Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астанада қос кітаптың тұсаукесері өтті

2514
Астанада қос кітаптың тұсаукесері өтті  - e-history.kz
Қос монографияда қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихи тұлғалар Нұртас Оңдасынов пен Шәбден Ералиевтің өмірі мен қоғамдық істері баяндалған.

Бүгін ұлттық академиялық кітапханада ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Нұртас Оңдасынов» және «Тарих толқынындағы тағдыр. Шәбден Ералиев» атты монографиялық қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.  

Жаңа еңбектерді оқырман назарына ұсынған Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкерлері Қанат Еңсенов пен Құндызай Ерімбетова. Қос монографияда қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихи тұлғалар Нұртас Оңдасынов пен Шәбден Ералиевтің өмірі мен қоғамдық істері баяндалған. Қазақстанның дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалардың ұрпақ санасында жаңғыруты мен рухани жаңғыру аясында жүзеге асқан еңбектер алдағы уақытта оқырман назарына ұсынылады.

Кітаптардың тұсаукесер шарасына қоғам қайраткерлері, кәсіби  ғалымдар, Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері, Нұртас Оңдасынов пен Шәбден Ералиевтің ұрпақтары мен туысқандары, ЖОО оқытушылары мен жас тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты.  

Құндызай Ерімбетова, «Тарих толқынындағы тағдыр. Шәбден Ералиев» монографиясының авторы: «Ұлт тарихында елеулі қызмет атқарған қоғам қайраткері Шәбден Ералиевті ұрпақ санасында жаңғыртып, ел үшін атқарған елеулі еңбектерін көрсету мақсатында осы кітапты шығарып отырмыз. Еңбекті жазуда тарихи тұлғаның ұрпақтары мен туған-туыстарының көзқарастарына да назар аудардым. Сарысуда еңбек жолын бастап, Маңғыстау облысында өмірінің соңғы кезеңдерін өткізген Шәбден Ералиев ұлт тарихындағы орны ерекше. Кітапты жазуда небәрі 30 жыл өмір сүрген Ш.Ералиевтің өмірі мен тағдырын тарихи кезеңмен байланыстыра саралау болды. Қоғамды қақ жарған Ресейлік төңкерістің ұлт аймақтары мен оның тұрғындарына әсерін, Шәбден Ералиев өміріне қатысты жәйттерді деректер арқылы негіздеуді алға тарттым. Болашақта Шәбден Ералиевтің әлемі рухани жаңғыруға кең жол ашылатын еңбектердің қатарында көрінеріне сенемін».

«НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ» атты монографиясы (авторы Қанат ЕҢСЕНОВ).

Ұсынылып отырған монографияда қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Н.Д. Оңдасыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі деректер негізінде жан-жақты сөз болады. Еңбекте қайраткердің өскен ортасы, еңбекке араласуы, 1938-1951 жж. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (Үкімет төрағасы) қызметін атқарған.

1944 жылы ЖенПИ, Педучилище, Консерватория және «Қазақфильм» киностудиясының негізін қалауға Қазақстан Үкіметінің төрағасы ретінде қаулысын шығарған. 1945-1946 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылуын ұйымдастырған. Ашылу салтанатында алғашқы сөз сөйлеген. 1954-1955 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарды.

1955-1962 жж. Гурьев облысын басқарып, мұнайлы өлкенің дамуына зор үлес қосқан. 1962-1989 жж. Мәскеуде тұрып шығармашылықпен айналысып, 6 том еңбекті жарыққа шығарған. Қайраткер Н.Д. Оңдасынов Қазақстанның дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлға.

 «ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДАҒЫ ТАҒДЫР. ШӘБДЕН ЕРАЛИЕВ» атты монография (авторы Құндызай ЕРІМБЕТОВА).

Еңбек жолын Сарысу ауданының ауыл шаруашылығы санағын жүргізетін мекемеде тіркеуші жұмысынан бастаған кеңес дәуірі тұсындағы мемлекет және қоғам қайраткері Шәбден Ералиевтің белгілі әрі белгісіз тағдыр жолдары баяндалады. Ауыл молдасынан сауатын ашып, 1911-1915 жж. Түркістан жер шаруашылығы училищесін, одан әрі Ташкент орыс-қазақ училищесін тәмамдаған. 1919 ж. Түркістан майданы саяси басқармасының инспекторлығына тағайындалғаннан кейін, Ішкі істер халық комиссариаты курсына оқуға жіберіледі. 1921-23 жж. Түркістан милиция басқармасының инспекторы, 1923-1925 жылдары Ақмола уездік милиция бөлімінің бастығы, Ақмола губкомы бөлім меңгерушісінің орынбасары, губкомның бюро мүшесі болды. 1925-28 жж. Ақмола уездік аткомда әкімшілік бөлімінің бастығы, атқару комитеті төрағасы қызметіне тағайындалады. Қазақстан Орталық атқару Комитетінің жауапты қызметкері, Адай округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Шу өзені бойында 1898 жылы дүниеге келген Ш.Ералиев жұмбақ жағдайда 1928 жылы Каспий теңізінде қайтыс болады. Форт Шевченкоға жерленген.

Оқырман назарына ұсынылып отырған монографиялар тұлғалар тағдыры мен ел ішіндегі ахуал, біртұтас елдік мәселелер өзектілігімен негізделеді. Жоғарыда аталынған еңбектер қызығушылық танытқан көпшілік қауымға, тарихшылар мен қоғамтанушы мамандар, студенттерге арналған.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?