Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өлке тарихына тағы бір үңілгенде

2140
Ұлт тарихының көмескі немесе мүлдем айтылмай, жазылмай қалған тұстары жеткілікті екені баршаға аян.

Бұл бағытта әсіресе, Шыңғыс хан бастаған қазақ халқының тарихында «төре» атты арнайы әлеуметтік жоғары деңгейдегі жікті құрап, «ақсүйек» аталған саяси-экономикалық билік иелері көпшілігінің қайда жерленгені туралы нақты мәліметтердің жоқтығы рас.

Орта ғасырлық авторлар: Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри және Әбілғазы Баһадүр ханның еңбектерінде кейбір ақсүйектердің мәселен: Өзбек хан, Әз-Жәнібек және Қасым хандардың жерленген жерлерін, мысалы, Қасым ханның Сарайшық шаһарында пәниден өтіп, сонда жерленгені туралы деректер сақталған [1, 264].

Жошы ұлысы алғаш құрылғанда, оған әкесі Шыңғыс хан төрт мың моңғолдық жасақ бергендігі белгілі. Жасақ жинау әр үйден кемі бір адамнан деп есептегенде, Жошы хан жасағымен Дешті Қыпшаққа үш-төрт мың моңғол үйлері келген болар деп жобалауға болады.

Бұл кезең Дешті Қыпшақ далаларына зор дүрбелең, шапқыншылықтар әкелгені анық. Сарыарқадағы бұл дүрбелеңдерге тек Жошы хан жасақтары ғана емес, Шыңғыс хан бастаған бүкіл моңғол халықтарының жан беріп, жан алғаны мәлім. Осыншама, мыңдаған моңғолдар бастаған жасақтардың Дешті Қыпшақ далаларын, қалалары мен «Ұлы Жібек жолы» бойындағы ірілі-ұсақты елді мекендерін жаулау барысында қиян-кескі ұрыстар мен шайқастар болғаны да тарихи шындық.

Міне, осыншама аяусыз қырғындар барысында жан кешіп, опат болған жергілікті тайпалар мен мыңдаған моңғол жасақтары, олардың он, жүз және мың басылары қайда, қалай жерленді деген мәселелер тарихшыларды толғандырып келеді. Біздің зерттеу мақсатымыз осы бағытқа сәл болса да сәуле түсіруге арналған. 

Ортағасырлық Сарайшық қаласы Дешті Қыпшақ аумағындағы аса маңызды стратегиялық мәні болғандықтан да моңғол билеушілері шаһардың гүлденуіне зор ықпал етіп, әсіресе Өзбек, Әз-Жәнібек хандар тұсында мәдени-көпшілік және стратегиялық ғимараттар, яғни медресе-мешіттер, керуен сарайлар және Жайық (Ұлы су) бойына қалқымалы көпір орнатып, «Ұлы Жібек жолының» кідіріссіз жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасаған. Бұл жөнінде сол дәуірде қыпшақ даласына келген саяхатшылар мен елшілердің деректері куә болады [2, 192 б.]. Мысалы, қалқымалы көпір арқылы Жайықтан өткен керуен жолы «Қызыл жарға» шығып, «Өлі шығанақ» арқылы жүргендігі байқалады. Өйткені бұл жерлерде ертедегі және орта ғасырлық керамикалардың қалдықтары яғни, күнделікті қолданылатын ыдыс-аяқтар сынықтары жиі кездеседі. «Қызыл жар» Жайықтан шығарда алдыңда андыздап тұратын ерекше биік жер. Төбе басынан мұқият зер салған адамға жол сүрлеулері де байқалады. Күні бүгінге дейін «Қарасудың» ыңғайлы «суаты» есебінде пайдаланылады.

