1920 жылы Қазақ АКР жарияланған соң елде іс-қағазды қай тілде жүргізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. 1923 жылдың 22 қарашасы күні Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасы Сәкен Сейфуллин қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру ісімен табанды айналысқан. Тіпті, 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазақстан да кеңсе тілі қазақша болсын деп, қаулы да алып үлгерген.
Тіпті Қазақ елінің 1924 жылғы конституциясының 10-бабында: «Қазақ және орыс тілі мемлекеттік тіл болды» деп жазылса, 1938 жылы бұндағы «қазақ тілі» деген тіркес алынып тасталды.
Бірақ бұл іске қарсылық танытушылар көп болды. Олар, осы тұста мемлекеттік мекемелердегі қазақ кадрларының үлесі 17.7 пайыз екендігін алға тартты.1924 жылдың наурызында қазақ тілі мәселесіне байланысты үкімет басында жүрген қазақ кадрлары Ә.Жангелдин, Н.Нұрмақов, Ж.Сәдуақасов, С.Сейфуллиндер бас қосты. Осы жиын үстінде Мұхтар Саматов бастаған қазақтар Сәкен идеясына қарсы тұрды.
Осы жиында Сәкен босбелбеу, тайғақ әріптестеріне қаратып: «Сендер қазақ тілінің мәртебесін көтерсек, «ұлтшыл» деген айып тағылады деп қорқасыңдар. Бұл–қулық, жағымпаздық. Сасық демагогтардың өзін «жақсы коммунист» деп айтсын деген арам пиғылы», дейді (Кәкішев Т. «Ана тілі» апталығы, 2011 ж. 9-15 маусым).
Тіл қайраткерлерінің бірі марқұм Сұлтан Оразалин, 1923 жылы 22 қарашада Орынборда алғаш жарияланған тіл туралы декретте қазақ тіліне көңіл бөлінді. Онда тіпті «қазақша іс жүргізуді үйрететін кәсіпби курстар ашылсын» дейтін бап болғанын айтады.
Қазақ КСР-ның Еңбек Халық Комиссариаты «орыс тілді қызметкерлерді қазақ тілін және жазуын (төте жазу) білетін қызметкерлермен алмастыру жайлы» және 1923 жылдың шілдесінде: «Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды қазақша іс жүргізетін қызметкерлермен қамту және қазақ тілі-жазуын білетін мамандармен алмастыру тәртібін күшейту жөнінде» қаулы қабылдады. Ең бастысы бұл қаулыны орындамағандарға қатаң шара қолданылды.
Осы қаулының арқасында өндірісте қазақ жұмысшыларының саны артты. Мысалы, Ембімұнайда - 51,6 пайыз, Қарсақпайда – 48 пайыз, Қазақ көмірде – 58 пайызға жетіпті. Осының өзінде ұлтшыл қазақ басшылардың кірісуімен БКП (б) Өлкелік комитеті: «Ұлыдержавалық шовинизм қазақтарды өндіріс пен басқару аппаратына тарту ісін тежеп отыр» деген үкім шығарып, 15 баптан тұратын тағы бір қаулы қабылдайды. Бұнымен қатар Өлкелік комитеттің 1932 жылғы 15 сәуірдегі «Өндірісті жергілікті ұлт өкілдерімен қамтамасыз етудің кезекті міндеттері туралы», 1933 жылы 4 сәуірдегі: «Лауазымды мекемелер мен аймақтарда іс жүргізуді қазақ тіліне көшірудің жоспары» жайлы қаулылар қазақ ұлтына қайыры тиіп, мерейін өсіретін шаралар болды.
Жоғарыдағы қаулыларды іске асыру үшін Қазақ ОАК төралқасының жанынан мекемелерді жергіліктендіру, яғни, қазақыландыру комитеті құрылып, оның құрамына нағыз ұлтжанды азаматтар топтасты. Олар пәрменді іс тындыра бастады (Тіл және Қоғам. № 3, 2007).
Бірақ бұл істер өктем пиғылды кеңестік-колонизаторларға ұнамады. Кеңестік-колонизаторлар (Смағұл Сәдуақасов) ұлттың бетке ұстар қаймақтарын қырып салған соң, 1941 жылы 1 тамызда жоғардағы қазақ халқына пайдалы қаулылардың күшін жойды. Дереу әліпби ауыстыруды қолға алды (Тіл және Қоғам. № 3, 2007).
Осыдан кейін-ақ, отарлаушы билік, қазақтарға ешқашан тізгін бермеді және қазақ тілді кадр дайындау жайлы сөз де болмады. Қысқасы, тіл мәселесінде Кеңес Одағы қазақ халқына патшалық Ресей тарапынан жүргізіліп келген отарлау саясатын сол күйінде жалғастырды.
Өйткені, тіл бірлігі бар жерде ұлттық руханият мықты боларын отарлаушылар ежелден бері жақсы білетін. Түрік ғұламасы Зия Көкалыптың: «Мемлекет iшiнде ортақ рухтастықты, ортақ мүдделестiктi, ортақ тiлеулестiктi қалыптастыратын – ең алдымен, ортақ тiл! Тiл бiрлiгi бiрте-бiрте дiн бiрлiгi мен дiл бiрлiгiн қалыптастырады. Сондықтан да тiлдiң бiрлiгi дiннiң бiрлiгi мен дiлдiң бiрлiгiнен жоғары тұруы керек!», деуінде үлкен мән бар. Расында, этникалық тұтастықтың түп негізі тіл болса, ондай тілсіз ұлттық тұтастықтыңда болуы мүмкін емес.
