Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қаратай Нұралыұлы қозғалысы - орыс әкімшілігіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық күрес

4662
Қаратай Нұралыұлы қозғалысы - орыс әкімшілігіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық күрес - e-history.kz
Қаратай Нұралыұлының іс-әрекеті отарлық әкімшіліктің Қазақстанда хандық институтты біржолата жоюға бағыт ұстаған кезеңінде өтті.

Қазақ халқының этникалық тұтастығы, жері мен елінің бірлігі, дербес өмір сүруі үшін сан ғасырлар бойы табандылықпен жүргізілген күресінің тарихи тәжірбиесі мен тағылымын жан-жақты зерделеу отандық тарихнаманың аса маңызды ғылыми бағыттарының қатарына жатады. Қаратай Нұралыұлының іс-әрекеті отарлық әкімшіліктің Қазақстанда хандық институтты біржолата жоюға бағыт ұстаған кезеңінде өтті. Ал Қаратай сұлтан, Арынғазы Әбілғазыұлы, Кенесары секілді тұлғалар патшалық Ресейдің әртүрлі отарлық, озбырлық шарасына қарсы тұрды. Мемлекеттілігі жоқ халықтың қандай қасіретке ұшырайтынын олар көрегенділікпен болжай білді. Олардың «хандық институтты қалпына келтіруге тырысыуы», өз халқы үшін прогресшіл сипаттағы қозғалыс еді.

Жалпы Қаратай Нұралыұлының қоғамдық-саяси қызметінің зерттелуі Қазан төңкерісіне дейінгі тарихнамада А. И. Левшин, Л. Мейер, И. И. Крафт, П. Юдин, С. Н. Севастьянов, А. И. Добросмыслов есімдерімен байланысты. Олардың еңбектерінің барлығы дерлік орыс әкімшілігінің тапсырмасымен жазылған. Сол себепті еңбектерде қазақтың атақты қайраткерлері біржақты, сыңаржақ бағаланды деуімізге әбден болады.

1920-1940 жылдар аралығында Х. Досмұхамедов С. Асфендияров пен Б. Қаратаевтың зерттеулері жарық көрді. ХХ ғ. 60-жылдарында Қаратай сұлтан қозғалысы С. Е. Толыбеков, С. З. Зиманов, А. Сабырханов еңбектерінде шолу түрінде ғана көрініс тапты. Тек өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін ғана хан, сұлтандар бастаған қозғалыстарды жаңаша саралап, оның басты мақсаты отарлауға қарсы күрес, сол арқылы қазақ мемлекеттілігін сақтау екендігін анықтауға ғалымдар түбегейлі бет бұрды. Олардың қатарында К.Нұрпейіс, К.Л. Есмағанбетов, Ж. Қ. Қасымбаев И. В. Ерофеева, Ұ. Т. Ахметова, Ә. Қ. Мұхтар т.б. ғалымдар қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысын тұтас құбылыс ретіне қарастырып, «бірыңғай ағым» теориясы арнасында қарастыру туралы пікірлер білдірді.

Қаратай сұлтан бастаған көтеріліс XIX ғасырдың бас кезінде басталды. Патша әкімшілігі Қаратайдың Кіші жүздегі ең беделді сұлтандардың бірі екендігін аңғарып, Қаратай сұлтанды хан сайламады. Ал, Жантөрені хан сайлау халық пен сұлтандардың наразылығын күшейтті. Cұлтандар қазақ салты бойынша таққа мұргерлік Айшуақтың ұлдарына емес, керісінше Нұралы ханның ұлдарына тиесілі деп есептеді. Осы жағдайлар арқылы ахуалды тез арада аңғарған Қаратай сұлтан Ордадағы Байұлы, Жетіру руларын маңына топтастырып жетекшілікке ұмтылды[1].

Сонымен бірге Қаратай сұлтан тез арада өзінің көмекшілері арқылы патша үкіметінің саясатын қолдап отырған Жантөре ханға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жұргізіп, кейін бұл жұмыс өз жемісін бере бастады. Нәтижесінде Жетіру, Тама бөлімінің старшындары, Шанышқылы, Жиенқұл бөлімдері сияқты Қаратайды қолдаушылардың саны арта түсті. Мұны білген Жантөре сұлтан да Қаратай сұлтанға қарсы өзінің іс-әрекетін бастады [2].

