Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін тарихта

Тарихшы Әділгереев Халел Мұхамеджанұлының туылған күні

Ташкентте «Түркістан уалаятының газеті» алғаш рет қазақ тілінде жарыққа шыға бастады

- = -

1947 жылы 21 тамызда ССРО Министрлер Советінің шешімі бойынша Семей ядролық полигоны құрылды

25886
1947 жылы 21 тамызда ССРО Министрлер Советінің шешімі бойынша Семей ядролық полигоны құрылды - e-history.kz
Семей ядролық полигоны, Семей сынақ алаңы – ССРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған, ядролық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы.
Полигон бұрынғы Семей облысының Абыралы ауданын, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Сынақ аймағында 1949-1989 жылдар аралығында 470-тей қуаты әр түрлі – әуеде 90, жер үстінде 26, жер астында 26 ядролық жарылыс жасалды. Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы шақырым «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонна ядролық заряд орнатылды. Айнала темірбетон қорғаныштар, бронды мұнаралар мен доттар бой көтерді. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер, атжалмандар кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанармай құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Алаңға әскери форма кигізілген адам кейпіндегі заттар, азық-түлік салынған жәшіктер қойылды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды. 1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды. Семей ядролық полигонында 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963-1988 жылдары жыл сайын 14-18 сынақ өткізіліп, Жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды. Сынақ жүргізілген жерлерде радиацияның деңгейі 448 Бэр-ге жеткен. Семей ядролық полигонында ауада және Жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 мың есе асып түсті. Сынақ аймағын радияциялық тексеруден өткізгенде, ондағы радиоактивтік заттардың (цезий-137, стронций-90, плутоний-239; 240, кобальт-60) мөлшері қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінеді: 1-категорияға – жарылыс эпицентрінен 100-150 шақырым қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай және бұрынғы Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау ауданы мен Семей қаласы жатады; 2-категорияға – 150-300 шақырым жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха және бұрынғы Шар, Жаңашүлбі аудандары кіреді; 3-категория эпицентрден 300 шақырымнан ары орналасқан Үржар, Көкпекті және бұрынғы Таскескен, Ақсуат, Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтиды.