Жамбыл облысында VIII–XII ғасырларға тән көне теңгелер табылды

Бөлісу

10.02.2026 4383

Жамбыл облысының Бесағаш ауылы маңынан археологтар ерте және ортағасырлық кезеңге жататын қола теңгелерді анықтады. Зерттеушілердің мәліметінше, бұл ақша белгілері әр кезеңде түріктер, қарлұқтар және қытайлықтар тарапынан айналымда болған. Ғалымдар бұл олжаны өңір тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды жаңалықтардың бірі ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды e-history.kz тілшісі liter.kz сайтына сілтеме жасап.


Тарихшылардың айтуынша, табылған теңгелердің бір бөлігі VIII–XII ғасырлар аралығында соғылған. Олардың арасында Тараз қаласында және Қытайдың Тан мен Сун әулеттері тұсында шығарылған үлгілер бар. Бұл кезең Ұлы Жібек жолының қызу жұмыс істеген уақытымен және 751 жылғы Атлах шайқасы сияқты ірі тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келеді. Сол себепті табылған артефактілер Тараз арқылы өткен халықаралық сауда қатынастарының кең ауқымын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Археолог Искандер Торбековтың айтуынша, Тан дәуірінің теңгелері тек сауда құралы ғана емес, саяси ықпалдың да белгісі болған. Олардың ортасында ойық қалдырылып соғылуы кездейсоқ емес. Теңгелерді жіпке тізіп, байлап алып жүруге ыңғайлы болған. Қазіргі таңда Бесағаш маңынан табылған теңгелерді ғалымдар жан-жақты зерттеп жатыр, алайда олардың тарихи құндылығы жоғары екені қазірдің өзінде анық.

Зерттеу барысында бұл аумақтан XIII ғасырға жататын мыс теңгелер мен Отырар теңге сарайында соғылған күміс дирхамдар да табылған. Өткен жылы жүргізілген археологиялық қазба кезінде барлығы 46 теңге және керамикалық бұйымдардың сынықтары анықталған. Барлық жәдігерлер алдағы уақытта жергілікті музейлер қорына тапсырылады. Қазірдің өзінде Жамбыл облыстық музейінде Қазақстандағы ең бай нумизматикалық коллекциялардың бірі жинақталған.

Музей мамандарының пікірінше, археологиялық қазбалар кезінде табылған осындай теңгелер арқылы өңірдің ғана емес, тұтас елдің тарихын оқуға болады. Себебі ақша белгілерінде билеушілердің есімдері, атақтары мен олардың билік құрған кезеңдері көрініс табады. Тараз – Қарахан әулетінің бір иелігінің ортағасырлық астанасы болған қала. Оның екі мың жылдан асатын тарихында гүлдену мен құлдырау, соғыс пен бейбітшілік кезеңдері алма-кезек орын алды.

Тарихшы Тәкен Молдақынов Шу мен Талас өзендері аралығындағы өңірді Қазақстан тарихындағы аса маңызды тарихи үдерістердің орталығы деп атайды. Дәл осы аумақта қазақ халқының этногенезі қалыптасып, XV ғасырда Керей мен Жәнібек хандар Шу өңіріндегі Жайсан қонысында Қазақ хандығын жариялаған. Сондықтан Бесағаш маңынан табылған көне теңгелер Жамбыл жерінің бай тарихын айғақтайтын тағы бір құнды дәлел саналады.

Бөлісу