Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәрия Төлегенқызы: Ұлттық өнер ұмытылмайды

8612
Мәрия Төлегенқызы: Ұлттық өнер ұмытылмайды - e-history.kz

Сегізінші наурыз – халықаралық аналар күніне орай Астана қаласының тұрғыны, қолөнер шебері Мәрия Төлегенқызымен сұхбаттасқан едік.

- Мәрия апай, келіп жеткен мерекеңіз, Халықаралық аналар күні құтты болсын! Мейрамды қалай қарсы алып жатырсыз?

- Рақмет, балам! Сегізінші наурыз – асыға күтетін мерекеміздің бірі ғой. Ана, әже ретінде балаларым мен немере-шөберелерімнен, ұстаз ретінде бізді ұмытпай мерекеде сәлем жолдап хабарласып жататын шәкірттерден құттықтау есту – қарт адамдар біздерді бір марқайтып тастайды ғой. Биыл да сол көңіл күймен қарсы аламыз, амандық болса.

- Мәрия апай, сіз ұзақ жыл ұстаз болып шәкірт тәрбиелеу мен қолөнерді қоса алып жүрген жан екенсіз. Осы жөнінде әңгіме өрбітсек. Ең алдымен өмір жолыңыз туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- 1948 жылы 7-қаңтарда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Алтынсөксе деген ауылда дүниеге келдім. Бастауыш мектепті ауылда оқып бітірген соң, аймақ орталығы Өлгей қаласында оқуымды жалғастырдым. Ол заманда бірыңғай мектеп формасы жоқ. Аналарымыз ұлдарға көк дәйлімбі матадан шапан, шалбар, сөмке, қыздарға жасылдан шапан, кеңбалақ, сөмке тігіп беретін. Галстукті метрлеме қызыл матадан жасап, мойынға байлап алатынбыз. 1967 жылы 10 сынып бітіріп, ел астанасы Ұланбатырда мұғалімдік оқуға аттандым. 

Оқуға аттанғаныммен отбасы жағдайына байланысты анамның қолына келіп көмекші болуға тура келді. Өз ауылымдағы мектепке мұғалімдікке орналастым. Ағаларым қызметте, әскерде, бауырларым жас болды. Мұғалімдік жұмысымды атқара жүріп, балта алып отын шауып әкелу, атқа мініп күзгі шөпке бару, көктемгі-күзгі көшіп-қону сияқты жұмыстарды атқардым. Бұл негізі менің ғана емес, сол кезеңдегі барша жастардың атқаратын күнделікті жұмыстары ғой. 1969 жылы Қобда деген бөлімшенің бастауыш мектебіне мұғалімдікке бардым. Таңертең ерте атпен асау толқынды Қобда өзеннен өтемін, кешке қайта бері қайтамын. Қобда өзеннің аралында «Ерші ауылы» деген ауыл бар. Сол кісілер аралға өткізіп алып, кешке бері өткізіп жібереді. Су аттың еріне, таңбалығына дейін жетеді. Сол кездегі адамдардың кең пейіл, қамқорлығы керемет еді. Бәрі ағайын туыс. 

Жарты жылдан соң қайта Алтынсөксеге ауысып келіп, мектепте мұғалім, кітапханашы, жастар ұясы қызметкері ретінде барлық жұмыстарға атсалысып жүрдім. Ол заманда ерікті өнерпаздардан құралған үгіт бригадасы болатын. Бригада құрамында таудағы малшыларға барып, оларға концерт қойып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, спорттық шараларға қатысатынбыз. Сол кезде бізде бір сағат та бос уақыт болмайтындай еді. Демалыс күндері іс, кесте тігіп, ою ойдық. Қыз жасауының кестелерін де тігіп жүрдік.

- Өткен дәуірдің 60-70 жылдары жастарының өмірі – бүгінгі буын үшін расымен де ертегі сияқты сезілетіндей. Бұл – ескі мен жаңаның алмасу дәуірі болса керек. Қолөнершілік пен дайын өнім өндірудің арасы осы кезеңде ашылған болар?

- Әр дәуірдің өзіне тән қызығы мен қиындығы бар ғой. Біздің дәуірдің өз қызығы мен қиындығы болды. Менің өмірім де өз тұстарым сияқты. 1971 жылы Өнерхан атаңмен қол ұстасып, отау құрдық. Бұдан кейінгі өмірім аймақ орталығында жалғасты. Оқуды сырттай жалғастырып бітіріп, Өлгий қаласындағы бірінші он жылдық орта мектепте сабақ бердім. Еңбегім бағаланып, «Мұғалім даңқы», «Бесжылдық екпіндісі», мерекелік медальдармен марапатталып, «МХР Білім беру ісінің озаты» атандым. Ал алпысыншы жылдар туралы айтар болсақ, аймақ орталығында, ауыл-ауылда тұрмыс қажетін өтеу комбинаты мен оның бөлімшелері құрылып, халыққа қызмет ете бастады. 

