Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандағы ұлт қалыптастыру үрдісінде отандық тарих ғылымының маңыздылығы

4143
Қазақстандағы ұлт қалыптастыру үрдісінде отандық тарих ғылымының маңыздылығы  - e-history.kz

(саясаттанулық талдау)

«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады... Дүниеде өңген жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады»

Әлихан Бөкейхан

Соңғы жылдары Қазақстанда тарих ғылымы мен тарих білімін беру мәселелеріне мемлекет саясаты тарапынан ерекше назар аударылып келеді. Осылайша, Қазақстанда ұлтты қалыптастыруда (nation building)және азаматтықты тәрбиелеудегі тарихтың рөлі өзінің толық көрінісін тауып келе жатыр. Осы орайда, Қазақстандағы ұлт қалыптастыру (nation building) үрдісінде отандық тарих ғылымының маңыздылығын зерттеу бүгінгі күннің бірегей тақырыптарының бірі болып табылады.

Жоғарыда айтылғандай, тарихи білімнің азаматтық құндылықтарды, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда орны ерекше. 1920 жылы Хелен Мадели өзінің «Азаматтық мектебі ретінде тарих» (History as a School of Citizenship) кітабында тарихты оқытудың негізгі мақсаты «азаматты қалыптастыру» (the making of the citizen) болу керектігін атап кетеді [11;10 бет]. Соңғы онжылдықта Кит Бартон [4; 119–148 бет].Сонымен қатар Бартон мен Левстик [5] және Кен Осборн [13; 585–626 бет]сияқты шетелдік ғалымдар Америка мен Канадада демократиялық азаматтық тәрбиесін ілгерілетудегі тарих білімінің рөлін атап өтеді. Модерн мемлекеттің даму кезеңіне көз жүгіртетін болсақ, тарихтың оқыту пәні ретінде қалыптасуы ұлттық мемлекеттер мен ұлтшылдықтың өркендеуімен тікелей және жанама түрде байланысты. 

Ұлт қалыптастыру (nation building) тұжырымдамасы

Ұлт қалыптастыру (ағылш. – nation building) мемлекеттің ұлттық бірегейлігін орнату процесін білдіреді. Ұлт қалыптастырумемлекеттің ұзақ мерзімді перспективада тұрақты және берік болуын қамтамасыз ету үшін жеке адамды қоғаммен, ұлтпен және мемлекетпен бірегейлендіруге бағытталған. Харрис Милонастың айтуынша, «қазіргі ұлттық мемлекеттердегі заңды билік халықтық билікке, көпшілікке байланысты. Ұлт қалыптастыру-бұл осы көпшілік құрылатын процесс»[12; 17 бет].

Саяси ілімдер тарихына көз жүргіртетін болсақ, алғаш болып құрылған модерн-ұлттық мемлекеттерге қоғамда интеграцияланған, біртұтас құрылымды құру үшін, сондай-ақ азшылық болып табылатын түрлі дәстүрлі топтардың өздерінің бірегейлік сезімдерінен біртіндеп арылдырту үшін жаңа жоғарғы бірегейлік қажет болды. Бұл өз кезегінде ұлт қалыптастыру (nation building) тұжырымдамасының пайда болуына әкелді [10; 143 бет].Бұл қажеттіліктің нәтижесінде тиесілілік пен байланыс сезімі дәстүрлі/діни құрылымдардан алыстатылып, ұлттық деген жаңа құбылысқа қарай бағытталды. Бұл трансформация әр түрлі дәстүрлі бірегейліктер мен тиесілік сезімдерді баяу ыдырату, оларды біртұтас ұлттық бірегейлікке бағыттау, содан кейін ортақ құндылықтарды, ортақ тілді және ортақ мәдени және тарихи негіздерді қолдану арқылы біртекті қоғам құруға талпыныстың нәтижесі ретінде пайда болады[6; 9–36 бет]. Осындай ұжымдық жад шеңберінде қалыптасатын тарих ұлттың шығу тегінен бүгін мен болашақты қиып өтетін көпір құрады. Демек, ұлттық болмыстың қалыптасуы тарих арқылы ұжымдық жадтағы объективті заттардың бүгінгі күнге берілуі арқылы жүзеге асады.

