Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Еуразиялық ынтымақтастық бастаулары: идеядан игілікті іс-қимылға бетбұрыс

13197
Еуразиялық ынтымақтастық бастаулары: идеядан игілікті  іс-қимылға  бетбұрыс - e-history.kz
Біртұтас экономикалық кеңістік – халықтардың бірлесе табысты дамуының ауқымды бөлшегі

Бүгінгі күн және болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба ретінде Қазақстанның Мемлекет басшысының XX және XXI ғасырлар шегіндегі нақты тарихи жағдайларға байланысты ұсынған икемдендірілген еуразияшылдық көзқарасының қағидалық негіздері болды:

— Ол елдің мәдени және өркениеттік факторларын теріске шығармайтындай, экономикалық дамуды қамтамасыз ететіндей ықпалдастық орнату. Біртұтас экономикалық кеңістік — халықтардың бірлесе табысты дамуының ауқымды бөлшегі;

— Өркендеу жолы — елдің мүддесіне бағытталған ерікті ықпалдастық;

-Еуразиялық Одақ — мемлекеттер теңдігі, бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, бір-бірінің егемендігі мен мемлекеттік шекараларына қол сұқпау, яғни құрметтеу қағидаттары негізіндегі бірлестік;

— Әріптестер теңдігі. Еуразиялық Одақтағы мүше елдердің мүдделерін ескеретін нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, өзара келісім негізінде іс-қимылдар жасау. Ең басты шарттары: Еуразиялық одақ бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде; дамудың еуроатлантикалық және азиялық ареалдарын қосатын мықты буын ретінде қалыптасуы; жаңа жаһандық валюталық-қаржылық жүйенің бөлшегі болатын дәулетті өңірлік қаржы бірлестігі ретінде қалыптасуы; Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, ал болашақта геосаяси жағынан буыны бекуі тек эволюциялық жолмен және ерікті түрде жүруі және жұртшылықтың кең қолдауына ие болуына негізінделген ықпалдастық[1]. «Еуразиялық одақ" тұжырымдамасы идеясының мәні — Батыс пен Шығыстың заманауи нақты жағдайларын есепке ала отырып, солтүстік Еуразия мен Орталық Азия елдерінің біртұтас экономикалық, геосаяси, тіпті саяси кеңістігін біріктіру. Бұл бірлесіп даму, техносфера мен экономиканың жаңғыртылуы, шаруашылық заңнамалардың стандартталуы, тариф, квота және төлем құралдарының эмиссиясы салаларында тепе-теңдік саясатының жүзеге асырылуы, ортақ кедендік және көлік жүйесінің құрылуы, отын-энергетикалық кешенінің біріге жұмыс атқаруы, сонымен қатар қорғаныс және қарулы күш салаларының келісімдері қамтамасыз етіледі деген сөз. Яғни Достастық елдердің, оған қоса шекаралас мемлекеттердің аймақтық ықпалдасуына мүмкіндік беруі мүмкін. Еуразиялық моделді жүзеге асыруда Қазақстанның мемлекет басшысы алғашқы нақты қадамдардың бастамашысы бола білді және белсенді қатысты: «Кеден одағы», Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жиынының бастамалық идеясымен «Ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімшартқа» (2003 жылдан бастап ҰҚКҰ) қол қойылуы, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты және Біртұтас экономикалық аймақты қалыптастыру (БЭА).

БЭА — жаһандық экономикаға кірігу көрші мемлекеттер арасында аймақтық деңгейден басталатынын ескерсек, 2003 жылдың 19 қыркүйегінде Белорусь, Қазақстан, Ресей және Украина Президенттерінің Біртұтас экономикалық аймақ құру туралы Келісімге қол қоюы заңдылық. Мұндай қағидаларға сәйкес құрылған ұйымдар: НАФТА, МЕРКОСУР, ЦЕФТА, АТЭС, АСЕАН, СААРК, САДК және басқалар. БЭА қалыптасуының негізі әлемдік жаһандану үрдісі жағдайындағы экономикалық тиімділік пен біртұтас мақсаттық қағидасы. Оның құрамындағы Қазақстанды да келісімге қатысушы-елдердің кедендік территориясының бірігуіне, үшінші мемлекетке қатысы бойынша біртұтас сыртқы сауда саясатын жүргізу, сол сияқты келісілген салық, ақша-несие және валюта-қаржы саясаты қызықтырады. Яғни БЭА мүше болу арқылы елдің экспорттық әлеуетін дамытуға, республикаға келетін импорттық бағаны біршама арзандату, Қазақстанмен, жалпы технологиялық циклмен байланысты ресей, украин және белорус кәсіпорындарымен кооперациялық байланысты кеңейту, ТМД елдері бойынша көршілермен сауда-экономикалық байланысты кеңейту[2].

