Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қашан?

2431
Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қашан? - e-history.kz

Ахмет Байтұрсынұлының туған күініне байланысты деректер алуан беріліп жүр. Қазірге дейін біртұтас жүйеге түсе қойған жоқ. Бір деректерде 1873 жылы 28 қаңтар, бірінде 15 қаңтар, енді бірінде 18 қаңтар деп берілсе, тағы бір салмағы басым деректе 1872 жылғы 5 қыргүйек деген мәлімет бар. Біз Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне қатысты әр түрлі сайттарда жарияланған бірнеше мақаланы шолып, қорытынды ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Ахмет байтұрсынұлының туған күні туралы интернетте кең таралған нұсқа 1873 жылы 28 қаңтар. Бұған себеп болған 1922 жылы Міржақып Дулатұлының орыс тілінде Орынборда жарық көрген «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов» атты биографиялық очеркінде «Ахмет Байтурсунович родился 28 (15) января» деген дерегі болса керек. Бұл өз кезегінде ескі календар бойынша 15 қаңтар болуы мүмкін деген тұжырымнан 1873 жылы 15 қаңтар деген түсінік келіп шыққан болуы әбден мүмкін. Ал академик Рымғали Нұрғали қандай дерекке сілтегені белгісіз «Ахаң 1873 жылы 18 январьда дүниеге келген» деп көрсеткен. Осындай әр түрлі тұжырымдардың себебінен Ұлт ұстазы Ахаңның нақты туған күні белгісіз. 2009 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында журналист, публитсист Болат Мұрсәлім: «Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының туған күні делініп 15 қаңтар көрсетіліп жүр» деген дерек айтады.

Ал massaget.kz сайтында 2019 жылы 4 қыргүйекте шыққан «Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні қашан?» деген мақалада Ахмет Байтұрсынұлының 1872 жылы 5 қыргүйекте дүниеге келгеніне 9 түрлі дерек келтіріп дәлелдейді. Мақала Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Сақыбекқызының зерттеуі мен пікірін негізге алалады. Райхан Сақыпбекқызы: «Ахмет Байтұрсынұлы – 1872 жылдың 5 қыргүйегінде туған. Туған жері Қостанай округі, Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сарытүбек елдімекені. Ахаңның туған күнін «5 қыргүйек, 1872 жыл» деуімізге негіз болып отырған, 1929 жылы Ахмет Байтұрсынұлының өз қолымен жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) мен әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі өзі толтырған ресми сауалнамалары нақты жауаптары» дейді.