Әрине, бірге өмір сүретін қауымдастықтардың бәрі ұлт емес. Басқаша айтқанда, олардың ұлттық ерекшелігі жоқ[7; 298 бет]. Шынында да, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үшін этникалық бірегейлік, діни бірегейлік, әлеуметтік бірегейлік және аймақтық бірегейлік сияқты басқа да әр түрлі бірегейліктердің орнын басу және «ортақ нанымдар мен құндылықтарға» сәйкес жаңа бірлікті қамтамасыз ету қажет. Бұл бірліктің құрылуында ұлт қайраткерлерін, батырларды, ұлттық мінезді, ортақ тілді, мәдени және тарихи ескерткіштерді, сондай -ақ «бірегейлікті куәландыратын тізімге» жатқызуға болатын бірнеше фольклорлық ерекшеліктер алдынғы қатарға шығады[2; 145–62 бет].

Ұлт қалыптастыру үшін қажетті ұлттық бірегейлік сезімі, бір жағынан, жоғарыда көрсетілгендей ұлттың барлық мүшелері үшін тарихи сабақтастық сезімін қамтамасыз ететін болса; екінші жағынан, ол белгілі бір теориялық әрі философиялық негізге тиесілілік пен байланысты қалыптастырады. Көріп отырғанымыздай, тарих білімі территориялық/кеңістіктік тиесілілік сезімінің қалыптасуының құрамдас элементі ретінде де пайда болып отыр. Смиттің анықтамасы бойынша, қоғам мүшелерін бірегейлендіруде және белгілі бір құндылықтарға тиесілі сезімін қалыптастыруда әлеуметтік кеңістік және территория да ұлттық бірегейліктің негізін қалаушылардың бірі болып табылады. Алайда, бұл территория жай ғана территориялық кеңістік емес, ол «тарихи» территориялық аумақ 3; 9 бет]. Яғни, бұл жерде территориялық кеңістікке «тарихи» маңыздылық беру мәселесі сөз болдып отыр.

Тарихты оқытудың ұлт қалыптастырудағы рөлі

Адамдардың көпшілігі өздерін өз отбасыларынан әлде қайда үлкен әлеуметтік топтармен бірегейлендіреді, ал тарих болса адамдарды көбінесе бір ұлтпен бірегейлендіру үшін қолданылады[5; 48 бет]. Тарих «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу арқылы адамның шығу тегі мәселесін шешуге тырысады[1; 18–19 бет]. Тарих бұл тұрғыда ұлттық бірегейлік рухын қалыптастыратын болса, мемлекеттің «идеологиялық аппараттары» осы бірегейлікті қоғамға танытуға және оны тұтастандыруға, одан әрі жетілдіруге әрекет жасайды.

Ұлтты қалыптастырудағы және сол ұлттың ұлттық бірегейліктің қалыптастырудағы тарихтың маңыздылығы, сөзсіз, оның педагогикалық мақсаттардан әлдеқайда жоғары, әлде қайда күрделі мәселе екендігін көрсетеді. Ғылыми тұрғыдан алғанда, тарихи білім беру жүйесі азаматтықты тәрбиелеуде ғана емес, сонымен қатар, ұлтты қалыптастыруда және ұлттық мемлекет құруда маңызды рөл атқаратынын көріп отырмыз. Демек, белгілі бір территориялық аумақты ұлттық бірегейлік тұрғысынан құнды әрі мағыналы ететін нәрсе - оның жай ғана географиялық сипаттамасы емес, керісінше оның тарихи сипаты, тарихи табиғаты. Бұл қысқаша теориялық негізде ұлтты құрайтын әрбір элемент дерлік тарихпен байланысты. Бұл мемлекет қайраткерлерінің және ұлт көшбасшыларының неліктен тарих пен тарихты оқытуға арнайы сезімталдықпен қарайтындығын түсіндіруде ерекше маңызға ие.

Тарих білімін беру азаматтарда өткеннен болашаққа дейінгі ұжымдық жат пен ұлттық сана қажеттілігіне бағытталған сабақтастық сезімін қалыптастыру үшін функционалды түрде қолданылуда. Ұлттық мемлекетті біртектес қоғам ретінде қалыптастыру идеясы негізінде қалыптасқан және ұлтжандылық дискурсына негізделген тарихи білімнің бұл түсінігі адамдарды тек қана қоғамның бір мүшесі ретінде ғана емес, тиісінше әр түрлі құқықтар мен міндеттерге ие азамат болуын қамтамасыз етуге бағытталған[8; 6–7бет].

