Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соңғы көкжал-3

2012
Соңғы көкжал-3 - e-history.kz
Олар өз жерінде отырып өздерінен он есе көп жауды қырып тастап отырды, 11 жылдық соғыста 40 мыңнан аса қытай шерігін қырғынға ұшыратты

Соңы. Басы: Қан кешкен Өр Алтай-1, Оспан батыр және қуыршақ үкімет-2 

Қызыл Қытаймен арбасу және қырғын соғыс

1949 жылы Америка Гомин үкіметін қолдауын тоқтатты, ал Совет үкіметі компартияны бар күшпен қолдады, соның нәтижесінде Қытайда қызылдар билікке келді. 1949 жылы қазанда Қытайдың 100 мың қосыны Шыңжаңға кірді, Гомин армиясы тізе бүкті, ал ШТР сатқын армиясы да бір тал оқ атпай берілді.

Оспан тобы қызыл үкіметпен аралық сақтап тұрды, ал ШТР-лар Оспанды қызыл қытайға құбыжық ретінде сипаттады.  1950 жылдың көктемінде ақыры қанды соғыс басталады.

1949 жылы Баркөл жерінде түскен сурет

Қытай әскерінің бас қолбасшысы Уаң Жін өз естелігінде былай айтады:

«1949 жылы 25 қарашада Шыңжаң азат болды, бірақ кейбір Оспан сияқты терісазулар бас көтерді, олар басында 4000 адам болатын, оларға Гоминның тізе бүккен әскерлері қосылып 20000-нан асып кетті. Олар бізді қуып шығып өздері патша болмақ еді, осы жылы Оспан Гоминның көне генералдарымен астасып, шығыс алты ауданда бүлік тудырды. 6000 гомин әскері мен 45000-нан аса халық қатынасты. 1175 адамды өлтіріп, 340000 малды бұлап кетті.

Оспан қару алып тұрып: «Құмылды алып, қытайдың шегінер жолын кесіп тастап, онан Үрімжіні алып, Шыңжаңды коммунизмге қарсы базаға айналдыру керек!» деп ұрандады. Осылайша Шыңжаңда бандыларды аластау басталды,  мен үкімет армиясына (Гомин әскеріне) қанықпын, бірақ Оспандарға атты әскерді өзек етіп (Яғни ШТР ұлттық армиясын) қимылдауымыз керек болды.  Олар атқа мінсе жолбарыс, ал аттан түссе қой сияқты болады, сондықтан алдымен олардың аттарын жойыңдар, оларға снаряд, зеңбірек арқылы шабуылдап аттарын шошытып бытырату керек!» дедім.

1 сәуірде армиямыз 4 бағытта аттанды, Оспанда тұрақты әскер болмағандықтан, маңындағы руластары мен ақ орыстардан басқасы соғысқа ебедейсіз екен, армиямыз әр руға атылған жолбарыстай тап берді, қарсы жақтан бандыларда қайтарма соққы жасады. Сол сәтте гүрсілдеп жарылған снаряд дауысы құлақ тұндырды (демек қытай армиясы танк, зеңбіректі көп қолданған), бандылар жер бауырлап шегініп кетті, қазақ малшылары малын айдап кете алмай, азаттық армия жақсы деп қол көтеріп бағына бастады.

Қызыл қытай әскері мен ШТР әскерінің кездесуі

Армиямыз тағы да шабуылдап 150 бандыны жойып, 800-ін тұтқындап , 9 рудан 14000 адамды құтқарды, Оспан қалдық қолымен Бәйтікке шегінді... Осы кезде тағы бір банды атаманы Оразбай Тәңір таудың биігіне 2000 жасағымен қоса Манас, Құтыби, Санжыдан 20000 қазақты бастап армиямызға шабуылға өтті, Оспан оны естіп қуанып: «Оңтүстікке тартайық! Қытаймен Бәйтікте алыспай Оразбаймен бірігейік!» депті. Онан хабар алған армиямыз оның жолын кесті, ол қалдық қолымен төтеп бере алмай Гансуға өтіп кетті.

1951 жылы көктемде армиямыз Оспанды Қайызда 50 үймен отырғанда қолға түсіріп, оған қоса 263 адамды тұтқындады, Жанәбіл бастаған 39 адам өлді, 1100 адам бір жақтылы етілді, сәуірдің 29 күні Оспан үрімжіде өлім жазасына кесіліп, атылды, оны көруге 80 мың халық жиналды...».

Бұдан көретініміз Оспан батыр бастаған 20 мың Өр Алтай халқы мен кезінде Алтайдан ауған Үрімжі аймағы мен Баркөлдегі 60 мыңнан аса қазақ 1950 жылы қызыл Қытайға қарсы азаттық соғысқа аттанды, оған жиыны Оспанға ерген 42000 қазақ, тағы Оразбайға ерген 20000 қазақ қатынасқан. Хасен Өр Алтайдың естелігінде Сауанда қалған Арыстанбай моллалар да Қытайға қарсы көтеріліс жасап, соңынан атылған, ал қазақ атты полкінің генералы Закария Әшенұлы қолға түскен қазақ әскерлерді түгелдей қырғызғаны үшін ашумен келіп Уаң Жіннің бетіне түкірген, сонысы үшін ол да ату жазасына кесілген. Ал Оспандарға қарсы соғысқа ШТР-дың қазақ атты әскерлерін пайдаланып, тағы да қазақты қазаққа салған. 

Оразбайды биік таудан барлай алмай, оның бұрынғы дұңған досын жансыз етіп жіберіп, соңында оларды қоршауға алып жойған. Осы соғыстарда мыңдаған қытай әскерінің қырылғаны анық. Бірақ әлі күнге оны өздері ашып айтпаған.

