Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қайырымды қала тұрғындары» трактатының философиялық мәні

4989
«Қайырымды қала тұрғындары» трактатының философиялық мәні - e-history.kz

Әл-Фарабидің танымында қоғамдық өмірдің идеалы - қайырымды қала. Аталмыш шаһарда адамгершілік пен кемелдік үстемдік құрады. Осындай теңдесіз ортақ жәйға адамдардың бірлескен өміріне үйлестіруге негізделген жалпы адамзаттық қағидаларды білу, жақсылық пен жамандықты айыру, әділеттілік пен парасатты мінез-құлық және адамгершілік іс-әрекет және тағы басқалары жатады. 

Құндылықтарды бойға сіңірудің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Демек адам үшін бірінші кезекте зұлымдық пен әділетсіздікке жол бермейтін білім тұруы керек. Себебі барлық теріс қылықтар білімсіздіктен туындайды. Сондықтан, әл-Фараби адамдардың дұрыс іс-әрекеті мен әдебінің алғы шарты білім дей отыра, қоғамдық өмірді үйлестіру азаматтарды ағарту, оларға білім беру және тәрбиелеу қағидаларына,  бірлесіп өмір сүру заңдылықтарына сәйкес қалыптастырады. 

Философияны игеру және философияның не екенін түсіну әл-Фарабидің пікірінше қоғамдағы жеке адамгершілік мінез-құлқтың парасатты заңдылықтарын, мемлекетті өркениетті басқару және қоғамда білім беру жүйесін қалай құру керектігін түсінумен тең. Философия, метафизикалық ғылым ретінде,  гнесеологиялық таным аясында қала алмайды, ол қайырымды қала тұрғындарының көзқарастарын қалыптастыруға өз ықпалын тигізуге мүдделі. Демек ол қайырымды қала тұрғындарын қалыптастыру, адамгершілігі мол адам тәрбиелеу мұраты жолында қызмет етеді. Бірақ біржақты интеллектуал және өз кәсібінің шеберін емес. Себебі бұл қала өмірінің жандануы жағдайында әл-Фараби үшін ең алдымен жан-жақты үйлесімді адам болуы тиіс. Мұны оның кемел адам туралы идеалы дәлелдейді. Философия шынайы білімнің феномені ретінде ұстаз бен шәкірттердің, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің, оқытушы мен оқушылардың әлеуметтік иерархиясы контекстіне енуі арқылы кемел мемлекет қалыптастыру теориясына айналады. Осы түсінікпен философия әлемнің құрылымын және оның үйлесімін баяндайтын эманация теориясының аналогына айналады. Осы тұтастықтың үйлесімділігі білім мен ғылым арқылы, философияға қол жеткізу негізінде қоғамды жүйелейді. Философия даналық пен білімді қамтиды. Сондықтан оларды игеріп, адам өзін жетілдіріп, ғаламдық үйлесімге негізделген әлеуметтік қатынастарды құра алады. 

Әл-Фараби үшін білім - адамның практикалық өміріндегі басты шарт болып табылады. ​​Мемлекет басқаруда басшының, қоғамдағы жеке адамдар арасындағы адамгершілік қатынастарды құру мен сақтаудың өзегі. Философия және оны тануға себеп болатынның барлығы бақытқа жетуге тікелей қызмет етеді. Оны жүзеге асыру адамдардың оған қол жеткізудегі бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде, қоғамнан оқшауланбастан және тұтастай мемлекеттің игілігіне көздеу арқылы ғана болмақ. Бақытқа жету турасында адам мен мемлекет бір-бірімен тығыз байланысты. Қоғам ғаламның онтологиялық құрылымында белгілі бір орын алатыны сияқты, жеке адамдар да қоғамның құрылымында белгілі бір орын алады. Әл-Фарабидің пікірінше тірі ағзада барлық органдар бір-бірімен өзара байланысты, ал мемлекетте оның барлық мүшелері бір-біріне игілік пен бақытқа жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мүддесі ретінде қол жеткізуге көмектеседі.

Осы тұрғыда надан (жахил)  қалалардың өмір салтын, мінез-құлқы мен психологиясын және өзін-өзі оқшаулау мен жеке бас қамын ойлаау сынды қасиеттерін айыптайтын сын-ескертпелерін еске түсіру жеткілікті. Қоғамда өмір сүруге жаралған адам үнемі бірігу идеясын басшылыққа алуы керек. Адамның табиғатпен, қоғаммен бірлігі, адамгершілік пен заңның бірлігі, ой мен іс бірлігі сынды.

Әл-Фарабидің қайырымды қаласы - бұл өзара көмек пен жоғары рухани құндылықтарға негізделген, адамзат дамуын биік мақсаты бақытқа жетелейтін қоғам. «Адамдардың бірігу мақсаты - шынайы бақытқа қол жеткізетін істерде өзара көмек көрсету болып табылатын қала - бұл қайырымды қала. Ал адамдар бір-біріне бақытты болуға көмектесетін қоғам - бұл қайырымды қоғам. Қалалары бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін адамдар - қайырымды адамдар. Сол сияқты, егер адамдар бір-біріне бақытқа жетуге көмектесетін болса бүкіл жер қайырымды болады».

Қайырымды қала – бұл ізгілердің қаласы, бұл адамның рухани болмыс ретіндегі тіршілігі, ол басқа адамдармен өзара көмек негізінде бірлескен рухани құндылықтарға арқа сүйеген ұжым. Дегенмен бұл қаланың басқа қалалардан айырмашылығы: «қаланың бөліктері мен көшелері бірігіп, сүйіспеншілікпен байланысады; олар әділеттілікке арқа сүйеп, соның негізінде өмір сүреді».

