Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүркеншік есімдердің сыры

3408
Бүркеншік есімдердің сыры - e-history.kz

Өткен ғасырдың басында әдебиет пен баспасөзге белсене араласқан қазақ зиялылары арасында бүркеншік есім пайдалану дәстүрі қатты белең алды. Әсіресе «барлық игілік тек қазақ үшін деп атқа қонып, бір тудың астына біріккен Алаш зиялылары бүркеншік ат қоюдан алдарына жан сылмады. Мәселен, жазушы Бейімбет Майлиннің бір өзін 74 түрлі бүркеншік есім пайдаланса, Ілияс Жансүгіровтің 37 лақап аты болыпты. Кейінгі жылдары «Алашорда» ұйымының көсемі, қазақ тарихындағы алғашқы үкімет төрағасы   Әлихан Бөкейханұлы да саналы ғұмырында ұзын-саны 41 бүркеншік есім пайдаланған деген деректер айтылып жүр.

Әдетте лақап ат, псевдонимдерді  өзіне-өзі әлі сенімсіз, шығармашылық тұлға ретінде жетіле қоймаған шығармашылық өкілдері пайдаланып жатады. Яғни жалпы жұртқа ұысынып отырған дүниесінің шығармашылық бағасын айқындау үшін пайдаланатын әдеби маска деуге болады. Екіншіден бақталастық, күншілдіктен қашу үшін де керек дүние. Тәп-тәуір дүниені көре алмай, асқақтап тұрса да әдейі беделін түсіріп, мақсатты түрде мұқатудан қашатындар да көбіне тұщымды дүниесін бүркеншік атпен оқырманның талқысына салып көріп жатады. Үшіншіден, амалсыздан мәжбүрліктен барады.

Алаш арыстарының бүркеншік есімге тым құмарлығы осы мәжбүрліктен еді. Патшалық ресейдің құрсауына мықтап түсе бастаған халықтың саяси өмірін басқа арнаға бұруды мақсат тұтқан боздақтар өз миссиясын орындау үшін алуан түрлі бүркеншік есімдер пайдалануға мәжбүр болды. Осылайша аз уақыт болса да қуғын-сүргіннен бой тасалай тұрды. Есесіне, ұлты ояту жолында баға жетпес дүниелер жазып үлгерді.

Белгілі зерттеуші, Алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы қазақ зиялылары арасындағы бүркеншік ат қою дәстүрі Әлихан Бөкейханұлынан бастау алған деп санайды. Өйткені оған дейін қазақ баспасөзінде лақап ат қою онша дамымаған. «Негізінен лақап есімді ең көп пайдаланған адам осы Әлекең. Әлихан Бөкейханның 1989-1927 жылдары аралығында яғи қырық жылға жуық уақытқа жалғасқан шығармашылық ғұмырында 41 түрлі бүркеншік есім пайдаланған. Тек үш мақаласы ғана өз есімімен шықан. Оның бірі 1924 жылы жазылған «Қазақ қанша?» мақаласы, екіншісі, 1927 жылы Ленинградта КСРО ғылым акдемиясынан шыққан «Адай уезіндегі қазақтар» атты еңбегі және соңғысы қазақ ауылшаруашылығына қатысты көлемді мақаласы. Ол 1928 жылы жарық көрді. Ол кісінің жиі қолданған айрықша есім-сойы – «Қыр баласы» Бұл екінші есіміне айналып кеткен. Расын айту керек, бұл лақап есімнің көтермеген мәселесі, жазбаған тақырыбы жоқ» дейді ол.

