Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтайдың ақиығы һәм әйгілі атбегі – Бошай Кітапбаев

1966
Алтайдың ақиығы һәм әйгілі атбегі – Бошай Кітапбаев - e-history.kz

Биыл екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, данагөй қария Бошай Кітапбаевтың туғаныа 100 жыл отыр.  Бошекең ақсақал көзінің тірісінде аңызға айналған адам. Бұл кісіні көне қазақтың ХХІ ғасырға үзілмей жеткен жұрнағы десек жарасады. Өйткені, ақсақалдың бойындағы қайрат пен қажыр, шежірешілдігі,  сондай-ақ, ұлтымыздың дәстүрлі атбегілік өнерін кеңес заманында дамытып, қазақтың төл жылқысын бүгінгідей будандастырмай-ақ баптап, бәйгеге қосып, ағылшын һәм арабы жылқылардан оздыра білген ерекше адам.  

Бошекеңнің атбегілік өнері жайлы өткен ғасырдың 70-жылдары үлкен қаламгер Ғабит Мүсірепов очерк жазса, дүлдүл ақындар Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсыновалар да қалам тербеген. 

Атбегі һәм шежіресі, ұлттық ат спортының жанашыры Бошай  атамыздың ғасыр тойына орай қадірлі ақсақал жайлы жазылған естеліктерді негізге ала отырып, атамыз жайлы өз оқырмандарымызға таныстыруды жөн көрдік. 

 

Бошай Кітапбаев – 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысыҚатонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында  дүниеге келген екен. Әкесі Кітапбай 1898 жылы туып, 1954 жылы дүниеден өтіпті. Кітакең жарықтық  жетім өскен, жалшылықта көп жүрген пенде екен. Десе де ол кісінің атқа құмарлығы, атбегілік өнері жалғыз ұлына дарыған. Бошай ақсақалдың айтуына қарағанда,  әкесі 1937 жылы колхоздың 218 бас жылқысын бағуға алып, бірнеше жылдың ішінде мал басын мыңға жеткізіп беріп, 1942 жылы соғысқа аттанған. 1945 жылы соғыстан аман-есен оралып, ата кәсібі жылқы бағумен айналысқан. 

Елбасына күн туған сонау бір қиын жылдары Бошекең 18 жасында, яки  әкесінен бұрын 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Қан майданда от кешіп жүріп, 1944 жылы Украинаның Витьевск қаласы үшін болған шайқаста жараланып, бір аяғынан мүлдем айырылады. Содан мүгедек болып елге оралады. 1945 жылдың сәуір айында Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметіне орналасады. 1950 жылы Зайсан ауданының атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауысады. 1955 жылы Үлкеннарын ауданының Ленин атындағы ұжымшарға төраға болып сайланады. Еңбек ете жүріп, ғылыми жұмыспен де қатар айналысып, 1970 жылы экономика ғылымдарының кандидаты атанады. 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы ие болған санаулы тұлғалардың бірі. 

 

****

Бошай ата колхоз басқарып тұрған жылдары қолына жүйрік аттарды көп ұстаған. Әсіресе, «Бошайдың үш қарасы» деген атпен танымал атаққа шыққан жылқылары – «Бұланқара», «Құланқара» атты жүйріктері мен «Желмая» атты жорғасы. Осы үш жылқы 1970-71 жылдары республика көлемінде кең көлемде аталып өткен жыр алыптарымыз – Абай мен Жамбылдың 125 жылдық тойларында бас бәйгені ешкімге бермеген. 

Бұлардан басқа Бошекеңде  қара жирен, тай жирен, самолет жирен аттар болған. Бұл жүйріктерде алдына ат салмайтын тұлпарлар болған. Қазір көп адамдар емдеу-сауықтыру кешені ретінде жақсы білетін, Алтайдың биік жерінде орналасқан «Рахман бұлағы» атты шипажай бар. Мұнда емдік бұлақ-су ағып жатады. Патша заманында осы бұлақтың маңында аң аулап жүрген Рахман деген орысшатыс адам жаралы маралдың бұлақ суына келіп шомылып, құлантаза айығып шыққанын көреді. Осылай шипалы бұлақ ашылған-мыс. 

