Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш идеясы Шығыс Түркістанда қалай қанат жайды? (ІІ)

1411
Алаш идеясы Шығыс Түркістанда қалай қанат жайды? (ІІ) - e-history.kz

Елшілдік мұратқа ұмтылған

Қытайдағы қазақтардың оянуына «Қазақ», «Айқап» секілді ұлттық басылымдар мен «Уақыт» тәрізді татар баспасөзінің ықпалы аз болған жоқ. Бұл газет-журналда талқыланған тақырыптар күншығыстағы қазақ жұртын да ширықтырып әкеткен. Жаңа әліпби мен жәдиттік жолды ала келген Молдағали Бектұрлин қатарлы оқытушылар ел арасына жаңа шамшырақ сәулесін жаққан. Тіпті, Мақсұт тәйжі Сасанұлы бастаған ел серкелері «Қазақ» басқармасының баспахана туралы сауын айтқан үндеуіне үн қосып, «Азамат» серіктігіне 600 сом жібереді. «Алаш ұранды қазақ баласы «аһ!» десіп қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астында біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан берлі телміргеніміз аз ба? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әртүрлі газета, журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді» деген 1916 жылы жазылған хат мәтінінен оянуға ұмытылған, білімге ынтызар елдің пейілін байқау қиын емес.

Осы сарындас тағы бір хат «Сарыарқа» газетінде жарық көрді. Онда былай дейді: «Қазақ халқы өз алдына автономиялы қатарлы жұрттың бірі болады дегенді естіп, қайырлы болсын айтамыз. Дегенімізге жеткізіп, халқымыз жақсы атпен көркеюіне Алла жәрдем берсін. Қазақ халқы өз алдына ұлт қазынасын ашты дегенді естіп, мұнда біздер 800 сомдай ақша жинап едік. Енді осы ақшаны біз қайда жібереміз, адрес көрсетулеріңізді өтінеміз. Мұғалім Нәсіпбай һәм Баймолла Қареке балалары». Бұл 1918 жылы «Сарыарқа» газетіне (№32) жарияланған жазба. Мұнан да елшілдік мұрат, ұлтшылдық ұран көтерілгенде бей-жай қарай алмаған алғабасар ойды аңғарамыз.

 

Алаш зиялылары уығын қадасқан ұйым

Осындай алғышарттар аясында уақыт озған сайын ұлғайған азаттық рухынан күш алған зиялылар тобы 1934 жылы маусым айында Құлжада, «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмасы» атты ұйым құрды. Алаш идеясының түпқазық негізіне сүйенген ұйым мүшелері Әлихан, Ахметтер ұстанған бағытпен елді жаппай ағарту, саяси сауаттандыру, рухани түлету жолына ден қойды. Бұған бір жағы Қытайдағы «12 сәуір» өзгерісі де оң әсер еткен еді.

1933 жылы 12 сәуірде өлке орталығы Үрімжіде (ол кезде Дихуа аталған) әскери төңкеріс жасаған Шың Шысай өлке басшысы Жин Шурынды орнынан тайдырып, өзін ең жоғары әскери билеуші – дубан деп жариялады. Ұлттарға теңдік, бостандық ұранымен халықтан қолдау тапқан ол «Алты саясат» ұстанымын ортаға салды. Демократиялық халық үкіметін жасақтайтынын мәлімдеді.

Бұл оңтайлы сәтті көре білген қазақ зиялылары ширақ қимылдап, 1934 жылы ілгерінді-кейінді Құлжа, Тарбағатай мен Алтайда «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмаларын» құрды. Құлжадағы ұйымға Әбеу Құдышұлы жетекшілік жасаса, Тарбағатайдағы бөлімге Нұртаза Шалғынбаев пен орынбасары Мырзасадық Құрбанов басшылық етті. Ал Алтайдағы ұйышма тізгінін Сейітқазы Нұртаев ұстады. Бұл аты аталған тұлғалардың қай-қайсысы да алаш рухы көкірегінде тепсініп тұрған нағыз ұлтшыл азаматтар болатын. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тумасы Сейітқазы Нұртаев Тройцктегі «Расулия» медресесін тамамдаса, Мырзасадық Құрбанов Уфаның «Ғалия» медресесінде Мағжанмен бірге оқыған, «фельдфебель» шені бар алаш әскерінің офицері еді. Оның әкесі, Қоңыз батыр атанған Құрбан қажы да Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш көсемдері Шәуешекке келгенде үддесінен шығуға тырысқан көзі ашық құрметті тұлға-тын. Сейітқазы Нұртаев кейіннен Шыңжаң өлекелік «Қазақ-қырғыз ұйышмасын» құруға да атсалысып, тікелей басшылық етті.

