Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зымиян Мирзоян

2169
Зымиян Мирзоян - e-history.kz
«Голощекиндік» басқару кезеңінен кейінгі күйзеліс пен аштықтан кейін Қазақстан БКП (б) ОК бірінші хатшысының бос орнына армян Левон Мирзоян келді

Қазақстан БКП (б) ОК бірінші хатшысы Л. Мирзоянның күрделі кейпін бір жағынан елдің өнеркәсіптік өсуі сипаттаса, екінші жағынан қазақтардың жазықсыз қырылуы сипаттайды.  

Левон Исаевич Мирзоян 1897 жылдың 14 қарашасы қазіргі Әзірбайжан Республикасының құрамына кіретін Елизавестпольский губерниясының Шушинский уезінің Ашан селосында шаруа отбасында дүниеге келген. Бастауыш білімді Левон ауыл мектебінде алған. Әкесі отбасын асырау үшін Бакуге жиі барғандықтан ондағы «пролетарлық» тынысты жақсы білген, бұл туралы Мирзоянның өзі айтқан. Әкесі баласына қалалық білім беруді шешеді.Көп ұзамай он бес жасар бозбала Бакудегі гимназияға оқуға түсіп, сол жерде алғаш рет революциялық идеялармен танысады. 

1916-1917 жж. сурет. Мирзоян екінші қатарда сол жақ шетте

Жас Левон Мирзоян партияға 1917 жылдың наурызында өтеді. Партияға өтісімен Мирзоян Бакудің Бинагадин ауданына жіберіліп, сол жерде Баку Советіне депутат болып сайланады. Левон Исаевичтің өміріндегі осы кезең туралы большевик И. Анашкин былай деп еске алады: 

«Мирзоян 1918 жылдың наурызындағы қанқұйлы оқиғаларға белсене қатысты, Баку Коммунасы құлағаннан кейін, «Орталықкаспий» Диктатурасы кезінде «ол өзінің большевистік бетпердесін эсер-меньшевик бетпердесіне ауыстырды».

Бакудегі Советтердің теңселіп тұрған позициясы уақытша құбылыс болатын. Алайда, қашқын Л. Мирзоянға партия қол астында жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бірақ, бұл Закавказьедегі астыртын жұмыс болатын, бұл жерге ол 1918 жылдың 31 шілдесінде жіберіледі.

Астыртын жұмыстағы екі жылдан астам уақыты зая кетпей, жас революционер 1920 жылдың қыркүйегінде Әзірбайжан кәсіподақ кеңесінің жоғары лауазымына сайланады. Левон Исаевич бұл лауазымда Анастас Микоянды алмастырады. 1926 жылғы

21 қаңтарда Әзірбайжан КП ОК бірінші хатшысының лауазымына тағайындалғанға дейін ол Әзірбайжан ССР-нің еңбек халық комиссары (сөз реті келгенде, бұл лауазымда қандай да бір жетістіктерге жете қоймағанын айта кету керек) және Баку КП (б) комитетінің хатшысы болып үлгереді. Соңғы лауазымы кезінде ол Кировпен бірге қаралы Мухаррам айы кезіндегі шейіттердің шеруін басып-жаншиды.

Мирзоянның Баку комитетіндегі басшылығы туралы Әзірбайжанның қоғам қайраткері Нариман Нариманов Сталинге былай жазады:

«Мирзояндар еш кедергісіз тағдырын шешіп отырған Әзірбайжан жауларымыз үшін бай азық беріп отыр. Шындығына келгенде, қазіргі уақытта Әзірбайжанда партия бар ма? мен: жоқ және Мирзояндар өздерінің пасық саясаттарынан, Әзірбайжанды дара биліктен айыру саясатынан бас тартпайынша болмайды деп нақты айта аламын. Барлық жерде өз агенттері бар Мирзоян құпия сырлармен ғана өмір сүріп, БК хатшысы ретіндегі құқықтарын өзін сынаған адамдарға қарсы қаруға айналдырды».  

1925 жылдың қаңтарында Әзірбайжанның «Коммунист» партиялық газеті бетінде Бакудегі әзірбайжандықтарға тілдік қысымшылық көрсеткен Бинагада комсомолы мүшелерінің тас-талқанын шығарған мақала жарық көреді. Өйткені комсомолдар орыс тілді спикерлердің баяндамаларын жергілікті тілге аударуға қарсылық көрсеткен еді. Талдау нәтижелеріне пікір білдірген кезде Мирзоян мақала толықтай ойдан шығарылған деген.

