Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ этнографиясының зерттелуі, қалыптасуы

30165

Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін өткен тарихымызды, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді, материалдық мәдениетімізді жаңғыртуға бетбұрыс жасалуда. Орталық Азияның ірі этностарының бірі, Евразияның үлкен кеңістігін алып жатқан қазақ этносының өткен тарихы мен мәдениетіне байланысты көптеген мәселелерді зерттеуге назар аударылуда. Отарлық пен Кеңес дәуіріндегі қасаң жүйе халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетіне елеулі өзгерістер енгізіп, тіліне қауіп төндірді.

Сондықтан ХХ ғасыр қазақ халқының ежелгі мәдениеті, дүниетанымы, әдет-ғұрпы, шаруашылық дәстүрі қандай өзгерістерге ұшырады, оларға әлемдік өркениеттің ықпалы, халқымыз XXI ғасырға қандай дәрежеде аяқ ала бастағаны жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп, қорытынды жасаудың маңызы ерекше. Сонымен бірге қазақтардың, осы жерді мекендеуші басқа да халықтармен қарым-қатынасы, мәдениеттердің өзара ықпалы жөніндегі мәселеге-де айрықша назар аударылуы қажет.

Мемлекеттік хатшы Марат Тажин өткен Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведмоство аралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде былай деді; «Кеңбайтақжеріміздің иесі-де, киесі-де қазақ екендігінде дау жоқ. Ата-бабаларымыз бұл жерді бізге аманат етіп қалдырған. Біз мемлекет құрушы ұлтпыз» дей келіп, Қазақстандағы басқа этностарды жатсынбауға шақырды.

«Тағдырдың жазуымен елімізге келген басқа этностарды бөтенсінсек, біз алға дами алмаймыз. Сондықтан бұл істе біздің халықтың жауапкершілігі зор. Қазақтар Еуразияның ең байырғы халықтарының бірі екенін ғылыми тұрғыда бүкіл әлемге жария ете білсек, келешек ұрпағымызға ешқандай қауіп болмайды»-деді ол. Бұл тарихи-этнологиялық ұғымдағы тұжырым.

Халықтардың тума өмір-тіршілігімен айналысатын ғылым саласы — этнография (этнология) халықтар туралы ғылым — халықты зерттеу, халықтану, дүниежүзі халықтарының өмір-тұрмысы, салт-санасы, шығу тегі тағы басқа көптеген өмірлік мәселелерді зерттейді.

Халқымыздың ғылым-білімінің этнография саласындағы рухани мұралары ұшан-теңіз. Оның ілкі сілемі сонау Орхон-Енисей ежелгі түркі жазбаларынан (VI–VIIIғ.ғ.) басталып, қазан төңкерісіне дейінгі 14 ғасырлық ұзақ мерзімді қамтиды. Бұл жерде ірі-ірібел-белестерді ғана атап өтетін болсақ, алдымен айтарымыз кезінде Шығыс Аристотелі атанған, қазақ жерінен шыққан энциклопедист-ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби (х.ғ.), Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Асанқайғы, Шалкиіз Бұхар жыраулардың, Хан-сұлтан, билеріміздің аталмыш мәселеге қосқан үлестері-де өз алдына бір төбе.

1724 жылы 1 Петр бұйрығы бойынша Петербург Ғылым академиясы құрылды. Жаңа құрылған академия алғашқы жылдардан бастап ғылымның көптеген салаларына байланысты күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыда шешуді мақсат етті. Олардың бірі — Ресеймен көрші елдердің жер-суын, табиғи байлығын, халықтың тұрмысы мен мәдениетін жан-жақты зерттеу болатын. Қазақстан этнографиясының ғылыми зерттелуі-де осы академияның құрылуынан басталады.

Ресей академиясының құрылуы Кіші жүз қазақтарының Ресейге бодан болып қосылу кезеңіне сай келді-де, қазақ даласын бұдан былайғы этнографиялық тұрғыда зерттеу үшін құрылған ғылыми экспедициялармен қоса, патша өкіметінің отарлық саяси мақсатына сай әскери экспедициялар мен ресми елшіліктер-де ұйымдастырылды. Олар өздерінің негізгі мақсатын орындай жүріп, қазақ өміріне байланысты көптеген құнды этнографиялық деректер жинады. Мәселен, Кіші жүз қазақтарын Ресейге қосып бағындыруға көп еңбек сіңірген М.Тевкелевтің елшілігі Қазақ этнографиясына зор үлес қосты. Мәмбет Тевкелев генерал-майор әскери атағы бар жан-жақты білімді, көп тіл білетін дипломат-тілмаш болған. Ол қазақ ру-тайпаларының құрылыс-тізбегін алғаш рет қағаз бетіне түсіріп жазған адам.

