Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Президенттік билік жүйесінің қалыптасу ерекшелігі

2892
Қазақстан жағдайында Президенттік басқару жүйесі кішігірім уақыт аралығында үлкен даму жолынан өтіп, қалыптасуда.

Соңғы кезеңде елімізде оның саяси өмірінде үлкен өзгерістер болуда. Қазақстан Республикасы қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесінде дамудың жаңа бір кезеңіне аяқ басуда. Бұл қоғамдық өмірді демократияландырудың заңдық қажеттілігі болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің соңғы халыққа жолдауында Парламенттің өкілеттігін кеңейту туралы және басқа да органдардың қоғамдағы рөлін арттыру, саяси партиялар туралы мынандай ой айтылған:

Біріншіден, Парламенттің өкілеттігін кеңейту. Парламенттің Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін қалыптастырудағы, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бюджетті бекіту мен атқарылуын бақылау мәселелеріндегі өкілеттіктері ұлғайтылады. Парламенттің Үкіметті жасақтаудағы рөлі күшейтіледі.

Екіншіден, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Партиялық фракциялардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.

Біз мәжілісті сайлау кезіндегі партиялық тізімді кеңейту туралы мәселені де қараудамыз [1, 16 б.]. Бұл біздің ойымызша, Президенттің көреген саясатының нәтижесі болып табылады. Қазіргі кезеңдегі заңнамада, Конституцияда және Президенттің мәртебесін реттейтін арнайы Конституциялық заңда мынандай өкілеттіктер көрсетілген. Қазақстан Республикасының Президенті жалпы мынандай құқықтық мәртебеге ие.

Республика Президенті:

Республика Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылық құрамын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнген, әрі мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялар алысқаннан кейін, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететін шараларды қолданады;

Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне  сырттан тікелей қатер төнген ретте, Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды;

Парламент Палаталарының бірлескен отырысының қарауына Республика Қарулы Күштерін бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін пайдалану туралы ұсыныс енгізеді;

Өзіне бағынышты Республика Президентінің Күзет қызметін және Республикалық ұланды жасақтайды;

Қазақстан Республикасының  Әскери доктринасын бекітеді;

Республика азаматтарын мерзімді әскери қызметке шақыру және мерзімді әскери қызметтің қызметшілерін запасқа шығару туралы шешім қабылдайды;

Парламент Сенатының келісімімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын қызметке тағайындайды, оны қызметтен босатады [2, 6-7 бб.]. 

Ал енді Президенттің жалпы Парламентке байланысты өкілеттігіне келетін болсақ, оның өкілеттілігі көп Парламентке берілген. Мысалы: “Республика Парламетіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген бағыттарын қайтадан; 

Парламент мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер - Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер – Министрдің  ұсынуымен Республика үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен  босатады, Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды, ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді, Үкіметке заң жобасын Парламент мәжілісіне енгізуді тапсырады, Республика Үкіметі мен премьер-министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;

Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;

Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;

Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жоғарғы Сот Кеңесін құрады”  [2, 13-15 бб.]. Қазақстан Республикасы Президентінің сонымен қатар, нақты мынандай өкілеттіктері бар:

Республика Президенті:

Парламентке және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды;

Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды сақтай отырып, Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын тағайындайды. Сенаттың тағайындалатын мүшелері өкілеттіктерінен айырылған немесе олардың өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда бір ай мерзімде шығып қалғандардың орнына сенат депутаттарын тағайындайды;

Сайлау нәтижелері жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей парламенттің бірінші сессиясын шақырады;

Парламент депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды;

Парламент сенатының Төрағасы лауазымына кандидатура ұсынады;

Әдетте, Парламент сессияларын ашады;

Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады, онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады;

Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады; егер Парламент Конституцияның 54-бабы  2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, бір ай ішінде заңға қол қояды;

Парламенттің қарауына Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы жоба беруге хақылы;

9-1) заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына заңнамалық актілер жобаларын өзінің арнайы жолдауымен енгізеді;