Қазақ тілі қазақ үшін–рухани компедиуы мен ауызекі энциклопедиясы, мәдени, ғылыми және ағарту ошағы. Отаршылардың орыстандыру саясатын тілімізге бұғалық салудан бастағаны тегін емес. Қазақ тілінде халқымыздың көзқарасы, кісілігі мен парасаты, саяси мұраттары мен қоғамдық көкейтесті арман-тілегі, әлеументтік және тарихи жадысы сіңген (Сәбетқазы Ақатаев. Тышқан жылғы қырғын. «Ана тілі», Алматы – 1994 ж. 73-б).
Заманында, КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің: «Біз бәріміз неғұрлым орысша сөйлесек, соғұрлым коммунизмді тезірек орнатамыз», деуі («Правда», 1989 ж. 6-наурыз) елімізде жаппай көзқамандық бағытта, мәңгүрт ұрпақтың өсіп жетілуіне және олардың қазақ қоғамының тізгінін қолына алуына басты себеп болды.
Тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенованың мәліметі бойынша: «1980 жылдың аяғында қазақтардың 40 пайызы өз ана тілін білмеді, ал, Алматы қаласындағы қазақ жасөспірімдердің 90 пайызы өз ана тілінде сөйлей алмады», - деген деректі келтірсе, 1980-ші жылдардың ортасында Қазақстан елін басқаруға келген Колбинмен қазақ ақыны Мұхтар Шаханов жекелей екеуара тәжікелесу барысында, Колбин мырза айтыпты: «Сіздер қанша тырыссаңыздар да қазақ тілін мемлекеттік тіл жасай алмайсыңдар. ...250 жыл бойы Ресейдің қол астында өмір сүрдіңіздер. Қашан ұлт ретінде жойылып, орысқа айналып кеткенше осылай қаласыздар. Сіздерді орыс шовинизмі ешқашан еріктеріңізге жібермейді. Оның сыртында, ана тілін отбасында жойып алған билік басында отырған қазақтар өзі-ақ сіздерге ана тілдеріңізді шынайы мемлекеттік тіл жасауға жол бермейді» (Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы, 2011 ж. 255-б).
Қазірдің өзінде «қазақ тілі құлдырап бара жатыр» десеңіз, оны намыс көріп, ана тіліміз гүлдену үстінде–деп бой бермейтіндер көп кездесетін болды. Сол сияқты, қазақтардың ассимиляцияға ұшырап, басқа халыққа айналып, құрып бара жатқанын аңғармау жақсылыққа апармайды. Егер бір қазаққа шын жанымыз ашитын болса, осы қауіптің алдын алудың жолын іздестірген дұрыс (Сұлтанәлі Балғабаев. Қазақтың қызыл кітабы. Алматы, Қазақстан, 1998 ж. 16-17 бб).
Тілдік отарлану мәселесі жайында АҚШ-тың Браун университетінің профессоры Алака Холлан: «Отаршылық салдары жыланның терісі сияқты түлеп түсіп қалмайды. Оның зардабы отарланған елдің барлық жасушаларында орнығып қалады. Әркез қауіпті вирус сияқты төбе көрсетумен болады. Соның ең айшықтысы – тілдік отар. Бұл отаршылық мұрасының ішіндегі ең қауіпті, ең ірісі»,-дегенді алға тартады.
Американдық ғалым айтқандай, қазақстандық журналист Ланга Черешкайте өзінің мақаласында: «Көптеген жас жеткіншектердің карьерасы дәл осы орыс тілін жетік білмеуден өрге шаппайтыны белгілі... кім не айтса, соны айтсын, бірақ орыс тілінсіз – күндерің қараң. Ол – ғылым тілі», - десе, («Экспресс К» газеті №224, 2.12.2011) «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов өз газетіне жарияланған «Одақ және тіл туралы» деген мақаласында: «Менің жеке пікірім - Қазақстанда орыс тілі екінші мемлекеттік тіл болу керек. Өйткені, орыс тілі – менің ана тілім. Тек тұрмыстық деңгейге ғана қолдануға жарайтын, қазақ тіліне өту дегеніміз, бәрімізді екінші сорттық азаматқа айналдырумен тең. ...тіл белгісі бойынша кез келген сегрегация (бөлектеу), қысым жасау, расизм көріністерінің бірі болып табылады»,-дейді.
Тілдік отарлаудың ең бір өкінішті тұсы жазушы Сейітқұл Оспанов айтқандай, шет тілімен бірге жастардың санасында шетелдік психология, дәлірек айтқанда, туған тілін ғана емес, туған елі мен туған жерін де жатсыну психологиясы қоса келе жатыр.
Ғалым Мекемтас Мырзахметовтың пайымдауынша, ұзақ жылғы тілдік отарлаудың салдарынан қазіргі таңда қазақ қоғамында: таза қазақ, шала қазақ, ада қазақ дейтін бөліну үрдісі қалыптасты және әлі де жүріп жатыр (Мекемтас Мырзахметұлы. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы, 2011 ж. 230-б).
Әлемдегі постколониализмнің теоретигі Нгуги ва Циангтің тұжырымы бойынша, біз, яғни, отарланушы ел шынайы тәуелсіз болғысы келсе, отарлаушы елдің тілінен бас тартуымыз керек екен.