Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанды басқарған бірінші коммунист-қазақ

2060
Қазақстанды басқарған бірінші коммунист-қазақ - e-history.kz
Иван Акуловтан кейін Қырғыз облыстық бюросының хатшысы лауазымына өлке тарихында тұңғыш рет қазақ Мұхамедхафий Мырзағалиев тағайындалады

Қырғыз облыстық бюросының болашақ басшысы 1887 жылы Орал губерниясының Жымпиты оязының Қараоба болысының Дауынкөл мекенінде сол кездегі ауқатты отбасында дүниеге келген.

1914 жылға дейін Мұхамедхафий Оралда оқу мен жазуға үйренеді. 1914-1917 жылдары Мырзағалиев Саратов ауылшаруашылық училищесінде агрономия ғылымын оқиды. Сол жерде Мұхамедхафия алғаш рет революциялық қызметтің негізгі қағидаттарымен танысады: үнпарақтар мен саяси әдебиетті насихаттайды, наразылықтар мен шерулерге қатысады.

Саратов ауылшаруашылық училищесі (XX ғ. ортасы)

Училищені тәмамдаған соң, қолында дипломы бар маман еңбек жолын 1917 жылы Самара губерниясының Александров-Гай селосында учаскелік агроном болып еңбек жолын бастайды, алайда жыл аяғына қарай революциялық идеялармен қайнап жатқан Оралға қайтып оралады. 1918 жылғы 3 қаңтарда Орал Кеңесі қала басшылығын ақ казактардың әскери үкіметінен тартып алады.

Осы жерде айта кету керек, Мұхамедхафий Мырзағалиев Алаш Орданың идеяларына жақтасқан жоқ, тіпті баррикаданың екінші жағында болды деп айтуға болады. Коммунистік идеяны қызғыштай қорыған коммунист Алаш Орданың қазақ жері мен халқын автономия қылу идеясы мен арман-мүдделерін іске асыруға мейлінше қарсылық танытты. «Мырзағалиев, Әйтиев жолдастар және басқалары бұл мақсаттарға ортақтасып, қолдау көрсетпеді», – деп еске алады сол оқиғаларға қатысушы А.М. Әлібеков. – Көрсетілген жолдастар ерекше топ құрып, ұлттық автономияны құруға және земствоны енгізуге мейлінше белсенді қарсылық көрсетіп, халық арасында Совет үкіметін насихаттады».

1918 жылғы 18 наурызда билік ұйымдастырған Жұмысшылар, солдаттар, шаруалар мен қазақ депутаттары Кеңесінің съезінде М. Мырзағалиев Совет үкіметін мойындау туралы резолюцияны қолдау, Әскери үкіметтің демобилизациясы туралы және Қызыл әскерді құру туралы жалынды сөз сөйледі. Съезд аяқталған соң Мұхамедхафий делегаттардың үлкен тобымен жаңадан құрылып жатқан қызыл гвардия отрядтарына қару-жарақ сатып алу үшін ауыл, село мен станицаларға шығады, осынысымен шаруалардың көзіне түседі.

Наурыздың 28-нен 29-на ауысқан түні ақ казактар, алашордашылардың тікелей қатысуымен, Кеңес мүшелерінің көпшілігін олардың ішінде М. Мырзағалиевті де тұтқынға алып, Орал түрмесіне қамайды. Тек бір жыл өткен соң ғана, 1919 жылдың 24 қаңтарында М.В. Фрунзе бастаған Шығыс майданның 4-ші армиясының күшімен тұтқындар босатылады.

1919 жылдың көктемінде Еділ бойындағы ақ гвардияшылар Оралды қоршап алады. М. Мырзағалиев 22-ші дивизияның қазақ атты әскер эскадронының 66-шы бөлімшесі құрамында ақтардың талай шабуылына тойтарыс береді.

Кейіннен оның жауынгерлік істері мен ерліктері Мырзағалиевті партияға қабылдауға негіз болады. 1919 жылдың жазында М. Мырзағалиев Б. Әлжановпен және ағайынды Тухватуллиндермен бірге Оралдың сол жақ жағалауы аудандарында насихат жұмыстарын жүргізеді: ақ гвардияшылармен күресу үшін партизан отрядтарын құрайды, қазақ кедейлерін жасақтайды. 11 шілдеде партизандар мен Қызыл армияның бөлімдері блокаданы бұзады, ал М. Мырзағалиев Орал-Бөкей революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады.

Қаңтардың алғашқы күндері, Ресейдің Жоғары басшысы Александр Колчактың тұтқындалуына бірнеше күн қалғанда, Ақтөбеде көпшілік облыстар мен ояздардың өкілдері жиналған конференция ұйымдастырылады. Конференцияда Қазақстан автономиясын құру, барлық қазақ жерлерін бірыңғай советтік республикаға біріктіру мәселелері қарастырылады. Іс-шараның қорытындысы бойынша Мырзағалиев Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару бойынша Әскери-революциялық комитет құрамына кіреді.

1920 жылдың 25 ақпанында Мырзағалиев Жымпиты уездік революциялық комитетінің тікелей басшысы болып тағайындалады. Мырзағалиевтің лауазымдық міндетіне земстволық мекемелер мен патшалық билік органдары қалдықтарының көзін жою жүктеледі. Мамырдың аяғына қарай РКП (б) ОК қаулысы бойынша М. Мырзағалиев Орынборға оралады.

