Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Білгенге – ишара

1320
Білгенге – ишара - e-history.kz

Сурет: otyrar.kz

Бүгінгі әлемдік әлеуметтік процестің дамуында «мәдени сәйкестіліктің проблемалары мен шиеленістері», «мәдени сәйкестілікке төнген қауіптер», «мәдени сәйкестіліктің трансформациясы», «мәдени сәйкестіліктің маргинализациясы», «мәдени сәйкестілік дағдарысы» деген мәселелер бар. Жаһандық сәйкестендірудің мәні – бұл өзгеріп жатқан әлеуметтік жағдайларда ұлттың өзін жоғалтып алмауы, өзін басқалардан ерекшеленетін ұлт ретінде тануының нәтижесіне сәйкес. Ұлт толыққанды өмір сүру үшін өзінің жеке басын анықтап алуы, яғни: «сіз кімсіз?» деген сұраққа жауап беріп, өзін жоғалтпауы керек. Ал біз бала мен немеренің алдындағы осы жауапкершілігімізді қалай көреміз? 

Ұлтты сақтау дегенің, айналып келгенде, о бастағы негізді, ұлттың жадын, өзегін һәм тамырын сақтап қалу. Шындығында, біз сияқты жаугершілік, соғыс, аштық, репрессиялардың үрейі бойына әбден сіңген, саны көп емес, әлі сапаға айнала қоймаған ұлт үшін бастысы – бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамудан бұрын алдымен ұлт ретінде сақталып қалу. Сапалық деңгейге көтерілу біртіндеп келетін процесс десек те, келешекте мығым ұлт болмаққа ниеті бар ұлт ең алдымен «айнаға қарап, ажарын танып (М.Ақдәулет)» өзінің кемшілігін, мінін көріп, оны сынап, жабылып түзетудің амалын қылуы керек дейтін ақынның «Ұлттың жақсысын ешкім тартып алмайды» деуі содан. Осы жерде ойланасың… Біз өзі қай төбеде, қай межеде жүрміз? Қаламгердің «рухы жүдеген елдің алдындағы жауапкершіліктің қандай болмағын ұлттың қаймағы саналатын зиялы қауым сезінуге тиіс, оның жалғыз жолы онсыз да төрт құбыласы теңеліп жарымаған ұлттың көзін ашу, ұлтты алдарқатудан арылуы керек дегені» орындала ма… Мұның жауабы қиын. Әзірге байқалатыны – жауапкершілікті сезініп қарық қылғанымыз шамалы, өзіміз уығын қадасқан қоғамның барлық саласында ахуал осы. «Дағдарыс – қазақ ұлты барлық жағынан мойын оздырып өз болмысын сақтап қана қоймай, осы айлапат елдің шын мәніндегі қожасы бола ала ма?» деп сұрағанда, осыған шынайы, оң жауаптың әзір табылмай отырғандығында, ұлттың үмітін семіртетін өзгерістердің аздығы, әлсіздігінде, соның күшейеріне кепілдің жоқтығында» дейді ақын Мейірхан Ақдәулет. Өйткені ұлттың мәдени дағдарысы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.

Мейірхан Ақдәулет айтады («Қателік» хабарынан алып отырмын): «Өзіміздің мойнымызда қандай жауапкершілігін барын ойлай бермейтіндігіміз – қателігіміз. Біздің қазақ қазір өтірік намысшыл. Ұлы Абай: «ат шаба алмас мінімнен» дейді. Мінінің көптігінен ат көтере алмайтынын айтады, қалай Абай басымен соны айтады? Абай сырттай қарасаң атақты Құнанбайдың баласы, оның әкесі ұлы адам болған, бәлен болысы бар атақты Тобықты, оның сыртындағы қазақтар әдейі келіп сәлем береді, сөйтіп отырып Абай: «ат шаба алмас мінімнен» дейді. Осыны түсіну адамды күшейтеді. Адам неғұрлым санасы, ойы қортық болған сайын «менде кінә жоқ» дейді. Дүниедегі ең жаман адам – өзінің дұрыстығына күмән келтірмейтін адам, ол адам менікінің бәрі дұрыс дейді де, білгенін істейді». Міне, осы жерде жоғарыда сөз болған «дағдарыстың» қайдан шығатыны өзінен-өзі белгілі болып тұрған жоқ па? «Баяғыдан бері айтыла-айтыла ақжем болған қазақы проблемалар мен «біз неткен керемет!»-тен басталатын орынды-орынсыз «одалар» қазір одағай сөз секілді – салмағынан жұрдай болды. Енді күң-қанағат, құл-тоба салтанат құра бастады. Қанағат пен тоба елді ел, ерді ер етері рас шығар. Ал құл мен күңнің (рухани, әрине) болмысы… рухани дағдарысқа апарады» дейді Мейірхан Ақдәулет. Қаламгер неден қорқады?  Бұл қорқыныш ортақ. Адамзат баяғыдан бері шексіз бақыт пен еркіндікті, материалдық молшылық пен табиғатқа үстемдікті армандап келген болса, сол үміттері ақталып, индустриялық дәуір басталған кезде өзінің шыңына жетті. Шексіз өндіріс шексіз тұтынуға әкеледі деген болжамдар расқа айналды. Қаламгер біздің халықтың тұтынушы ұлтқа айналып бара жатқанынан іш жияды. Бірыңғай тұтыну қоғамына өтіп кеткені ұлттың рухының төмендеуіне әсер еткенін білгеннен, түбі не боларына көзі жеткендіктен де: «Саудагерде рух болмайды ғой, күндіз-түні көзіне ақша елестейді» дейді.