ТМД елдері экономикалық ынтымақтастығы — жаңа тәуелсіз мемлекеттердің жан-жақты мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға деген объективті қажеттілігі, бірінші кезекте 2008–2010 жылдардағы жаһандық дағдарыстың әсері салдарынан арыла алмаған дүниежүзілік экономикадағы тұрақсыздықтың сақталуымен және-де әлемдік дағдарыстың жаңа толқынының, оның ішінде халықаралық қаржы саласын қамту мүмкіндігі нәтижесі жағдайындағы, ішкі өндіріс пен экспорттық кірістердің төмендеуі қатеріне ұжымдық күш-жігерді қарсы қою қажеттілігінен туындады. Ынтымақтастық қажеттілігі — еңбекке жарамды тұрғындардың қоныс аударуы мәселесіне қатысты келісілген саясат ұстанудан, ТМД елдерінің өздерімен көрші елдердегі әлеуметтік шиеленіс шегін төмендетуге көмек көрсету мен оның салдарын жоюға қатысты қажеттіліктен туындады. Мемлекетаралық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайту мен қажетті әрекеттерді үйлестіру қажеттілігі, мәселен, су ресурстарына бақылау және оларды пайдалану немесе қоршаған ортаның жағдайының нашарлауымен күрес секілді трансшекаралық мәселелерді шешу барысында өзектілігі артуда. ХХI ғасырдың бірінші онжылдығының соңына қарай бұрынғы кеңестік территориядағы ортаға тартылу әрекеттері ІКӨ көрсеткіші барынша жоғары елдер — Ресей, Қазақстан және Белорусь (Украинаны қосқанда) мемлекетерінің бірігуіне алып келді, бұл өз кезегінде интеграциялық мазмұндағы өзара тиімді көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың нығаюы мен дамуына ықпал етті.

Өз елдерінің экономикалық жағдайына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторларға талдау жасаған соң және оны түбегейлі жақсарту мәселесін басшылыққа ала келіп, Ресей, Қазақстан және Белорусь елдерінің басшылары бастапқы кезеңде Кедендік одақ (КО), артынан — Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК), ал ең соңында түпкілікті мақсат — Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы шешімге келді. РФ үкіметінің төрағасы В. Путин және Қазақстан мен Белоруссия президенттері Н. Назарбаев пен А. Лукашенко 2011 жылдың қазан айында «Известия» газетіне берген осы үрдістердің барысына берген талдаулық пікір сұқбаттары — бағдарламалық мазмұндағы тарихи мақалаларға айналды. Онда посткеңестік кеңістіктегі көпдеңгейлі және түрлі бағыттық интеграция бойынша жүріп өткен жолға баға баға бере, алдағы интеграциялық мақсаттардың (Еуразиялық одақ құру туралы) негізгі стратегиялық қағидалары қарастырылды. Президент Н. Назарбаев, өзінің ТМД мемлекеттері негізінде Еуразиялық одақ құру туралы пікірін 1994 жылдың наурызында білдіргенін еске сала отырып, посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық мұраттарға адалдығын танытып қана қоймай, сонымен қатар бұл жобаның түрлі аспектілерін дамыту мен нақтылауды жалғастыруға дайын екендігін білдірсе[3], Президент В. Путин «замамнауи әлемнің полюстерінің бірі болуға лайықты қауқарлы ұлтаралық құрылым» — Еуразиялық одақты 2015 жылға қарай құру — оған қатысушыларға экономикалық және валюталық саясатты үйлестіруге, толық қанды экономикалық одақ құруға мүмкіндік береді деген пікір білдірді[4].