Бошекең жүйрік аттарын баптағанда аталмыш бұлаққа алып барады екен. Жылқыларды бұлақ суына шомылдарғанда алқымдарынан бу шығып, аяқ-қолдарына ұйыған арам қан түседі екен. Аяғының арам қаны түскен жылқы шапқанда ешқандай болдырмайды және тұяғы қызбайды.  

 

*****

Өткен жетпiсiншi жылдары «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнде Ғабит Мүсiреповтiң «Бошайдың үш қарасы» атты очеркi жарық көргені жайлы жоғарыда айтып өттік. Ендеше осы очерктің бір үзіген назарларыңызға ұсынар болсақ: 

«Бұл үш қараның үшеуi де – Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин колхозының аттары. Колхоз тұрсын ауданына, ауданы тұрсын облысына, облысы тұрсын бүкiл республикамызға абырой-атақ әкелiп жүрген әйгiлi аттар: «Құлан қара» мен «Бұлан қара» - бәйге аттары, «Желмаясы» – жорға. Он жетi жылдан берi колхоздың бастығы болып келе жатқан Бошай Кiтапбаев – ғылым кандидаты, Социалистiк Еңбек Ерi, заманымыздың озық азаматтарының бiрi. Ол бiр жаны ақын адам. Оның ақындығы жорға-жүйрiктерiне қойылған аттарынан да көрiнiп тұр: «Құлан қара» мен «Бұлан қара», «Желмаясы»! Осы үш атауда қандай теңеулер, қаншама поэзия жатыр! Бұл атаулар ат үстiнде өскен елдiң поэзиясының әуенi бар атаулар.

Ат жарысының қай түрі болса да барлық жүйке тамырыңды бірге шымырлатады. Жалғыз қара болып озып келе жатқан бәйге атын көргенде көзіңе ие бола алмайсың. Аузыңнан шығып кеткен сөзің түгіл даусыңа ие бола алмайсың. Бұл - қуану ғана емес, теңеуі жоқ үлкен сезім. Отырған орныңнан ұшырып тұрғызатын сезім - поэзия. Күй поэзиясы, ән биігі, поэзия биігі! Көз алдыңа Тайбурыл келеді, Құлагер келеді, құлағыңда - Құрманғазы! Ой-сезімің басқа тіршілікпен түгел ажырасқан. Осы кезде жаратылыстың бар көркемдігі сол озып келе жатқан атта ғана қалады. Ат алдында басыңды игендейсің. Өйткені, ол алға тартқан ұтымды қозғалыстың көркем бейнесі, мінсіз сұлулық... Тегі, мен машина, техника сияқты заманымыздың поэзиясын немерелеріммен бірге сезінсем, ат поэзиясын бабаларымдай сезінсем керек». (Ғ.Мүсірепов, «Бошайдың үш қарасы»)

****

Үлкен жазушы Ғабит Мүсірепов Бошекеңнің жүйріктері жайлы жоғарыдағыдай баға берсе, дүлдүл ақын Ғафу Қайырбековте қалам тербеп, «Тұлпар туралы аңыз» атты көлемді дүние жазған екен. Осы туындыдан да үзінді ұсынсақ: «Жалаңаяқ, жалаңбас күнімде «Ат жарысты» көп көрдім. Майдың т.б. мейрамдарын асыға күтуші едік біз. Ол күйдің өзге рахатарымен «Ат шабысы» болады деп, күтетінбіз. Қайран балалық, соған өзіміз ат қосатындай, қиялымызда өзімізді өзіміз жаратып, жүрек дамылсыз дүрсілдеуші еді. Құлағымызда күні бұрын аттардың дүбірі тұратын.

