«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English

Бөкенбай Қараұлы

Бөкенбай Қараұлы
  • Аты
  • Бөкенбай Қараұлы
  • Қызмет саласы
  • Батырлар
  • Туған күні
  • 1667
  • Қайтыс болған күні
  • 1742
Даңқты қолбасшы, тарихи тұлға, айбынды саясаткер, азаттық үшін күрес жолында жанын құрбан еткен баһадүр

1710 жылы Дүрбін-Ойрат тарапынан қатер туған кезде Тәуке хан Қарақұмда бүкіл Қазақ Ордасының құрылтайын шақырғаны туралы тарихтан белгілі. Сол құрылтайда Бөкенбай Қарабатырұлы қалмақ басқыншыларына қарсы күрес жүргізу үшін біріккен қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланады. Қазақ Ордасының тарихында тұңғыш рет ұлыс тағдыры хан мен сұлтанға емес, қара қылыш батырға сеніп тапсырылды. Дүрбелең майданда Бөкенбай батыр бастаған қазақ әскері 1711 жылы қалмақтарға тойтарыс беріп, 1712 жылы ойрат ұлыстарының шегіне басып кіреді де, біраз қоныстарын қайтарып, үлкен жеңіске жетеді.

Сонымен қатар Бөкенбай батыр 1726-1729 жылдардағы Бұланты, Бөленті, Аңырақай, Қалмақ қырылған т.б. соғыстарда жоңғарларға қарсы қол бастап, барлығында жеңіске жеткен.

Бөкенбай батырдың ерлігі мен жетістігі туралы заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы кіші жүз руларының Ресей Империясына қосылған кездегі жағдайды сипаттайтын «Үркер» романында жазған.  Әсіресе Әбілқайыр ханмен тізе қосып, отыз жыл бойы сыртқы жаумен жаға жыртысқаны және 1742 жылы сәуірде түркімендермен болған шайқаста ерлікпен қазақ тапқандығы туралы толық баяндалған. Ордабасыдағы жиын туралы да: «Үш алаштың туын тағы да азуы алты қарыс үйсін тұрып, арғын тұрып, алшын тұрып күні кешегі табындардың көсемі Қараұлы Бөкенбай ұстады» делінген.

Бөкенбай Қарабатырұлы туралы қазақтың көрнекті жазушысы, әдебиет зерттеушісі, ғалым Мұхтар Мағауиннің қаламына да арқау болды. Атап айтқанда, «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде батырдың ерлігі кеңінен баяндалған. Онда Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханның қасында аса ықпалды, халық алдында ерлігі, мәрттігі, абыройлы және айбынды тұлға ретінде бейнеленеді.

Сондай-ақ, Бөкенбай батыр туралы орыс ғалымдары Гавердовский, Левшин, орыс елшісі Тевкелев, қазақ ғалымы М.Тынышбаев, орыс ғалымы Ерофеева өте терең зерттеулер жазды. Онискованың, Вадим Нестеров, Өталиев Сәкеннің, тарихшы Нұржан Жетпісбаевтың көптеген мақалалары жарық көрді. Танымал ақын Жөкей Шаңғытбаев «Бөкенбай» атты дастан жазған.

Жалпы Бөкенбайдың атасы Жиембет пен әкесі Қарабатыр, ұлдары Тіленші және Есенаман, немересі Жоламанда батыр болған. Барлығы да қазақ жерінің тұтастығы үшін күрескен баһадүрлер.

Аңыз бойынша Бөкенбай Қараұлы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында жерленген. Орыс ғалымы Гавердовский Ырғыз ауданында дегенді алға тартады. Бірақ, бұл деректермен келіспейтіндер көп. Енді біреулер баһадүр Үстіртте (Маңғыстау облысы) жерленген дегенді алға тартады.

Маңғыстау өңірінің Бейнеу ауданынан 110 шақырымдай оңтүстікке бет алған бойда Айрақты бекінісі бар, сонда түркмендермен шайқаста Бөкенбай батыр 1742 қайтыс болған, ал 1752-жылы Бөкенбай батырдың басына құлыптас қойылған деген әңгіме бар. Бұл туралы кезінде Әбіш Кекілбаевтың өзі журналист Әбілқайыр Спанға Бөкенбай батырдың Қараұлының сүйегін Маңғыстаудағы Үстірт төңірегінен іздеу керек деген көрінеді. Осыған қарағанда баһадүр шынында да сол маңайда болуы ғажап емес.