Зерттеушінің айтуынша, Әлихан атамыз «Қыр баласымен» қатар «Ә.Н.», «Ғали хан» немесе «Әли хан», «Арыс ұлы», «Түрік баласы» секілді есімдерді де жиі пайдаланған. Сонымен қатар, «Қалмақбай» және  «V» деген қолтаңба да қолданған. «V» белгісі «виктория» қазақшалағанда «жеңіс» деген мағынаны береді. Әлекеңнің бұл белгіні 1896 жылдан бері қолданып келген. Орыс тілінде жазылған еңбектеріне «А.Н.», «Сын степей» (сирек болса да «Сын степи» деп көрсетілген мақалалары да ұшырасады), «Туземец», «А.Б.», «Статистик», «Киргиз-кайсак», «Алихан» или «Ал. Кочевник», «Мусульманин», «Киргиз», «Степняк», «К.Степняк» немесе «Киргиз-степняк» деп қол қойып отырған. «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», «Уак» және «Н.Ш.», «Омский казах» секілді лақап есімдері де бар. Дума депутаты боп жүргенде жазылған бір топ мақаласы бар. Бұлар патшалық саясаттың озбырлығын ашып жазған мақалалар еді. Оның барлығына Әлекең «Статистик» деп қол қойып отырған. Жалпы Әлекеңен көп жазған жазушы, көркемсөзші, зерттеуші жоқ. Орыс және қазақ тілдерінде шыққан мақаларының өзі мыңнан асады. Жиырмадан астам мерзімді басылымдар, журналдар, кітаптар конференция жинақтарына жазып тұрды. Бүркеншік ат пайдалану дәстүрі Әлиханнан басталады деуге болады», - дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Бір қызығы, Сұлтан Хан Аққұлұлының Әлихандікі деп жүрген кейбір бүркеншік есімдеріне қатысты әлі де тыңғылықты зерттеу жұмыстары қажет екенін айтып жүргендер баршылық. Жақында Астанадағы Руханият орталығындағы  дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын дөңгелек үстелдердің бірінде белгілі филолог ғалым Шерубай Құрманбайұлы қазақ зиялылары қолданған бүркеншік есімдерге қатысты қайшылықтар өте көп екенін айтып өтті. Оның айтуынша, әсіресе Алаш қайраткерлеріне келгенде қателік көп. Бір адамның басында осыншама бүркеншік есімнің болуы күдік тудырады. Осыны нақтылау керек. Ол жерде нақты болжамдармен бірге күдік те қатар жүру керек. «Алаш қайраткерлерінің жинақтарында бір есім бірнеше адамға телініп жүр. Бір шығарманың екі авторы болмайтыны белгілі. Ең сорақысы, мұндай қателіктер академиялық еңбектерде жүр. Ғылыми кеңес пен редакция алқасы қайда қараған? Ғылыми тұрғыдан шешім шықпаған. Асығыс жасалған. Бұл өте ұят. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың тіл туралы еңбектеріне қатысты біршама жұмыс жасап, жинақ шығармақ болған едік. Бірақ Әлихан Бөкейханның бүркеншік атаулары делініп жүрген  кейбір лақап есімдерге келгенде күдік туындап жатыр. Әлихан туралы 15 томдыққа енгізілген материалдардағы «Түрік баласы», «Алашұлы» «Арыс» және «V» секілді есімдерге қатысты үлкен мәселе, сұрақ туындады.  Осыдан кейін мен Бейсенбай Байғалиев ағамыздың, Ғарифолла Әнестің басқа да ғалымдардың еңбектерін қарап шықтым. Сол кезде қайшылық көп екені байқалды. Расы керек, бұл бүркеншік есімдер Әлекеңе келіңкіремейді. Мәселені қойысынан, мінезі мен стилінен-ақ байқалады. Осындай асығыстықтың салдарынан біраз дүниеміз тартпада жатыр. Жұртты шатастыруға болмайды. Ол үлкен қиянат. Бір тақырыптың үстіне шығып отырып алуға болмайды. Не өзі толықтай зерттемейді не өзгені жақындатпайды. «Бақшама түспе" дейтіндер бар. Бұл дұрыс емес. Кез келген тарих пен тұлға елге  ортақ. Оны зерттеуге әркімнің таласы бар. Әр қырынан келуге болады. Жан-жақты зерттеп-зерделемей, пікір алуандығы болмай тарихи шындықтың бетін аша алмаймыз» дейді Ш.Құрманбайұлы.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұл мұндай ала-құлалықты нақты мамандардың жоқтығынан деп есептейді. Ғалымның сөзінше бүркеншік есімдер мәселесі өте қызықты әрі ауыр тақырып. Әр ұрпақ жаңа қырынан зерттегенде ғана нақтылық болады. Мәселен кезінде Темірғали Нұртазин ағамыз  Бейімбет Майлиннің 21 бүркеншік аты бар деп дәлелдеді. Кейін  оны Серікқали Байменше 33-ке толтырды. Бүгінде осы мәселені індете зерттеген ғалым Тоқтар Бейісқұлов 73-ке дейін жеткізіп отыр. Соңғы кездері тарихшы-журналист Заңғар Кәрімхан Бейімбеттің «Жарғақ» деген бүркеншік есімі барын айтып жүр. Ол Темірғали Нұртазин Тоқтар Бейісқұлов Серікқали Байменшенің еңбектерінде айтылмаған. Заңғардың айтуынша, Жарғақ Майлниннің туған ауылындағы бір төбенің атауы. Осыны өзіне пайдаланған дейді ол. «Бұл әрине жетістік. «Сенікі бұрыс, менікі дұрыс» деп ешкім дауласқан жоқ. Сол секілді Әлиханға қатысты мәселеге де нақтылық керек. Райхан Имағамбет әріптесіміз «Наблюдатель» бүркеншік есімінің Әлихан емес  Ахмет Байтұрсыновқа тиесілі екенін дәлелдеп берді. Сол секілді «Арыс ұлының» да Ахаңа қатысты екені туралы дәлел көп. Кейде Міржақыпқа да телінеді. «Түрік баласы» да осындай.  Ерте ме кеш пе оның нүктесі қойылады. Мәселен, Сәбит Дөнентайұлының «Бәйімбет» бүркеншік есімін Бейімбет Майлиннің «Бейімбет» бүркеншік есімімен шатастырудан бірнеше шығармалар «телқоңыр» сипат алып жүргенін көреміз. Оған «Тұңғыш құрбан» мақаласы, «Адаспаспыз» өлеңі айқын дәлел. «Абай» журналының 1918 жылғы №3, «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 18 наурызындағы №34 санында басылған «Тұңғыш құрбан» атты мақала Бейімбет Майлиннің бе әлде Сәбит Дөнентайұлының мұрасы ма деген заңды сұрақ туындайды. Зерттеушілер Т.Бейісқұлов «Дарын даралығы», С.Байменше «Майлының Бейімбеті» еңбектерінде «Тұңғыш құрбан» мақаласын Б.Майлин мұрасы деп қарастырады. Бірақ нақты дәленденіп отыр. Бәйімбет деген бүркеншік есіммен келген «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңдерінің Сәбит Дөнентаевтікі екенін нақты дәлелденіп отыр. Өкініштісі сол бізде нақты мамандар жоқ. Текстологтар жоқ. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл болды әлі күнге дейін елімізде историография, текстология, библиография мамандары дайындалмайды. Бізге Қайым Мұқамедхан атамыз секілді мамандар керек. Оның Абайдың өлеңдеріне қатысты текстологиялық еңбегі елуінші жылдары жарық көрді. Содан бері 70 жыл өтіпті, Абай текстологиясына қатысты үлкен еңбек әлі жарық көрген жоқ» дейді С.Жұмағұл.

Барлыбектанушы жас ғалым Елдос Тоқтарбайдың пайымынша мұның барлығы ескі қазіргі зерттеуші мамандардың ескі жазуларды білмеуінен. Қазақтың жазба әдебиеті шағатай, төте, латын, кирилл жазуы секілді кезеңдерден өтті. Осыларды білмей тарихты, әдебиетті зерттеу өте үлкен қателікке ұрындырады. «Соңғы кездері қазіргі жастар, тек жастар ғана емес бізге дейінгі зерттеушілер өздері зерттеп жүрген дүнилерін, тұлғаларын культтік деңгейге көтеруге, аспандатуға ұрынып жүр. Осының кесірінен басқа біреудің шығрамшылығы мен қайраткерлігін өзінің еңбегіне теліп жіберу мәселесі белең алып отыр. Бұл да үлкен мәселе. Мәселен Қажет Андас деген замандасымыз Барлыбек Сырттанұлының 14 бүркеншік есімі бар деп мақала жазыпты. Бар-жоғы 48 жыл ғұмыр кешкен Барлыбек атамыздың өмір сүрген заманында бас-аяғы 4-5 қана басылым болды. Осыған 14 есім пайдалану мүмкін емес. Барыбектің екі ғана бүркеншік есімі болған - Алатау баласы және С.Б Алашинский. Қалған 12-сін қайдан алып отырғаны түсініксіз. Негізінен бүркеншік есімдерді ең көп пайдаланған адам - Бейімбет Майлин. Оны өзі де жазып кеткен. «Ең көп псевдоним менде болған» дейді өзінің жазбаларында. Кейінгісі Ілияс Жансүгіров. 37 лақап аты болған. Түпнұсқамен жұмыс жасамаймыз. Мұрағатқа бармаймыз. «Сарыарқа», «Қазақ», «Айқап» газеттеріндегі бүркеншік есімдер жиі дауға ұрынады. Мәселен «М.М.» деген есімдер кездеседі. Оны Мұстақым Молдыбаев деп келдік. Сөйтсек, бұл қолтаңба басқа адамға тиесілі болып шықты. «Қыран» және «Сұңқар» деген лақап аттар да бар. Оны да Молдыбаев дедік.  «Сұңқар» Смахан Төренікі екен. Мұрағаттан Қайым Мұхамедхан атымыздың Мұстақым Молдыбаевтың өмірбаяны мен шежіресі жазылған қалың дәптері табылды. Сонда Молдыбаевтың псевдонимі «Сұңқар» болған деген дерек жүр. Сол секілді «Б.М.» деген бүркеншік есімге келгенде аса сақ болу керек. Бейімбет Майлин, Берікбол Малдыбаев және Біләл Малдыбаев деген азаматтардың кез-келгеніне тиесілі болуы мүмкін. Анығын көз жеткізу үшін көтерілген мәселе мен өңіріне қарау керек. Бейімбет болса -Қостанай, Берікбол Малдыбаев - Көктерек, Біләл атамыз Қызылжардан деп қосып отырған. Мұрағатпен түп нұсқамен жұмыс жасау керек дейтінім осы.