Елдегі жағдайдың шиеленісуінен бәсеңдету жолдарын қарастыруға ұмтылған хан кеңесінің мүшелері, 35-ке жуық старшындар, билер, Байұлы,Әлімұлы, Жетіру руларының беделді сұлтандары кеңес өткізу үшін Жантөре ханға 1806 жылы 5 тамызда хат жіберіп, кеңесті Қобда өзенінің бойында өткізіп, ел ішіндегі өршіп тұрған барымта мәселесін шешуді қарастыруды ұсынды.Бірақ Кеңеске Жантөре ханның келмеуі сұлтандар мен старшындардың заңды наразылғын туғызды [3].

Қаратай сұлтан әрі қарай патша үкіметіне қарсы іс әрекетін жалғастыра берді. 1806 жылдың жаз, күз айларында Гурьев қалашығынан Троицк бекінісінің аралығындағы шекара бекіністеріне көтерілісшілердің шабуылы үдей түсті. 1806-1807 жылдың қыс айларында Қаратай сұлтан үгітшілерінің іс-әрекетінен Кіші жүз қазақтарының басым көпшілігі Сырдарияға көшіп, Қаратай сұлтанның қоластына біріге бастады.

Ал, Волоконский қазақтардың шабуылынан сақтанудың шараларын жүзеге асыруға кірісті.Ниже-Уральск линиясын күзетуге 450 казак, Гурьев қалашығынан 150 казак, басқа ішкі форпоттылардан 75 казак,башқұрт катондарынан жақсы қаруланған 550 салт аттыны, Елек қорғанынан 100 казак отряды дайындыққа келтірілсе, Троицк қамалының маңындағы дала беткейлерге казак-орыс қарауылдарын қою күшейтілді. Қазақтар орыс құлдығының бұғауы Хиуа езгісінен жеңіл еместігін және Ресейге көмек беру арқылы қайта тәуелсіз мемлекет болу үміті үзіле түскенін сезіне бастады [4].

1815 жылдың қарсаңында Қаратай Нұралыұлы өзінің ұзақ жылғы қарулы күресінен біртіндеп бас тарта бастады. Ресейдің саясатының бағы —бағдарын анық сезінген ол жаңа саяси тактикалық жолды іздестіруге көшті [5].

Жалпы, Қаратай сұлтан Ресеймен партизан соғысын жүргізді және оның шеберлігі мен бір орыннан екінші орынға тез ауысып, ізін суытып, орыс шекарасының бойына тұтқиылдан келіп тиюі, бақайшағына дейін қаруланған орыс әскерлерін талай мәрте тығырыққа тіреді. Патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы бірнеше жылдан бері күресіп келген Қаратай сұлтан елінің тәуелсіздік жолындағы күресте орыс әкімшілігімен жаңа бағытта қарым қатынас жасауды жоспарлады.

Қорыта келгенде, зерттеуімізде тарихымыздың біршама ақтаңдық тұстары сараланып, мынадай ғылыми нәтижелер алынды:

біріншіден-Қаратай Нұралыұлының тарихтың шешуші сәттеріндегі ұлт, халық мүддесін қорғауға қосқан үлесі зерделеніп, жеке тарихи тұлғаның қоғамдағы рөлі анықталды;

екіншіден-көшпелі қоғамның дәстүрлі элитасы мен билеушілерінің қоғамдық саяси қызметі жан жақты талқыланып, олардың қалың көпшілікпен ара қатынасы сарапталды, сол арқылы қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы бірлік мәселелері көтерілді.

үшіншіден-дүниежүзілік тарихнамада жиі көтеріліп, сан алуан пікірлер айтылып жүрген қоғамдағы жеке адамның рөлі, оның көпшілікке, қоғам дамуына әсері пайымдалып, тарихта ізерін қалдырған, қайраткер хан, сұлтан, би батырлардың қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қаратаев Б. Б. Обзор материалов по истории колонизации казахского края 1869-1870 г. г-Ақтөбе, 2006.
2. Қасымбаев Ж. К. Государственные деятели казахских ханств в 18-первой четверти 19 в. В. Хан Жантөре (1759-1809). Т.З.-Алматы: Білім,2001.-C.364.
3. Мұқтар Ә. Қ. Азаттық таңы жолында (Қазақстанның батыс өңірі:XVIIIғасырдың екінші жартысы және XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы тарихи жағдайлар).-Алматы:Ғылым,2001.-257 б.
4. АхметоваҰ Т Арынғазы Әбілғазыұлы тарихының кеңестік тарихнамада зерттелуі\\Қостанай әлеуметтік академиясының ғылыми еңбектер жинағы.-Қостанай,2001.11-13бб.
5. История Букеевского ханство.1801-1852 г.г. Cборник документов и материалов.-Алматы:Дайк-Пресс,2002.-C.112б.

Иманғалиев А., студент, ғылыми жетекшісі: Ө. Ш. Бекмағанбетов, т.ғ.д., доцент, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?