Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Миссионер-ағартушылардың қызметі не?

1456
Миссионер-ағартушылардың қызметі не? - e-history.kz

ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде патшалық Ресей қазақ даласын отарлау саясатын табанды жүргізу үшін миссионер-ағартушылар қызметін іске қосты. Бұл қызметті атқарған адамдар: Ильминский, Остромуов, Алекторовтар еді. Бұл тұлғаларды совет заманында «қазақ халқын қараңғылықтан құтқарушы» деп таныдық. Тарих ғылымдарының докторы Серік Мәшімбаевтың сөзімен айтқанда: «бұлар «халықтар достығына» атсалысқан озық ойлы қайраткерлер ретінде бүркемеленіп, қазақты орыстандыру саясатының нағыз қолшоқпары болғаны айтылмай келді.

Миссионер-ағартушы Николай Иванович Ильминский 1822 жылы Пенза губерниясында дін қызметкерінің отбасында туған. 1846 жылы Қазан қаласының духовная академиясын бітірген. Артынан осы академияның «Противомусульманское отделение» кафедрасын басқарды. Ислам дінімен қарсы күресу үшін тәжірибе жинақтау мақсатында Мысыр, Шам жерін шарлап келіп, 1847 жылы Қазанда миссионерлік бағытта құрылған «Аудармашылар комитетін» басқаруға тағайындалды.

Санжар Асфендияров өзінің «Қазақстан тарихының очерктері» атты еңбегінде, ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин атамыздың ұстазы И. Ильминский жөнінде «...оның көздеген мақсаты – қазақтың ана тілін орыс әліпбиі негізінде оқытып, орысқа айналдыру» дейді. 

Бұған бір дәлел – Н.И.Ильминскиий 1859 жылы Ақмешіттегі оқытушы Самыреке деген тілмәш қазаққа жазған хатында: «Қазақ балаларының қолында тас тақтасы болсын, олар тақталарға сіз айтқан орұс сөздерін жаза-жаза соңында орұс жазуын білсін» депті (Әбдуәли Қайдар «Қазақ қандай халық?. «Дайк-Пресс», Алматы 2008. 196-б).

1861 жылы Ильминскийге профессор атағы беріліп, Орал, Сібір, Еділ өңірі қазақтарын оқу арқылы шоқындыру ісі тапсырылады. Ол өзінің миссионерлік қызметін қарқынды жүргізу үшін – әуелі, татар халқына арнап орыс графикасы негізінде жаңа әліпби жасап шықты. Осы  жаңа жазуды пайдаланып, 1862-1867 жылдары татар тілінде жеті кітап шығарады. 

1872 жылы Қазан қаласында оқытушылар семинариясы ашылғанда, басшы болып осы Ильминский тағайындалады. Бұл тұлға жайлы тарихшы ғалым Серік Мәшімбаев: «Ильминский – қабілетті шығыстанушы және христиан дінінің ессіз уағыздаушысы, орыс ұлтшылдығы мен керітартпашылығын бойына терең сіңірген адам» деп тұжырымдайды (С.М. Мәшімбаев, Г.С. Мәшімбаева. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Қазақ университеті. – Алматы, 2013. – 109-б.).

Расында Ильминский ешқашан қазақ даласына білім нәрін әкелуші емес, оның бар мақсаты – қазаққа орысша қара танытып, арықарай  шоқындыру еді. Ол 1881 жылы П.П. Масловскийге жазған хатында: «Бұратаналарды Ресейдің жоғары оқу орындары мен Кадет корпусына оқыту – орта ғасырдағы моңғол шапқыншылығынан да қауіпті»  деген пікір айтады. 

Бұл адамның мақсат ұстанымы жайлы қазақ оқығаны, ағартушы Телжан Шонанұлы өзінің кезекті жазбасында: «1860 жылдары Ильминский сияқты бұратаналардың «көзін ашушы» кезінде ноғайларды орыстандырамын деп балаларды, еркектерді зорлап күшпен монастырьларға беріп, қарсыласқандарын Сібір айдап, жас әйелдерін маскүнем орыстарға зорлатып, қатын қылып бергендері үкіметтің бүтін бұратаналарды орыс қылмақшы болғанына мықты айғақ» дейді (Телжан Шонанұлы. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы, «Санат» 1995. – 105-б.).

Миссионер-ағартушы Николай Петрович Остроумов Тамбов губерниясында туған. Жоғарыдағы Ильминскийдің шәкірті. 1866 жылы ұстазының нұсқауымен Қазан университетінің Духовный академиясына оқуға түсіп, 1870 жылы бітірген соң аталмыш оқу орнында «Противомусульманские отделениені» басқарады. Кейін Ташкентте оқытушылар семинариясы жанынан қазақ балалары үшін ашылған интернатты басқарды. 

1877 жылдан бастап Қазақияның оңтүстік өңірі мен Түркістан өлкесіне миссионерлік бағытта оқыту ісімен айналысқан. 1886 жылы миссионерлер бірлестігінің 20 жылдығына байланысты Ташкентте өткен жиында Остроумов мырза: «Егер азиялық тұрғындар христиан дінін қабылдамайтын болса, олар ұстанып жүрген мұсылман діні еліміздің дамуын тежейді, саяси тұстастық пен үстемдікке қауіп төндіреді»,-деп мәлімдеуі арқылы өзінің шынайы бет пердесін әйгілейді. 

Сонымен қатар, ұстазы Ильминскийдің «Араб жазуы түркі тектестерге мұсылман діні арқылы келді, оларды мұсылмандыққа жақындататын негізі фактор осы. Сол себепті, бұлардың жазуын жойып, орнына кирилл қарпін әкелсе, христиандыққа өтуі жеңілдейді» деген ұстанымнан ешқашан  айнымады және  ұстазының (Ильминский): «Қазақтарды шоқындыру арқылы орыстандыру» саясаты соншалық тиімді емес, керісінше «орысша оқыту арқылы орыстандырған» тиімді» деген пікірін өмірлік бағыты етіп алды. 

«Совет кезінде қазақ даласына оқу-ағартудың ұрығын септі» деп (Ғабит Мүсірепов) әспеттеп жүрген Н.П. Остроумовтың шынайы бет-бейнесі осындай. Тіпті бұл мырза 1904 жылы Ташкентте жарық көрген «Отчет Туркестанской училтельской семинарий за ХХV лет ее существования» дейтін жазбасында: «Ресейдің мемлекеттік міндеттері мен біздің отанымыздың бұратаналарға деген көзқарасы оларды орыстандыруда болып отыр... Екінші бір міндет – қазақтарды орыстармен бірге біртұтас саяси мемлекеттік организмге біріктіруге қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз» дейді. 

Миссионер-ағартушы Александр Ефимович Алекторов  1861 жылы Пенза губерниясында поптың отбасында туған. Қазақияның батыс өңірі қазақтарын  (Бөкей ордасы, Астархан және Торғай облыстары) орыстандыру ісімен 40 жыл айналысқан. Қазақ тілін жетік меңгерген, әрі халықтың фольклорлық мұраларын зерттеумен айналысқан. Осы бір еңбегіне байланысты үлкен жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазақ халқы Алекторовқа қарыздар» десе, оның ішкі пиғылын білген Мұхтар Әуезов: «Алекторов – аса қауіпті миссионер» деген пікірде болған.

Алекторов та «Қазақтарды орыстандырудың басты құралы – мектеп» деген ұстанымда болды. Сонымен қатар қазақты орыстандырудың тиімді тетігі – қыздары мен әйелдерін орысша оқыту қажет» деген қатерлі бағдарды басшылыққа алды. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?