Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт баспасөзін ұлықтаушы

2168
Ұлт баспасөзін ұлықтаушы - e-history.kz
Тұрар Рысқұлов баспасөзді ұйымдасып, бірігіп, жұмыла кіріскенде ғана елді көркейтуге, нығайтуға болады деп есептейді. Бұл расында да шындыққа сай пікір болатын

«Қазақ баспасөзінің бағыт-бағдарына алғаш дұрыс баға бергендердің бірі Тұрар Рысқұлов болды» [1, 3] деп, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеп, бір жүйеге келтіріп, соңынан қомақты еңбек қалдырған Қ. Бекхожин айтқанындай, шынында Тұрар Қазақстан жағдайында баспасөздің мәнісі өте күшті, маңызы өте зор екендігін білген.

Қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, экономикасына, саяси хал-ахуалына т.б. қатысты маңызды, өткір материалдарын есептемегенде бір ғана баспасөзге қатысты: «Қазақ баспасөзінің мақсаттары», «Баспасөз туралы», «Баспасөз  мәнісі», «Осы күнгі баспасөзіміздің кемшіліктері мен міндеттері», «Кеңес өкіметі тұсында мәдениет қай түрде болуы керек?», «Баспасөз бен үнемшілік ықтияты», «Қазақстандағы баспасөздің күйі және міндеттері», «Еңбекші қазақ» газеті туралы» т.б. мақалалары жергілікті, республикалық, орталық басылым беттерінде үздіксіз жарық көрді. Оның баспасөз тақырыбын күн тәртібіне көтеруіне өлкелік баспасөз бөлімінің басшысы, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болуы себеп емесі анық. Ол баспасөзбен әуелден-ақ қоян-қолтық араласқан. Өз тұсындағы қазақ баспасөзінің көріктеніп-кемелденуіне, маңызданып-мазмұндануына көп күш салды. 1920 жылдан бастап «Ақ жол», «Тілші», «Туркестанская правда», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Красный Казахстан», «Революция и национальности» журналдарына белсене қатысып, ел болудың, өркендеп-өсудің көкейкесті проблемаларын көтерді. Журналист ретінде әрібір мәселені тереңдеп, қыр-сырын аша, жұртты тебіренте сөз етудің үлгісін көрсетті [2].

Т. Рысқұлов қаламынан туған баспасөз туралы мақалалардың мазмұнында қазақ баспасөзінің өткеніне, бүгінгісіне шолу жасалынады. Оның публицистикасын жан-жақты зерттеп, тиісті бағасын берген еңбектер аз болса да бар. Солардың бірі «Алты алаштың ар-дақтылары» атты кітапта Тұрар мақалаларын жіктегенде: «Алдымен», «Баспасөздің міндеттері туралы» мақаласы жайында сөз қозғар болсақ, онда автор қазақ баспасөзінің өткеніне, бүгініне ой жүгіртіп, басты міндетіне тоқтала келіп, «Баспасөзіміздің осы уақытқа дейінгі және қазіргі жағдайы қай деңгейде? Мен бұл сұраққа ұзақ тоқталмаймын. Қысқаша айтқанда, қазақ баспасөзі өзінің бастауын Октябрь революциясынан кейін ғана алады. Ал оған дейін қазақ баспасөзі болған жоқ» деп бір-ақ қайырады. Дәл осыны халықтың Тұрары, Шығыс халықтарының өткенін қорғай білген, болашағы үшін шырылдаған Тұрар айтты дегенге сенгіміз келмейді. Бірақ дерек осы [3].

Одан кейін авторлар Тұрардың бұлай деп жазуына солақай саясаттың ықпалы болды. Сол кездегі заман ағымын да ұмытпауымыз керек шығар деп «ақтап» алады.

Дегенмен, осы тұста түпнұсқадағы Т. Рысқұлов пікірін қатар келтіре кеткен жөн сияқты. Тұрар: «Баспасөздің күйі бұрын қандай еді, қазір де қандай? Бұл мәселеге көп тоқталғым келмейді. Қазақ баспасөзінің шындап өркендеуі Октябрь төңкерісінен кейін ғана болды» дейді [4].

Бұл жерде Т. Рысқұлов кеңестік баспасөзді мысалға алып, соның тұрғысында пікір айтып отырғаны анық. Және де ол қазақ баспасөзі Октябрь төңкерісінен бұрын мүлдем болған жоқ деп «бір-ақ қайырмайды». Керісінше, ол бұрын баспасөздің бар болғанымен, әлсіз болғандығын ащы да болса айтады. Және оның басты себептері «Қазақ халқының мәдениет жөнінде кейін қалғандығы мен патшашыл Ресейдің күшті озбырлығы болғандығы еді» дейді.

Әрине, Тұрарға дейін қазақ баспасөзіне шолу жасап баға бергендер (Әлихан, Ахмет, Міржақып т.б.) бар. Оны да ұмытпаған жөн. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттегенде Тұрар Рысқұлов қазақ жұртының өткеніне сүйеніп, оны халық тарихымен біртұтас көрсетеді. Ондағы тарихи фактілерді ұтымды пайдаланып, ұшқыр ой айтады. Ол қазақ баспасөзін алғашқыда екіге бөліп қарастырады. Яғни:

– патша заманындағы қазақ баспасөзі;

– төңкерістен кейінгі баспасөз.

Т. Рысқұлов патша заманындағы қазақ баспасөзіне, олардың басшыларына: «Байшыл, ұлтшыл жаңашыл қазақ оқығандарының көзге түсер басшылары сол уақыттарда шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» сықылды баспасөздің маңайына ұйымдасты. Бұлардың басшылары Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқайұлы тағы-тағылар еді. Қазақ оқығандарын бастаған осы басшылар біраз уақыттар кадет партиясының жолымен жүріп, февраль төңкерісінен кейін ұлтшыл, саяси «Алаш» партиясын жасады. «Алаштың» мақсаты қазақтың ұлтшылдық сезімін оятып, ұлттық саясатты өркендету еді» [5] деп дұрыс маңыз береді. Ал, төңкерістен кейін туып, қалыптасып келе жатқан баспасөзді «Еңбекші қазақ» газетінен бастайды. Одан басқа орыс, ұйғыр, татар тілдерінде шығып жатқан мерзімді басылымдарды тілге тиек етіп, қуаттайды. Совет дәуірінде пайда болған баспасөздің жіберіп отырған кемшіліктерін дәл уақытында көрсетіп, келешектегі міндеттерін, мақсаттарын белгілейді.

Қорыта  айтқанда, Т. Рысқұлов  баспасөзді  ұйымдасып, бірігіп, жұмыла кіріскенде ғана елді көркейтуге, нығайтуға болады дейді. Ол – шындық. Оның баспасөздің кемшіліктері мен міндеттері туралы айтқан ой-пікірлері де әлі күнге өзекті.

 

Сілтемелер:

1. Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі. Алматы; Мектеп, 1981, 3-бет.

2. Қожакеев Т. Тұрар тұлғасы // Жетісу. 20 мамыр, 1994.

3. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақ-тылары. Алматы; Рауан, 1994, 72 бет.

4. Рысқұлұлы Т. Баспасөздің мәнісі. // Еңбекші қазақ, №103, 17 мамыр, 1926.

5. Рысқұлұлы Т. 1916 жылғы қазақ көтерілісі // Еңбекші қазақ, №118, 3 маусым, 1926.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?