Әл-Фараби үшін саяси институттар мен адамдардың саяси байланыстары қоғамдық өмірді қамтамасыз ететін сыртқы формалар ретінде әрекет етеді. Егер олар әлеуметтік қатынастардың жетекші факторына айналған күннің өзінде бұл уақытша болатын құбылыс, өйткені олар парасат пен рухани болмысқа бағынады. Қоғамдық бірлестіктің барлық мәселелерін, ең алдымен, парасаттылық пен жеке адамдардың адамгершілік жетілу жүйеленген де ғана шешіледі.

Бұл «надан қалаларды», яғни адам өмірінің шынайы құндылықтары, әлеуметтік дамудың мақсаттары мен міндеттері туралы адасушы бағытта жылжып бара жатқан қалаларды сынға алумен негізделеді. Әл-Фараби үшін білім рухани құндылық, сондықтан қайырымды қалаға қарама-қайшы қалалар танымдық тұрғыда надан қала ретінде анықталады. Қалалардың надандығының көрсеткіші олардың тұрғындарының моральдық-психологиялық ерекшеліктері болып табылады. Олардың өмір салты мен құндылықтарын ізгілік көрсеткіші ретінде қабылдау мүмкін емес. ебебі «надан қалалар», ең жақсы жағдайда, әлемге тұтынушылық күн көріс бұрышынан қарайтын прагматикалық құндылықтар қалыптасатын және өзімшілдік, менмендік, арамдық пен атаққұмарлық сынды қасиеттер ұлықтанатын орта. 

Әл-Фарабидің қайырымды қаласы надан қалаларға қарсы тұрады. Олардың ішінде «қажеттілік қаласы», «айырбас қаласы», «атаққұмарлар қаласы», «азғындық пен бақытсыздық қаласы», «тәкәппарлық қаласы» және «құмарлық қалалары» бар. Әл-Фарабидің пікірінше олардың барлығы белгілі бір моральдық кемшіліктер үстемдік ететін ақиқатты тани алмаған қалалар ретінде сипаттайды. Мысалы, «атаққұмарлар қаласының» тұрғындары «өздерінің құрметке ие болғанын, мадақталуын, басқалардың оларға қызығып, жұртшылыққа белгілі болуын және олардың сөзбен де, ісіпен де ұлықталуын,  бейтаныс адамдардың немесе бір-бірінің көз алдында мінсіз көрінуін аңсайды ...».

Әл-Фараби «надан», «құбылмалы» және «адасқан» деп сипаттаған қалаларды бақытқа апарар жол мен танымдары теріс түсінікке негізделген әлеуметтік қатынастар жүйесі ретінде бағалайды. Бұл қалалардың билеушілері өздерін кемел сипатта көрсетуге тырысқанымен шындығында тек екі жүзділікпен әлек болады. Ол мұндай қалалардың басқару жүйесінің жетілмегендігін өздерінің өмірлерінде жалғандық, алдау, екіжүзділік және басқа да адамгершілікке жатпайтын қасиеттерді ідетке айналдырған тұрғындар мен билеушілердің рухани хәлдерінің жетілмегендігімен байланыстырады. Сонымен, надандықтан ізгілікке ауысу мүмкіндігін көрсететін нысан - бұл «ұжымдасқан қала», оның мысалы әл-Фараби үшін Бағдад болды.

Әл-Фараби үшін жақсылық пен әділеттілікке арқа сүйеген адамның рухани хәлі және сол ортаны қалыптастырып одан әрі жетілдіретін  адамгершілік басты назарда болды. Сондықтанда   ода Платон мен Аристотель танымындағыдай идеал мемлекет түсінігі болған жоқ. Олар мемлекеттің ерекшеліктерін, олардың шаруашылық салаларын, саяси режимдерін сынға алды және тағы басқалай мәселелерді егжей-тегжейлі сипаттады. Екінші ұстаздың теориясында мұның бәрі жоқ, өйткені әл-Фараби үшін бұл адамдарды бір ортаға біріктірдің қосалқы белгілері. Ол үшін қайырымды қала - бақытты болуға ықпал ететін қала. Ортағасырлық философ әлеуметтік-саяси проблемаларды ой елегінен өткізе отырып, оның жалпы жағдайының сипатын барлық құрылымдық ерекшеліктерді қарастырып баяндамайды. Сондай-ақ, ол Платон мен Аристотель назар аударған қоғамдық-саяси идеалдың аспектілеріне олар сияқты назар аудармайды. Оның әлеуметтік философиясы – қоғамның адамгершілік пен әдеп тұрғысында кемелденуіне негізделген. Діни танымдық көзқараста ең иманды мұсылман ол мінезі көркем адам екенің ескерсек бұл жерде ортағасырлық араб-мұсылман кеңістігіндегі исламдық танымныңда жұрнақтары айқын байқалады. Сол арқылы әл-Фарабидің философиялық және теологиялық біртұтастығында адамзаттың кемелдену жолындағы ең жақсы ұмтылыстары көрініс тапты.

Рухани хәл қағидасы адамның адамгершілігінің өлшемін анықтайтындықтан, ғұламаның қайырымды қала басшысы ұғымы «кемел адам» идеясымен сәйкес келеді. Мемлекет басшысы болуға кім лайық және кемел билеуші ​​кім болуы тиіс, ол сайлануы керек пе, әлде билік мұрагерлік арқылы берілуі керек пе?  Міне осы мәселелер ортағасырлық ислам мәдениеті үшін өзекті болған еді. Сондықтан саяси көшбасшылық мәселесі әл-Фарабидің назарынан тыс қалмады.