1734 жылы сенаттың обер-секретарыИ. К. Кириловтың (1689–1737) басшылығымен Орынбор экспедициясы ұйымдастырылды. Ол 1735 жылы Ор өзенінің бойына Орынбор қаласын салдырды. Қазақ өмірі туралы дәйекші хабарларды Ресей астанасы енді тек Кириловтан алып тұратын болды. Орынбор өлкесінің алғашқы картасы Кириловтың басшылығымен жасалды.

1737 жылы И. К. Кирилов өлгеннен соң экспедиция басшысы болып орыстың көрнекті тарихшы-ғалымы және мемлекет қайраткері В. Н. Татищев (1686–1750ж.ж.) тағайындалды. Ол алғашқы жылдардан бастап қазақ өмірін тікелей зерттеуге кірісті. Кіші жүз және Орта жүз хандары мен сұлтандарына тікелей кездесіп, олармен ауызба ауыз сөйлесіп, этнографиялық мағлұматтар жинады. Олар «Ресей тарихы» атты көлемді зерттеуіне енді.

Әрине, бұл жұмыстың бәрі негізінен патша үкіметінің отарлау саясатына байланысты жүргізілген еді. Сондықтан да олар бүкіл халық туралы толық сипаттама бере алмады.

Қазақ жері туралы мәліметті Ресей Ғылым академиясының ресей жерін географиялық және этнографиялық тұрғыда зерттеу үшін 1733–1743 жылдары арнайы ұйымдастырған бірінші академиялық экспедициясы біршама толықтыра түсті. Экспедиция мүшелері Г. Ф. Миллер, П. И. Рычков қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін этнографиялық тұрғыда терең зерттеген ғалымдар. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, шығу тегі жайында да орынды пікірлер айтты. Ресей ғылым академиясының тұңғыш корреспондент мүшесі, Орынбор экспедициясының тұрақты қызметкері, Орынбор өлкесінің тұңғыш тарихшысы және Ломоносовы аталған П. И. Рычков кіші жүздегі қазақ даласын талмай зерттеп «Орынбор топографиясы», «Орынбор тарихы» атты еңбектер жазды. Бұл кітаптарда қазақ тарихы мен оның шығу тегі, үш жүзге, көптеген рулар мен тайпаларға бөліну жүйесі, тағы басқа этнографиялық сипаттамалар, нақты деректер кездеседі.

XVIII ғасырда қазақ өмірін зерттеуде 1768 жылы ұйымдастырылған екінші академиялық экспедицияның да маңызы үлкен. Бұл экспедицияда қазақ этнографиясы үшін шетелдерден шақырылған үлкен ғалымдар П. С. Паллас, И. Г. Георги, И. П. Фальк және жоғарыдағы П. И. Рычковтың баласы-Н. П. Рычковтың саяхаттары мен еңбектерінің маңызы зор болды.

Академик П. С. Паллас әсіресе біздің қалада болып, осы маңдағы қазақ ауылдарын аралап көп материал жинады. Осындай саяхаттың нәтижесінде жинаған мәліметтердің негізінде өзінің басты еңбегі болып саналатын «Россия империясының әр түрлі провинцияларына саяхат» атты кітабы 1773 жылы жарияланды. Бұл кітаптың қазақтарға арналған бөлімінде олардың көшпелі өмірі, мал өсіру тәсілдері, үй кәсібі, материалдық және рухани мәдениеті, діни сенімдері, семья және некелік қатынастары, әр түрлі әдет-ғұрыптары сипатталады. Бұл ғалымдардың жазып қалдырған еңбектерінің қазақ этнографиясы үшін құндылығы күні бүгінге дейін жойылған жоқ.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ңасырдың басында әлемдік озық мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан шоқ жұлдыздар: Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт сияқты біртуар перзенттердің халқымыздың өзіндік ерекшелікке толы жан жүйесі, этнологиясы жайлы толғаныс-тебіреністерінің алатын орны ерекше.