Ал Президент А. Лукашенко Белоруссия үшін «нағыз табиғи даму жолы ретінде өзіне жақын көршілермен терең де жемісті» интеграцияға бару қажеттілігінің мойындалған мәселе екендігі туралы айта келіп, мұндай интеграцияға қосылу 1990 жылдардың бірінші жартысындағы өткізілген екі референдум барысында халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болғандығын атап өтті[5]. Ресей, Қазақстан және Белоруссия арасындағы тығыз экономикалық байланыстың қалыптасуының бастамасы 2010 жылы Кедендік одақ құру арқылы жасалған болатын. Өз кезегінде осы мақсаттарға қатысты жасалынған мемлекетаралық келісімдердің жүзеге асырылуы оның мүшелері тарапынан әртүрлі қарқындық деңгейде жүргізілгендігіне қарамастан, біртіндеп орындала бастады. Бір айта кетерлігі — әрекет ету бағыты белгіленіп және нақты анықталғандығына қарамастан, тәжірибе жүзінде КО кіретін елдердің мүдделерін барынша қамсыздандыру мен үйлестіру үшін реттеуші шаралар мен тәртіптерге ұдайы түрде түзетулер енгізіліп отыру және белгілі-бір интеграциялық шаралар жүргізу барысында Кедендік одақтың әрбір мүше-мемлекетіндегі ұлттық кәсіпкерлер мен тауар өндірушілердің өзіндік ерекшеліктерін зерделі түрде есепке алу қажет болды. Сонымен қатар ұлттық экономикадағы өзгерістер-де өз кезегінде тұтынушы тауарлар мен қызметтердің құнына ықпал ететіндігін-де зерделенген түрде есепке алынуы керек еді. Өйткені, бұлай істемеген жағдайда КО елдеріндегі ұлттық өнеркәсіптің дамуы тежеліп, инфляцияның дамуына ықпал етумен қатар, таза экономикалық салағы қатысты басқа да апаттық салдарлардың пайда болуы мен әлеуметтік-саясишиеленістікке-де алып келуі мүмкін еді.

Басқаша айтқанда, посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үрдістің жүріп жатқанына қарамастан, интеграцияқ өзгерістер алдында тұрған қиындықтарды және де Кедендік одақтың мүше-мемлекеттері жолығатын қатерлерді есепке алып, бағаламау үлкен қателік болар еді. Сонымен қатар Кедендік одаққа деген қатынас құрылтайшы-елдерде түрлі көзқарасқа ие. Кедендік одақтың жетістіктері мен кемшіліктері туралы талас оның ресми түрде жұмыс істей бастағанына қарамастан тоқтамай келеді. Оның мақсаттылығы мен өміршеңдігі туралы түрлі саяси күштер мен, ағымдардың, академиялық орта мен іскерлік топтардың өкілдері өз пікірлерін білдірді және-де білдіріп келеді. Кедендік одақтың құрылуы туралы сын пікірлер шетелдер тарапынан, оның ішінде, АҚШ пен ЕО елдерінен-де айтылды. Бұл жердегі ең қисынсыз мәселе ретінде, сыни көзқарастарда кедендік одақтың құрылуы, оның мүшелерінің одақ мүддесіне жауап берудің орнына, олардың жеке қызығушылықтары арасындағы қайшылықтарды туындатады деген пікірлерге тоғысты. Дегенмен Еуропалық одаққа кіретін елдерден бір айырмашылығы посткеңестік мемлекеттерге өзара шаруашылық байланыстарды қалыптастырудың қажеті болмады, тек оны қайта қалпына келтіру керек болды. Өйткені 1990 жылдардағы экономикалық және саяси дағдарыстар әсерінен Кеңестер Одағының ыдырауымен ұлттық республикалардың қарқынды саяси егемендігі өмірге келді. Бұл ТМД елдерінің өзара шаруашылықтық мүдделердің жоқтығын немесе жойылғандығын білдірмесе керек-ті.

2004 жылы Ресейдің 89 аймағының 72-сі Қазақстанмен өзара тиімді байланыстар жасаған, РФ мен Қазақстанның арасында сауда байланысы қазақстандық экспорт 14,1 пайызды және 37,7 пайыз импортты құрады. Жалпы екі ел арасындағы туарайналымы 7,6 млрд. АҚШ долларын құрады, 2003 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Тек қазақстан-ресей шекара шегі аймағында ғана 300 аса бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды, олардың ішіндегі ірі мемлекетаралық бірлестіктер: «Казросхом», «Коксохим», «УралАза» базасында автокөлік кешені және Қостанай дизель зауыды және басқалар. Ресей бизнесін қызықтыратын Қазақстанның мұнай-газ секторы, хром концентраты, глинозем өндірісі. Сол сияқты уран ресурстары, ауыл шаруашылығы өндірісі, металл өнімдерін және құрылыс материалдарын шығару, машина жасау[2,-24с.].