Екінші ұстаздың «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері» атты еңбегі осы ретте ерекше қызығушылық тудырады. Бұл еңбекте «нағыз билеуші - өзінің қалаларды басқару өнері арқылы өзін және халықын бақытты қылатын мақсат пен ұмтылысты алға қоюшы. Бәлкім басқару өнерінің мәні осы болса керек». Қайырымды қаланың басшысы қаланы өз ерік қалауы бойынша емес, құдайдың заңы мен тағдырына сәйкес басқарады. Оның мәні қоғамның барлық салаларын даналық пен имандылық шеңберінде танумен ұштасады. Мұндай басқару тәсілін қоғам ақиқат иесінің атынан жарияланған және мемлекеттің барлық азаматтарын бақытқа жетелейтін әдеп, заң ретінде қабылдайды.

Әл-Фарабидің әлеуметтік философиясы сонымен бірге мемлекеттік басқару проблемасының маңызды аспектісіне назар аударады. Бұл нағыз мемлекет басшысы үздіктер мен көшбасшылардың арасынан іріктеліп шыққан лайықты тұлға болуы. Алдымен адам ағзасында жүрек болуы керек, ол барлық басқа ағзалардың тіршілігін қамтамасыз ететіні сияқты қала басшысы қалаға және оның азаматтарына лайықты өмір сыйлауы тиіс.

Мемлекет басшысы жоғары адамгершілік тұлғаға қойылатын бірқатар талаптарды қанағаттандыруы керек: денсаулығы мықты, істерде және ойларда байсалды, әділеттілік пен тақуалық қағидаларын басшылыққа алуы керек. Ол басқаруда және өз өмірінде көп емес, аз емес орта әрі дәл түсу қағидатын міндетті түрде сақтау керек. «Адамгершілік қасиеттер мен іс-әрекеттерде қақ ортаны ұстанушы қала басшысы мен билеушісі болып табылады; бұны ұстану өнерібұл басқару өнері деп аталады».

Қайырымды билеушінің он екі жоғары адамгершілік қасиеттерін атап өте отырып, әл-Фараби рухани кемелдену мәселесін одан әрі тереңдете түседі. Сондықтан, қайырымды қала мен кемел адам идеалдарын тұжырымдай отыра әл-Фараби адамзаттың гуманистік ойлар тарихына терең енген, оның әлеуметтік-саяси философиясының терең мақсаты болып табылатын пайымдарын ұсынады. Содан болар оның аталмыш идеялары бүгінгі күнге дейін өзекті болып келеді. Мемлекеттік басқару проблемасына, оның әміршісінің бойындағы адамгершілік қабілетті, адамдарды басқаруға және адам мен мемлекеттің мүдделеріне бағытталған саясатты жүзеге асыру мәселелерінде қызығушылық тудырады.

Жоғарыда атап өтілгендей, әл-Фарабидің қоғамдық-саяси идеалы адам мен қоғамның адамгершілік ерекшелігінде жатса керек. Ол ортада адамдар арасындағы терең рухани қатынастар жүзеге асырылады. Әл-Фарабидің философиялық дүниетанымының осы аспектісі әлем мен адамға деген ортағасырлық көзқарасынтың терең онтологиялық қырын бейнелейді. Бұнда барлық ұмтылыстар иләһи кемелденуге және қоғамда адамгершілік кемелділік идеалдарын орнатуға бағытталған. Адамның адамгершілік құндылықтары мен мінез-құлықтың этикалық нормалары арқылы қалыптасатын қоғам идеалы қандай болу керектігін түсіну білімнің жоғарғы формасы меологиялық таныммен қатар философияны түсіну арқылы ғана мүмкін болады. Әл-Фараби көзқарастарының бұл тұсы оны ежелгі грек грек ғалымдарымен әсіресе Платонмен жақындастырады. Оның ағартушы тұлға, философ, идеяларды ой елегінен өткізіп, түсінуге қабілетті тұлға болып табылатын кемел билеушісіне негізделген әлеуметтік-саяси идеалы мемлекетті, ең алдымен, интеллектуалды парасат пен кемел білімге негізделген тұлға басқаратындығы оның идеалы этикалық интеллекттің негізінде құрылғанын көрсетеді.

Әл-Фараби заңдардың барлық даналықтан жоғары екенін түсіндіреді және оларды зерттеу әділетті де игі іс деп біледі. Алайда, оның айтуынша, заңдар көп және олардың бәрі бірдей өз кемеліне жетпеген, сондықтан Платон олардың қаншалықты өміршең әрі әділетті екенін қарастырады. Оның айтуынша, заңдар толығымен адалдыққа және соғысты болдырмайтын әділеттілікке негізделуі керек. Себебі оның мақсаты - бейбітшілік орнату және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, ол мемлекет билеушісінің тарапынан заңдардың қолданылуын қамтамасыз ету туралы мәселелерін терең қарастырады. Себебі мемлекет билеушісі иләһи игіліктер даналық, батылдық, саулық, әділдікке негізделген заңдарға сүйее отырып өз жұмысын атқарады. Ол сонымен бірге адамның әлеуметтік игіліктеріне деген ұмтылысты ескеруі керек. Себебі оныңда өзіндік орыны бар. Бұл адамның сұлулыққа, байлыққа және білімге деген ұмтылысы. Әл-Фараби Платонның: «шынайы заң шығарушы - бұл игіліктерді құдайдың игіліктеріне қол жеткізуге сәйкес үйлестіретін жүйе қалыптастырушы тұлға, өйткені адамның заң негізінде қолданатын игіліктері иләһи игілік болып табылады. Платон заң шығарушылар игіліктерге қол жеткізу үшін адамдарға сол жолда табандылы болу идеясын шабыттандыруға тырысуы керек екенін түсіндірді.