Менің немере ағам - Досжанның Сұлтаны деген кісі Торғай өңіріндегі атақты атпаз, не бір жүйрікті қатарлап ұстаған, ылғи бір бәйге бермес көк аттарды ел-елден бар дәулетін шашып, тауып алып, көбіне тай-құлынынан баптап өсіретін адам еді. Оның - «Көкторғай», «Арқар көк», «Сұлтан көк» деген аттары болған. Менің көргенім соңғы болатын. Өзінің ақындық, серілік, азаматтық қасиеттерінен өзге - оның атағын аспандатқан осынау заңды жүйріктер еді. «Ердің атын ат шығарады» деген рас екен. Өзім ес білген соғыс алдындағы 3-4 жылдың ішіндегі бар мейрамда «Сұлтан көк» - еш атты алдына салмаған жылқы еді. Той төбенің басында ағам Аңсағанның артына мінгесіп барып, ат келерде оның иығына шығып кетуші едім. Сонда түстік жерден 35-40 шақырымнан сонау Қарасай табынынан жіберген аттар түске тармаса алыстағы белестен шаң берер еді. Біздің көзімізге қалың шоғыр болмаса, үзіліп шыққан жүйріктер көпке дейін көрінбейтін. Әркім қарасын, күреңін, ағын ажыратып болғанша, бергі асудан жалғыз боз қаңбақ домалап шыға келуші еді. Даланың сағымынан үзіліп шыққан бір шумақтай, немесе көк құйындай әлденені жұрт жан иесі деп ойламайтын. Оның өз аты екенін Сұлтан ағам ғана сезуші еді. Жануар жұрт алдынан тартқан садақтың адырнасындай соңғы рет бір созылып беріп, зу ете қалушы еді. Сұлтекең екі көзі қып-қызыл от шашып, ер үстінде өзінің де бойы әлденеше рет өсіп, енді бірде аттың жалын құшып, көк аттың соңынан шаба жөнелуші еді.

Менің  бір өлеңімде:

Көктемгі дала кеңдігі-ай,

Шабысы-ай аттың бұрқырап,

Жазылушы еді-ау жануар

Жалынан жасыл шық тамып,

Танадай көзден жас парлап,

Анадай қырдан асқанда-ақ, - деген едім.  

Қазіргі күн жүйріктерінің иесі, бапшысы - атпаз да, атпал да азамат - алтайлық Бошай Кітапбаев соңғы жиырма жыл көлемінде республика бойынша ұлы жарыстар мен ұлы мейрамдарда қосқан аттары қос-қосымен бәйгеден келіп жүрген абыройлы адам. Атқұмарлық деген жәй сөз - нағыз тұлпар иесі болу үшін айрықша талант керек. Сол талант иесі де мінезінен ерекше жаратылады. Әсіресе, Алтайда май мейрамының кезінде болғанымда, Бошекеңнің аса бір шабытты кезеңін көргенім бар. Алматы ипподромына «Тайжирен» атты жіберіп (сонау Алтайдан), қалған аттарын облыстық, аудандық жарыстарға қосып жатқан кезі еді ол. Өзі колхоз құрлысының 40 жылға жуық атақты қайраткері, Еңбек Ері, колхоз бастығы, Ұлы Отан соғысының жалғыз атақты ардагері Бошай Кітапбаев әрі ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты - жылқы десе ұшарға қанаты, ұстарға дәті жоқ адам. «Қазақта қобызшының қалғаны осы» деп, Ілияс айтқандай, жылқы өсіру, баптаудың үздік ғылымы десе болады. Бозала таңнан оянып, ерсілі-қарсылы жүріп кеп, телефоннан қолын алмайтын ері туралы Нағима жеңгеміз «ой, енді мұнда дамыл жоқ, қарасу теріс ағып кетсе де, болмайды енді, есіл-дерті ат, бәйге, басталды әбігер», - дер еді. Шынында ол тұстағы Бошекең жанының жағдайын суреттеп болмайды. Абайдың 125 жылдық тойындағы ғажайып бәйгеде оның үш қара түлпарының шабысын, озуын халық аңыз қып кеткен. 

