Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Озбырлыққа қарсы үн қатқан

2020
Озбырлыққа қарсы үн қатқан - e-history.kz
Целиноград оқиғасы. 79-дың жайдары жазында қарсылыққа шыққан жастар бүгінде ел ағасы мен ел анасы. Солардың бірі – Алтыншаш Бейсембаева апамыз

1979 жылғы Целиноград қаласында Қазақстанның Солтүстік облысында Неміс Автономиясы құру туралы сол кездегі Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитетінің шешіміне орай болған наразылық туралы National Digital History порталы арқылы екінші рет мәлімет беріліп отырғаны – көңілден шығатын жай. Әсіресе, Думан Рамазанның мәселеге кеңінен тоқтала келе, 1979 жылы жаз айында Целиноград қаласында Коммунистер партиясы Орталық комитетінің ұлт мәселесіне байланысты кезекті шешімінің (Қазақстанның Солтүстік облыстарын негізге ала отырып, Неміс Автономиясын құру) себеп-салдарларын тереңірек зерттеу өте қажетті деп санауы – қазақ даласында Кеңес үкіметінің «атқамінер», «шолақ белсінділерінің» көзсіз әрекеттері себебіне талай уақыт бойы орын алып байқалып келе жатқан наразылық процесінің шарықтау деңгейіне жетуін түсіну деген сөз.

Тек, бір қосарымыз, Думан Рамазанның осы көріністен тарихшылардың кеш қалып жатыр деген сөздеріне байланысты ойымызды айтып кетсек. Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Осы жолдарды жазып отырған біздің қазақ жазушысы Ілияс Есенберлин туралы еңбек жазғанымызға да бірнеше жыл болып қалыпты. Бүгінгі уақытты кітабымызды орыс тіліне де аударып қойып, өкінішке қарай, көп тиражбен шығаруға қаражат болмай отыр.

Алтыншаш Бейсембаева. Ерейментау. 2016 жыл, қыркүйек

Бірақ мәселе онда емес. Айтайын дегеніміз, Целиноград оқиғасының сол еңбектің ішінде айтылуы. Соның ішінде, қазақтың жас жігіттері мен қыз балалары бас болған наразылықтың нақты куәгерлері, көшеге шығушыларды Атбасар қаласында ұйымдастырған – Тайық Абылғазина (сол кездері қазақ мектеп-интернатының мұғалімі, Мыңжан Сүтбаев – ауылшаруашылық техникумының мұғалімі, Майдаш Опабекова – сатушы, Сабыр Кенжебаев – мұғалім т.б. (қараңыз. Қашқымбаев А. Ілияс Есенберлин. – Астана. 2014. – 71-73-бб.).

Амантай Кәкен «Обкомның бірінші хатшысы Н. Морозовтың алдына барып, Автономия туралы Указ шыққан күні осы алаңға келіп, мен өзімді-өзім керосин құйып өртеймін! Жерімнен жан садаға!» деп айқай салған қазақ қызы АЛТЫНШАШ БЕЙСЕМБАЕВА Ерейментауда тұрып жатқан сияқты емес, сол елдің тумасы, әлі күнге дейін сол жерде тұрып жатыр.

1979 жылы жоғары оқу студенті болсам деп Ақмола қаласына келген Алтыншаштың үміті үзілді. Қазір айтылып жүргендей, сол жолғы ереуілге қатынасқан қазақ жастары тікелей жазалынып, қудалауға ұшырамағандарымен, Алтыншаш секілді қыздардың жоғары білім алуға жолдары жабылды. Алтыншаш соңынан келген әкесіне еріп елге қайтқан.

Алтыншаш Бейсембаева мен автор. Ерейментау. 2016 жыл, қыркүйек

Алтыншаштың 80-нен асқан анасы Зәйінет әженің айтуынша, талай тергеушінің қолынан өткен қызының сол уақыттан кейін денсаулығы нашарлаған. Талай рет жүйке тамырлары да сыр бере бастаған көрінеді. Тек, тоқсаныншы жылдардың соңында ғана жоғарғы оқу орындарының біріне түскен ол заң факультетін бітірген.

2016 жылдың күзінде біз Ерейментау қаласына жолымыз түсіп, Алтыншашпен кездестік. Жұмыстан сұранып, жолығуға келді. Көп уақыт әңгімелесуімізге уақыт болмады.

Білгеніміз. Қазіргі уақытта ол машина жасау зауытында жұмыс істеуде. Ұл мен қыз өсірген ана бүгінде солардан көрген төрт немеренің әжесі.

Ілияс Есенберлин кезінде Алтыншаш туралы естігенде: «Алтыншаштың ерлігі – болашақ романның дайын тұрған сюжеті ғой», – дегенді айтқан екен.

1979 жылғы Целиноградтағы болған наразылық қозғалысына қатынасқан жастардың талайының іс-әрекеттері қағаз бетіне түсіп, бетке ұстар образдарға лайықты екеніне еш күмән жоқ.

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?