Сондықтанда заң шығарушылар ізгілік пен игіліктің не екенің түсіндіре отырып заңдарды баяндауы тиіс. Себебі ең қиыны ол заңдарды жүзеге асыру яғни қолданысқа еңгізу. Әл-Фарабидің пайымдауынша заң кемеліне жеткен шүбәсіз болуы керек және оның атынан айтылғанның бәрі барлық жақсылықтардан жоғары. 

Әл-Фараби нағыз заң шығарушы болу барлығының қолынан келе бермейді, ол адамға табиғатынан даритын қасиет екенің атап өтеді. «Платон заң шығарушы бірінші кезекте өз заңдарын жүзеге асыра алуы керек; екіншіден басқара білу тиіс екенін айтады. Егер ол өз бұйрықтарын өзі орындай алмаса, егер басқалармен қатарласып нұсқаулықтарды ұстанбайтын болса, онда оның жарлықтары заңды күшке ие болмайды және оның сөзін қол астындағы адамдар қабылдамайды». Мемлекеттегі басқару жүйесін жүзеге асыратын заңнамалық процесте бостандық әдісінің қажеттілігі өте маңызды. Егер заңдарға бағыну және оларға мойынсұну ерікті түрде жүзеге асырылатын болса, онда мемлекеттің азаматтары заңдарды ілтипатпен қабылдап ықыласты түрде сақтайтын болады. Бұл оның өміршеңдігіне себеп. Сонымен қатар, әл-Фараби заңдардың қажетсіз болып қалмауы үшін және өзгеріп отыратын жағдайларға сәйкес толықтырылып, мемлекеттің дамуына консервативті заңдар кедергі жасамауы үшін орындалуы керек бірқатар шарттарды қарастырады.

Ибн Синаның пікірінше қоғамдық істерде ақылға жүгіну мемлекет үшін ең тиімді жол. Заң шығару барысында ақылға басымдық беру арқылы, заң шығарушы адамдарды заң негізінде  саналы түрде тәрбиелеп оларға үлкен қамқорлық танытады. Әл-Фараби: «Тәрбие саналылық тудырады. Кім тәрбиесіз болса, ол жамандықтарды пайдалы деп табады, ал тәрбиемен өскендер жақсыны пайдалы көреді. Заң - жақсылыққа апаратын жол, сондықтан заң шығарушы тәрбие жұмыстарынының  жүргізілуіне күш салуы керек».

Сейіт Мұхаммед Хатами әл-Фарабидің қоғамдық-саяси көзқарастарына қатысты маңызды тұжырым жасайды. Бұл ойшылдың саяси философиясы ислам әлеміндегі оның замандастары да, ізбасарлары да мойындаған жоғары деңгейде болғандығында. Ол былай деп жазды: «Ислам әлеміндегі саяси философияның жұлдызы әл-Фарабидің кезінде жарқ етіп оның кетісімен сөнді десек артық айтқанымыз емес. Егер осыдан кейін оның кейбір көріністері Машкуя Рази және Әбіл-Хасан Әмери сияқты ойшылдардың ой-пікірлерінде жылт етсе де, онда оның толығымен жойылуы үшін моңғол шапқыншылығының қара дауылын күту қажет емес еді. ... әл-Фараби қайтыс болғаннан үш ғасыр өткеннен кейін, Қожа Насыр Туси өзінің «Насири этикасы» (Ахлақ Насири) трактатының азаматтық саясат бөлімінде озінің әл-Фараби сөздеріне жаңа ештеңе қоспағанын тек қайталағанын мойындайды». Әл-Фарабидің еңбегіне мұндай жоғары баға беру асырып айту емес, тек тарихи фактіні объективті баяндау.

Ибн Синаның өзінің алдында өткен идеялық ұстазы әл-Фарабиден айырмашылығы, қоғамдық кемелдену мен мемлекеттік құрылым мәселелерін зерттеуге аса қатты басымдық бермеді. А.В. Сагадеев Ибн Синаның бұл ұстанымының себебі шейх ар-Райстың дәуренінде исмаилизм идеологиясының өзгеруі нәтижесінде, ол өмірден өткеннен кейін тәуелсіз исмаилиттік мемлекеттің құрылуымен аяқталуында болса керек. Әл-Фараби жасаған қағидалар мен моральдық-саяси нормалар бұдан былай іс-әрекетке жетекші бола алмайтын, бірақ «қарапайым азаматтар мен билеушілерді жетілдірудің идеалды және реттеуші қағидатына» айналған кезең болды. Сондықтан оның шығармашылық мұрасында Әбу Наср әл-Фарабиге тән көлемде және тереңдікте  қоғамдық-саяси және этикалық тақырыптар қарастырылмайды. 

Дегенмен, бұл мәселелер оның зерттеу шеңберінен тыс қалып, мүлдем қызықтырмайтынын білдірмейді. Себебі Ибн Сина өзі саяси және мемлекеттік шараларға белсенді ат салысқан. Ибн Синаның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдар ойшылдың «Жауынгерлерді орналастыру, мәмлүктер, сарбаздар, олардың ас-ауқаты және иеліктерден харадж жинауы» және «иләһи саясатқа» арналған трактаттарының әлі де табылмағандығын айтады. Адам мен қоғам мәселелерін Ибн Синаның «Бақытқа жету жайында» («Фи тахсил ас-са’ада») және «Бақыт жайында» («Фи-с-са’ада») еңбектерінен кездестіретініміз.