Мұнда киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдарды халықтың тапсырысы бойынша әзірлеп беріп отырды. Дегенмен бұдан болып қолөнершіліктің беделі төмендеген жоқ. Халық үй жабдығын, бау-шуын, кигіз-сырмағын, ұлттық киімдерін өзі дайындап алып отырды. Өз басым, жұмыстан қолым қалт еткенде тұскиіз тігумен айналысуды ұнатушы едім. Сол ермегім бойынша қаншама тұскиізді туыстарға, балаларыма арнап тіктім. Алды алпыс, соңы отыз жыл болған сол кесте бұйымдар өз үйімізде, туыстардың қолында сақтаулы.

- Моңғолиядағы қазақтар күні бүгінге дейін қолөнермен шұғылданып отырғанын білеміз. Әрі туристік бизнеске де үлес қосып отыр. Қазақстанда да бұл үрдіс жанданып келе жатыр. Атажұртқа қоныс аударып келген соң дәстүрлі қолөнершілікпен шұғылдану қалай болды?

- 1992 жылы ұрпақ қамымен Атажұртқа, бұрынғы Көкшетау облысы, Ленин ауданы, Жаңауыл селосына көшіп келіп, осындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиетінен және еңбек технологиясы пәндерінен сабақ бердім. Біз келген ауылда негізгі халық қазақ болғанымен, қазақ сыныптар жоқтың қасы, балалардың көбісі ана тілін толық түсіне бермейтін жағдайда еді. Ұлттық салт-дәстүр ұмытылған деуге болмайды, әрине. Мұнда орта сыныптарға сабақ берумен қатар, бірінші сыныпты жетекшілікке алып, басынан бастап қалыптастыру жұмысын мақсат еттім. Оқушыларға ұлттық қолөнердің қыр-сырын көрнекілік түрінде үйрете отырып, оқу мен тәрбие, салт-дәстүрді ұштастыруды әрқашан мақсат тұттым. Бірер жылдың ішінде технология кабинетін толық жабдықтап орнатып, аудан, облыс бойынша ашық сабақтар беріп, «Шаңырағыңды тани біл», «Қазақ тілім – айбыным» т.б. тәрбие жұмыстарын жүргізіп, аудандық ұстаздармен тәжірибе алмастық. Қолөнер бұйымдары көрмесін, жәрмеңкесін ұйымдастырып, үйренем деген оқушыларға, ата-аналарға тәжірибемізді бөлісіп жүрдік.

Білім бөлімі, басқармасы тарапынан еңбегіміз бағаланып, жоғарғы санатты мұғалім дәрежесіне ие болдым. Орысша, қазақша газеттерге «Қарапайым Мария апай», «Өнегелі отбасы», «Үлгілі ұстаз» атты тақырыптармен мақалалар жарық көрді. Тек мектеп ғана емес сол ауыл тұрғындарына ұлттық киімдер, көрпешелер, түрлі қол өнер түрлерінен үйрете жүріп, көршілердің қалауынша істеп, тігіп беріп жүрдім.

1998 жылы Көкшетау қаласына көшіп келіп, қалалық №8 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Бұл мектепте де қазақша сынып жоқ екен. Төртінші сыныптан бастап бір қазақ сыныбын ашып, сол сыныпқа жетекші болдым. Осылайша №8 орта мектептен ең алғашқы қазақ 11 сыныбын бітірттім. Қазақ тілін дамыта отырып, технология сабағын қоса алып, ұлттық қолөнер түрлерін үйрете бастадым. Бұл мектепте де ұлттық қолөнер кабинет ашып, қазақтың салт-дәстүрін, тілін, өнерін қалалық жас ұрпаққа танытуды шамамша атқарып жүрдім. Отыз тоғыз жыл ұстаздық қызмет атқарып, Көкшетау қалалық №8 орта мектептен құрмет демалысына шығып, 2006 жылы Астана қаласына қоныс аудардық. Бүгінгі күні балаларымыздың қамқорлығында құрметті демалыста отырған қариямыз.

- Қоянды ауылындағы қара шаңырақтың залында бір бұрышты ұлттық этнографиялық көрнекілік ретінде жабдықтап қойған екенсіздер. Мұның мәнісі неде?

- Қазір – ХХІ ғасыр. Біз қаласақ та, қаламасақ та уақыт өткен сайын қазақтың қолөнері ұмытылып бара жатыр. Балаларға, немерелерге де сын жоқ. Айтпаған соң, көрмеген соң ұмытылады. Сондықтан да қолымыздан келгені – мың рет айтқаннан бір рет көрген артық» деп, өз қолымыздан, ата-енеміздің қолынан шыққан бұйымдар мен қолданған заттарды жинақтап, бұрыш ашып отырмыз. Қонақтар келгенде міндетті түрде осы бөлмеде суретке түсіп жатады. 

- Үйдің қабырғасы мен еденінде, жалпы жинақтамаңызда тоқыма, кесте бұйымдары баршылық екен. Мұның бәрін өзіңіз әзірледіңіз бе?

