Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Генерал Қадуан

1600
Генерал Қадуан - e-history.kz

Қадуан апамыз – Үрімжідегі өлкелік үкіметтің қалалық және облыстық жиналыстарында қазақ интеллигенциясымен бірлесе отырып, кезінде қиын-қыстау заманда Гансу, Цинxай, Тибет асып кеткен қазақтарды қайтадан елге оралту мәселесін реттей білген адам. 

Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш генерал-майор саналатын Қадиша (Қадуан) Мамырбекқызы 1900 жылы Қытайдың Толы-Синьцзян ауданына қарасты Тарбағатай Майлы-Жайырда дүниеге келген. Арғы тегі – төре тұқымынан. Жастайынан білім алып, қытай, ұйғыр және орыс тілдерінде еркін сөйлей білген. 

Қадуан Мамырбекқызы бұрынғы Үрімжі аймағының уәлиі болған алғашқы әйел саналады. Ол кездері Үрімжі аймағының құрамына Манас, Құтыби, Санжы, Мичуан, Бөкен, Жемсары, Шонжы, Мори қатарлы сегіз қазақ ауданы және Тұрпан, Пішән, Тоқсын қатарлы үш ұйғыр ауданы кірген. Бас-аяғы 12 ауданда Қадуан Мамырбекқызы уәли болып тұрғанда ұзын-саны 100 мыңдай қазақ тұрған. Қадуан анамыз сол Үрімжі аймағының он екі ауданын басқаратын облыс уәлиі болуымен қатар өңір қорғанысына жауапты бөлім төрайымы болып, екі бірдей қызметті қатар атқарады. 

Кейбір дереккөздер Қадуан Мамырбекқызының өте адуынды, өжет кісі болғанын айтады. Зерттеушілер оның уәли болып тұрған кезеңінде Үрімжі қаласы ғана емес, жалпы Алтай өңірінде қазақ зиялыларының жаңа буыны қалыптасып жатқан кезге тап келген. Қадуан Мамырбекқызы қазақ балаларын оқыту мәселесіне де көп көңіл бөлгенімен ел есінде қалған.  

«Қадуан Мамырбекқызымен тұспа-тұс қазақтардан Жанымқан қажы өлкелік үкіметтің қаржы министірі, Закария Әшенұлы өлкелік қорғаныс министрі, Сәліс Әміреұлы өлкелік үкіметтің xатшысы қатарлы маңызды орындарға жаңа қазақтың саяси интеллигенциясы келіп жатқан-ды. Сондай-ақ Шарқи Түркістанның «Үш Аймақ» үкіметімен шекаралас Манастан тартып Мори, Баркөлге дейінгі тоғыз ауданның әкімі қазақтардан сайланды»,  – деп жазады тарихшы Елдос Орда. 

Қадуан апамыз – Үрімжідегі өлкелік үкіметтің қалалық және облыстық жиналыстарында қазақ интеллигенциясымен бірлесе отырып, кезінде қиын-қыстау заманда Гансу, Цинxай, Тибет асып кеткен қазақтарды қайтадан елге оралту мәселесін реттей білген адам. Сондай-ақ Баркөл, Аратүрік және Құмылдағы қазақ балаларының көзін ашып, Үрімжіге әкеліп қаладағы қазақтың педагогикалық мектептері мен қытайдың жоғары деңгейлі әскери мектептері мен жоғары саяси оқу орындарына оқуына мүмкіндік жасаған.

«Шыңжаң қазақтарының саяси сауаты мен саяси құбылыстарға болған азаматтық позицсиясы жақсы еді. Газет, журналдарда саяси әжуалар мен карикатура біршама дамыған еді. Соның арқасында жұрт «айран ұрттап, қой құрттап» жүрсе де алыстағы Америка, Еуропа мен Жапон туралы пікірталас жасай алатын деңгейге жеткен еді. Бәрін газет-журналдан оқып білетін. Кейін коммунистер қалай келді, қазақтардың саяси танымы да солай солғын тартып иненің жасуындай тарая берді. Тіпті «үш-ш-ш, үндеме, ондайды айтпа, басыңа пәле табасың» дейтін қорғаншақ xәл мен заманға тап келді. Соның кесірінен Қадуан Мамырбекқызы іспетті саяси элитаның тұлғаларын да ұмыта бастады», – дейді Елдес Орда. 