Сондай-ақ осы мақалада келтірілген 9 түрлі деректің алғашқысы: Ахмет Байтұрсынұлының Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте «5 қыркүйек, 1872 жылы туған» деп көрсетілген. 4 жылдық Мұғалімдер мектебін ол 1895 жылы бітірген болатын. Бұл дата өзінің куәлігімен ең алғаш қағазға түскен айғақ болып саналмақ. Ал екінші дерек: «Ахметтің Байтұрсынұлының «Анама хат» атты өлеңі де ол кісінің «1872 жылы» дүниеге келгеніне дәлел бола алады» дейді автор. Оның сырын былайша түсіндіреді. Өлеңде: «...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам» деген жолдар кездеседі. Айтылып отырған жара 1885 жылы болған оқиғаны меңзеген. Мұрағат деректерінде, осы жылы Ахметтің әкесі Байтұрсын, Байтұрсынның ағасы Ақтас және бiрнеше ағайын-туғандарымен қоса 25 жылға итжеккенге жер аударылып кеткені туралы дерек бар. Яғни осы 1885 жылғы қасіретті оқиғада бала Ахметті 13 жаста деп қарасақ, туған жылы 1872 жыл болып шығады.
Үшінші дерек ретінде ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ) 81- қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында сол кездегі Ресей коммунистік партиясының «Жауапты қызметкерлерге арналған» 20 сұрақтан тұратын сауалнамасы келтірілген. Осы сауалнамада туған жылын көрсететін тұсына: «1872, 49 жас» деп жазылған. Құжат 1921 жылы толтырылған. Төртінші дерек ретінде Тағы да осы мұрағаттағы (ҚР ОММ) 5-қор, 18-тізбе, 158-істің 1-парағындағы 1921 жылы 11 қазанда толтырылған «Сайлауға түсу сауалнамасы» атты құжат келтірілген. 29 сұрақтан тұратын сауалнаманың жасы деген тұсына «49» деп толтырылған. Осы бойынша есептесек туған жылы 1872 жылы, және 11 қазаннан бұрын екенін білуге болады. Бесінші дерек те осы мұрағаттағы 81-қордың 11,12-парақтарындағы 42 сұрақтан тұратын «Қызметкерлерге арналған» сауалнамада, 2-сұрақ туған күні және жері деген тұсына: «1872 ж., 5/ІХ., Торғай тумасы» деп толтырылған. Сауалнама 1923 жылы Ахмет Байтұрсыұлының Орынборда Халық ағарту институтында қызмет істеп жүрген кезінде толтырылған.
Алтыншы дерек те жоғарыда көрсетілген 81-қордың 1-парағындағы «Ағарту ісі жөніндегі халық комиссариатының қызметтік тізім» атты сауалнамасында келтірілген. Сауалнаманың «қашан, қайда туған» деген сұрағына: «5 қыркүйек, 1872 жылы, Ақтөбе губерниясы, Торғай уезі, Тосын болысы, 5-ауыл» деп көрсеткен. Бұл құжаттың толтырылған жылын ғалымдар 1925 жылы деп мөлшерлейді. Келесі жетінші дерек те, аталған қордың 52-парағында келтірілген «Халыққа білім беру институтының оқытушылары мен қызметкерлерінің» сауалнамасында да туған күнін «5 қыркүйек, 1872 жылы» деп көрсетеді. Бұл құжат 1925 жылдың 17-қарашасында рәсімделген. Бұдан сырт бұл құжатта Ахаңның отбасы туралы да толық деректер келтірілген.
Келесі дерек ретінде Ахаңның 1921-1922 жылдары Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы болып қызмет істеп жүрген тұсында толтырған сауалнамадағы жауап келтіріледі. Мұнда «жасы» деген жерге «50» деп жазылған. Яғни сауалнама 1922 жылы толтырылған. Бұл да Ахаңның туған жылын 1872 жылға нұсқап тұр. Ал, соңғы тоғызыншы дерек ретінде 1929 жылы өз қолымен жазған «Өмірдерек» атты ресми іс-қағазында: «Менің туған жылым «мешін»» деп бастайтын мәліметін келтірген. Ал мешін жылы 1872 жылға тура келеді. Бұл Ахаңның 57 жасында өзі жазған құжат.
Осы аталған деректерді негізге алсақ, бәрінде дерлік Ахмет байтұрсынұлының өз қатысуымен немесе өз қолымен толтырылған құжаттар тізімі екенін көріп отырмыз. Сондықтан осыған дейінгі қате жобаланып келген 1873 жылы 15, 18, немесе 28 қаңтар деген тұжырымдардан тұтас бас тартып, 1872 жылы 5 қыргүйек дегенге тоқтау керек деп білеміз. 1873 жыл дегенді арқау ететіндер көбіне Міржақып Дулатұлның очеркін дәлел етсе, екінші жағынан 1923 жылы Ахаңның 50 жылдығын атап өткенін себеп қылады. Бұның себебін 1922 жылғы аштық пен ауыр жылдарға байланысты Ахаңның мерейтойы келесі жылға көшірілген болуы мүмкін деп жобалауға болады. Осыған сәйкес Міржақып Дулатұлының мақаласы да аталған датамен кеткен болуы мүмкін. Егер 1873 жыл деген тұжырым дұрыс болуы мүмкін болса да, біздің ойымызша болғанда деректік жағынан басымырақ және Ахаңның өзінің көрсетуі бойынша 1872 жылы 5 қыргүйек деп таныған лазым. Және осы күнді нақты белгілеп, оқулықтарға да, өзге де басылымдар мен сайттарға да біртұтас атаулы күн ретінде енгізген жөн. Өйткені ұлы ғұламаның туған күнін бір ізге түсіріп, айтулы күнді әрқашан атап өтіп отыру – ұрпақ үшін зор міндет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?