Бұл ресми тарихи білім беру процесі жаңа ұрпаққа қалыптасқан тәртіптің принциптерін, мәдени құрылымын, тарихи сабақтастығын және мағыналық әлемін беруге бағытталған. Осылайша, қоғамның ұжымдық жады күшейтіледі; ойдың, мінез-құлықтың және көзқарастың біртектілігі қамтамасыз етіледі; және ағымдағы уақыт пен орынға тиесілі байланыс орнатылады. Бұл процестің соңында белгілі бір бірегейлік сезімі қалыптастырған адам айналасындағы әлемді түсінеді және өткенге қайта саралау арқылы оны қайта жаңғыртады. Ұжымдық жадқа енгізілген құндылықтардың барлық түрлері, оң және теріс пайымдаулар мен басқалардың бейнелері жақсы азаматтар тәрбиелеу мақсатында оқулықтар арқылы жоғары жоспарлы және бағдарламаланған түрде білім алушыларға жеткізіледі. Негізгі мақсаты – ресми тарих білімі арқылы ұлттық мемлекеттің идеалды азаматын «қалыптастыру», идеалды азаматын «жарату»; осылайша ұлттық мемлекет мақсат еткендей ұлттық бірегейлік қалыптастыру. 

Қазақстандағы ұлт қалыптастыру үрдісі және тарих білімі

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның жеке дара мемлекет ретінде жүзеге асырылуы қажет жаңа міндеттер алдынғы қатарға шыққан болатын: советтік азаматты ұлттық бірегейлігі бар қазақстандық азаматқа трансформациялау және біртұтас ұлт қалыптастыру. Әрине, ортақ мәдениет және тарихи санасы бар біртұтас ұлт қалыптастыру үрдісі күні бүгінге дейін тоқтамайтын үрдіс.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәдени мұра мен рухани қазынаны талдап, жіктеп, қоғамның игілігіне жарату зиялы қауым мен ғалымдарға үлкен міндеттер жүктеді. Бұл міндеттің, әсіресе, ауыр жүгін тарихшы-мамандар арқалады. Елімізге есімдері белгілі М.Қозыбаев, К.Байпақов, К.Нұрпейісов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Н. Әміреқұлов, Б. Көмеков, Ж. Абылғожин, Т. Сұлтанов сынды майталман мамандар қыруар жұмыстар атқарды[15].

2019_10_03_kazak-ely.png

Тәуелсіздік тұсындағы қазақ халқының қоғамдық санасындағы түбегейлі өзгерістер тарихи тағдырдың тәлкегімен ұмыт болған ұлттық дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғыртуымен сипатталды. Халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бір қатар жұмыстар іске асырылды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы» қабылданып, онда тарихи білімнің іргелі принциптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. 1997 жылдың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жылдың «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы», 2000 жылдың «Мәдениетті қолдау жылы», 2001 жылдың «Қазақстан тәуелсіздігінің он жылдығы» деп жариялануының, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырыла бастауы нәтижесіндегі атқарылған қыруар жұмыстар, сөз жоқ, ұлттық бәрегейлік пен тарихи сана қалыптастыруға үлкен әсерін тигізді.

Сонымен қатар, ұлттық тарихымызды қайта зерделеп, объективті түрде жаңа заман тұрғысынан зерттеуге арналған Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Мемлекет тарихы институты сияқты іргелі институттардың және университеттер қабырғаларында тарих факультеттерінің ашылуы жалпы тарих ғылымының институтциялануына үлкен әсер етті.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтқандай, тарих ғылымы саласында жүргізілген кешенді жұмыстар нәтижесінде отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты[16].

Көріп отырғанымыздай, ортақ мәдениет және тарихи санасы бар біртұтас ұлт қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа назар аударатын болсақ, мемлекет тарапынан тарих ғылымы саласындағы теориялық әрі методологиялық мәселелерінің шешуіне[14] және отандық тарих ғылымының дамуына қолдаулар жасалып жатқандығын көріп отырмыз. Мәселен, қазіргі уақытта ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты «Қазіргі заманғы тарих ғылымының қалыптасуының ғылыми негізделген тұжырымдамасын әзірлеу» тақырыбында мақсатты қаржыландыру аясында ғылыми бағдарламаны іске асыруды бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты тек қана Қазақстанның тарих ғылымының қазіргі жағдайын жан -жақты зерттеу емес. Негізгі мақсаты Қазақстанның тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуының ғылыми негізделген жаңа тұжырымдамасының іргелі негізін, яғни фундаментін қалыптастыру болып табылады[15].

