Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш мұраты, қазақ арманы...

1562
Алаш мұраты, қазақ арманы... - e-history.kz

 «Декабрдың 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды; Отансыз жұрт Отанды болды. Автономия – бізге өмірлік мақсат еді, алыстағы жұлдыз еді. Іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүние жүзін жаңғыртып, Алаш ұранын шақырып отыр. Алаш! Алаш! Көтер басты. Уақыт жетті,  сүртелік көзден аққан қанды жасты! Бұл күн тарихи күн; бұл күнді көріп өлген Алаш баласы – мудасыз, армансыз...» деп, Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінде 1917 жылы желтоқсанның 5-12 аралығында өткен екінші жалпықазақ сиезінің қорытындысы бойын­ша Алаш автономиясының өмірге келген қуанышты сәтіне арнап «Жасасын, Алаш, Жасасын!» атты мақаласын жазады. 

Дәл осы жалпы қазақ сиезі өткен уақытта Орынборда үш жиналыс қабаттасып өтіп жатты. Оның бірі: 5 желтоқсанда басталған – екінші жалпықазақ сиезі болса; екіншісі: 7 желтоқсанда басталған Орынбор орыс- казак атты әскерлер сиезі; үшіншісі: 8 желтоқсанда басталған «Башқұртстан учредительный собраниясы» жиыны болатұғын. Бұдан ілгері жалпықазақ сиезін өткізуге қолайлы қала ретінде Орынбор, Омбы, Семей, Ташкент аталған еді. Осы төртеуінің қайсысы қолайлырақ деп кеңескенде: Омбы – Түркістан қазақтарына қашық көрінді; Ташкент – Сібір қазақтарына қашық көрінді. Семей – Астрахань, Орал қазақтарына өте қашық көрінді. Орынбор – Түркістан қазақтарына жақындады, Омбыдай емес, Сібір қазақтарына қашықтығы Ташкенттей емес. Астрахань һәм Орал қазақтарына бәрінен де жақын. Сиез шақырушылардың Орынборды қалауының мәнісі осы болатұғын. 
Сиез ескі жыл санау бойынша 5 желтоқсан басталды. Сиезге бүкіл қырғыз-қазақтан 81 ресми өкіл келді. Бұлардың ішінде арнайы шақырылған азаматтар да болды. Сиездің тарихи мәні зор болғандықтан, өкіл емес кісілер де келіп, ұзын саны 200-ден аса адам қатысты. Сиезге әр түрлі құттықтау хаттары келді. Сиезге өкіл болып қатысқан орыстар, казактар, ноғай-татар бауырлар сиезді құттықтап, қазақ халқын бірлікке үндеді. Сиезде жалпы 10 мәселе қаралды. Бұлардың ішінде ең бастысы халықты қорғайтын милиция құру және автономия мәселесі болды. Автономия мәселесіне келгенде өкілдердің пікірі екіге жарылды. Бір жағы автономияны күні бүгін ресми (жұрт атынан бүкіл дүниеге) жария қылуды қуаттады; екінші жағы милициямызды құрып қамданғанша һәм арамыздағы көрші орыстармен сөйлесіп келіскенше ресми иғлан етуді тоқтата тұралық дейді («Сарыарқа» газеті. №27. 2 январь 1918.). Соңында автономияны бір ай ішінде жариялау міндетін сиез атынан сайланған «Алаш Орда» ұлттық үкіметін басқаратын 15 кісіге тапсыр­ды. «Алаш­орда» төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланып, Алашорда уақытша Семейде тұратын болды. Сиез қортындысы нәтижесінде: Бөкейлік, Орал, Торғай, Ақмола, Семей һәм Жетісу облыстарынан жалпы 13 500 милиция жасақтауға қаулы қабылданды. Оларға кететін шығын есептеліп, жалпы 44 милион сомның есебі шығарылды. Бұл қаражат әр болыс халқының санына қарай бөлініп, жиылатын болды.