Алтайдың ортасынан тағдап жүріп, «Қан күрең» сексен тусап беріп алған» - деп, «Есім сері» поэмасында Нұрхан ақын айтқандай, Алтай өлкесінде нелер сәйгүлік, саңлақтар өткен ғой, Бошай аға баптаған «Құлан қара», «Бұлан қара», қазіргі «Тай жирен» - солардың ұрпақтары. «Асыл нәсілдер» деп Мұхтар Әуезов соларды айтқан...». 

 

*****

Ендігі кезекте ардагер ақын ағамыз Кәкімбек Салықовтың  «Бошайдың үш қарасы» атты толғауын бір мәрте оқып көрсек артық болмайтын сияқты. 

«Бұлаңқара», «Құланқара», «Желмая»,
Үш қараға ұшқын қосты кең дала,
«Желмаясы» шапқын жорға, су жорға,
Қос қарадан озар жонда жел ғана.

Үш бәйге де үш қараның таласы,
Ден бермейтін үш сәйгүлік дарасы,
Құлагердің мұрагері атанды,
Алтайдағы Бошайдың үш қарасы.

«Бұланқара» аламан бәйге қырғыны,
Қылшығына шаң тигізбес күн нұры.
Оза тартса жер мен көкті жалғайды,
Құйындатқан қырдың қара тұйғыны.

Артта қалса алғы топтың түйдегі,
Кең көсілер қара жебе сүймені.
Төрт тұяқтың дүбірінен естілер,
Құрманғазы «Серперлеткен» күйлері.

«Құланқара» жас құландай желігіп,
Топты көрсе дара кеткен бөлініп.
Атқан оқтай ағындаса жануар,
Қылаң қағар Құлагердей керіліп.

«Желмаясы» төкпе жорға тайпалған,
Бипыл-типыл қара түлкі жайқалған.
Әр қимылы теріс қақпай секілді,
Көкейкесті ырғағымен қайтарған.

Дана бапкер үш қараны зор қылған,
Ғашық болды үшеуіне той-думан.
Бошекеңнен сабақ алсын кей мырза,
Бабын таппай шын жүйрікті қор қылған.

 

*****

Бошай атамыздың шежірешілдігі жайлы иісі қазақ біледі. Әсіресе, өлке тарихына келгенде ерекше шешен адам. Бұрынғы-соңғы ақындардың жырларын жатқа біледі. Алаш арыстары жайлы, соның ішінде Әбдікерім Ережепев қатысты айтатын әңгімесі бір төбе. Әбдікәрім Ережепұлы Петрборда оқыған, Алаш зиялыларымен сұхбаттас жүрген адам. Бірақ оқуын аяқтамай әкесінің ұсқауымен Шыңғыстайдағы Қаратай  еліне болыс болған.  1920 жылы Семейде Алаш партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде, Әлихан Бөкейхановтан  кейінгі қосымша баяндаманы осы Әбдікерім жасаған. 1907 жылы Әбдікерім болыс Шыңғыстайда орысша оқытатын, төрт жылдық мектеп салған. 1914-1915 жылдары ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров осы  мектепте оқытушы болып жұмыс істеген. Әбдікәрімнің үлкені Қамбар Петрбордан  университет бітірсе, ортаншы ұлы Қахан Уфадағы «Ғалия» медіресесін бітірген. Жазушы Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» атты қолжазба журнал шығарып тұрған. Кіші ұлы Шабдан Мәскеуде сауда институтын бітірген. 