Қорытынды

Сөзсіз, адам жаңа болашаққа ұмтылатын болса, ол өткен өмірді жаңадан саралайды. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан айтқандай, «...бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады...»Тарихты жазу мен оқыту арқылы жаңа мемлекеттің негізін қалаушылар жаңа қоғамды құруға тырысты, бұл өз кезегінде жаңа болашақты құруға талпыныстың жемісі. Тарихтың ұлт қалыптастыру үдерісіндегі бұл маңызды рөлі оның жаңадан жазылуы мен оқытылуына, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың басты басымдылықтарының бірі ретінде қалыптасуына алып келді.

Жоғарыда көргеніміздей, ұлтжандылық пен ұлттық бірегейлікті қалыптасуында және нығаюында тарих ғылымының маңыздылығы ерекше. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттік саясат тарапынан Қазақстандағы тарих білімінің дамуына, ұлттық жад пен тарихи сананың қалыптасуына ерекше назар аударылып келеді. Екінші жағынан, бүгінгі күні ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты тарапынан Қазақстанның қазіргі заманғы тарих ғылымының тарихын зерделеу және ғылыми негізделген тұжырымдамаларды дайындау бағытында іргелі зерттеулер жүргізіліп жатыр. Осы орайда, тарих ғылымының жаңа тұжырымдамасы әзірлену барысында тарихи білімінің жаңа азаматтық құндылықтарды, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға ерекше назар аударылуы қажет. 

Пайданылған әдебиеттер

1.     Akif Pamuk (2014), Kimlik ve Tarih: Kimliğin İnşasında Tarihin Kullanımı. İstanbul: Yeni İnsan Yayınevi. P. 18–19

2.     Anne-Marie Thiesse (2010), “Ulusal Kimlikler, Ulusaşırı Bir Paradigma”, Milliyetçiliği Yeniden Düşünmek. İstanbul: İletişim. S. 145–62.

3.     Anthony D (1991). Smith, National Identity. London: Penguin. P. 9.

4.     Barton, Keith (2001), ‘Committing acts of history: Mediated action, humanistic education and participatory democracy’, in W. Stanley (ed.), Critical Issues in Social Studies Research for the Twentieth Century, Greenwich, CT: Information Age Publishing, pp. 119–148.

5.     Barton, Keith and Levstik, Linda (2004), Teaching History for the Common Good, Mahwah, NJ: Lawrence Erlbaum Associates.

6.     Benedict Anderson (2006), Imagined Communities: Reflections on the Origin and Spread of Nationalism. London: Verso. Р. 9–36.

7.     Erol Göka, İnsan Kısım (2006)Kısım: Topluluklar, Zihniyetler, Kimlikler İstanbul: Aşina Kitaplar. S. 298.

8.     İsmet Parlak (2005), Kemalist İdeolojide Eğitim. Ankara: Turhan Kitabevi. P. 6–7.

9.     Köksal Şahin (2007), Küreselleşme Tartışmaları Işığında Ulus. Istanbul: İlgi Kültür Sanat. S. 143.

10.                       Madeley, Helen M. (1920), History as a School of Citizenship, Oxford: Oxford University Press.

11.                       Mylonas, Harris (2012). The Politics of Nation-Building: Making Co-Nationals, Refugees, and Minorities. New York: Cambridge University Press. 

12.                       Osborne, Kenсс (2003), ‘Teaching history in schools: A canadian debate’, Journal of Curriculum Studies, 35: 5, pp. 585–626.

13.                       Багдатова С.А (2021). Обзор материалов научного семинара «Информационное обеспечение исторической науки Казахстана: современное состояние и перспективы развития» \\ http://history-state.kz/ru/?ELEMENT_ID=1711&bxajaxid=ccb6ad31101c9f96b7955bebd0da3f59

14.                       Еркін Әбіл (2021).Теоретические проблемы современной исторической науки Казахстана. Часть 2 \\ http://history-state.kz/ru/?ELEMENT_ID=1610

15.                       Қазіргі замандағы тарих ғылымы және тәуелсіз Қазақстандағы тарихи сана \\ https://edu.e-history.kz/kz/contents/view/867

16.                       Тоқаев Қасым-Жомарт (2021). Тәуелсіздік бәрінен қымбат \\ https://egemen.kz/article/260146-tauelsizdik-barinen-qymbat

 

    Қожбанхан Еркеш, 

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?