Осы жалпы қазақ сиезі тарарда, Сырдария қазақтары менен Алаш автономиясы жария етілгенше, сиез атынан Сырдария қазақтарыменен сөйлесу үшін Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатұлы, Тұрағұл Құнанбаев үшеуін делегат етіп сайлады. Түркістанда Сыр­дария қазақ-қырғыздарының сиезін шақыру туралы Ташкенттегі «Бірлік туы» газеті басқармасына Орынбордан 18-інші декабрьде мынадай телеграмма жібереді: «Екінші жалпы қазақ сиезі барша қазақ-қырғыз облыстарын біріктіріп, бір жергілікті автономия қылуға қаулы қылды. Сол себепті жалпы қазақ советі «Алаш Орда» орда жиынына дейін, бесінші январьда Түркістан шаһарында Сырдария қазақ-қырғыздарын сиезге шақырады. Сиезде Сырдария қазақ-қырғыздары жалпы қазақ-қырғыз автономиясына қосылу-қосылмауы сөз болмақшы. «Алашорда» председателі: Бөкейхан, Мұстафа Шоқай («Бірлік туы» газеті. №17. 1917.). Осылайша, Алашорда атынан Орынбордан шыққан өкілдер 3 январьда Түркістанға жетеді. Бұлардан басқа, Түркістанға келген Орал облысынан сайланып келген делегаттар да бар еді. 
Сырдария қазақ-қырғыздарының сиезі 6-9 январьда Түркістан шаһарында өтті. Сиезге Сырдария облысының барлық уиездерінен келген қазақ-қырғыз өкілдерінің саны 70 шамалы болды. Сиезге арнап шақырылған адамдардан Мұхамеджан Тынышбаев һәм Әбдрахманбек Оразаевтар келе алмады. Һәм бұл сиезді шақырушылардың біреуі Мұстафа Шоқай да келе алмады. Бұл үш кісі де Түркістан (Қоқан) автономиясы құрылғанда басшылық құрамына кірген қазақ азаматтар еді. Арнап шақырылғандар: 14 адам және «Алаш Ордасынан» 3 адам, барлығы 82 өкіл қатысып 8 түрлі мәселені талқылады. Соңында комиссия мынадай қаулы шығарды: «Алаш» автономиясы жар қылып Түркістан мен одақ болса, Сырдария қазақ-қыр­ғызы сол күннен бастап «Алаш» автономиясына қосылады; Сырдария қазақ-қырғызы қосылғанда «Алаш» астанасы Түркістан шаһары болады» («Бірлік туы» газеті. №21. 29 январь 1918.). Түркістандағы бұл сиез туралы Тұрар Рысқұлов 1927 жылы шыққан «Қазақстан» еңбегінде былай дейді: «Қазақ» газеті мен «Алаш Орданың» істеген ісін, Түркістан қазағы арасында, «Бірлік туы» газеті, қазақтың Алаш Ордашыл ұлтшылдары істеп отырды. Мұның бастығы, осы күнде шетте орыс ақтарымен бірге қашып жүрген, Шоқайұлы Мұстафа болды. «Бірлік туы» газеті 1918-інші жылдың ортасына шейін Ташкенде шығып тұрды, мұның төңірегінде жиналған ұлтшылдар 1919-ыншы жылға шейін Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізумен келді. Мәселен Кеңес үкіметінің жаңа орнаған кезінде Түркістан қаласында Түркістан қазағының жалпы сиезі болып, оған Алаш Орданың өкілдері (Дулатұлы Міржақып) келді. Осы сиез – Алаш Орданы жасап, Кеңес үкіметіне қарсы болуға, Шоқайұлы Мұстафа басшылық қып жүрген «Қоқанның байшыл автономиясы үкіметі» мен одақ болуға қаулы қылды...».
Екінші жалпықазақ сиезінде қаралған мәселелер һәм қаулылары туралы толық хабар «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 23 декабрь күнгі №256 санында жарияланған еді. Ал бұл хабарды көп кешікпей Ташкенттегі «Бірлік туы» газеті көшіріп жариялайды. Алғы сөзі ретінде Ахмет Мәметов былай дейді: «Ал Алаштың ардақты ақ жүрек балалары! Сол өкілдеріміздің қылған қауылдарын орнына келтіруге тырысу, тартынбай жетегіне еру, жан жаққа шыға жайылмай ел болудың қамын қылу, барлығымызға борыш міндет. Бөтен халық өз еріктерін өздері біліп өзі істеп жатқанда біздің тілі жоқ мылқауша, құлағы жоқ саңырауша үндемей қарап қалуымыздың жөні болмас. Өкілдеріңіздің де төмендегі қаулыны қылғандағы арқа таянышы сіздер, мұны естеріңізден шығара көрмеңіз. Ал – Алаш ұранды, ақ жүрек адал елім, ос арада бір, алты Алаш баласы болып, ұраныңа бір бірікпесең, мұнан бұлай бас қосып өз тізгінімізді өзіміз алып кету қиын. Мал жанды аямай ортаға салып қамданып, қарманар жерің осы» («Бірлік туы» газеті. №19. 11 январь 1918.). Екінші жалпықазақ сиезінің қаулыларын Семейдегі «Сарыарқа» газеті де 1918 жылғы 25 январь №29 санында көшіріп басады. Сонымен қатар Орынборда шығатын татардың «Уақыт» газетінде де қазақ сиезі һәм Алаш Автономиясы туралы хабарларды татаршаға аударып, оқыр­манға үздіксіз ұсынып, ақпараттық қолдау көрсетіп, ниеттес пікірлерін білдіріп отырды. 