Өзара экономикалық қызығушылықтың үдерісін 2000–2008 жылдардағы Ресейдің ТМД елдерімен арадағы өзара тауар айналымы құндылық көрсеткіші бойынша 4,2 есе артып, 25 327-нан 106 263 млн долларға жеткен. 2008 жылы, Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан және Ресей аймақаралық ынтымақтастығының V форумында ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы бағыттар мен нақты жобалар анықталды. Өзара іс-қимылдардың бірі «Роснано» және «ҚазынаКапитал Менеджменттің" қатысуымен нанотехнологияның Ресей-Қазақстан венчурлық қорын құру болып табылады. Бірлескен жобалар саны жыл сайын артуда. Батыс Қазақстанда «Алтай» технопаркі құрылды[6]. Ал жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалына байланысты 2009 жылы бұл көрсеткіш біршама (36%) төмендесе, 2010 жылы Ресейдің ТМД елдерімен арадағы сауда көлемі бұрынғы-деңгейіне қайта көтерілді.

Федералды кеден қызметінің мәліметтеріне сәйкес 2011 жылдың бірінші жартысындағы Ресейдің ЕурАзЭҚ-қа кіретін елдермен сыртқы сауда айналымы 38,6%, ал Кеден одағына кіретін елдермен айналымы — 41,3%, яғни РФ басқа шетелдік елдермен сауда айналымының өсіміне сай 2,7 және 5,2 пайызға басып озған [7]. Ал Ресей Өнеркәсіп және сауда министрілігің басшысы В. Христенконың пікірінше, Кедендік одақтың құрылуы оның мүшелері арасындағы тауар айналымының өсіміне айтарлықтай ықпал еткенә және 2011 жылдың 19 қазанында Петербор қаласында өткен Кеден одағының үкімет басшылары-деңгейіндегі жоғары органы мен ЕурАзЭҚ-тың Мемлекет аралық кеңес отырысында: «2011 жылдың қорытындысы бойынша үш мемлекет өзара тауар айналымының 100, тіпті 110 млрд доллар көлеміне еркін шығады. Бұл ауқымды көрсеткіш» екенін атап өтті[8].

Жоғарыдағы мәселелерді ескере отырып, белгілі Ресей экономист-ғалымы Г. Чуфрин өз сараптамасын былайша береді: ТМД елдерінің өзара тауар айналымының көлемінің айтарлықтай өсім көрсетуі негізінен бұрындары болған сауда, өнеркәсіптік, технологиялық және басқа да іскерлік байланыстарды қалпына келтіру нәтижесінде орын алды. Бұл әсіресе көршілес орналасқан облыстар мен аймақтардағы тауар өндірушілердің шекаралық және аймақаралық саудасы негізінде жүргендігін, ал Кеден одағы мәселесінде бұған ұйымға мүше елдердің өзара жасасқан келісімдері барынша қолайлы жағдай жасады.

Екіншіден, КО қарсыластары оның мүшелерінің мүдделеріндегі жеке және жалпы мәселелер бойынша, белгілі-бір тауарлар немесе тауар топтары бойынша саудаға байланысты, және-де шаруашылық жүргізудің нақты бір саласындағы, мысалы жанармай-энергетикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері бойынша айтарлықтай айырмашылықтарға назар аудару. Кедендік одақ өзінің әрекет ете бастаған кезінен бастап-ақ әртүрлі ұлттық және топтық мүдделерге қатысты көтерілген айтарлықтай салмақты мәселелерге келіп тірелді. Бұл мәселелер негізінен Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жиырма жыл ішінде оған кірген ұлттық республикалардың егемендік жылдарында бір-бірінен барынша алшақтап кеткендігінен туындап отыр. Оларда өзіндік мүдделері бар шаруашылықтық топтар қалыптасып үлгерді, ал олардың мүдделері кейбір жағдайларда ұлттық мүддемен сәйкес келмейтін еді. Мысалы, олар көп жағдайларда бұрынғы кеңестік республикалармен интеграциялық байланыстарды дамытуды өздері үшін басымдық деп санамайтын (санамайды да), өйткені олардың назары көп жағдайда басқа мемлекеттерге, мысалы, Еуропалық одаққа бағытталған.

Жоғарыда аталынған ұлттық қайшылықтарды және осы уақытқа дейін қалыптасып қойған топтық шаруашылықтық мүдделердегі қайшылықтарды жою — өте күрделі мәселе, бұл сұрақтың шешімін шығаруда асығыстық жасауға болмайды және-де оны өз бетінше-дежіберу-де дұрыс емес.