Оспан батырдың қолға түскендегі суреті►

Осы күреске қатысқан Қалибек Хакім, Сұлтаншәріп ауылдары осы жылы Тибет асып, Кашмирге жетеді, олармен бірге Дәлелхан Жанымханұлы, Оспанның серіктерінің бірі Нұрғожай Молдажанұлы, Құсайын тәйжілер бар еді, олар 350 адам болып 1942 жылы Үндістанға келген 1400 қазақпен қосылып, кейін Түркияға жетті. Іледе Тоғызтарау әкімі Жанболат Сөртіұлы да қызыл Қытайға қарсы күрес бастап, ол да өлімге кесілді, Мәлік ажы бастаған біразы Тибет асқан елге қосылмақ болып, жолы болмай қолға түсіп, олар да атылады. 

ШТР жақтың адамдары кейін түгел қызыл Қытайдың жақтастары ретінде мансап алды, 1954 жылы ШТР-ға қарасты үш аймақты (Алтай, Тарбағатай, Іле) Совет ұйғырлық шапан кигізген болса, қызыл қытайлар ондағы қазақтың санының көптігіне мән беріп, онда «Іле қазақ автономиялы облысы» құрылды, Дәлелхан Сүгірбаевтың ұлы Пәтіхан облыс бастығы болды. Керісінше 1950-1951 жылдары қызыл қытайға қарсы оқ атқан Санжы, Баркөлде сол кезде 100 мыңдай қазақ мекендеп сол жердің байырғы әрі негізгі тұрғыны бола тұра қазақ облысының құрамына ол жерлерді кіргізбеді, тек Мори, Баркөл аудандарын қазақ автономиялы ауданы етіп құрды.

Оспан батыр және жазаға бірге кесілген қытай генералдары

Қазір сол жерлерде 300 мыңнан аса қазақ өмір сүріп жатыр, көбі кезінде Алтайдан ауғандар болатын. Оспан батыр атылғаннан кейін ұлы Шердиман Өр Алтайға қайта оралды, Боғдаға ауған ел қайта орала бастаған болатын, Шердиман қарақас қатарлы рулардан 500 адамдық қосын құрып жалғасты күресе берді, 1952 жылы барып келісімге келді, Қытай жақ Оспан батырдың мүрдесін қайтарып береді.

1957 жылы 1947 жылы ауған ел тегісімен мекеніне оралады, келесі жылы коммуналасу басталғанда Қалман Ақытұлы мен Дәлелхан палуан бастаған көтеріліс бұрқ етіп басталып, Көктоғай-Шіңгілден 700-ден аса қазақ қатысты, бір жылда көтеріліс жанышталып көптеген адамдар Тарым лагеріне айдауға жіберілді. Сонымен қатар 1951 жылы Тибетке шығып кеткен қазақтардың қарсылығы да осы жылы зорға тоқтады, Гансуда «Ақсай қазақ автономиялы ауданы» құрылды. Осылайша Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық күресі түбегейлі тоқтады.

Оспан батырдың зираты, Шыңжаң, Алтай, Көктоғай ауданы, Күрті ауылы, Қалбағай қыстағы

Алтай қазақтарының төңкерісі мен төңкерістік үкіметінің кейбір ерекшеліктері

1. Алтай қазақтарының төңкерістік үкіметінің туы Абақ керейдің аруақты батыры, ұраны болған Ер Жәнібектің Абылай ханның қолынан алған ақ туы болды. Бұл ту Жәнібек батыр ұрпақтарында сақталып, осы төңкерісте оны алып шығып ұран шақырып батырларды топтаған, бұл Көгедай ордасындағы кей жағыдайлармен ұқсас, Көгедай ордасы кезіндеде Қызыл аяқ, Беген шабылған, Қара сеңгір қатарлы соғыстарда қол бастаған батырлар осы туды көтерген. Негізі сол орданың дәстүріне сай «төрт би-төре заңы» ел ішіндегі дау-шарларды шешуге қолданылды.

2. Әскери құрылымы жағынан руларды негіз етіп қосын құрылды, әр рудан қос жасақталды, Молқы, Қарақас, Жәнтекей сияқты рулардың тағы басқа рулардың қосы болды. Бұл Шыңғысхан заманындағы әр рулардан құралған мыңдықтарды есімізге түсіреді, мысалы Қоңыраттың 3 мыңдығы, ойраттың 4 мыңдығы дегендей. Қосын көбейгенде 5000 адамға дейін жеткен, алғашында шоқпар, қылыш сияқты қаруларды қолданса кейін мылтық, автомат, пулемет қолданды.

Негізі атты әскерлер болып әр жауынгердің аты мен қаруы өзінен болды, далада аң атып жеп, арқасына тұлыпқа салған талқанына май араластырып жеп түзде жүре беретін, бұл жағынан да Шыңғысханның атты әскерінің дәстүрінің сарқыны бар, ол Алтын Орда, Қазақ Хандығынан бері үзбей жалғасып келгені анық. Киінісі жағынан да қарапайым болып үстінде ішігі, басында тымағы болды. Ұрыс тәсілдеріде далалық көшпенділердің дәстүрі бойынша болып, өз жерінде отырып өздерінен он есе көп жауды қырып тастап отырды, 11 жылдық соғыста 40 мыңнан аса қытай шерігін қырғынға ұшыратты.

Далалық әскерлер

3. Осызамандық сипаттары. Негізі ХХ ғасырдағы от қарулармен қаруланды, кейін телеграмма сияқты хабарласу аспаптарын қолданды. Төңкерісшілерге Алашордашылардың идеясы 1920 жылдардағы оқу-ағарту арқылы, әсіресе 1933-1939 жылдардағы Шәріпханның тұсында жаппай таралды.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?