Әл-Фараби сияқты Ибн Сина адамның басқа жануарлардан ерекшелігі оның бірлесіп, қауымдасып өмір сүру мүделлі болуында дейді. Бұны ол адамдар бірігіп тіршілік етпесе өздерінің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтындығымен түсіндіреді. Күн көріс пен өз-өзін қамтамасыз ету адамдардың бірлескен белсенділігін талап етеді. Бұл өз кезегінде мамандану мен еңбек бөлінісін болжайды. Сәйкесінше адамдар бірлесе отырып, бөлісетін болады. Ұжымдық іс-қимылдар мен белгілі бір мақсатты көздейтін ұжымдық іс-әрекеттер басқаруды қажет етеді. Себебі көпшілік арасында әртүрлі мүдделер қақтығысып, қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін, бұл өз кезегінде келіспеушілікке алып келеді. Қоғамдық өмірде бұл өте маңызды жайдардың бірі, себебі мүдделердегі айырмашылық пен белгілі бір құндылықтарды әр түрлі қабылдау әділетті және әділетсіз құбылыстарды субъективті бағалауға әкелуі мүмкін. Әркім өз пайдасына сай көзқарасты әділетті деп есептейді, осылайша мемлекеттік өмір белгілі бір тәртіп пен келісілген механизмнен хаосқа және мемлекеттік өмір аласапранға әкелетін субъективті бағалау мен әділетсіздіктін салтанатына айналады. Сондықтан, мемлекеттік өмірді жүйелендіру және қоғамдағы тиісті тәртіпті сақтау үшін, Ибн Синаның пікірінше, оны басқару керек. Мұндай мемлекеттің заң шығарушысы иләһи негізге сүйене отырып қоғамдық өмірді тәртіпке келтіруге тиіс. 

Сондықтан, әлеуметтік-саяси тұрғыда Ибн Синаның ұсынған тұжырымдамасы пайғамбарлық ілімнің мемлекеттегі саяси және заңнамалық басшылыққа құқығын негіздеу, сонымен қатар діннің қоғамдағы функционалды сипатын айқындаумен анықталды. Ибн Сина өзінің «Даниш-наме» («Білім кітабы») кітабында пайғамбарлардың рухани келбеті жайлы: «Ұлы пайғамбарлардың қасиетті рухани сипаты бұл дана рух. Олардың рухы ұстаздың және сауаттылықты үйренудің көмегінсіз, тек аян мен періштелер әлемімен байланыс арқылы кемелдікке жетеді. Олар ғайып әлемнің жайын ойлау арқылы түсінеді және сол жақтан аян алады ... Бұл адамзаттың періштелер деңгейімен байланысқан соңғы сатысы болып табылады. Мұндай адам құдайдың жердегі орынбасары. Орынбасар біреудің болуы ақылға қайшы келмейді және адамзат үшін қажет». Пайғамбардың иләһи білімге тікелей ие болуы қоғамдағы барлық жағдайларды тануын және оның мемлекет басқаруға сөзсіз құқылы екенін анықтайды. 

Ибн Синаның пікірінше, мемлекет қоғамдық саяси ұйым ретінде құрылымдық, иерархиялық жүйе негізінде жұмыс істеп сатылы түрде жүйеленуі тиіс. Бұл ой қоғамда адамдардың қалыпты теңсіздігі барын білдіреді.  Ай астындағы әлемдегі барлық нәрсе өз болмыстарын сақтап қалуға тырысатыны сияқты адамдардың барлығы бай бола алмайтынындай барлығы бірдей кедей болуыда мүмкін емес. Екі жағдайда да бұл хаос пен тұтастықтың бұзылуына әкеледі, сондықтан әлемде және қоғамда теңсіздік о бастан бар, онда бүтіннің әр бөлігі өзінің болмысына қарай өз орнын алады. Әркім қоғамдық құрылымыдағы өз орнын білуі керек және өз жағдайын басқаның позициясымен санастыра отырып, өзіне қанағаттануы тиіс.

Қоғамның әлеуметтік құрылымында Ибн Сина билеушілерді, күзетшілерді және өндірушілерді (шеберлерді) ерекшелеп өтеді. Әрбір топ өкілдері өздеріне тиесілі міндеттерді толық орындай отырып, халифат үлгісі болып табылатын мемлекеттің өркендеуі жолында жұмыс істейді. Бұл жалпы шығыс танымындағы «умара» билеуші, «фуқара» халық, «уляма» ғұламалар деген үш негізгі топтың байланысына негізделеді. Билеушілер бұқараны басқару үшін ғұламаларды пайдаланып және ғұламалардың бір бөлігі мойынсұнып бір бөлігі әділдіктің жолында құрбан болғаны тарихтан белгілі. Бұл жүйе бүгінгі күнге дейін өміршең.    Мемлекеттің өркендеуі әрбір топтың өз жұмыстарын рухани құндылықтарға сүйене отыра атқаруымен байланысты. Ибн Синаның әлеуметтік идеалы барлық адамдардың жалпыға бірдей мемлекет мүддесі үшін ықыласты жұмыс істеу ретінде ғана емес, сонымен бірге қоғамда әділеттілікті орнату жолында мәжбүрлеу шараларында атқару болып саналады. 

Ибн Сина өзінің қоғамдық құрылымындағы идеалында өзінің денсаулығына немесе жасына байланысты азаматтық міндеттерін толық орындай алмайтын адамдарға деген адамгершілік көзқарастың ұстанымын қорғайды. Ол қатыгездікті айыптайды және оған қатал, бірақ әділетті қарым-қатынасты талап етеді.

А.В. Сагадеев Ибн Синаның көзқарастарында : «...әл-Фарабидің саяси доктринасындағы ізгі мемлекетті пайғамбарлық қасиеттерді иеленген философтар бақаруы тиіс деген жаңғырық байқалады.   Әл-Фарабидің ізімен Ибн Сина «үлгілі», «әділетті» қала және осыған қарама-қарсы «адасқан» қалаларға сипат береді. Бірақ оның саяси көзқарастары әл-Фарабидің нормативті ілімінен бөлек және абстрактілі.