1926 жылдың  21 қаңтарында Левон Исаевич Мирзоян Әзірбайжан ССР-нің хатшысы болып тағайындалады. Бұл лауазымда Мирзоян түркітілдестер мен орыс тілділердің арасындағы көптеген шиеленістерді шешкен. Осылайша 1927 жылы Мирзоян білікті жұмыс орындарын иеленуге құқықтары басым деп түркі жұмысшыларын қолдаған.

Бұдан басқа сол 1927 жылы Баку қалалық комитеті республика басшылығының түркі тілін міндетті түрде үйренуі туралы қаулы қабылдайды, бірақ қазанда БКП (б) Ұйымдастыру бюросы бұл әрекеттен көңіл толарлық нәтиже шықпағанын жариялайды: орыс тілділер түркі тілін оқымаған, ал түркітілділер техникалық әдебиетті түсіну үшін орыс тілін үйренуге мәжбүр болған.

Республиканың көпұлтты орталығындағы көптеген шиеленісті жағдайларды реттегеніне қарамастан, 1929 жылғы 1 шілдеде Сталин басқарған Саяси бюро Әзірбайжан басшылығын ауыстыру туралы шешім қабылдайды. 1929 жылдың 6 қыркүйегінде В. Молотовқа Сталин хат жазады:

«Партия мүддесі тұрғысынан өрескел қателік жіберген жолдастарға қатысты «салғырттық» саясатын жақтаушы емес екендігімді білесің. Алайда, Мирзоянның көзін құрту партия мүддесі еместігін айтуым керек. Л. Мирзоянды Пермь (Орал) округтік комитетінің хатшысы қылып тағайындап, жауынгерлік тапсырма – Уралдағы мұнайды ілгерілету ісін тапсыру дұрыс болар деп ойлаймын. Ол мұнай ісін жақсы біледі».

Осылайша, 1929 жылдың қыркүйегінде БКП (б) ОК Саяси бюросының шешімімен Л. Мирзоян Оралға жіберіледі, бұл жерде ол Пермь округтік комитетінің хатшысы, кейіннен 1933 жылға дейін Орал БКП (б) облыстық комитетінің екінші хатшысы лауазымын атқарады.

Филипп Голощекин отставкаға кеткеннен кейін Қазақстан басшылығына 1933 жылдың 21 қаңтарында Л. Мирзоян келеді. Сол жылы қыста Левон Исаевич әйелімен және балаларымен бірге Алматыға, Фурманов көшесіндегі шағын үйге көшіп келеді. Оның әйелі Юлия Тевосян, ССРО қара металлургия министрі және ССРО-ның Жапониядағы елшісі болған Иван Тевосянның әпкесі, Марксизм-ленинизм институтынан бірден жұмыс табады.

Л. Мирзоянға Алматы ұнамады. Лазарь Кагановичке жазған хатында былай дейді:

«Масқара, Алматы деген не... бұл бір сұрықсыз ауыл, Солтүстік Кавказдың кез-келген станицасынан әлдеқайда нашар. Үй-жай жоқ, халықтың тұрарға үйі жоқ, жұмысшылар безектеп жүр, жарық жоқ – керосин шамдардың жарығымен жұмыс істеуге тура келеді. Қалада 300-400 кісінің басын қосып жинауға болатын бірде-бір қоғамдық ғимарат жоқ; театр жоқ, Қызыл Армия Үйінен басқа бірде-бір клуб жоқ. Алматыда осы уақытқа дейін кинотеатр үшін салынған бірде-бір арнайы ғимарат жоқ. Ауруханалар желісі бұрынғы ескі Алматыдағыдай күйінде қалған (бірнеше уақытша барак қосылған)... Қалада қонақ үйлер жоқ, тек 70 нөмірлі жолаушы түсетін үй ғана бар, оның өзінің жартысында тұрақты тұрғындар тұрып жатыр. Қаладағы жаңа ғимараттар, әрине, су құбырымен және кәріз жүйесімен жобалануда, ал, бірақ қалада кәріз жүйесі жоқ. Оны салу керек деген мәселені көтерсең, бәрі оның мүмкін еместігі туралы ондаған дәлел келтіреді».

Бірінші хатшы бірден іске кірісті. 1933 жылы су құбыры салынып, кәріз жүйесі жүргізілді, жылдың соңына қарай қалада төрт қоғамдық монша мен үш қонақ үй ашылды. Жаңа үйлер салынып, трамвай маршруты пайда болды, троллейбус желілері жоспарланды. Бұл қала инфрақұрылымына қатысты. Кагановичке жазған хаттарының бірінде Мирзоян былай дейді:

«Мен Мәскеуден кетіп бара жатқанда Қазақстандағы жағдайдың ауыр екендігіне сенімді болғам, бірақ мұндағы жағдай мен күткеннен де ауыр болып шықты. Жол бойында, тіпті қалада да милиция аштан өлгендердің мәйіттерін жинауда. Нан ұрлығы өршіп тұр».

