Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ қарулары: садақ түрлері

1601
Қазақ қарулары: садақ түрлері - e-history.kz

Қазақтан шыққан өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай «Қазақтың жауынгерлік рухы» деп аталатын еңбегінде бір ғана садақ қаруының жай (йа, жақ, жа), кіш, керіс, саржа, бұқаржа, йетен (жетен), оқлұқ деген түрлеріне тоқталып өтеді. Бұл автордың пайымынша, «оқтам» (бір оқтық, оқ жетерлік), «оқтам йер» (оқ атым жер) секілді атаулар осыған байланысты шыққан.

Қазақ садағының түрлері

Ғылыми этнографияда садақты жасалу тұрғысынан: қарайым және құрама күрделі (ғұн садағы) садақ деп бөлсе, шығыстанушы һәм қазақ қару жарағын зерттеумен айналысып жүрген тұлға Қайрат Сәки: «Біз білетін садақ атудың үш түрі бар. Олар: тіке көздеп атуға, асыра ату және жапыра ату арналған» дей отырып, ертеде қыпшақ-мәмлүктер бес түрлі садақ қолданғаны туралы жазады. 

Біріншісі – тұрыс садағы. Бұл садақ иесінің қуат-күшіне байланысты үлкен-кіші, ұзын-қысқа әртүрлі болады. 

Екіншісі – соғыс садағы. Бұл садақтың басты айырмашылығы адырнасы берік қатты материалдан жасалды.

 Үшіншісі – нысана садағы. Бұл көбінде ағаш және мүйізден құрастырылып жасалды. Айырмасы иіні орташа болады. 

Төртіншісі – жарыс садағы. Иіні ұзын, адырнасы жіңішке, ұстайтын тұсы доғалдау, саусақ тірер бүдірлі болады.

 Бесіншісі – ала садақ. Бұл жақын қашықтыққа арналған құрал. Адырнасы жұмсақ материалдан жасалады. 

Ал қазақтан шыққан өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай «Қазақтың жауынгерлік рухы» деп аталатын еңбегінде бір ғана садақ қаруының жай (йа, жақ, жа), кіш, керіс, саржа, бұқаржа, йетен (жетен), оқлұқ деген түрлеріне тоқталып өтеді. Бұл автордың пайымынша, «оқтам» (бір оқтық, оқ жетерлік), «оқтам йер»  (оқ атым жер) секілді атаулар осыған байланысты шыққан.

Қазақтың ауыз әдебиет нұсқалары: хиякаялық һәм діни дастандар, ғашықтық дастандар, батырлар жыры, тарихи жырлар, қара өлең үлгілері, мақал-мәтел, қиял-ғажайып ертегілері, мифтік және топонимдік аңыздар, ғұрыптық фольклор, аңыз жырлар т.б. бай мұраларымызда садақ туралы есім – атаулар жеткілікті. Соларды негізге ала отырып, садақтың қазақша атауларын тізіп көрдік.

 Садақты жасалған материалына қарай:

Қайың садақ,

Қарағай садақ, 

Үйеңкі садақ, 

Емен садақ,

Тал садақ т.б.

Садақтың сыртын көркемдеп қаптаған материалына қарай

 Бұлғары садақ. 

Көн садақ. 

Тері садақ,

Сарыжа т.б.

Садақтың сыртқы тәртесін әшекейлеп көркемдеуіне қарай:

Лағыл маржан садақ.

Болат садақ, 

Алтын садақ, 

Күміс садақ,

Таңбалы садақ,

Мөрлі садақ, 

Оюлы садақ т.б.

Садақтың түр-түсіне қарай:

Ақ садақ,

Қара садақ,

Сары садақ, 

Көк садақ,

Ала садақ.

Садақтың бітім-пошымына байланысты:

Иір садақ,

Имек садақ,

Масақ садақ,

Құрсай садақ т.б. деген атаулар кездеседі. 

Мысалы,  жазушы Iлияс Есенберлиннің 2004 жылы жарық көрген «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер 1-том)  кітабының 169-бетінде: «Қайдардың әкесі Әбілқайырдың бабына келтірген жүз мың әскеріне, бар қару жарағы сойыл мен көне қыпшақ кезінен келе жатқан қайың садақтарын саптаған қазақ жігіттері қарсы тұра алмайды» деген тіркес бар. Мұнда қайың садақ жайлы сөз болып отыр.

Осылардың ішінде ең көп айтылатыны – «Бұқаржай» садақ. Орта ғасырларда шығыс халықтары қолданған жақтың түрі. Ол тұста Бұхара қаласы жақсы садақ жасайтын орталықтардың бірі болды да, осында өндірілген садақтар сырт жаққа көптеп экспортталды. Жасалған жеріне байланысты бұл қарулар басқа халықтардың тілінде, оның ішінде қазақтарда да «бұхаржақ/бұхаржай/бұхаржа» деп аталған. 

Бұқаржа қазақ батырларының қаруы ретінде қазақ ауыз әдебиетінде жиі айтылуы, Бұхарада жасалынған садақтарды қазақ жауынгерлері де сатып алып отырғанын куәлайды. 

Мұндай жақсы жақтардың қаншалықты қымбат тұрғанын батырлар жырларында кездеседі. Бұны «он атқа алған бұхаржа», «алты атқа алған адырна» сөз тіркестерінен білуге болады (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. 1-том. – Алматы: DPS, 2011. – 738 б).

Бұқаржай (Бұқаржақ) –  садақтың бір түрі. (Қайыржан К., Сөз - сандық: Қазақтың көне сөздері. - Алматы: "Өнер" баспасы, 2013. - 480 б). Ертедегі Бұхар қаласында жасалған сауыт, бұхаржа (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. - Алматы: "Сөздік-Словарь". 1997.- 368 б).

Саржа –  сүйекпен әшекейленген әдемі садақ, жақ (Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: Фолиант, т. 62: Тарихи жырлар. – 2010. – 376 бет).

Дейтұрғанмен, тағы бір ескеретін дүние – бұқаржай атауы көне жазбаларда садақ атауы: бірде атыс қарудың толық атауы ретінде берілсе, кейбір деректерде оқтың қабы қорамсақты қосып айтатын дәстүр бар. Мұндағы «бұқаржай» атауы, қазақшалағанда «бұқар садағы», яғни бұқаралақтар жасаған садақ деген мағына береді. Қазақ жырларындағы: «Бұлғары садақ, бұқар жай,Тата алмасам маған серт!» («Қобыланды батыр»).

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?