Осылайша Әл-Фараби мен Ибн Сина рухани құндылықтарға негізделген қоғамның құрылысын негіздейді және сонымен бірге анағұрлым күрделі әділеттілік тұжырымдамасына ерекше мән береді. Ежелгі грек философиясында бұл ұғым «ғұрып» ұғымын жаңа мағына беру нәтижесінде пайда болса керек. Демокрит пен Сократтың түсініктеріне сәйкес әділеттілік дегеніміз қоғамдағы құбылыстардың дұрыс тәртібі және заңға сәйкес мінез-құлық деп түсіндіріледі. Екінші жағынан, әділеттілік құнды, жақсы шарт ретінде қабылданады және жақсылық түсінігінің нақтылануы болып табылады.

Шығыс перипатетиктері әділеттілікті тәртіпті жүйелеуші деп санайды және әл-Фараби мен Ибн Синаның көзқарастары негізінде бұл жүйе қоғамның белгілі бір иерархиялық құрылымы ретінде ұсынылды. Сондықтан олар әділеттілікті жеке ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сипат ретінде де түсіндіреді. Олар үшін әділеттілік, ең алдымен, қоғамдық тұтастықтың үйлесімінде тұр, бұл әсіресе әл-Фарабидің көзқарастарында айқын көрінеді.

Әл-Фараби әділеттіліктің қоғамдық сипаттағы маңыздылығын ескере отырып, адамның басқада ішкі қасиеттерден айырмашылығы әділеттілік бұл басқа адамдармен жалпы қоғамға деген қатынас аясында өрбитін қасиет екенің негіздейді. 

Әл-Фараби мен Ибн Синаның қоғамдық-саяси идеялары тек араб-мұсылман ортағасырының аясымен шектелген жоқ, ортағасырлық батыс еуропаның «өркениетті қала» және оның жердегі бейнесі туралы түсініктерімен жалғасын тауып жатты. Ортағасырлық христиан танымында қоғам және оның дамуы туралы екі маңызды тұжырымдамалар қалыптасады. Олардың біріне сәйкес қоғам ғайыпқа тән әлеуметтік дене ретінде қарастырылады. Екіншісінде қоғам дүниелік және рухани мәселелерді анық ажыратады, бірақ соған қарамастан екеуі де шіркеуге біріктіріледі.

Ортағасырлық христиан танымында киелі жазбаларда жазылған ең жоғарғы даналық қалыптасты. Осы даналыққа сәйкес адамдар қоғам қалыптастыруы тиіс, өйткені олардың танымында адам өмірінің жалғыз мақсаты мәңгілік өмірге жету болатын. Бұл түсінікті Роджер Бэкон жақсы анықтайды, ол «бір құдайдың бір адамзат баласына ғана бір мақсатпен, яғни мәңгілік өмір үшін берген бір кемел даналығы бар. Бұл ғылым толықтай киелі жазбаларда жазылған, бірақ оны канон заңы мен философия арқылы нақтылау қажет. Шын мәнінде, құдайдың даналығына қайшы келетін немесе оның танымынан тыс нәрсе бос әрі дұрыс емес және адамзат баласы үшін ешқандай мәнге ие бола алмайды. Мен мұны канон заңдарының ерекшеліктері мен философия арқылы көрсетемін » Р.Бэкон Аристотель мен Платон, әл-Фараби мен Ибн Сина сынды ұлы тұлғалардың білім қайнарлары қайдан өрбитінің зерттей келе оны құдаймен ұштастырады. «Философия - бұл құдай дарытқан даналық және философтар бұл ілімнің бәрін құдайға мойынсұнған тұлғалар арқылы таныған. Бұл даналықты алдымен философтар емес, адамдар да емес, құдай оны өзінің таңдаулы адамдарына ашқанын білдіреді» дейді Р.Бэкон. Әл-Фараби мен Ибн Сина да осы иләһи сыйға лайық болғандардың қатарында. Қасиетті жазбаларды философиялық даналық аясында тәпсірлеп интеллектуалды деңгейде зерттеу ең биік игілік болса керек.

Философияның міндеті – ақылдың сенімнен ажырап кеткен тұстарын анықтап түсіндіру. Екінші жағынан, ақыл-ойдың бұл салада еш нәрсені дәлелдеуі мүмкін еместігін көрсету. Ақыл-ойдың тағы бір міндеті - бұл қасиетті жазбалардың адамдарға сенімді және дәлелді болатын ережелерін дамыта алатындығында, яғни «түсіну арқылы сену» формуласын саналы түрде жеткізуде. Философия жаратылысты зерттеу негізінде, өзінің метафизикалық ойларының шыңында құдайға келеді. Ол сенім позициясын саналы түрде таңдау үшін көп нәрсе істей алады. Ф.Аквинскийдің де қоғамдық құрылыстағы рухани құндылықтарды жіктеуінде сенім мәселелерінің өзіңдік ерекшеліктері мен үйлесімін атап өтеді.

Орта ғасырдағы ислам ойшылдарының шығармаларының аудармаларымен басталған, адам ойының шығыс перипетикалық формасындағы бұл процес, оның зерттеу міндеттерін тұжырымдау, өзекті және даулы мәселелерді талқылау, проблемалар мен проблемалық жағдайларды шешу жолдары бұл толқынның Батыс Еуропа ортағасырлық классикалық философиясының қалыптасу және даму процесіне тарихи түрде әсер еткенің көрсетті.

Әл-Фараби мен Ибн Сина адамзат ақыл ойының дамуы шеңберінде қоғам мен адамның рухани кемелдену жолдары мен жүйелерін анықтауға ұмтылды. Ғұламалар интеллектуалды, ағартушылық идеалдарға негізделген адамгершілікті жетілдірудің жолын қалай табуға болатындығын түсіндірді. Олардың дүниетанымдық көзқарастары айқын этикалық сипатқа ие болды, онда адам мен қоғамның жетілуі шынайы білімге жету жолында қарастырылды. Сондықтан, кемел адам идеалы жан-жақты білімді адам деп саналды, ал билеушінің ​​идеалы - кемел білімі бар адам ретінде ислам мәдениетінде Мұхаммед пайғамбар ие болған білімді игерген немесе соған жақын болған философтардың мысалында көрсетілді.

Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы дәл осы ережелер бұл идеялардың қазіргі заманда бағаланатын әмбебаптығын, екі мәдени әлемнің - Шығыс пен Батыстың жемісті үйлесуін көрсетті. Жаһандық ақпараттық технологиялар мен коммуникациялар дәуірінде және мемлекеттердің байланыс аялары артып келе жатқан кезде, әртүрлі мәдениеттер мен философиялық ойларға деген қызығушылық дүниетанымдық көзқарас ретінде өзектілігін арттыруда. Мультикультурализм жағдайында өз тарихын жаңаша түсіндіру және өткеннің тарихи шындығын жаңаша тану табиғи болып табылады. Әл-Фараби мен Ибн Синаның көзқарастары философия мен діннің, дін мен ғылымның байланысына қатысты әлі зерттеле бермек. Бұл дүниетанымдық көзқарастардың шығыс және батыс арасындағы қатынастар тұрғысынан қарастырылып, әр түрлі елдер мен діндердің ғалымдарын ынтымақтастыққа шақыратын нәтижелі зерттеу саласының жаңа көкжиектерін бағындыратыны анық. 

 

Сонымен бұл мақаланы жазу з барысынан алынған нәтижелер қоғамдық және дүниетанымдық көзқарастардың өзгеруі әсерінен қазіргі тарихи-философиялық ғылымда өткен дәуірлердің көзқарастарын, оқиғалары мен құбылыстарын әсіресе діни дүниетаныммен байланысты ілімді бағалауда жаңаша реңк алғаны  көрсетілді. Кеңестік кезеңдегі философияның дамуы діннің және діни дүниетанымның терістелуімен ерекшеленгені белгілі, сондықтан әл-Фараби мен Ибн Сина сынды ойшылдардың ғылыми мұралары тек бір жақты қарастырылып келді. Ғұламалардың терең танымы жалпы дүниетанымдық көзқарастарды қалыптастыру тұрғысынан жан-жақты кең екені анықталды.

Қазақстан аумағы еуропацентристік танымнан тыс, дәстүрлі мұсылман өркениеті таралған аймақ болғандықтан ислам философиясы ұлттық дүниетанымның іргелі бөлшегі болып саналады. Мақала барысында Орта Азия мен шығыс ислам өркениетінің белді тұлғалары әл-Фараби мен Ибн Синаның философиялық сонымен қатар теологиялық көзқарастары объективті бағалау мен терең пайым тұрғысынан қарастырылды.

Шығыс перепатетизмі ислам мәдениеті мен оның аясында пайда болған ойлау жүйелерінің рухани-интеллектуалды жемісі болды. Фәлсафа бағыты тек шығыс ислам өркениеті үшін ғана емес батыстық діни-философиялық танымға да өз үлестерін тизіге білді. Жазба барысында әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымының философиялық және теологиялық көзқарастары толық қарастырылды деп айта алмаймыз. Бұл бағыттағы зерттеулер әлі де жалғасатыны анық. Ал аталмыш зерттеу барысынан алынған мәліметтер осы негіздегі ізденістерді одан әрі жалғастырып, екі ғұламаның «қайырымды қала» деп атаған кемел қоғамын орнықтыру жолында қызмет етеді деп сенеміз.         

Әл-Фараби мен Ибн Сина антикалық мәдениеттің жауһарларымен танысып оны ислам дүниетанымыммен үйлестіре білуі өз алдына жеке құбылыс. Ал осы құбылыстың ортағасырлардағы батыс өркениетіне мәлім болуы, ғұламалардың заманының теңдесіз тұлғалары болғанын тағы да дәлелдей түседі. Бұл ислам мен батыс өркениеті үшін бірдей айтулы болып табылады. Әл-Фараби мен Ибн Синаның ілімдері Аврелий Августин мен Фома Аквинскийдің діни философиялық танымдарына қалай әсер еткені зерттеу барысында атап өтілді. Алдымен қос ойшылдың грек танымын мойындап оны одан әрі дамытуы христиан ғалымдарын ислам өркениетін ғылыми тұрғыда қабылдауына әкелді. Осы ретте мәдениет, ғылым, өнер тағы да басқа салалардың ортақ құндылықтары айшықтала түскені анық.   

Қазіргі күнде әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымы тарихи-әлеуметтік және мәдени-өркениеттік өркендеудің, дәстүрлі және модернистік қоғамның негізгі құндылықтарын анықтауға өз септігін тигізетіні айқын екенін көрсетеді. Себебі дін, ғылым, мәдениет тұрғысынан объективті көзқарас ұстанған қос ғұлама тек өз заманының ғана емес, жалпы адамзаттық тұлғалар болып қала бермек.  Өйткені исламның догматикалық ұстанымдардан тыс ұдайы ізденіс пен рухани кемелдікке ұмтылған ілім екенін көрсеткен кемел тұлғалары әл-Фараби мен Ибн Сина ілімдері адамзаттық сипатқа толы. 

Орта Азия елдері үшін әл-Фараби мен Ибн Синаның рухани мұрасы тарихи шеңберде өрбіген рухани-интеллектуалды мұраның іргелі бөлшегі. Қазақ қоғамы үшін әл-Фараби дүниетанымы ұлттық мәдениет пен мұраның қастерлі жәдігері болып табылады.  Әл-Фараби мен Ибн Сина қазіргі қазақ қоғамы мен жалпы түркі-парсылы ортаның рухани тірегі іспеттес.   

