Астананың 15-жылдық мерейтойы
29.07.2013 3391
Астананың 15-жылдығына орай мерекелік шаралар жалғасуда

Елордалықтар Астана күнінде «Жастар» Сарайынан бастап «Бәйтерек» монументі алаңына дейін жалғасқан «Жұлдыздармен жол бойында» мерекелік шеруіне куә болды. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары қалалық алаң, «Студенттер» саябағы, «Жерұйық» саябағында өткен «Айналайын» мерекелік іс-шараларын тамашалады. Ал, «Қазақ елі» монументі алаңында «Шуақты қала» атты мерекелік іс-шара өтті. Бүгін түстен кейін «Қазақ елі» монументі алаңында «Астана Самалы» Халықаралық үрмелі аспаптар оркестрі фестивалінің гала-концерті өтеді.

Кешке қарай Конгресс-холда «Ән жүрегім - Астана!» байқауының гала-концерті мен «Астана Опера» опера және балет театры алдындағы алаңда театрландырылған костюмдік шоу ұйымдастырылады. Астана төрінде тағы бірнеше концерт өтіп, 3D проекциялық шоу да халық назарына ұсынылады. Түн ортасында «Қазақ елі» монументі алаңында мерекелік отшашу болады. Жалпыхалықтық мерейлі мереке үш күн бойы тойланады. 6, 7, 8 шілде күндері елордада түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

Астананың тарихына көз жүгіртсек, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес, республиканың астанасы Ақмола қаласы (қазіргі Астана) болып жарияланды. 1998 жылдың 6 мамырында Ақмолаға Астана атауы берілді. Қазақстанның жаңа елордасы 1998 жылдың 10 маусымында халықаралық деңгейде таныстырылды. Сондықтан 10 маусым 2008 жылға дейін Астананың туған күні ретінде аталып келді.

Ал 2008 жылдың 18-ші маусымында Астана күні мереке етіп бекітіліп, республикалық маңызды мейрамдардың қатарына қосылды. Сол кезден бері Астана күні жыл сайын 6 шілдеде аталып өтеді және республика бойынша демалыс күні саналады.