Орталық Азиядағы ең ірі «KazAgro/KazFarm-2023» аграрлық көрмесі ашылды
Бөлісу:
20.10.2023966
Елордалық "EXPO" ХКО-да "ExpoGroup" компаниясының ұйымдастыруымен "KazAgro/KazFarm-2023" ауыл шаруашылығының 14-ші Халықаралық мамандандырылған көрмелері басталды.
Іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ашты. Оның айтуынша, бұл көрмелер ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық технологияларды ұсынатын алаң болып табылады.
"Мұндай көрмелер қазақстандық фермерлер үшін сенімді өнім берушілер мен серіктестер табуға, жаңа агротехнологиялармен танысып, оларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Қазақстан аграрлық держава ретінде өзімізді ғана емес, Орта Азия өңірін де азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Осыған байланысты мұндай көрмелер инвесторлар үшін жақсы алаң болып табылады", – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Айта кету керек, көрменің салтанатты ашылуына Чехияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Павол Шепеляк мырза, Германияның ауыл шаруашылығы қауымдастығының басшысы және Вице-президенті Рене Дебельт мырза және Германияның ҚР-дағы елшісінің тұрақты орынбасары Клаус Зилликенс мырза, сондай-ақ "Ростсельмаш" компаниясы бас директорының орынбасары" Алексей Швейцов сынды шетелден келген құрметті қонақтар қатысты.
Көрмелердің ұйымдастырушысы Шолпан Қожабаева қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөзін сөйледі: "Бүгін Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында үлкен мереке. Орталық Азиядағы "KazAgro/KazFarm-2023" ауыл шаруашылығының ең ауқымды 14-көрмесі ашылды. Бүгінгі көрмелерге әлемнің 27 елінен келген 300-ге жуық компания қатысуда. Мұнда әркім өз бизнесінің өркендеуіне шешім таба алады".
Естеріңізге сала кетейік, көрмелерде ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының, тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының, құс және мал шаруашылығына арналған технологиялардың, мал азығының, ветеринариялық препараттардың кең ауқымы ұсынылған. Сондай-ақ, жетекші мамандардың семинарлары мен презентациялары өтеді. Жыл сайын іс-шараға 20 000-нан астам адам қатысады.