Мейірхан Ақдәулет есімі қазақ поэзиясындағы интеллектуалдық бағытты таңдаған ақын ретінде белгілі. Одан бөлек, Батыс философтарының еңбектерін аударып ұсынды. «Ислам өнерінің рухани мағынасын түсінудің жалғыз жолы – сопылық ілімді түсіну» деген ой айтқан Титус Буркхардттың «Шығыс пен Батыстың киелі өнері» еңбегін аударды. Ф.Шюонның «Исламды ұғыну» деген еңбегін аударды (жалпыадамзаттық ақыл-ойдың табиғатына, мәңгілік пен уақыт проблемаларына, дәстүрлі және қазіргі қоғамдағы қасиетті өнердің рөліне қатысты мәселелерді қарастырған метафизик, теолог, философ). Сондай-ақ Мейірхан Ақдәулет аударған философ Эрих Фроммның «Психоанализ және Дзен-буддизм» еңбегі – Еуропа мен Азия менталитетінің ерекшеліктерін толығымен көрсететін, Шығыс пен Батыстың ең қызықты философиялық жүйелерін салыстыруға арналған, өмірлік бастаманың іске асырылуы ретінде адамның мәнін ашуға арналған еңбек. М.Аджидің «Қыпшақ даласының жусанын» да аударды. 

Мейірхан ағамыз тәуелсіздік мұраты жолында, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда аз тер төккен жоқ. Халықтың пайдасына жүруді білмеген, сөйте тұра халық азаматының рөлін ойнағандарды ұлық тұтқан аңғал кезімізде біраз жайдың бетін ашып, көп шындықты айта алды, ұлы ұғымдардың аяқасты болған кезінде (мысалы, Желтоқсан оқиғасында) оңашада ғана айтылатын көп жайды дауыстап, естіртіп айтқан да осы кісі. Ойды халыққа дер кезінде жеткізуге, саңылауы бардың бойына, болмысына сіңіруге деген ынта, ниеттің арты «Алтын Орда» газетін ашуға себепкер болғаны анық. Алматыдан алыста жатса да, аз уақытта ашық пікір алаңына айналып үлгерген, қазақы санаға сілкініс әкеліп, ұлт ойының биігін көрсете алған, Мейірхан ағамыздың өз сөзімен айтқанда «құлсыпайылықты бұзған» «Алтын Орда» қазақтың көңіліне алабөтен әсер етіп, ойын көбейтіп, ертеңге қам жасауына түрткі болып еді. «Алтын Орда» газеті десе сол кездегі оқырманның есіне Мейірхан Ақдәулеттің қалыптан бөлек тосын көзқараста жазылған, «қайткенде ел болып қаламыз?» деп ұлт тағдырын қозғаған, әлеуметтік келеңсіздіктерді ашып көрсетуді мақсат еткен толымды мақалалары еске түседі. Бірақ қаржылай қолдаушының жоғынан, газеттің қазақ үшін қажетін сезінбеуден жабылып қалды. Ал тап қазір сондай газет керек емес пе? Керек болғанда қандай! Бірақ ұлт мәселесін көтеретін қазақ газеттері күн өткен сайын азайып, барының өзінің тағдыры тендерге байланып, «шықпа, жаным» деп отыр. Бұл да ұлт алдындағы жауапкершіліктің кемдігінен, баяғы….