«Қызыл жар» қазіргі кезде бұрынғы № 15 ауылға жақын «Қарасудың» жағасы, Сарайшықтан  жағасы, Сарайшықтан 3-4 шақырым жердегі биік қызыл топырақты жер. Оның үсіне шыққанда айнала алақандағыдай айқын көрінеді. Сондықтан да болар күні бүгінге дейін мал қарағандар әуелі «Қызыл жарға» шығып қарайды. «Өлі шығанақ» және «Қызыл жар» суаты орналасқан «Қарасу» ертедегі Жйық өзенінің ескі арналары. Себебі, күні бүгінге дейін көктемдерде, су қатты тасыған жылдарда өзен өз арнасын үнемі өзгертумен келеді. Соның әсері болар, Индер (аудан орталығы) мен Атырау аралығында 180 шақырым екі жағалаулар бойында 30 (отызға) жуық әртүрлі атаулармен аталатын «Мамай», «Ақтөб», «Қара шығанақ», «Қарасу», «Қарт Жайық», «Өлі шығанақ» т.б. ендері – Жайықтан кем түспейтін сулар бар. Ол сулар балыққа да бай және егін-мал суаруға пайдаланылып, халықтың берекелі де, құтты қоныстарына айналған. Жайықтың арнасы үнемі өзеннің оң жағалауына қарай өзгеруде. Сондықтан да, жоғарыда аттары аталған сулардың көпшіліктері Жайықтың сол жағында пайда болған. Мұның барлығын тізбелеп айтып отырғанымыз орта ғасырдың асыл мұраларының бірегейі – Сарайшық тарихын зерттеуші тарихшылар мен археологтар назарын Жайықтың сол жағалауына аудару, өйткені Жайық өз арнасын жыл сайын көктемдерде 4-6 метр шамасында оңға қарай үнемі өзгертуіне орай, шаһардың тарихи ескі орны жойылумен қатар, баға жетпес материалдық мұралар суға кетіп, жойылуда.

Демек, сол жағалаудың «тарихи» мойындалмаған мән-мағынасы бүгінгі күнде арта түсуде. Мүмкін, Сарайшықтың бізге белгісіз «мәдени, тарихи мұралары» сол жағалауда жатқан шығар...

Шаһарды қиратып, тонаған орыс-казак атамандары: Митя Бритоус, Иван Юрьев және Иван Кольцолар қатыгездігі жүзеге асырылған 1580 жылдан бермен қарайғы 434 жылдай уақыт аралығында Жайық өзені оң жағалауға қарай «жылына орта есеппен 3 метрдей жылжыды» - деп есептесек, Жайық арнасы шамаменен 125-150 метрдей орнын өзгерткен болып шығады.

Әрине, су өте қатты тасыған жылдар мен кезеңдерге жоғарыдағы болжамдар  сәйкестенбегендігін ескеруіміз қажет. Соған қарамастан, «сол жағалаудың» тарихи орны туралы жергілікті көне көз қарттар Базарбай Әлетров, Есенжан қарттар мен өлке тарихына жанашыр тұрғындар әңгімелері мен әркезде «табылған» сан-алуан заттық деректер: керамика, қару-жарақ сынықтары, ақшалар және т.б. кездеседі.

Жалпы Жайық бойының әсіресе, сол жағалауындағы ескі қорымдар «Бесбатыр-Жарқын», «Егіз Сары», «Өскенбай», «Қара Жұмат», «Алтын», «Жаналы», «Жазыбай» және «Құдықсай» қорымдары Жайықтан 6-15 шақырымдай қашықтықта, бір сызық бойында орналасқандай әсер қалдырады.

Жоғарыда айтылған «Қызыл жардан» шамамен 6-8 шақырымдай шығысқа қарай «Жаналы», «Жазыбай» және «Құдықсай» қорымдары жатыр. Алғашқысы бізге ерекше маңызды, өйткені ол ортағасырдың бірегей ескерткіштері және Шаһары – Сарайшықтың «қалқымалы көпірі» арқылы Жайықтан өткеннен кейінгі шығысында орналасқандығымен ерекше. Бұл қорымдардағы көрініп тұрған, сынған ескерткіштерінде тек қана «төрелердің» таңбалары бейнеленген. «Жаналы» қорымы Алға ауылынан солтүстік-батысқа 21 км жерде төбе басында орналасқан. Қорымның уақыты  XVIII-XIX ғасыр.

GPS координатасы: N 47°33.951

  E 051°49.026

Құлпытастардағы араб алфавитімен жазылған жазулар оқылды. Құлпытастардағы жазулардың басым көпшілігі XVIII ғасырдың аяғымен ХІХ ғасырдың басында жазылғандығы анықталып отыр.