10) заң жобаларын қарудың басымдығын белгілеуге, сондай-ақ заң жобасын қарауды шұғыл деп, яғни Парламенттің осы жобаны оның енгізілген күнінен бастап бір ай ішінде қарауға міндетті екендігін білдіретін ұсыныс енгізуге құқығы бар. Осы талапты Парламент орындамаған жағдайда Республика Президенті Заң күші бар, Конституцияда белгіленген тәртіппен Парламент жаңа Заң қабылданғанға дейін күші болатын жарлық шығаруға хақылы;

11) Парламент Палаталарының кез-келген бірлескен отырыстарына немесе оның Палаталарының бөлек отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар;

12) Үкімет мүшесі заңдарды орындамаған жағдайда Сенат немесе Мәжіліс Конституцияда көзделген тәртіппен қабылданған Парламент Сенатаның немесе Мәжілісінің оны қызметінен босату жайындағы өтінішін қарайды, сондай-ақ Парламенттің тиісті Палатасы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен республика Президентіне үкіметтің осы мүшесін қызметінен босату туралы өтініш берген күннен бастап алты ай өткен соң ол туралы қайталап мәселе қойса, Үкіметтің ол мүшесін қызметінен босатады;

13) Конституцияда көзделген тәртіппен Парламентті немесе Парламент мәжілісін тарата алады [2, 6-8 бб.]. 

Қазақстан Республикасының Президентінің Парламенттің келісімімен атқару билігінің негізін құрайтын Үкіметке байланысты ерекшеліктері бар. Қазақстан Республикасының Президенті:

 Парламент мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады;

 Премьер – Министрді тағайындағаннан кейінгі он күн мерзім ішінде оның енгізген ұсынысы бойынша үкімет құрылымын айқындайды, Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; үкімет мүшелерін қызметтен босатады;

Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды;

жүйелі түрде Премьер – Министрдің Үкімет қызметінің негізгі бағыттары туралы және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндамасын тыңдайды, оның барысында Премьер-Министр Үкімет жұмысы туралы есеп береді;

Премьер – Министрдің ұсынысы бойынша Республиканың мемлекеттік бюджеті есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қаржыландыру мен қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітеді;

Аса маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді;

Үкіметке Парламент Мәжілісіне заң жобасын енгізуді тапсырады,

Республика Үкіметі мен Премьер-Министрі актілерінің күшін жояды не толық немесе ішінара тоқтата тұрады;

егер Үкімет пен оның кез-келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыруы мүмкін емес деп санаса немесе егер парламент мәжілісі не Парламент Үкіметке  сенімсіздік білдірсе, олар мәлімдеген орнынан түсуі туралы, сондай-ақ Үкімет жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін немесе оны жүргізбей отырған Үкімет мүшесі мәлімдеген орнынан түсуі туралы шешімді қабылдайды;

Үкімет немесе оның кез-келген мүшесі мәлімдеген орнынан түсуді он күн мерзім ішінде қабылдайды немесе қабылдамай тастайды [3, 9 б.].

Қазақстанда Президенттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру ісінде енді күшті Президенттік билік жүйесінен үйлесімді мемлекеттік органдардың өзара ықпалдасуын қамтамасыз ететін оңтайлы жүйеге көшу болуы қажет деп санаймыз. Ол үшін Қазақстан Республикасының Президентінің көптеген өкілеттіктерін:

Біріншіден, Президенттің өкілеттігінің кейбірін, өкілді орган Парламентке бере отыра, Парламенттің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруымыз керек.

Екіншіден, мемлекеттік басқару жүйесіндегі Парламенттік бақылауды күшейтуіміз қажет.

Үшіншіден, Президентті мемлекеттік билік тұтастығының кепілі ретінде әрқашанда сақтауымыз қажет.

Төртіншіден, Президенттің өкілеттіктерінің кейбірін, атқару билік тұтқасына кезең-кезеңдермен беру шараларын жүзеге асыру қажет.

Қазақстан жағдайында Президенттік басқару жүйесі кішігірім уақыт аралығында үлкен даму жолынан өтіп, қалыптасуда. Мемлекеттік билік тұтқаларын реформалауды одан әрі жалғастыра түсуіміз қажет, оған шынайы және пәрменді сипат беруіміз керек.

Мадалиева Ақзада, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы

2  Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Жеті жарғы, 2007. – 136 б.

3  С.Сартаев  “Біз конституциялық кеңістікте өмір сүреміз”- Алматы: Алматы: Дәуір, 2010.- 124 б.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?