Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түйе – ұлық жануар

8679
Түйе – ұлық жануар - e-history.kz

Даланың көшпелі таулары

Маң-маң басқан, маң басқан, төрт аяғын тең басқан төрт түліктің төресі – түйе туралы сөз қозғағанда, атам қазақтың арғы-бергі өмірі көз алдыңыздан керуен көшкендей өтіп жатады. Бабалар ұғымындағы қара жердің қайығы, дала кемесі саналатын түйе туралы, жылқы желден шыққанда, түйе шөлден шығыпты деп, бекер айтпаса керек-ті. Сонымен, қара суға бір қанып алса, қырық күншілік шөлді қыңқ етпестен артқа тастайтын ата жануардың асыл қасиеттері хақындағы әңгіме қасиетті құран хадистерінен басталады.

Самуд жұртының өздігінен дұрыс бағыт ала алмасын білген Алла Тағала оларды тура жолға салуды ниет етіп, Салих пайғамбарды жіберіпті. Алайда пайғамбар арқылы жіберген аманатына құлақ аспаған құлдарын өзінің бар екеніне сендіру үшін, киелі аруананы жібереді. Түйе жартасты жарып шықса керек. Сонда Алла Тағала: «Керемет деген мынау аруана. Құдықтан суды бір күн бұл ішеді, бір күн сендер ішесіңдер. Егер оған залал жасасаңдар, Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар» деген екен. Расында, бір өзі бір құдықтың суын тауысып тастайтын киелі түйенің қасиетіне сенген кейбір адамдар Салихқа (алейһссалам) бой ұсынып, Аллаға иман келтірді дейді.

Тағы бір аятта Мұхаммед пайғамбар: «Бір кісінің мектепке барып ілім үйренуі немесе аса құдіретті Ұлы Алла Тағаланың кітабынан екі аят оқуы үш түйеден хайырлы, міне, осылайша, қанша аят оқыса, сонша түйеден хайырлы емес пе?» деді. Пайғамбардың түйені қасиетті құран аяттарының құнына балауының өзі мал қадірін білетін әрбір қазақ баласы үшін тұтылмас үлгі болмақ. Ол аздық етсе, Мұхаммед пайғамбардың ислам жолындағы ғұмырлық күрестерін ақ түйенің үстінде өткізгені тағы бар. Жалпы мұсылман елдерінде түйе аса қасиетті ұғым қатарына жатады. Мысалы, арабтарда түйе жүнінен тек бастан кеудеге дейінгі киімдерді тоқуға болады. Олардың ұғымындағы қасиетті түйе жүнін аяққа таптауға болмайды. Ал Оман елінде түйе сүтін сыйлы қонақтарға берген. Мейманды айнала қоршап, қошамет көрсетіп, бетінен үш мәрте сүйіп, сонан соң тостаған толы шүбатты ұсынады екен. Енді қазақ даласына қарай ойыссақ.

Қазақ қасиет тұтқан...

Бағзы бір жаугершілік заманда, қазақ сарбаздарының әдейі шөлге шыдамды, ұрысқа жарайтын қос өркешті желмаяға мініп жауға қарсы аттануы үйреншікті әдеттері болса керек. Мәселен, қазақ хандығының іргесін қалаған қос ханның бірі – Керей ханның баласы Бұрындықтың жаумен ұрысқанда ең жақсы көретіні – ақ бурасына мініп алып жеке шығу, – дейді Ілияс Есенберлин, өзінің атақты «Көшпенділер» трилогиясында. Сонымен қоса, өмір бойы қазағы үшін жұмақ саналатын жерұйықты іздеп өткен Асанқайғының желмаясы мен үш жүздің ұйытқысы болған Абылай ханның ақ түйесі де даланы мекендеген жанды философия іспеттес. Кенесарының әкесі Қасым хан жас кезінде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріпті. Сонда бұл қылығын естіген ауызы дуалы ақсақалдар: «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» депті-міс. Қазақтың аңызы – қазақтың тарихы. Ендеше бүгінгі күйі келмей күйзеліп жүрген жануар түйелердің арғы тегі бабалармен бірге келмеске кетсе керек.

Бүгінде қазақ түйелерінің төлбасы сонау арабтардан келген, жат мал деп мұрын шүйіретіндер табылып жүрген секілді. Сонда дала көшінің сәнін кіргізер, шудасы желкілдеген қос өркешті буралармен бірге, ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, қызғылт нармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тигенде мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар қайда қалмақ?