 

P.S. Осы мақаланы жазарда Мейірхан ағаның әрқайсысы зерттеу жұмысы боларлық публицистикасының сипатын бір мысқал кемітпей, қадір-құнын жеткізіп айта алсам жарар еді деген сенімсіздік болды. Қазақ айтатын «қыздырманың қызыл сөзі» қанша жарқырауық болса да, нәрі мен салмағы болмайтынын ескергеннен де Мейірхан Ақдәулет туралы ойыңды үлпілдек сөздермен әспеттемей-ақ, аспандатып ала жөнелетін жел сөздерсіз жеткізгің келеді. Оның үстіне өзі де ой мен тілдің бос ермегі үшін емес, елдің, оның әдебиетінің келешегі үшін уайым жеп, толғап айта алатын адамнан асырып бірдеңе деу қиын. Әлбетте, үлкен қаламгерге ізет білдірілу керек. Ізеттің үлкені – мерейтойлық мақала жазу емес, Мейірхан ағаның айтып, жазып жүргендерін оқу, айтқан әңгімесін тыңдау. Дәл бүгінгідей кезеңде бізге «айнаға қара» деуге деңгейі мен дәрежесі толық жететін тұлғаның сөзіне қонақ берсек, «білгенге – ишараны» зердеге жазып, ділге сіңірсек жетеді.

 

МЕЙІРХАН АҚДӘУЛЕТТІҢ СҰХБАТТАРЫНАН ОЙ ҮЗІГІ

 

* Біз кейде өзіміз білмейміз, дүниеден біреу өтті, бәлен жылдығын атап өту керек, оны аламыз да мақтаймыз, «Бұл деген данышпан, Алаштың бірдеңесі ғой…», біздің сөзіміз өліп бара жатыр. Сөз деген құдіретті! Құран сөз емес пе? Інжіл сөз емес пе? Бізде оның тек қауызы қалды, тек әдемі сөз… кешір, анау жезөкшелер де әдемі киініп алады ғой, оның киімінің әдемілігі сондай, көз алдайтын болып, қарапайым адамнан он есе артық болып тұрады, бізде сондай нәрсе бар әдебиетте.

 

* Менің ұғымымда жазушы деген – осы дүниеге қайғыратын, осы қоғам нашар болса уайым жейтін адам. Егер әдебиеттің адамдары анда-мында барғанына қуанып, соны естелік қылып жазып жүре бермей, өздерін сыйласа және мықты болса ана ауылдың шамалы топастау, әдебиеттен бейхабарлау шенеунігі де әдебиетті сыйлайтын болады. «Пәлен жақтың әкімі менің он томымды шығарды», болмаса «халықты жинап мәшине мінгізіп жіберді» дегенді естігенде ойға келетіні – кейінгі жастар келе жатыр, солардың деңгейімен неге есептеспейміз? Жазушы деген атты иемденгендердің бәрі жұртқа өнегелі адам болуы керек.

 

* Алдымен адалдық керек, сосын еліктегенді де жек көрем. Сен Әуезов болам деп соған ұқсас көп нәрсе жазасың, Әуезов біраз адамға жетеді, бірақ сен Әуезов бола алмайсың ғой. Бізде тағы бір жаман әдет бар, қазақ бәйгеге ат қосып үйренген, мәстегі келсе де қуанады, мәстегім келсе екен деп отырады, соны тастау керек. Соның бәрі білмегеннен. Әлемнің әдебиетін білмегеннен. Өзі надандау, әдебиеттен хабарсыздау, шектеулі, күнкөрістің халқы болса оны алдау оңай, өйткені «көрмегенге – көсеу таң».

 

* Тәуелсіздік алғалы біздің басымыздан бірталай нәрсе өтті, сөйтіп жүргенде әдебиет өзінен-өзі төменшіктеп қалды. Оның үстіне біздің қоғам тұтынушы қоғамға айналды, әуелі күнкөріс үшін жанталасты, әдебиетке мұрша жоқ, содан да әдебиеттің деңгейі әбден түсіп кетті. Қазір біздің халық әдебиет оқымайтын халыққа айналып болды.

 

* Қазір жылына бәлен мүшәйра, конкурс өтіп жатады, біреулерін оқыдым бірінші орын алған, сол бірінші орын беріп жатқандары түкке тұрмайтын нәрселер. Одан жақсысы болмағасын береді. Мен максималист шығармын, бірақ осылай кете берсек, бара-бара әдебиетті де қоямыз, тілді де, бәрін қоямыз. Оны ешкім айтқысы келмейді, біз қазақ пәленбіз, түгенбіз, «Мәңгі ел» боламыз дейміз, мәңгі ел боласың, әрине, бірақ ол кезеңнің контексінде кім қалады? Орыстанған я қытайланған, маңызы жоқ, ас ішіп, аяқ босатқан дүбәра ұлт қалады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?