Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сібірліктердің қазақ даласына таласуы

2083
Сібірліктердің қазақ даласына таласуы - e-history.kz
Шекара дауы бұнымен шектеліп қалмады. 1920 жылдан 1922 жылға дейін Қазақстанның Сібірмен арасындағы шекара мәселесі партияның Орталық Комитетінде В.И. Лениннің қатысуымен бірнеше рет қаралды

1919 жылы 27 тамызда Сібір өлкесін басқару үшін Сібір Төңкеріс комитеті дейтін әкімшілік (Сібір республикасы) құрылып, оның орталығы болып Омбы қаласы белгіленді. Кезінде патшалық Ресейдің қазақ даласын басқарудың ошағына айналған Омбы үкіметі бұрын «Сібір қазақтары» мекендеп келген Орта жүз аумағын өздеріне қосып алуды көздеді.  Олар атап айтқанда, қазақтар тығыз қоныстанған Сарыарқа даласын, яғни, бұрын орталық басқаруы Омбыға қарап келген Ақмола облысын және оның құрамындағы Көкшетау, Атбасар, Петропавл және Омбы уездерін, сонымен қатар, Павлодар, Қарқаралы, Зайсан және Өскемен уездерін Сибревком өзінің құрамына қосып қойды (kk.wikipedia.org. Орта Азия республикаларының аумағын межелеу).

Қырревкомның басшылары С.Пестковский, Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровскийлер Сибревкомның жоғарыдағы шешіміне қарсы тұрды. Төңкеріс комитетінің өкілі В.Н.Соколовтың естелігінде, Сибревком мен Кирревкомның өкілдері арасында екі елдің аумағын алып жатқан Ертіс бойына таласу дауын жазады. Қазақтар Ертіс байырғы біздің өзен десе, сібірліктер бұрынғы отарлау шебі осы өзен бойымен өткенін, жер орыстікі екенін алға тартады. Ақыры шекара қазақтар айтқан дәлел негізінде тоқтады дейді.

Сөйтіп, 1920 жылы 9-10 тамызда Лениннің төрағалық етуімен БОАК-тың президиумында барлық мүдделі жақтың қатысуымен қазақ өлкесін басқару, оның шекаралары, Ресей Федерациясымен қарым-қатынастарының мәселелері қаралды. Сібірліктер әуелі Ақмола мен Семей облыстары Қазақстанға берілген жағдайда жергілікті халықты басқа ұл өкілдерінің құқына нұқсан келеді-міс деген сылтауды алға тартты.

В.Ленин едәуір алауыздық жағдайында бірден-бір дұрыс жол табуға тырысты. Бұл ретте ол даулы жер мәселесін, шекара белгілеуді құрылғалы тұрған Қазақ Республикасының пайдасына шешудің қажеттілігін дәлелдеп берді. Тамыздың 17-24 арасында бүкіл талқылау аяқталған соң Омбы уезінің жері қақ бөлініп, бір бөлігі Сібірге, екінші бөлігі Қазақстанға қарады.

1920 жылы 4 тамызда “Сібірді аудандарға бөлу” деп аталатын қаулы қабылданды. Қаулы бойынша Павлодар уездерінің солтүстігіндегі 10 болыс, 12 тұзды көл мен бірнеше аудан толық Омбы уезіне өтіп, Павлодар қаласының төңірегіндегі елді-мекендер тұз өндірілетін көлдері мен ормандарына қоса Славгород уезіне қосылды. Осы мәселеге байланысты басталған екі жақты талас-тартысты шешу үшін 1920 жылы тамызда Ленин бұрынғы Дала өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылатын Қазақ автономиясы Республикасына тұтас қалпында қосуға нұсқау берді (Сибирский революционный комитет (Сибревком), тамыз 1919 – желтоқсан 1925. Сб. документов и материалов. Новосібір., 1959 ж).

Нәтижесінде, Есіл уезінің шығыс жағындағы бес болыс Ақмола облысының Петропавл уезіне берілді. Кейінірек, дәлірек айтқанда, 1921 жылы қарашаның 10-да Омбы уезінің 15 болысы Шалқар уезіне беріліп, Ақмола губерниясына қосылды. Сібір ревкомының үстем пиғылы орындалмады (Тілеу Көлбаев. Отарлау ойраны: басталуы, шарықтау шегі, аяқталуы… http://alashainasy.kz).

Бүкілресейлік ОАК-тың 1920 жылы 22 қыркүйектегі декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-ына қосымша Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласы беріліп, онда 4-12 қазан аралығында Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай сиезі болып өтті. Орынбор қаласы (1920 -1925) – Қазақстанның алғашқы астанасы болды.

Шекара дауы бұнымен шектеліп қалмады. 1920 жылдан 1922 жылға дейін Қазақстанның Сібірмен арасындағы шекара мәселесі партияның Орталық Комитетінде В.И.Лениннің қатысуымен бірнеше рет қаралды. Мұндай талқылау РК(б) П Орталық Комитетінде 1920 жылы ақпанда және 1922 жылы ақпан мен мамырда, БОАК-те 1922 жылы қаңтар мен ақпанда болып өтті. Осындағы жиындар барысында, Қазақ АКСР-і мен Сибревком арасындағы шекараға байланысты даулы мәселе Қазақстан пайдасына шешіліп, 1922 жылы 26 қаңтарда ұлан-байтақ жерлер толығымен біржола қазақтарға берілді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

зерттеуші

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?