1918 жылдың басында Большевиктер Орынборды күшпен алған соң, «Қазақ» газетінің баспахана жұмысын тоқтатып, №260-санынан (17.01.1918) соң «Қазақ» газетін жауып тастайды. Бірақ көп кешікпей большевиктердің өзі осы басылымның 261 және 262-нөмірлерін шығарады. Бұл туралы Жанұзақ Жәнібеков былай дейді: «Қазақтың» 261-нөмірін Әбдіхамит Жүндібаев, 262-нөмірін Сұлтан Арқабаев мырзалар шығарды. 261-нөмірдің барлық шығыны «Азамат» серіктігі ақшасынан ұсталды. 262-нөмірдің қағазы – «Азаматтікі». Басқа шығындары үшін сегіз жүз сом ақшаны Торғай комиссары берді» («Қазақ мұңы» газеті. №1. 16(3) апрел 1918). Газеттің осы екі санынан соң «Қазақ» газеті ресми тоқтап, орнына «Қазақ мұңы» атты газеті шыға бастайды. Алашорданың ресми үнпарағы болған «Қазақ» газеті жабылумен қатар Орынбордағы Алашорда мүшелеріне де қауіп төнеді. Большевиктер келер алдын қаладан шығып үлгерген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы бастаған Алашорда мүшелері Орынбордан Семейге кетуге мәжбүр болады. Осыдан соң, Алашорданың іс-қимылдары туралы хабарлар тек «Бірлік туы», «Ұран», «Сарыарқа», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналында ғана жарияланып тұрды. 
Алаш партиясына қарсы бағыттағы «Үш жүз» партиясының саяси үнпарағы болған «Үш жүз» газетінде де Алаш автономиясы туралы жазбалар кездеседі. Аталған басылымның 1918 жылғы март айындағы №7 санында Нұрғали Құлжановтың «Алаш автономиясы» атты көлемді жазбасы бар. Нұрғали Құлжанов өз мақаласында, автономия алудың жеке мемлекет құрудың революциялық және эволюциялық жолдары туралы тоқтала кетіп, Алаш автономиясының дүниеге келуін былай деп сипаттайды: «Орынборда декабрдың 12-сі күні дүние жүзіне «Алаш автономиясы» келтірген. Кіндігін кесіп, сол сағатта азан айтып, ат қосып, алтын бесікке салған. …«Алаш автономиясы» қазақ-қырғыздың тұңғышы. Келген дәулет, кеткен бейнет. Кешегі кеткен қырсықты патшалықты, мынау өзі келіп тұрған автономияны көрген қазақ-қырғыздың баласы «Алаш! Алаш!» деп ұран шақырысып, құшақтасып, қуанғанынын жыласпақ түгіл сол жерде біреуі япондарша өзін өзі бауыздап құран қылса да артық емес. Бұндай қымбат қуанышқа қуан­баған қазақ – қазақ емес, қырғыз – қырғыз емес» («Үш жүз» газеті. №7. 2 март 1918).
Алашорда Семейге барып орныққан соң, милияция жасақтау ісіне белсене кіріседі. Сонымен қатар Совет хүкіметімен, Сібір хүкіметімен келіссөздер жүргізе бастайды. Қиыршығысқа өз өкілдерін жіберіп, америкалықтармен, жапондармен сауда-экономикалық байланыс орнатып, саяси қолдау табуға тырысады. 1918 жылы наурыз айында болған Совет хүкіметі мен Алаш автономиясы арасындағы келіссөздер негізінде Алашорданың қабылдаған қау­лысы «Сарыарқа» газетінде жарияланды. Төменде сол жазбаның толық нұсқасын оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік. Осы қаулыдан соң көп кешікпей Алаш әскері ашық майданда большевиктермен соғыс қимылдарын жүргізеді. 