Кирревком мен Кирпартбюро мүшелігіне кездейсоқ тағайындалуы Мұхамедхафийдан Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саласын жаңғыртуды талап етті. Ең алдымен бұл отаршылықтың, патриархалдықтың іздерін жою және РКП (б) ОК құжаттарына сәйкес «аштық пен күйзелісті жеңу» дегенді білдірді. 

Кирревком төрағасы С.С. Пестковский М. Мырзағалиев туралы былайша еске алған:

«Әскери-революциялық комитет әрқашанда А. Әйтиев, А.М. Әлібеков, М.М. Мырзағалиев сияқты қазақ коммунистеріне арқа сүйейді».

Революциялық темпераменті мен саяси жауларына деген ызғарлы көзқарасы арқасында М. Мырзағалиевті 1920 жылдың 7 тамызында Қазақстан бойынша ВЧК уәкілінің орынбасары және контрреволюциямен күрес жөніндегі Орынбор-Торғай төтенше комиссиясының төрағасы қылып сайлайды.  

Біраз уақыттан соң, М. Мырзағалиев ҚАССР ХКК төрағасының орынбасары және Қырғыз (Қазақ) Еңбек және қорғаныс кеңесінің төрағасы болып тағайындалады.  1921 жылдың қаңтары мен маусымы аралығында Мырзағалиев РКП (б) ОК Қырғыз облыстық бюросының жауапты хатшысы болады. Осы лауазымда Мырзағалиев өлкені экономикалық жаңғыртуға, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар салуға көп көңіл бөледі.

Бұдан басқа, агроном Мырзағалиев аграрлық саладағы заңдарды дайындауға және іске асыруға атсалысады. Түркі халықтары коммунистерінің екінші бүкілресейлік кеңесінде (1921 ж. 6-10 наурыз) М. Мырзағалиев РКП (б) ОК жанындағы түркі халықтары арасындағы үгіт және насихат Орталық бюросы көшпенділерге көбірек назар аударса, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктеріне жан-жақты ден қойса деген ұсыныс жасайды.

Өзі республика еңбекшілері алдында марксизм-ленинизм идеяларын белсенді насихаттайды, әсіресе лениндік ұлттық саясатты насихаттаумен байланысты тақырыптарға сөз сөйлегенді жақсы көреді. Тіпті ұлттық мәселе бойынша лекциялар циклін әзірлеп, оларды 1921-1922 жылдары КарОАК жанында болған жауапты қызметкерлерді дайындау курстарында оқыған.

XX ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақтар

Мырзағалиев ұсынған тезистер ұлттық мәселе бойынша резолюцияға негіз болды. Онда:

«патша кезінде шикізат беруші болған Қазақстанда өнеркәсіптік пролетариат жоқ, сондықтан да өнеркәсіпті орнату, фабрикаларды шикізат көзіне қарай көшіру біздің бірінші кезектегі міндетіміз болуы керек. Ұлттың шаруашылық құрылысындағы жағдайы мен тұрмысын ескере отырып, капитализм сатысынан өткен ел, Ресейдің орталығында, қолданылған тәсілдерді көшірместен, Қырғызияны (Қазақияны) біртіндеп жоғары экономикалық формаларға келтіруіміз керек»...

делінген. Алайда, М.Мырзағалиев төрағалық етіп отырған Халық комиссарлары Кеңесінде де, облыстық комитетте де жұмыс күн өткен сайын өсе түсті. Сондықтан да 1921 жылғы 27 тамызда партияның облыстық комитетінің пленумы М.Мырзағалиевтың жұмысын жеңілдетіп, ол Халық комиссарлары Кеңесіндегі қызметіне мейлінше көңіл бөлуі үшін оны хатшы қызметінен босатады.

1923 жылдың қаңтарында Қырғыз (Қазақ) облыстық комитетінің шешімімен М. Мырзағалиев РСФСР ХКК жанындағы ҚазАССР өкілі ретінде Мәскеуге жіберіледі де, сол жерде 1926 жылдың ортасына дейін қызмет етеді. Қазақстанға қайтып оралған соң ол қайтадан республика үкіметі құрамына кіреді. 1926 жылдың 30 маусымынан 1929 жылдың 28 мамырына дейін қаржы халық комиссары лауазымын атқарады. Осы лауазымды атқару кезінде алғашқы бесжылдықтың жоспарын әзірлеу, республиканың индустриалдық дамуын қамтамасыз еткен маңызды өнеркәсіп нысандарын қаржыландыру, ауылшаруашылығын қайта құруға қаржы бөлу, көшпенді халықты отырықшыландыру және алғашқы ұжымдық шаруашылықтарды құру жұмыстарына қатысады.

1930-1937 жылдары М. Мырзағалиев РСФСР Егіншілік халық комиссариатында маңызды лауазымды қызметте болады. Жоғары саяси ортада өткен барлық өмірі оны қуғын-сүргіннен сақтап қалмады. 1937 жылдың тамызында М. Мырзағалиев қастандыққа қатысы бар деген жалған айып бойынша тұтқындалып, бірнеше айдан соң, 1938 жылдың ақпанында Алматыда атылады.   

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?