Елдің ауылшаруашылығы туралы айтар болсақ, 1933 жылы Қазақстан бітік астық жинай алды, жаппай мал қырылуы тоқтатылып, мал басының өсуі байқалды. Мирзоянның тапсырмасы бойынша колхозшыларға 1 миллион 117 мың бас мал таратылды. Өнеркәсіп те жылдам өсті.  Үлбі ГЭС құрылысынан басқа, Риддер комбинаты, Балқаштағы мыс қорыту комбинаты, Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинаты, Ақтөбедегі химия комбинаты, Шымкенттегі қорғасын комбинаттарының құрылысы жүріп жатты. Қарағанды көмір бассейніне белсенді зерттеулер жүргізіліп, Ембіде мұнайдың жаңа ұңғымалары салынып жатты. Бұдан басқа, Жезқазғанда мыс кен орны қызу жұмысын бастады. 

1930-шы жылдардың ортасында республика өнеркәсібіндегі барлық жұмыс орындарының 46,5 пайызында қазақтар жұмыс істеді.

Сочи. Мирзоян, Тер-Габриелян және Орджоникидзе

Мәдениет те қарқынды дамып жатты: Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі өткізілді, Қазақ музыкалық театры, филармония, Ғылым академиясының жергілікті базасы құрылды.

Мирзоянның басшылығы кезінде ақын-ағартушы Абай Құнанбайұлы «ақталды», Қазақ АССР тікелей ССРО құрамына енді, ал 1937 жылы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұдан өзге, дайындалып жатқан тұтқындаулар туралы Сурен Агамиров пен Ольга Шатуновскаяны ескерткен деп дәл осы Мирзоянға телиді,  ал қазақ публицисті Б. Ғабдуллин Мұхтар Әуезовке оны НКВД тексеріп жатқанын дереу жеткізіп, Қазақстаннан кетуін өтінген де осы Мирзоян деп еске алады. Бірақ, бұл жармақ, медальдің бір жағы ғана.  

Екінші, күңгірт жағы – бұл Л. Мирзоянның қолтаңбасы түскен, Қазақстандағы репрессивтік әрекеттерін жайып салатын құжаттар. 1937 жылдың 22 қыркүйегінде  «Правда» газеті «Буржуаздық ұлтшылдар жетегінде» деген мақаланы жариялап, Қазақстанның партиялық басшылығын сынға алады. Газетте не жазылғанын Мирзоян алдын ала біліп отырды, өйткені орталық газеттер Алматыға Мәскеуден кейін бір тәуліктен соң әкелінетін, осыдан соң ол газетті сатуға тыйым салды. Мақалада Мирзоянға жергілікті интеллектуал элита арасында тұтқындалулардың жоқтығына кінә артылды.

Кейіннен нөмірге тыйым салған өкім тақырыбы ашылып қалады: партия конференциясында сөз сөйлеген чекист М.П. Шрейдер Левон Исаевичті кешіруге болмайтын іс-әрекеттері үшін айыптайды. Бұған Мирзоян партия басшылығы ешқандай да ірі саяси қателік жіберген жоқ деп жауап береді. Дегенмен де, 3 қазанда Мирзоян Сталинге «антисоветтік элементтер» ішінен 3500 тұлғаға қосымша ату квотасын сұрап жеделхат жолдайды.

ШИФРОВКА

Кімге: Молотов, Ежов жж.                                                                      

Хаттама. ПБ № 54. п. 172                                                                                                                   

Алматыдан 1937 ж. 4 қазан 9 с. 00 м. жіберілді. БКП ОК 12с.50м. келіп түсті.

Кіріс № 2144/ш. 12 с. 55 м. шифр ашылды. 4 данада басылды.