Сондықтан да оның мүшелері арасындағы ұстанымдардың өзара тиімді түрде үйлестірілуіне және барынша тиімді шешімдер табуға қол жеткізу маңызды. Одақтық мемлекеттің ыдырауынан кейінгі 20 жылдан соң посткеңестік кеңістікте тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық қатынастарды қалыптастырудың қолайлы алғышарттарының пайда болғандығын, ал оның негізінде экономикалық интеграциялық үрдістер мен сонымен байланысты жобалардың тұрғандығын, соның бірі — Еуразиялық одақ болуы мүмкіндігі дәйектеліп отыр[9]. Жалпы Қазақстанға 5,5 миллиард доллар көлеміндегі 26 жобаға Ресей инвестициясы тартылды.

Ал 2012 жылдың 19 қыркүйегінде өткізілген Қазақстан және Ресей халықаралық аймақаралық ынтымақтастығының IX Форумының қорытындысы бойынша бірлескен жобалар портфелі көлемі 2 миллиард долларға жақын соманы құрайтын 27 келісімшарпен толықты. Индустриялық ынтымақтастық саласындағы әріптестік жаңа-деңгейге көтерілді. Президент Н.Ә. Назарбаевтың еуразиялық бастамасын қолдаған көптеген үнқосулармен қатар, бұл мәселені нақты талдауға саясаткерлер дайын болмай шықты. Мұны мемлекет басшысы заңдылық ретінде қабылдай отырып, «…көптен күткен тәуелсіздікке ие болу шаттығы ТМД елдері көшбасшыларының сол кездегі буынының еуразиялық ықпалдастық идеясының ұзақ мерзімді әлеуетін көруге мүмкіндік бермегенімен» түсіндірді. Жақында өткен VII Астана Форумында 2000–2007 жылдар аралығында әлемдік экономиканың өсу қарқыны орта есеппен 4% құраса, қазіргі кезеңде оның деңгейі 2,5%-ға төмендеуімен халықтың әлеуметтік мәселелеріне төнетін қауіптің алдындағы жаһандық мәселелер қозғалды[10]. Бұл адамзат жұртшылығы үшін өзекті. Жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қазақ елінің бәсекеге қабілетті елдердің бірлігіне — Еуроазиялық одақ ынтымақтасытығын таңдауының басты қағидасы Президент Н.Ә. Назарбаевтың әлем жұртшылығына жариялаған әлеуметтік теңсіздікті жою және кедейшілікті жою бастамасымен ұштасып отыр. Біртұтас әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақ елінде осылайша, «Еуразиялық одақ" идеясынан болашақтың тарихының даңғыл жолы салынды. Жол мұраты — серіктестерге деген сенім және олармен ынтымақтастық негізінде түзілетіні айқын бағыт. Ендеше, болашақтың бай әлеуеті — молшылық пен дәулетке жету үшін әрбір қоғам мүшесінен бәсекелік қабілет пен күш-жігерді қажет ететіндігі-де жадымызда болуы шарт.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. Еуразиялық Одақ: Идеядан болашақтың тарихына.// «Ақиқат», № 12, Желтоқсан, 2011 жыл. 5-11бб.
2. Турсынов С. Казахстан: рывок в будущее: на пути демократического развития.-Калининград: Янтар. Сказ, 2005.-152.
3. Н. Назарбаев. «Евразийский Союз: от идеи к истории будущего» // Известия. — 25.10. 2011.
4. Путин В. «Новый интеграционный проект для Евразии — будущее, которое рождается сегодня» // Известия. — 03.10.2011.)
5. Лукашенко А. «О судьбах нашей интеграции» // Известия. — 17.10.2011.
6. Назарбаев Н. А. Выступление на пленарном заседании VII Форума межрегионального сотрудничества Казахстана и России «Устойчивое развитие и высокие технологии». г. Усть-КаменогорскВосточно-Казахстанской области, 7 сентября 2010 года.//Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 2010 г.-Астана: Деловой мир Астана, 2011.-392с. (-308с.))
7. http://www.customs.ru.
8. http:// www.newskaz.ru.
9. Г. Чуфрин. КСРО-дан кейін: ТМД-дан Еуразиялық одаққа.// http://www.kisi.kz/site.html?id=4212 2 июня 2012 г.
10. Выступление Президента Казахстана Н.Назарбаева на открытии пленарного заседания VII Астанинского экономического форума// 23.05.2014http://akorda.kz/ru/page/page_216807

Фото: http://ubr.ua [29.05.2014]

Ерімбетова Кұндызай Мырзашқызы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Тарих ғылымдарының кандидаты