Соңғы жылдары Бошай ақсақал «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды» деген атпен өлке тарихына қатысты жаңа кітабын бітірді.  Бошекеңмен бір рет дәмдес болып, әңгімесіне қанықққан қарағандылақ ақын Серік Ақсұңқарұлы өзінің жуықта баспасөз бетінде жарық көрген естелігінде: «Бошай атамыз Абайды жатқа бiледi екен. Бiр Абай емес, қазақтың маңдайына бiткен арғы-бергi даңғылдарын терiп оқып, қазып оқиды. Мен ол кісінің еске сақтау қабiлетiне таңқаламын. Күнделiктi газет-журналдарды пұшпағына дейiн оқитын да Бошағам. Алаш қайраткерлерiнiң қай жылы, қай басылымдарда жарық көрген еңбектерiн қолмен қойғандай санап бергенде мен өзiм осы жасыма дейiнгi ғұмырымды текке өткiзгендей сезiндім...» депті.

 

****

Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары Бошай ата Алматы қаласына көшіп келді. «Достық» даңғылынан кең пәтер алып, былайғы өмірін тыныштықта өткізуге бел байлаған сыңайлы жайланып жатты. Бірақ дала адамы қалада жата алмады. Әсіресе, алғашқы ауыл шаруашылық реформасы жүргізілген жылдары өзі қолымен құрып, маңдай терін төккен колхоз-совхоздардың айдың күні аманда тоз-тозы шығып, талан-таражыға түскені жанына қатты батты. 

Алып шаһарда бір-екі қыстады да Алтайына қарай тартып отырды. Осы оқиға жайлы жазушы Қалихан Ысқақ ағамыз былай деп баяндапты: 

- Бошағам Алматыға жеттiм деп алшысынан түсiп жата алмады. Бiр апта осында болса, бiр ай елде жүрдi. «Аға, жас болса келдi, бiр Қаратай емес, иiсi қазақ сiзге разы шығар, ендi демалатын кез жеткен жоқ па» дегенiмiзде: -Жамбасың екi жарым метр ұраға түскенде демалатын уақыт таусылмас, алпыс жыл сүйреген сыңар аяқ сыр бермей тұрғанда жер танабын әлi де өлшеп қалайын, деп ағамыз бой бермейдi. Бошағам сұрапыл соғыста бiр аяғын жат жерге жерлеп, Еуропаның да шалғайын өлшеп қайтқан. Ақын Мұзафар Әлiмбаев оның окоптас досы. Қазiр мен танитын соғыс ардагерлерiнен осы екеуiнен басқа аса қымбатты көп ешкiм қалған жоқ-ау деймiн...

 

****

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ: күллі қазақта Бошай ата сияқты ақсақалдар өте аз болды. Заманында ел басқарған Дінмұхамед Қонаевпен қатарлас, дәмдес-достас жүрген адам. Тіпті алып одақты басқарған Никита Хрущев, Брежнев, Пономаренколардың қабылдауында болып, пікірін ашық айта білген санаулы тұлғалар қатарында. 

Бошекең 1961 жылы Мәскеуде өткен Компартияның кезекті пленумында сөз сөйлеп тұрғанда Бас хатшы Никита Сергеевич Хрущев орнынан тұрып: «Мен пленумға қатысушы Кітапбаевты сіздерге таныстырғым келеді. Ол – Ұлы Отан соғысының мүгедегі, протезбен жүреді, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген, осыдан 6 жыл бұрын партия шешімімен колхоз басқаруға барды. Әрине, оған майы шылқыған колхоз берген жоқ, бірақ 6 жылда жақсы көрсеткіштері болмаса, ол бұл пленумға облыс делегаттары құрамында қатыспас еді. Мұндай маман, мұндай коммунисті колхоздарымыз әрқашан қажет етеді. Кәнеки, қошемет білдірейік» дейді.  Басхатшы бұйырып тұрған соң бүкіл зал орындарынан тұрып, қол соқпай қайтеді. Біздің Бошай атамыз осындай аңыз адам. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?