Мәскеу БКП (б) ОК Сталин жолдасқа

 

Совет үкіметіне қас элементтер бойынша атуға жататындар үшін Қазақстанға лимит 2500 адам деп анықталған еді. Бұл сан толықтай орындалды және облыстар қосымша контингент туралы мәселе қоюда. Қазақстан совет үкіметіне қас жергілікті жерден шыққан белсенді элементтерге ғана емес, сонымен қатар сырттан келгендермен де (одақтың барлық шекаралас облыстарынан көшірілген арнайы қоныс аударылғандар, жер аударылғандар және т.б.) мейлінше ластанған. Бұдан басқа, 1937 жылы көптеген советтерге қарсы топтар мен ұлтшылдардың, исламшылардың, орыс казактарының, эсерлердің төменгі көтерілісшіл ұйымы, оңшылдардың, троцкистердің және т.б. ұйымдары әшкереленіп, алты мыңнан астам белсенді диверсиялық элементтер алынды. Бізге бекітілген атуға жататын 2500 адамға арналған лимит жеткіліксіз болғандықтан, үштіктер арқылы тағы да қосымша 3500 адамды атуға рұқсат етуді сұраймын. Облыстар бойынша бұл контингентті былай бөлуді сұраймын: Шығыс Қазақстан обысы 700 адам, Алматы облысы 600 адам, Оңтүстік Қазақстан облысы 500 адам, Қарағанды облысы 300 адам, Солтүстік Қазақстан 500 адам, Ақтөбе облысы 350 адам, Қостанай облысы 300 адам және Батыс Қазақстан облысы 250 адам.

 

Қазақстан КП (б) ОК хатшысы Мирзоян  

Резолюциялар: «Қосымша 3500 қолдау. Ст.», «В. Молотов», «Каганович», «А. Мик.», «В. Чубарь», «Андреев», «К. Ворошилов» — автографтары; «Калинин ж. — иә/қолдау» — телефон бойынша сауалнаманы хатшы жазды.  

Бұдан басқа, партия нұсқауларын қалтқысыз орындаған Мирзоян жоқ дегенде тағы бір ату тізіміне қатысы бар. Ол – Қазақстан КП (Б) ОК хатшысы Мирзоянның «бірінші категория» бойынша 600 және «екінші категория» бойынша 1000 адам репрессиялауға лимит сұраған сұранымы. 1937 жылдың 3 желтоқсаны Қолдау көрсетіп қол қойғандар: И. Сталин, В. Молотов, Л. Каганович.

1938 жылдың 1 мамыры Алматыда еңбекшілердің бейбіт шеруі өтті. Чекистер өз есептерінде Мирзоянның порттерін Иосиф Сталиннің портретінен бірнеше есе үлкейтіп көрсетті. «Правда» мен «Известия» газеттерінің тілшілері бұл порттердің суретін Мәскеуге жіберді. Екі апта өткеннен кейін Мирзоян Сталиннен «Үш күннің ішінде ішінде істерін хатшының міндетін атқарушы Николай Александрович Скворцовқа тапсырып, Саясибюро қарамағына келу» туралы жеделхат алады. «Правда» газетінің 17 мамырдағы санында «Аллилуйщина вместо большевистской критики» атты мақала жарық көріп, Левон Мирзоян қатты сынға алынады. Мәскеуге жетпестен оған троцкист, советтерге қарсы қастандыққа қатысы бар, қазақ ұлтшылы деген айып тағылып, тұп-тура Лефортовоға жөнелтіледі.

Қазақ ССР ішкі істер халық комиссарының бұрынғы орынбасары Михаил Шрейдер ҚазССР-ң бұрынғы бірінші хатшысын НКВД қызметкерлері аяусыз ұрып-соққанын, одан тыңшылық қызметі туралы түсінік беруін, Қазақстанды ССРО-дан бөліп алу туралы Ұлыбританиямен жүргізген келіссөздері туралы, Калинин жолдасқа қарсы дайындалған террористік акт туралы түсінік беруін талап еткендерін еске алады.

Ұрып-соғулар нәтижесінде Мирзоян талап етілгеннің бәріне қол қойған. Бірақ, бірнеше күннен кейін оны тағы да тергеуге шақырады, бұл жолы тергеуді Берия мен жаңа тергеушілер жүргізеді. Мирзоян Бериямен Закавказьедегі қызметі кезінен бері таныс болған, алайда Левон Мирзоян өзін Сталинмен байланыстыру туралы өтінішіне:

«Сенің кәрі тыңшы, арандатушы және мусаватист екеніңді бұрыннан білетінбіз. Бакулік жиырма алты комиссарды атудағы сенің пасық рөліңді де білеміз. Сондықтан бұлтақтаудың қажеті жоқ, әйтпесе тағы да ұрып-соғамыз!» деген жауап естиді.

1939 жылдың 26 ақпанында Левон Исаевич Мирзоян ССРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясымен ату жазасына кесілді. Мәскеудегі Дон қорымындағы «сұраусыз мүрделерге арналған зиратта» жерленген. Советтік Қазақстанның бұрынғы басшысы 1955 жылдың 10 қарашасы ақталған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?