Сагаан цар», хорезмдіктер «Наусарджи», бирмалықтарда «Су мейрамы» деп кете береді.  Бірақ барлығының білдіретін мағынасы бірдей. Басында айтып өткеніміздей «жаңа жыл» немесе «жаңа күн» дегенді білдіреді. Шығыс күнтізбесі бойынша бұл күн жылдың басы, көктемнің алғашқы айы болып есептеледі.

Зерттеушілердің көбі Наурыз мейрамын адам баласы бес мың жылдан бері тойлап келе жатқанын айтады. Алайда бегілі тарихшы Жамбыл Артықбаев Наурыз мейрамының тарихы тым әріде жатқанын – кемі он мың жыл болатынын айтады: Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін. қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кемe Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін Топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады», - дейді Жамбыл ағамыз.

Шын мәніндісінде Наурыз мейрамы ешқандай да діни немесе ғұрыптық салт емес көптеген халықтарда табиғат мейрамы саналған. Шығыс күнтізбесі бойынша бұл күн жылдың басы, көктемнің алғашқы айы болып есептеледі. Кейін уақыт өте келе (ислам дінінің әсері тағы бар) бұл мереке өз маңыздылығын жоғалтып, кейбір ұлттардың санасынан біржолата өшіп кеткен. Бүгінде наурыз мерекесінің о бастағы негізі сақталғанымен бұрынғы қалпы, тойлау амалдары, өзіне тән жоралғылары жеткен жоқ. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша,  бұл күндері кейбір тұтқындарға кешірім жасалып, жарлы-жақыбайлар салықтан босатылатын болған. «Мәуреннахр өлкесінде жаңадан сайланған патшаларды әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті көк тас болған. Бұл «Смарханның көк тасы» деп аталып кеткен. Патшалар наурыз мейрамы қарсаңында осы тасқа отырып тұтқындарға кешірім жасаған. Зынданда отырғандарды босатып, құлдарға азаттық сыйлайтын әдет болған. «Самарқанның көк тасы жібиді» деген түсінік осыдан қалған. Қасиетті көк тасқа қазақ хандарының ішінен Тәуекел ғана отырған. Біз қазір наурыз мейрамының бұрынғы салтын қайта жаңғырта алмай отырмыз. Кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған - керсен толы суға балық жіберу, наурыз тұсында ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау секілді әдемі дәстүрлерді қайта неге жаңғыртпасқа?!», - дейді ол.

Бүгінде басқаша сипатта тойланып жүргені болмаса көне замандарда әз-Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнына ерекше маңыз берілген.  Әрбір халықтың ғұрыптық, жоралғылық өзіне тән дәстүрлік рәсімдер сақталды. Мәселен, ежелгі Грек тарихшысы Квинт Руфтың (б. з. д. І ғ.) «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде көшпелілердің наурыз тойлау дәстүрін былай суреттеп кеткен: «Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған» деп жазатыны бар.

Ал қазіргі қазақ қоғамындағы наурыз тойы сәл басқашалау сипатқа көшкен. Тіптен датасы да өзгеше. Бертінге дейін аталарымыз әз-Наурызды 9-14 наурыз аралығында атап өтетін болған. Батыс өңірдің наурызды 14-нен бастап тойлап «Көрісу» күні деп атайтыны осыдан қалған белгі болса керек. 1918 жылы еуропалық күнтізбе жүйесіне өтуіміз себепті бұрыңғы есепке 13 күн қосылып кеткен. Осылайша біз қазір Наурызды 22-наурыз күні тойлап жүрміз. Әрі бастапқы формасы да ұмытылып көп мерекенің бірі ретінде ғана аталып өтілетін болып жүр. Аталарымыз бұл мейрамды сегіз күн (тағы бір деректерде 9 күн) тойлайтын болған. Оны мына деректерден білуге болады: Қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурызнама өтетінін айтады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», – деп жазады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март – ескіше бірінші наурыз. Әкей айтты: бүгін ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн" дегенді білдіреді» - деп жазған.

Бір қызығы, наурызды 14-інен бастап тойлауды қателік деп санайтындар да бар. Мәдениеттанушы Серік Ерғалидың айтуынша, бұл дұрыс емес. «Амал – Наурыздың ажырамас басы. Екіншісі – мерекенің шырқау шегі! Бір мейрамның екі сипатының бірігуінен Жыл мерекесінің мазмұны мен маңызы бүгінде барынша тарылып, рухани құндылығымыздан біршама шатасуға итермелеп отыр. Амал деген ұғым Кеңес Одағы Наурызды мерекелеуге тиым салғаннан кейін пайда болды. Жұрт «наурыздың» атын амалсыздан «амал» деп өзгертіп айтып, жасырын мерекелеуге мәжбүр болды. Осы себепті себепті, қазір Қазақстанның батыс аймағы жыл басын наурыздың 14-інде тойлау дәстүрі пайда болды. Бірақ бұл өте үлкен қателік. Қазақтар жыл басын Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелу кезінен бастаған», – дейді Серік Ерғали.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?