XX ғасырдың алғашқы ширегінде туған халқының жарқын болашағы, оның тәуелсіздігі мен бостандығы, рухани өрлеуі жолында қалтқысыз қызмет етіп, осы жолда шыбын жанын пида еткен аса көрнекті ғұлама қоғамдық қайраткерлер қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, рухани-мәдени дамудың жаңа кезеңі қазақ Ренессансының (қайта өрлеу) іргесін қалаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев т.б. еді. Осынау біртуар жандардың қазақ өмірін жетік біліп ғылымдар саласына сіңірген тәлім-тәрбиелік, этнографиялық халықтану еңбектері ерекше. Әсіресе жан-жақты ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтың көп қырлы ғылыми еңбектерінің көрнекті бір саласы-этнография, этнология немесе халықтану мәселесі. Осы мәселенің бұрын соңды қалай зерттелгендігін әр кездегі әдебиеттерге көз жүгіртіп ізденімпаздықта қазақ халқының дәстүр салтының өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударып өзінің жазба деректерін қалдырды.

Сол сияқты қазақ этнографиясы деректері ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде, одан әрі академик жазушы М.Әуезовтың әйгілі эпопеясы «Абай» мен «Абай жолы» романдарында тұнып тұр.

Қазан революциясынан кейін Ғылым академиясы Россия халықтарының этнографиялық картасын жасау мақсатымен арнайы комиссия құрды. Қазақстан бойынша комиссия жұмысынаакадемик В. В. Бартольд басшылық етті. Комиссия мүшелерінің көп жылдар бойы жүргізген жұмысының нәтижесінде 1928 жылы «Қазақ Асср-ның этнографиялық картасы» жасалды.

1926 жылы КСРО Ғылым академиясында кеңестік шығыс халықтарының ұлттық мәдениетін зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның негізгі мақсаты жергілікті халықтардан этнограф ғалымдар дайындаумен бірге олардың түрмысы мен мәдениетін зерттеу болды. Бұрынғы орыстың георгафиялық қоғамның әртүрлі бөлімшелерінің негізінде Қазақстанды зерттейтін бірнеше жергілікті өлкетану қоғамдары құрылды. Қазақ АССр үкіметінің сұрауымен 1926–1927 жылдары КСРО Ғылым академиясы академик А. Е. Ферманның басшылығымен Қазақстанда жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін комплексті-кешенді экспедиция ұйымдастырылды.

Экспедиция бірнеше отрядтардан тұрды. Оның бірі — антропологиялық отряд профессор С. И. Руденконың басшылығымен Қазақстанның батысында, әсіресе бұрынғы Маңқыстау, гурьев облыстарының территориясында 1926 жылы зерттеу жұмысын жүргізіп, қазақтың этникалық тарихы, шаруашылығы, мтаериалдық және рухани мәдениеті, қолөнері мен үй кәсібі жайында қыруар деректер жинады. Сол деректер негізінде 1927–1930 жылдары бірнеше ғылыми еңбектер шығарды. Олардың қазақ этнографиясының тарихындағы алатын орны өзгеше. Бұл экспедицияның құрамында әйгілі қазақ өмірінің ғұлама білгірі, көрнекті ғалым-экономист, «Алаш» партиясын құрушы Әлихан Бөкейханов Каспий өңірі қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы, шаруашылығы жайында өте құнды өзінің зерттеу жұмысын жинаққа енгізді. Сонымен бірге мұнда Ленинградтағы шығыстану инситутының студенті Әлкей Марғұлан да (кейіннен академик, өмірінің соңына дейін Қазақстан ҒА тарих, археология және этнография инситутының этнография бөлімінің меңгерушісі болды) болған еді.

1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Оның мақсаты Қазақстанда жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болатын. 1936 жылы академиялық базада аспирантура ашылды. 1938 жылы Қазақстандық академия базасы КСРО Ғылым академиясының Қазақ ССР филиалына, 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясына айналды да оның құрамында тарих, археология және этнография институты ашылды. Этнографиялық зерттеулер енді негізінен осы институттағы этнография бөлімінің үлесіне тиді.

Алғашқы жылдарда қазақ этнографиясының бүкіл Қазақстан жерінде ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндігі болмады. Сондықтан КСРО Ғылым академиясының Миклухо-Маклай атындағы этнография институты Қазақ академиясына ғылыми кадрлар даярлауда, этнографиялық экспедициялар ұйымдастыруда көп көмек жасады.

Ал, қазіргі Қазақстанның өз алдына егеменді ел болған күнінде қазақ этнографиясының басы қосылып, өз алдына жеке ғылыми-зерттеу бөлімі дәрежесіне жетті. Қазақ өмірі туралы сан-алуан көлемді этнографиялық еңбектер шығарылып, диссертациялар қорғалуда. Атақты этнограф ғалымдар академик Ә.Марғұлан, профессорлар Халел Арғынбаев пен Марат Мұқановтың ғылыми дәстүрін жалғастырушы шәкірттері өсіп-жетілуде. Олар Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инситуты, этнология және антропология бөлімі меңгерушісі профессор С.Әжіғали, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ж.Артықбаев, КазМҰУ-ң профессорлары У, Шалекенов, Б.Төлеубаев, А.Калыш Қарағанды университетінің археология, этнология және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Ж.Артықбаев, ҚазМҰУ-ң археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.Төлеубаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ү.Қыдыралин, т.б. шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстан этнографиясын дамытуға өздерінің үлестерін қосуда.