Осылайша, 1917 жылы 5-12 желтоқсан аралығында болған екінші жалпықазақ сиезінің қаулысы бойынша Алашорда ресми түрде іске кірісіп, жеке іс қағаздарын шығарып, бұйрықтарын жариялай бастайды. Алашорда билік жүргізген жерде Совет хүкіметінің заңдарының күшін жояды. Бірақ бұл қадам ұзаққа бармай, большевиктермен қайтадан келіссөздер жүргізу арқылы 1919 жылдың соңы мен 1920 жылдың басында Алашорда таратылды. Дегенмен, Алаш­орда ұлттық автономиясы толық таратылып, кеңестер жағына өтсе де – тұтас ұлттық мемелкеттің құрылымын жүйелеп, негізін қалады.

Абай МЫРЗАҒАЛИ

Алаш автономиясы  һәм Совет хүкіметі

19 мартта совет хүкіметінің мүшесі ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі Алашордасының бастығы Әлихан Бөкейханов һәм оның жолдасы Халел Габбасовты ауызша сөйлесетін төте телеграфқа шақырды.
Ертеңінде 20 мартта комиссар Сталинмен Халел сөйлесті. Сталин Алаш автономиясы туралы сөйлеспекші екен. Екі жағы өз пікірлерін айтысып, ақырында совет хүкіметінің атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты (Сталин сөзін өзгертпестен түгелімен тәржіме қыламыз):
«Россиядағы халықтардың құқық­тары туралы халық комиссарларының шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыпты совет хүкіметінің негізгі қызмет жобасы болып келеді. Үшінші советтер сиезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға муафық келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің сиездің қаулысы елдеріңіздің совет хүкіметін тануға хлаф болмаса болғаны. Үшінші советтер сиезі советский федерация мизамын жасап һәм бұл мизам 4-ші советтер сиезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек. Яғни әрбір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу, хәта басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға сиез шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз: жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің осы жобамызды Алашордасының кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен.
Адрес: Мәскеу, Кремль халық комиссарларының бастығы Ленинге һәм халық комиссары Сталинге.
Ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталин»
Алашорданың жауабы:
Марттың 21-інде совет хүкіметінің жоғарғыдағы сөзіне Алашорда мынадай жауап берді:
1918 жыл марттың 21-інде біз, Алаш­орда мүшелері, ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін совет хүкіметін Россиядағы барлық автономиялы халықтардың кіндік хүкіметі деуге қаулы қылып, мынаны білдірдік:
1. Декабрьдің 5-нен 13-не шейін Орынборда болған жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы бойынша тоқтау­сыз Алаш автономиясын жариялаймыз. Алаш автономиясына кіретін облыстар: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ үйезі, Самарқанд облысының Жызақ үйезі, Амудария отделі (бөлімі), Алтай гүбірнесіне қараған Биский, Барнаул, Земейнегор үйездеріндегі қазақтар.
2. Жалпы қазақ-қырғыз сиезінің қау­лысы бойынша Алашордаға қазақ­тан басқа халықтардан көбінен көп, азынан азша он кісі сайланып кіреді.
3. Алаш автономиясында закон шығаратын һәм ел билейтін хүкімет Алашордада болады.
Учредительный сиез шақырудың билігі Алашордада болады. Бұған обласной советтер жәрдемші боларға керек.
4.  Алашқа қараған облыстардың һәм үйездердің билігі қазақ пен мұжық көбінен көп, азынан азша сайлап жіберген депутаттардың советінде болады. Қалалардың билігі қала халқы һәм қалада тұрған жұмысшы, солдаттардың сайлаған депутаттарының советінде болады.
5.  Жалпы халық көптен көп, аздан аз совет сайлап шығарғанша обласной, үйезный қазақ комитеттері һәм мұнан басқа да қазақ сайлап қойған мекемелер бұрынғы күйінде тұра береді. Земство һәм шаһар думалары да бұрынғы күйінде елдің шаруасын һәм оқу-оқыту жұмыстарын басқарып тұрады.
6. Қазақ-қырғыз өз арасындағы істерін өздері сайлап қойған обласной һәм үйезный соттары бітіреді.
7.  Жалпы қазақ сиезіміздің қаулысы бойынша қазақ-қырғыз арасында милиция құрылады.
8.  Жергілікті советтердің бұйрығы бойынша ұсталып абақтыда жатқан Алашорданың, оқу комиссиясының қазақ комитеттерінің һәм земский управалардың мүшелері тоқтаусыз босатылсын һәм мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшырату тоқталсын.
9.  Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет хүкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтарды өкіл еттік (Халел мен Жаһанша қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр).
10. Алашорданың жоғарғы шарттарын Совет хкүметі ... тез жауап қайырсын.
11.  Бұл шарттарды түгел естігеннен кейін халық комиссары Сталин кешікпей төте телеграфпен ауызша жауап қайтаруға уағда қылды. Совет хүкіметінің жауабы «Сарыарқаның» келер нөмерінде басылады.

«Сарыарқа» газеті. №35. 
22 март 1918.

anatili.kazgazeta.kz

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?