Белгілі ғалым Қайырбек Кемеңгер ағамыздың да ойы осыған ұқсас болып шықты. Оның ойынша, күллі ұлт зиялылары пайдаланған бүркеншік есімдердің анықтамалығын шығару керек. Анықтау керек, уақыты, дәуірі, аумағы бойынша дәлелдеу керек. «Тілші», «Кедей», «Бостандық туы» секілді газеттер әлі толық зерттелген жоқ. Олар қайта жарыққа шығу керек. «Онсыз болмайды. Тарихи қателікке ұрынамыз. Сәбит Мұқанов  өзінің «Өмір мектебінде» «V» белгісін Молдағали Жолдыбаевтікі дегенді айтады. Сөйте тұра оны Сұлтан Хан Аққұл ағамыз Әлихан Бөкейхан бабамыздың қолтаңбасы деп дәлелдеп жүр. Сұлтекеңді әрине, құрметтейміз. Бірақ нақты дәлелдеу қажет. Белден басып жіберуге бомайды. Сол секілді «Дала уәлаяты» газетінде «Бабай Бүркіт» деген бүркеншік есім кездеседі. «А.О. » деген де бар. «Ел баласы» деген бүркеншік есім тағы бар. Бұл лақап атпен қол қойылған мақалалар «Ақжолда да» бар-жоғы 21 саны шыққан «Жас Азаматта» да кездеседі. Кімдікі екені белгісіз. Ешкім таласпайды. Көтерген мәселелері өте өзекті. Енді осыны ешкім іздеп жатқан жоқ деп біреуге тели салуға болмайды ғой. Ұят болады. Сонымен қатар Ақжол газетінде «Агроном» деген лақап есім көп кездеседі. Оны Қошке Кемеңгерұлы атамызға бұра тартқым келеді. Өйткені, көтерген мәселесі, сөз саптауы, стилі өте келеді. Атамыз мақаласын көтерген  тақырыбына қарай біріншіден, екіншіден, үшіншіден деп санамалап жазады. «Агрономда» да тура осы стиль бар. Атамыз негізінен ауылшаруашылық саласын бітірген адам. Бұра тартып осы есімдердің барлығын Қошке Кеменгерұлынікі деп жаза салуға болар еді. Бірақ нақты дәлелденбей олай жасауға бомайды. Ертең ұят болады», - дейді ол.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?