Империялық өктем саясаттан арылған шақта, рухани-мәдени өміріміздің айнасы боларлықтай айғақтарды қайтадан өз халқымыздың күш-қуатынан іздеуіміз заңды. Ал ондай күш-қуаттың қайнар көзі — халқымыздың рухани мәдениеті екені даусыз. Өкінішке орай, науқандық идеологияның шашбауын көтеріп, мәдени мұралардың бары мен жоғын тұтас игеруден гөрі, алалап жинау, біржақты бағалау күні кешеге дейін орын алып келгені мәлім. Сондықтан халық мұрасын толық жинау әдісі қазақ даласында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» деп жариялауынан басталды да, 2000 жыл — «Мәдениетті қолдау жылымен» жалғасты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2004–2011 жылдар аралығында жүзеге асқан осынау бағдарламаның тарих ғылымына оның этнология саласына салған олжасы мол болды, тарихи-этнологиялық аса құнды деректер жиналды, көптеген еңбектер жарық көрді. Мұнда Қазақстанның көп ұлтты мәдениетін жаңғырту, сақтау және өркендету мақсаты қойылды.

Осы түбегейлі жаңару негізінде қазір елімізде ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптар қайта жандана бастады. Осының айғағындай Қазақстан халықтарының ассамблеясынан туындаған жер-жерде ұлттар мен ұлыстардың мәдени орталықтары дүниеге келіп, ұмытыла бастаған халықтық дәстүрге даңғыл жол ашылды. Оның алғашқы көріністеріне соңғы жылдары аталып жатырған ұлттық мейрамдар айғақ. Бұлардың халықтық тәрбиелік маңызы үлкен екендігі бәрімізге-де аян.

Қазақстан Республикасының Батыс аймағы — еліміздің даңқын әлемге әйгілеп отырған қазына қоймасы, газ бен мұнайдың және балық, мал шаруашылығының ғана өлкесі емес сонымен бірге ол ежелгі заманның сан алуан сырларын аша беретін, қала берді онда мекендейтін қазіргі қазақ халқының көне мәдениеті мен тұрмысының түп нұсқалары туралы дерегі мол, көне мекендерге жатады.

Батыс Қазақстан аймағы, оның халқының тыныс-тіршілігі мен географиялық көрінісі (ландшафтысы) тарихи-этнологиялық тұрғыда зерттеу объектісі болып тұрғандығы бізді қызықтырады. Сондықтан бұл өлкенің ұлттық тарихы мен этнологиялық мәселелерін жоспарлы түрде зерттеуді қажет етеді. Бұл өлкені тарихи-этнологиялық тұрғыда зерттеуге қызығушылық өткен ғасырлардың өзінде батыс елдерінің, Ресейдің зерттеушілерінен басталған.

Қазақ халқының аса бай тілі, тамаша қол өнері, үлгілі тәрбиелік тәлімі, сирек тарихи-этнографиялық ескерткіштері талай шетел зерттеуші ғалымдарын таңдандырған. Ұлт өнерінің жиынтығы және оның көрсеткіші қазақ киіз үйі өзіміздің және әлем мұражайларының төрінде тұр. Ағаштан, теріден, жүннен, сүйек, мүйізден қарапайым әдістермен жасалған біздің мәдени мұраларымызды басқа да жерлерден, елдерден табуға, көруге болады.

Сөз соңында, Қазақтың этнографиялық салт-дәстүрлерінің ролі туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз еңбегінде былай деп жазған: «Әр халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге -дәстүрлерге назар аудару керек. Оның халық өміріндегі ролі еш даусыз. Мәдени дәстүрлер қашан да әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келді. Өзінің тарихи-мәдени тамырларына қайта оралу -бұл, әрине, оң процесс». «Қай халық болса да өз тарихын, төл дәстүр-салтын, ауыз әдебиетін, тілін қастерлейді. Тарих, этнография, фольклор, тіл — халықтың жан дүниесі, оның барша әлем алдындағы айнасы».-екендігін академик М.Қозыбав та жазып кеткен.

Қыдыралин Ү.С.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?