Қазақстандағы ислам философиясының зерттелуі енді жолға қойылып келе жатыр. Фәләсифаларға, олардың дүниетанымындағы философиялық және теологиялық көзқарастарға деген объективті бағалау зерттеу жұмысының басты мақсаты болды. Мақала барысында жалпы ислам өркениеті мен оның алтын ғасыры болып есептелетін ортағасырлардың мәдени-әлеуметтік қалыптасуы, өзіндік ерекшеліктері мен феноменалды үйлесімдері ашып көрсетілді.  Исламның негізгі өзегі монотеистік діни таным болғандықтан ресми дін мен философияның арасындағы ара-қатынас және олардың кей жерлерде келісіп кей жерлерде қарама-қайшы болған тұстары диссертациялық зерттеу барысында ашып көрсетілді. Ислам өркениетінің тарихи дамуы нәтижесінде ортағасырлық араб-мұсылман ғалымдарының интеллектуалды кеңістігінде бірнеше ұстанымдар қалыптасты. Әр ұстанымның айналасында көзқарастар біртіндеп жүйеленіп, түрлі ойшылдардың шығуымен даму рефлексі негізінде концепциялы бағыттар пайда болды.  Мутазилалар, ашарилер, шиіттер, харижиттер сынды ағымдардың өз көзқарастары мен ұстанымдары болды. Бұл бағыттар кей тұста өзара келісіп жатса, басқа мәселеде бір-біріне қарама-қарсы позиция ұстанған болатын. Ресми дін мен философтар екіге бөлінеді. Философтар құдайдың өзіне еш күмән келтірмейді, тек осы идеяны жан-жақты дамытуды көздейді. Олардың көзқарасынша құдайды тану өзінді және қоршаған ортаңды танудан басталады. Ресми дін құдайды тану оның кітабы мен шариғи ғибадаттар арқылы ғана орын алады деп түйіндеді. Кәләм өкілдері мен фәлсафашылар арасында пікір-талас орнауы бұл ілімдердің одан әрі тереңдеуіне жол ашты. 

Әл-Фараби мен Ибн Синаның Аристотель мен Платон философиясына негізделген антикалық танымды игеріп оны монотеистік ислам дүниетанымымен ұштастыра отырып, реннесанстық сипаттағы фәлсафа ілімін қалыптастырулары өз алдына жеке құбылыс. Философия мен теологияның ұштасуы нәтижесінде жеміс берген ойшылдардың даналық пен рухани кемелдікке жетудің ғылыми негіздегі тұжырымдарын ұсынған еңбектері шығыс өркениеті үшін ғана емес, христиандық батыс үшін де өз деңгейінде ықпал етті. 

Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы онтологиялық және гнесеологиялық ілім: болмыс пен таным, құдай мен мән сынды мәселелер фәсафа мен кәләмнің назарында болды. Әл-Фараби мен Ибн Сина метафизика құдай идеясын түсінуді қамтитын ең жоғары білім екендігін басты назарға алу арқылы әлем мен адамды танудың әмбебап формасына қарсылық келтіре отырып ақиқатқа жетудің өзіндік әдістері туралы дәлелдер келтірді. Олар, ортағасырлық ислам философиясының басқа өкілдері сияқты, құдай туралы идеяны негіздеумен және құдай туралы білім мәселесін шешумен айналысты. Себебі шығыс перипатетиктері, ең алдымен, әл-Фараби мен Ибн Сина жаратылысты табиғи түрде білуге ​​деген ниетімен ерекшеленді. Олар бұрыннан бар, яғни көрінетін және жасырын емес, трансценденталды әлемді білуде ғылымның беделін мойындауға бейім болды.  

Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы адам мен қоғам мәселелері, қайырымды адам және қайырымды қала теориялары философиялық және теологиялық тұрғыда идеялық мәнге ие. Әл-Фараби мен Ибн Сина әлеуметтік философияны немесе өздері айтқандай, «азаматтық философияны» жан-жақты қарасытырп өз көзқарастарын ұсынды. Олар Платонның ізімен адамдар бақытқа жету жолында бірігу тиіс деген ұғымды алға тартты. Яғни ізгілікке және тұлғалық кемелденуге қол жеткізу. Әл-Фараби мен Ибн Сина антикалық танымды зерделей отыра ислам негіздерімен байланысқан бақыт туралы өздерінің түсініктерін қалыптастырады. Адам өзіне саналы және саяси жаратылыс ретінде қарайтын болса, адамның бақытқа жетуі де екі бағытта қарастырылады. 

Шығыс перепатетизмі жалпы ислам философиясы тарихында өзіне лайықты айтулы орынға ие және маңызды рөл атқарып тұр.Әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымының философиялық және теологиялық көзқарастарын  біріктіре отырып зерттеу ортағасырлық ислам және қазіргі түркі, қазақ философиясының тарихи дамуы мен бүгінгі күндегі өзектілігін тануда оңтайлы деп білеміз. Орта Азия халықтарының дүниетанымы түрлі ассимиляциялы және синкретизмдік сипаттарға толы. Осы ретте олардың негізігі мәні мен өзегін тануда әл-Фараби мен Ибн Сина көзқарастары ерекшелетіні анық. 

Әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымындағы философиялық және теологиялық таным ұлттық философияның, жалпы ислам философиясының рухани интеллектуалды жәдігері ретінде әлі де кеңінен зерттеледі деп ойлаймыз. Бұл бағыттағы ғылыми ізденістер тарихқа деген терең көзқарасты қалыптастырып және қоғам мен әлемнің кемелденуіне бағдар беретін рухани жаңғыру болатыны айдан анық.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?