Мұндағы құлпытастардың бетін өңдеу тәсілі – жазық бедерлі қашау болған. Кейбір ескерткіштердегі бейнеленген қару-жарақ, тұрмыстық заттар кескіндерді нүктелеу әдісі (пикеттік әдіс) арқылы жасалған.

Құлпытастар әртүрлі формада жасалып, ою-өрнектермен сәнделіп, араб алфавитімен жерленгендердің есімі, жылдары, ру таңбасы, құран аяттары қашалып жазылған.

Қорымдағы құлпытастар аймақтық тау жыныстарын, әктас-құмтаспен ұлутаты өңдеудің бұрыннан қалыптасқан тәсілдері мен техникасын қамтыған. Қаптама тақталарды тегістеу тек қана эстетикалық әсер үшін жасалған жоқ, сол арқылы атмосфералық агенттерден жеңіл ажырату мәселесі шешілген [3].

Қорымда жалпы саны 23 құлпытас саналды. Аталған қорымнан орта ғасырлық құмыра сынықтары және неолит дәуіріндегі тас жаңқаларының жиі кездесуіне қарап, бұл жерде ежелден ел мекендеген тұрақ немесе шағын елді мекен болғандығын дәлелдейді. Ескерткіштердің сақталуы орташа, сынған бөліктері жиі кездеседі. Биіктіктері 1,30-1,80 м шамаларында. Қолданылған материалдары құмтас. Құлпытастағы материалдардың көпшілігі тікелей Нұралы ханның ұрпақтарына байланысты екендігін осындағы жазулар айқындай түседі. Ондағы жазулардың көпшілігі эрозияға ұшырап немесе грамматикалық белгілі жүйе болмағандықтан барлығын таза оқып шығу мүмкін болмай тұр. Аталған жерден оқылға нқұлпытастардың бірнешеуіне жеке-жеке тоқталып өтсек.

1.  Мин Куллу ғалайха ... Ал мархум

Нұралы ханның ұғлы Салар сұлтанның туысы

Нығлы сұлтан ұғлы, ұғлы опат

1848 (1828 болуы да мүмкін) иашинде.

Қылдырды бұ ташты...

2.  Нұралы ханның ұғлы

Иблға ханның баласы

Отанай сұлтанның қызы...

Ханым опат 61 иашинде

..... ......

3.  Ал мархум Ал мансур рухы

Руғымен сұлтаны Бабағали

Ибн жауға опат болды 27 иашинде

1234 (хижра жыл санауы) инши иылда

...... ....... ................... .................

....................................................

4.  ...................................................

............Ал мархум

Нұралы хан ұғлы

Сұлтанның ұғлы

Шархан (басқа да болуы мүмкін)

5.  ................ ...................................

.....лға Сұлтан ұғлы

(Бирхан немесе Инирхан) ұғлы

Опат 45 иашинде

(Салар иылда хабар иыллар хабарды 18-де)

6.  ......... .................... ......................

......... .................... ......................

Нәпілда (Қабылда) сұлтан ұғлы

Сұлтан ұғлы опат

32 иашинде 1835 иылда

Рабғы ......... 2-де

Ескерту. Көп нүкте қойған жерлер оқылмады. Сонымен қатар грамматикалық қателіктердің көп болуына байланысты адам аттары бұрмаланып оқылуы мүмкін.

Сонымен, жоғарыдағы құлпытас-ескерткіштер соңғы ортағасыр кезеңдеріне сәйкес келгенмен, өлке тарихында «өзіндік» орны бар Нұралы хан әулетінің қорымы ретінде де маңызы бар... Оның үстіне бұл қорым аймақтағы бірден-бір тек «төрелер» ғана жерленген тарихи орын ретінде ерекшеленеді.

Ж.Ж. Мұстафин, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.  Аль-Бирзали. СМИЗО. - СПб., 1884. – Т.1. – 264 б.

2.  Ибн-Баттута. СМИЗО. - СПб., 1884. - Т.1. – 192 б.

3.  Р.А. Бекназаров. Қазақтың тас қашау өнері. – Алматы, 2005.  


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?