Иә, Қадуан анамыз бордай бозып, қуғын-сүргіннен әбден қалжыраған қазақтың қорғаны болып, қолдан келгенше көмек жасайды. Қытай ұлықтары ебін тауып, қазақ пен ұйғыр балаларын оқытпауға, сауатын ашпауға тырысып келген еді. Мамырбекқызы бұлардың жолын жауып, қолдан келгенше амал жасайды. «1945 жылы Гоминьдан «Вэйсин» ас өнімдер компаниясын қайта құрғанда, Қадиша ханым директорлар кеңесінің мүшелігіне белгіленіп, артынан директорлар кеңесінің орынбасары, бас алқалығына тағайындалады. 1946 жылы Гоминьданның Шыңжаң өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланады. 1946 жылы 8 мау­сымда Гоминьдан үкіметі Үрім­жі аймағының басшысы, қосымша бас штабқа қолбасшы болып тағайындалады. 1946 жылы шілдеде Шыңжаң өлкелік коалициялық үкі­мет құрылғаннан кейін, қа­раша айында Нанкинде өткен Гоминьдан үкіметінің ұлы құрылтайына шақырту алып, Шыңжаң өкілі ретінде елдің жаңа конституциясын талқылауға қатысады. Бас-аяғы 40 күнге созылған құрылтайда ел президенті Чан Кайши мен әйелі Сун Мэйлин қазақ қызы Қадишаны (Қадуанды) екі рет қабылдайды. Сонымен қатар Қадиша Сун Мэйлин басқаратын әйелдер мәселесі жөніндегі конференцияда Шыңжаң әйелдері атынан баян­дама жасайды.

Соған сәйкес Қадишаның жаулары да аз емес еді. 1947 жылы ақпанда Шы­ғыс Түркістан үкіметін қол­­даушылар Үрімжіде арнайы мә­жіліс шақырып, Қадишаны бас­шы­лықтан алып тастауды талап етеді. Бірақ 1948 жылы Үрімжіде өткен халықтық сайлауда Қадиша аймақ басшысы және ай­мақты қорғау гарнизонының бас қолбасшысы болып та­ғай­ындалады. Генерал-майор шенін алады. Осылайша 1951 жылдың соңына дейін Үрімжі аймағының басшысы қызметінде болады. Кейін Шынжаң өлкелік өкіметтің кеңесшісі қызметіне тағайындалады. Қадиша Мамырбекқызы 1963 жылы 66 жасында Үрімжіде жүрек талмасынан қайтыс болады. 

Сол уақыттың салты бойынша, Қадиша шамамен 10-13 жасында  (кей деректерде 1897 жылы өмірге келді делінеді) Шыңжаң қазақтарының, соның ішінде Алтай қазақтарының тарихындағы көрнекті тұлғасы Әлен Жеңісханұлына тұрмысқа шыққан. Ол Абақ жұртының соңғы xандарының бірі болғаны белгілі. 

Белгілі зерттеуші Тұрсынхан Зекенұлының жазуынша, Қадиша Мамырбекқызы мен Әлен Жеңісханұлы екеуі 1910 жылы некеге тұрған. «Олардың кіндігінен Дәлелхан, Закихан, Меллатхан және Ба­тухан деген ұлдары өсіп-өнді. Әлен Цинхай төңкерісінен кейін қытай қазақтары арасында аса үлкен қайраткер деп танылып, халқына адал қызмет етсе, әйелі Қадиша Гоминьдан үкіметінің жаңа конституциясын жасауға қазақ халқы атынан қатысқан жалғыз бір өкіл және қазақ әйелдерінен шыққан бірінші басшы, бірінші генерал-майор ретінде тарихта қалды. Екеуі де бастарына қандай күн туса да, қиын-қыстау кездерде де қазағына қолдан келген қайырын аямады», – деп жазады тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы. 

Бір суреттің сыры:  Қадуан Мамырбекқызына қатысты бұл суреттер осыған дейін белгісіз болып келген.  Тарихшы Елдос Орданың жазуынша, Қадуан Мамырбекқызы апамыз 1946-1947 жылдары Ішкі Қытайда Бүкіл мемлекеттік құрылтай жиналысында жүрген кезінде түскен болуы мүмкін. 

Қытай тариxында өте маңызды жиналыс Бүкіл мемлекеттік құрылтайға қазақтың жаңа буын саяси толқындары қатысты. Олар Шердиман Оспанұлы, Қамза Шомышбайұлы, Дәлелхан Жанымханұлы және Нан Кин қаласында заң шығару палатасында екі жылдай қызмет істеп жүрген (1947-1948) тариxшы, ғалым Нығымет Мыңжан да бар еді», – деп көрсеткен өзінің зерттеулерінде. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?