Бұл саяси жетекшілерден бөлек, Алаш иедясының Қытай жеріне де орнығып, өріс алуына ағайынды Райымжан, Шерияздан Мәрсековтер, алаш меценаты Ике Әділов, Шыңғыстай болысын 28 жыл басқарған Әбдікәрім Ережепов, заңгер-прокурор Ғазиз Нұрмұқамедұлы Қалбанов, Жәкула болыс Күшіков, Зият Шәкәрімұлы, Мырзахмет Құсайын, Ахметқали Жайсаңбаев, Жұптыбай Сағындықов қатарлы тағы бір қатар азаматтардың әсері айтарлықтай болды. Бұл оқыған зиялылар ел ісіне қызу араласып, ұлттық мүдденің жоғын түгендей білді. Ағарту, мәдени салаларда белсене қызмет атқарды. Мысалы, Зият Шәкәрімұлы әуелгіде Алтай ағарту мекемесінде (1934 жылы), бір жылдан соң Үрімжідегі «Қазақ-қырғыз мәдениет ұйышмасының» ойын-сауық бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. Одан соң «Шыңжаң» газетінің әдеби бөлімін басқарды. Ал ақсуаттық Ғазез Қалбанов 1934 жылғы «Тянь-Шань», кейінгі «Шыңжаң» газеттерінің негізін қаласты. Сонымен бірге өлкелік «Қазақ-қырғыз мәдени ұйышмасында» маңызды қызметтерде болды. Әрине, Шығыс Түркістанда руханият ісін түлеткен бұл азаматтар кейін Әлихан, Ахмет ағалары секілді атылып кеткенімен, олар негізін қалаған ағарту ісі өшпеді. Соңдарына із тастап, өрнек салып кетті.

 

Алаш идеясының Іледе қанат жаюы

Қазақ көшінің Қытайға аууы ел басына төнген бірнеше нәубетті оқиғаларға тікелей қатысты. 1916 жылғы патша жарлығына қарсы көтеріліс, кеңестік билікті мойындамау, 1920-1921 және 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1929 жылдары басталған тәркілеу мен қуғын-сүргіннің қай-қайсысы да елді өз туған жерінен босып, Қытай асып көшіп кетуге итермеледі. Бұл үдере көшудің ең ауқымды ошағы Жетісудан Ілгеге ауған көш еді.

1916-1935 жылдардағы Жетісу өлкесінен Қытай асқан көштің бел ортасында жәдиттік негізде тәлім алған зиялы, оқымыстылар қарасы мол болды. Алаш идеясымен суарылған сол азаматтар қатарында Мейірман Ермектасов, Ахметбек, Нұрғали, Нұрдәулет, Әзімбай, Қожаназар, Байбазар, Нұрбек, Қали Айтқожа, Шыныбек, Шаяхмет, Тасбек, Қамза, Оразғали, Құтпанбай, Арынбек, Нұртаза, Ұлдақан, Шаяқын, Бәти, Тәлиға қатарлы көрнекті тұлғалар бар болатын. Бұлардың бәрі ел Қытайға ауған жиырма жыл аясында көшпен келіп қосылып, аз уақытта-ақ Қытайдағы саяси, ағарту істерінде есімдері аталатын белгілі қайраткерлерге айналды.

Аталған зиялылар Қытай қазақтарына алаштың ағартушылық идеясын кеңінен насихаттап, мектеп салу, бала оқыту істеріне жетекшілік етті. Рухани, мәдени түлеп-толысуына игі ықпал жасады. Бұл толқыннан әскери, саяси салаларда да көрнекті тұлғалар аз шыққан жоқ. Айталық, соның бірі – 1893 жылы туған Мейірман Ермектасов. Уфаның Ғалия медресесін бітіріп, Түркияның Стамбул университетінде тәлім алған ол алғашқы ұлттық басылымдар «Айқап», «Қазақ» беттерінде мақалалар жазып, елдік мәселелер мен көкейкесті тақырыптарда пікір қозғады. Қытайға ауып келгеннен кейін де алғабасар ой-идеяларымен өз ортасына ықпал ете білді. Жабықбай ақалақшымен танысып, Жабықбай мектебін құруға, 1935 жылы Турасудағы тұңғыш мұғалімдер даярлайтын курстың ашылуына елеулі үлес қосты. Осы курстың меңгерушісі ретінде қызмет атқарды. Бұдан сырт, Тергеусіз ақалақшының арнайы ұсыныс етуімен Сарбұлақта Керімқұл, «Бестерек Мейірман медресесінің» (ел «Ақмешіт» атап кеткен) бой көтеруіне тікелей мұрындық болды. Сарбұлақ мектептерінің инспекторы ретінде де еңбек етті. Мейірман Ермектасов – Іле аймақтық оқу-ағарту мекемесі құрылғандағы 27 жораның біреуі және Іле аймақтық оқу-ағарту мекемесінің инспекторы, Үш аймақ үкіметінің мүшесі, 1945-1946 жылдары Іле аймақтық прокуратурасының прокуроры, 1949 жылы Шыңжаңдағы «Демократиялық одақ ұйымының» мүшесі қатарлы жауапты қызметтерді атқарған тұлға.

Бұл көш Алаш идеясының Шығыс Түркістанда орнығуына ықпал етіп қана қоймай, одан әрі нығаюына да себепші болды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?