Сосын:

Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, – деп күңіренетін азалы ән қайда қалмақ?

Осы жерде түйенің жылқыдан асқан жершілдігі турасында бірер сөз айтсақ. Дүниеде ананың балаға деген махаббатынан асқан махаббат жоқ. Бұл пікірдің аруана деп текке аталмаған түйе малына да үлкен қатысы бар. Алайда,

Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойынын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып, – дейді Төлеген Айбергенов «Аруана бауыр дүние» өлеңінде. Демек, туған жерін туған ботасынан жоғары санаған жануардың қасиетіне неге бас имеске. Сөйте тұра, маңайындағылардан әлі тумаған ботасын қызғануы тіптен қызық. Толғақ қысып, туарында көз көрмес, құлақ естімес жаққа бошалап кетуінің сыры да осыдан болса керек.

Түсіңізге түйе кірсе...

Қазақ түске кірген түйені биік арман, ұлық мәртебе, жақсылық нышаны деп жориды. Мысалы сіз түсіңізде түйеге мініп жүрсеңіз, одан құлап жығылып қалмасаңыз – өңіңізде періштелер мен әулиелер өзі қолдап-қуаттап, жебеп жүреді. Мәртебеңіз өседі. Тұрмысыңыз бұрынғыдан да жақсарады. Сізге әр күнгі, әр аптадағы, әр айдағы, әр жылдағы жақсылықтың есігі ашылады деген сөз. Түсіңізді құпия ұстап, иманды адам тауып, оңаша жорытыңыз. Түс қайырын алдан күтіңіз.

Егер түсіңізде соғымға түйе сойып жатсаңыз, онда отбасыңызда орасан зор жақсылықтар болады. Ғайыптан бір қуанышқа жолығасыз. Қомақты табыстарға қолыңыз жетеді. Ауытпалықтарыңыз болса, аяқ астынан жеңілдеп, көңіліңіз көтеріліп, достарыңыз көбейіп, ел құрметіне бөленесіз.

Сіз түсіңізде түйенің төлі – бота көрсеңіз, оны бағып малданып жүрсеңіз – онда сіз бала тілесеңіз балалы боласыз. Немере тілесеңіз немерелі боласыз. Балаларыңыз болмаса немерелеріңіз өзіңізге жарасып, ата-баба жолын жалғайтын дана ұрпақ болып өседі. Оларға түйедей үлкен кие қонады. «Ұрпақтарымның жолын аша көр» деп Алладан түс аяныңыздың қайырын күтіңіз.

Ал түсіңіздегі өзіңізді қуып жүрген бурадан еш қорықпауға болады. Себебі, адамға кие қонарда періштелер түйе бейнесінде түске енеді деген сенім бар. Тек, түс садақасын беруді ұмытпаңыз.

Байқасақ, түсімізге кірген түйе малының өзі жануардың олпы-солпы бойының орасан зор қасиеттерге толы екенін аңғартады.

Тектілік емей немене?

Басқа малдан гөрі түйе ыстық-суыққа, аштық пен шөлге көнбіс, ерінбейтін еңбекшіл, осқырып-пысқыруы аз, белі жуан, бейқам жануар дейміз. Бірақ бұл пікірдің сәл де болса шалағайлау екендігіне төмендегі жазылғандарды оқи отырып қанық боласыз.

Түйенің жем-шөпке деген аңсары мерзім сайын өзгеріп отырады екен. Мысалы, көктемгі мамыр айынан күздің қыркүйегіне дейінгі аралықта түйе ащы шөп түрлерімен қоректенгенді жақсы көреді. Атап айтқанда, сораң, бұйырғын, жантақ секілді шөптерге құмар келеді. Ал күзде түйені күніне бір рет тұщы сумен суарып отыру қажет. Әсіресе, інгеннің жаздағы аңсары изендіге, күзде күйреуікті шөптерге ауып тұратын көрінеді. Сол себепті, сортаңды өңірге, ащылы жерлерге айдап салу қателік. Егер бағуы дұрыс, бабы келісті болса, түйе 20-30 жылда соңынан 10-11 ботаға дейін ертеді екен. Олай дейтініміз, түйе жыныстық жағынан 2-3 жылда жетілгенімен, інгенін қайытуға 3-4 жылда қосады, ал бураны келеге 5-6 жасында түсіреді. Сосын, сыңар өркеш түйенің (дромедар) буаздық мерзімі 13 ай, айыр өркеш түйеде (бактриан) 14 ай, 2 жылда бір рет жалқы бота туып, ботасы 18 ай еметінін айта кеткен жөн.