- Иә, әр жылдары қолымнан шыққан бұйымдар ғой. Қазақтың салтында әрбір қыз бала есейе бастағаннан-ақ қолына ине мен біз алып кесте тігіп, қайшы мен кездік ұстап киім піше білуі керек. Бұл – олардың болашақ өмірге дайындығы. «Көк инені көтенге түртпеген», «шешенің тәрбиесін көріп, қолына біз ұстамаған» т.б. деп айтқызу – қыз бала үшін ұят жағдай болатын. Сондықтан да қыздар бойжетіп, тұрмысқа шыққанға дейін өзінің жасауына қажетті бұйымдарды оң жақта отырып-ақ әзірлей бастайтын.

Мұнда кергіш ағашқа матаны керіп, оған ою-өрнектің сұлбасын салады. Сол сызық сұлбаның үстімен біз кестелеп тұскиіз әзірлейді. Тұскиіздің ортасындағы дөңгелектің санына қарай он екі, он алты, он сегізге дейін болады. Дөңгелектің саны көбейген сайын, оның көлемі де арта түседі. Тұскиіздің арнайы өрнектері болады. Әр өрнектің өзіндік мәні бар.

Кимешек-шұлауыш – қазақ аналарының бас киімі ғой. Кимешек-шұлауышты тұрмысқа шыққан әйелдер ғана киеді. Кимешек – әйел адамның иегін мен құлақ-мойнын, самайы мен маңдайын толық жауып тұрады. Кимешектің үстінен тартылып келетін мата – шұлауыш. Қазақта басқа шұлауыш киюдің әрбір өңірге тән өз ерекшелігі бары екендігі белгілі. Моңғолия қазақтарындағы шұлауыш орап кию негізінен Шығыс Қазақстан, Таулы Алтай, Қытай Алтайындағыға ұқсас болса керек.

Мұндағы заттар – тек біздің ғана емес, ата-енеміздің тұтынған, өз қолымен жасаған заттары мен құралдары. Олардың бәрін көздің қарашығындай сақтап отырмыз.

- Ши тоқу өнері де үлкен төзімділікті қажет ететін іс-әрекет сияқты. Осы туралы да кеңірек баяндап берсеңіз. 

- Киіз үйдің керегесі мен туырлық арасында ұсталатын шидің негізгі міндеті – үй ішіндегі жылулықты бірқалыпты сақтау ғой. Халқымыз мұны ық, пана ретінде ғана емес, өнер туындысы қыла білген. Алуан түсті, қызылды-жасылды бояулы өрнектерді қиюластырып ораған ши үйге ерекше сән береді. Әсіресе екі босағаның қазан жағы мен оң жағындағы көзге көрінетін қанаттарға орама ши ұсталады. Орама шиді әзірлеу үшін жазда ши тартылады. Ши тарту дегеніміз – томпақты жерде кісі бойынан биік өскен шиді түбірлеп суырып тартып жинауды айтады. Тартып әкелген шиді көлеңке жерде кептіріп, басындағы күлтесін балтаға жаңғырықтап қиып, сыртындағы қабықшасынан тазартқан соң өрешеде тоқиды. Тоқу барысында бірден орауға да болады немесе күнібұрын орауға да болады. Ши орау үшін ең әуелі оған салынатын өрнек таңдалады. Осыған орай жүннің өң түсі таңдалады. 

Бояу қонатын ақ жүндерді дайындап алып, оларды бояп, кептіріп алған соң иіріп, қажетіне сай орайды. Кейінгі кезеңде жүннен өзге, түрлі түсті жіптерді пайдалану кең өріс алды ғой. Баян-Өлгейде отырғанда өзіміздің басымыздағы киіз үйдің шиін тегіс орап тоқып шыққан едім. Ол жақтағы қазақтардың салты бойынша, көктем туа ауласына киіз үйін тігіп алады. Алысқа немесе жақын маңға киіз үймен көшеді немесе, күзге дейін аулада тігулі тұрады. Мұндағы кез келген киіз үйдің іші-сырты – шынайы өнер туындысы. Киіз үйдің есігі, сыртқы жамылғысы, ішін кіргендегі шиі, туырлықтың дөдегесі, ішкі жамылғы, уықтары мен керегелері, шаңырағы, желбаулар мен басқұр, едендегі сырмақ пен маяузалар, керегеге ұсталған тұскиіздер мен жиһаз-жабдықтар – барлығы да қазақ халқының ертеден бері жалғасып келе жатқан қолөнерінің үлгісі.

- Аталар мен әжелерден жеткен асыл өнерімізді бүгінгі ұрпаққа насихаттауға үлес қосып жүрген аға буын өкілісіздер. Осы өнердің сақталуы тұрғысында алдағы кезеңнен қандай үміт күтесіздер?

- Алдағы кезеңде қазақ барда ұлттық қолөнер ұмытылмайды деп сенеміз. Кейінгі жас ұрпағым іздейтін күн туады. Сол кезде көрнекі құрал ретінде көз алдында тұрсын деп, кітап етіп әзірлеп жатырмын. Қолөнер бұйымдарын әзірлеудің технологиясын ютуб сияқты әлеуметтік желілерге салып қойсақ, қажет еткен адамдар үйренер еді деген ойым бар.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Алда келе жатқан Халықаралық аналар мейрамымен құттықтаймыз! Қолөнерді насихаттау жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?