Академик Сәтбаев – сегіз қырлы, бір сырлы ғалым

Бөлісу

23.12.2025 7533

Қ.И. Сәтбаев – қазақ халқының біртуар тұлғасы. Ол - көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, өз елінің нағыз патриоты. Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш Президенті ретінде оны құруға өзінің білімі мен күш-жігерін жұмсады, табандылық пен қайсарлық көрсете білді. 


Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасы шын мәнінде орасан зор. Ол энциклопедист ғалым болды. Негізгі ғылыми жарияланымдары металлогения, минералогия, геохимия, пайдалы қазбалар, тектоника, география, экономика т.с.с. салаларды қамтығанмен, оның қызығушылықтарының ауқымы өте кеңжәне жан-жақты: ол қазақ тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің, этнографиясының, музыка менфольклордың, педагогика мен әдебиет бойынша еңбектердің мықты білгірі болды. Оның Орталық Қазақстан аумағындағы археологиялық ізденістері де көпшілікке белгілі. 

1935 жылы Жезқазған облысын зерттей келе Қаныш Сәтбаев 1391 жылы Қазақ даласына жорық кезінде Темірлан қалдырған жазуы бар тасты тапты. 1936 жылдың күзінде бұл тас Эрмитажға жіберілді. Ал Қарсақпайда Жезқазғанның ежелгі қазбалары туралы құнды мәліметтер жинады, осы ауданның археологиялық ескерткіштерінің, сондай-ақ Байқоңыр жеріндегі жартастағы гравюралардың қысқаша мазмұнын жасады. Қаныш Имантайұлы өз білімін А.Х. Марғұланмен бөлісті және олар ескерткіштерді зерттеу стратегиясын әзірледі. Қ.И. Сәтбаевтың жазушы О. Әуезовтің «Абай жолы» романының маңыздылығын бірінші болып бағалағаны - оның жан-жақты ғалым екенін дәлелдей түсетін факт. Ол сонымен қатар жиырмадан астам  халық әнін фольклор жинаушы А. Затаевичке тапсырды. Жалпы  театр, өнер, мәдениет, жастарды тәрбиелеу бойынша көптеген жұмыстар қалдырғаны аян.

Қазіргі таңда ғылымды ұйымдастыру және басқаруда жаңалықтар көптеп енгізілген. Оның артықшылықтары (ашықтық, цифрландыру т.с.с.)  көп. Сонымен қатар әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары да бар. Бұл салада, яғни ғылымды ұйымдастыру мен басқару ісінде мейілінше ғылымды жақсы түсінетін, ғылыми дәреже, атағы бар, ғылыми ортада мойындалған, мүмкіндігінше жан-жақты білімі бар азаматтарды таңдаудың маңызы жоғары деп білеміз. Сол кезде Қазақстан ғылымының дамуы жаңа деңгейге көтеріле бермек. 

Ал Қ.И. Сәтбаев сияқты тұлғалар ғылым саласындағылар үшін әрқашан үлгі болып қалатыны сөзсіз.

Құрманалина Нұргүл

Бөлісу