Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихнамасы» атты монографиясының қолжазбасына пікір.

12843
 «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихнамасы» атты монографиясының қолжазбасына  пікір. - e-history.kz
Жаппасов Жарылқасын Еркиновичтің «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихнамасы»тақырыбындағы монография өте күрделі мәселелерді зерттеуге бағытталған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаппасов Жарылқасын Еркиновичтің «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихнамасы» атты монографиясының қолжазбасына

ПІКІР

Жаппасов Жарылқасын Еркиновичтің «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихнамасы»тақырыбындағы монография өте күрделі мәселелерді зерттеуге бағытталған. Бұл мәселе бірнеше ғасырлардан бері көптеген зерттеушілерді толғандырған өзекті проблемалардың бірі. Қазақстан халықтарының тарихи санасын қалыптастырудың мемлекеттік концепциясында жат құндылықтар мен отарлық мүдделерге орай бұрмаланған, не болмаса айтылуға тиым салынған тақырыптар мен тұтас кезеңдерді ақиқат тұрғысынан қайта қарап, зерделеу күн тәртібіне қойылған тұста, Ж.Е. Жаппасовтың тақырыбының өзектілігі айқын көрінеді.

Монографияның тақырыбы отандық тарихнама ғылымында әлі күнге дейін зерттелмеген, шешімін толық таппаған, күрделі мәселенің түйінін шешуге арналған. Қазақ халқының қалыптасуы, тарихи тұлғалар, ұлттық төлдеректер мен ұлттық тарих, қала берді жаңа заман тарихы туралы қаншама еңбек, зерттеулер, монографиялар мен қанша пікір-тұжырымдар болғанымен, оларды тарихнамалық тұрғыдан зерделеп, бағасын беру отандық тарих ғылымында өз деңгейінде қарастырылмаған мәселелердің бірі болатын. Өйткені, қазақ халқының тарихының отарлық кезеңде объективті шындық тұрғысынан зерделенуі, жетістігі мен кемшілігін толық көрсете алуы мүмкін емес еді.

Монографияның кіріспесінде автор тақырыптың маңыздылығын, зерттелу деңгейі мен деректік қорын, мақсат-міндеттері мен жаңалығын толығымен айқындап көрсеткен. Негізгі бөлімінде көрсетілген мақсат-міндеттерге сай әрбір мәселеге қатысты ой-тұжырымдар жасалынып, ал қорытындысында жалпы түйін жасалынған. Студенттер мен магистранттарға арналған бұл кітаптың қазақ тілінде жазылуы да көптеген жас зерттеушілерге үлкен көмек.

Ж.Е. Жаппасов төңкеріске дейінгі, кеңестік және тәуелсіздік алғаннан кейінгі жарияланған көптеген деректер мен зерттеу еңбектерінің негізінде қазақ-орыс қатынастары мәселелерін жаңа көзқараспен пайымдаған. Автор зерттеу еңбектерінде Т.О. Омарбеков, М.Қ. Әбусейітова, К.Л. Есмағамбетов,  К.Р. Несипбаева, Ж.О. Артықбаев, М. Абдиров және т.б. ғалымдардың көзқарастарын, әдістемесі мен пікірлерін ұтымды пайдалана білген және пайдалану жолдарын ұсынған.

Жұмыстың практикалық құндылығын айтар болсақ, зерттеу барысында қолданған әдіс-тәсілдер, талданған мәселелер мен қорытынды ойлар - Отан тарихына қатысты жаңа зерттеулер жүргізуге, қазақ мемлекеттілігі мен Қазақ хандығының саяси тарихы, ортағасырлық деректер жайлы арнайы курс материалдарына қолдануға, зерттеу еңбектеріне пайдалануға өзіндік септігін тигізеді.

Зерттеу жұмысының практикалық құндылығына келер болсақ, Отан тарихына қатысты әртүрлі деңгейлердегі, деректанулық және тарихнамалық бағыттағы, сонымен қатар арнайы тарихнама курстары бойынша өткізілетін пәндерге көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Өйткені, ондағы көптеген фактологиялық материалдар мен оны пайдалану, талдау жолдары жан-жақты қамтылған.

Қорыта келгенде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Е. Жаппасовтың «XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастарының тарихнамасы» тақырыбындағы монографияна Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы ҚР БҒМ-нің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі Секциясының гуманитарлық ғылымдар мамандықтарының грифін алуға және басып шығаруға рұқсат беруіне ұсынады.

ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты,

Тарихнама, деректану және заманауи

методология бөлімінің меңгерушісі,

т.ғ.д., доцент  Қ.Ш. Алимгазинов 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?