Шұбат – шипа

Түйе сүті бойға сіңімді және емдік қасиеті өте жоғары. Оның құрамында A, B, C дәрумендерімен қатар мыс, мырыш, күміс, аллюминий, темір, кремний, магний, кальций микроэлементтері бар. Сондықтан, түйенің шұбаты асқазан ауруымен, сондай-ақ туберкулез, авитаминозбен ауыратын адамдарға таптырмайтын шипа. Ғылыми деректерге қарағанда, шұбаттың құрамында 4,93 пайыз белок болады екен. Бұл – сиыр сүті мен қымыздың құрамындағы белоктан екі есе көп деген сөз. Түйе сүтінің майлылығы да анағұрлым жоғары. Ол інгенде 7 пайыз, маяның сүтінде 5 пайыз мөлшерінде болады. Шұбат құрамындағы белоктың жоғары сапалы түрлері – казеин, альбумин, глоубулиндер мол. Альбумин денедегі қанның қызыл түйіршіктерін түзей алатын лизин, трифтофан секілді аса маңызды амин қышқылын құрайды.

Түйенің майынан да өте құнды дәрілер жасауға болатын көрінеді. Югославиялық ғалымдар түйе майынан тері ауруларын жазатын дәрілер, сондай-ақ, әр түрлі кремдер, лосьондар мен шампундар жасауда.

Түйенің түрлі атаулары

Көпшілігіміз өркешті жануарды нар және қос өркешті түйе деп қана бөлеміз. Білмегендік айып емес, ал жаттап алып, жіліктеп бөліп беру міндетіңіз. Сонымен түйенің жаңа туған жас төлі бота делінеді. Ботадан кейін бір мен екі жас арасында тайлақ. Одан әрі түйенің сұлуланған (піштірілген) еркегі – құнан атан немесе атанша, дөнен атан, бесті атан, атан делінеді. Төрт жасқа дейін сұлуланбаған түйені буыршын десе, одан әрі айыр өркеш болса бура, жалғыз өркешті болса үлек дейді. Тайлақтан өтіп, бураға қосылар шақтағы ұрғашы түйені бүлдіршін немесе бұзбаша дейді. Тегі, «Бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» деген сөз осыдан шықса керек. Сонда қазақтардың баланы бүлдіршін деп атауы, түсінген адамға ұят жағдай емес пе? Ары қарай қайып кеткен түйе түлігін қаймалы дейді. Ал боталаған түйені жасына қарамай-ақ айыр өркешті болса інген, жалғыз өркешті болса, аруана немесе мая деп айта береді. Айыр түйенің асыл жақсысын жампоз десе, нардың тектісін жампоз нар дейді.

Енді нар мен айыр өркешті түйенің арасынан туған тұқымның да жыныс-жасына қарай жіктесек. Таза қанды үлек пен айыр түйе арасынан туған түйенің еркегін бекбатша, ұрғашысын қолбатша дейді. Бұларды кейде біртуған деп те атайды. Біртуған мен нар арасына, біртуған мен айыр өркешті түйе арасынан туған тұқымды қоспақ дейді. Мұндай қоспақтың өркеші не біреу емес, не екеу емес, әрі-сәрі болып туады. Егер қоспақ өркешінің түбі тұтаса біткенімен, айыры кеңдеу болса, онда түйе мырза қоспақ атанады. Әдетте қоспақ пен айыр түйе арасынан тәуір тұқым тумайды. Жазатайым туа қалса, жүні тақыр, күші жоқ, суыққа осал болып келеді де, қазақ түйешілері оны жарбай, соқпақ, қылағай, кірісті қоспақ, қисық төс, күлге шөгер деп атайды.

Түйе түлігін шақырғанда «көс-көс», қайырып немесе айдағанда «шу-шу», шөгергенде «шөк-шөк», суарарда «сорап-сорап» деп дыбыстайды. Асыл текті түйенің басы жебелі, көзі шаралы келеді. Нар түйенің сүті мол, күші жойқын, айыр түйе болса жүндес, шудалы болады. Сондықтан да, «Нар жолында жүк қалмас» дейді екен атам қазақ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?