«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Самалтау» әні немесе «он алтының зары» (басы)

3692
«Самалтау» әні немесе «он алтының зары» (басы)

Димаш Құдайбергенов орындап, өзінің бүкіл әлемдегі тыңдармандарын тағы бір тамсандырған «Самалтау» әні – шын мәнінде қазақ жұртының басынан өткен аса ауыр тарихтың куәсі еді. Бұл туралы, әрине, тарихтан хабары бар жалпы оқырман жақсы біледі. Осы мақаланы жазудағы мақсатымыз «Самалтау» әнін сүйіп тыңдаған тыңдарманға сол тарихтан аздап болсын ақпарат беру.

Ән мәтінінен белгілі, айтушы «солдат болып» еріксіз жаяу айдалып бара жатқанын жеткізеді. 1916 жылы қазақ тарихындағы ең ірі көлемді көтерілістердің бірі аяусыз жанышталды. Көтерілістің себебі «25 маусым жарлығы». Жарлық бойынша Бүкілресей императоры Екінші Николай Астрахань губерниясы мен Сібірдегі және Орта Азиядағы «бұратана» жұрттарды майдандағы армияның қорғаныс құралдарын салуға қара жұмысқа алу жайлы жарлығы шықты. Бұл жарлық бойынша қара жұмысқа тартылмақ 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамның 240 мыңы қазақтан алынатын болды.

Осы тұста ел ішінде толқу пайда болды. Елдің оқыған зиялылары либералды және радикалды болып екі бағытқа бөлінді. Либералдар – негізінен Алаш қайраткерлері әскерге адам беруді жақтады. Олар бұның бірнеше пайдалы жақтарын, ал бермеген жағдайда елге тиетін зардаптарды атап көрсетті. Екінші тараптағы Тоқаш Бокин, Жаңабай Ниязбеков, Әубәкір Жүнісов, Тұрар Рысқұлов, Сейітқали Меңдешев, Бәймен Алманов, Әліби Жангелдин қатарлы радикалды көңіл-күйдегі оқығандар мен белсенділер халықты ашық қарулы қарсылыққа шақырды. Қара жұмысқа алынатындардың тізімін жасауда билік орындары жаппай пара алып, бармақ басты, көз қысты әрекеттер жасады. Бай пара беріп, баласының жасын не кішірейтіп, не үлкейтіп жаздырды, кедей де соңғы тоқтысын сатып, байдан көргенін істеді. Екі ортада тізім жасаған болыстар, үнсіз бақылап, мұртын майлап отырған орыс шенеуніктері қорасын малға, қалтасын ақшаға толтырды.

Ғасыр басындағы халықтың үні болған, ұлттың рухани темірқазығына айналған «Қазақ» газетінде Алаш зиялылары бұл туралы өз пікірлерін жазып, елге үндеу жасады. Сол қатарда радикалды бағытты ұстанған зиялылар елді әскер бермеуге шақырды.

Осы «Қазақ» газетіндегі үндеуде: «Көнбейміз деушінің сүйенгені – жан тәттілік болса, салыстырып қаралық: …Көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас (қазаға ұшырар деп ауру-сырқаудан болған қазаны айтамыз, әйтпесе солдат қылып алмайды, соғыстан өлмейді). Көнбегенде көретін ауырлық - бағынбай үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істейді» деді.

«Қазақ» газетінің ел іргесі бұзылмас деп отырғанының түп төркінінде «егер қазақ та өзге жұртпен қатар патшаға әскер берсе, онда өзге жұртпен мәртебесі де теңелер, жерді тартып ала бермес» деген ұзақ мерзімдік стратегиялық саясат бар еді. Оның сыртында «Қазақ» газетінде 1916 жылы 24 қаңтарда жарияланған «Солдаттық мәселесі» деген мақалада, төрт адамның пікірін береді. Бұл кезде қазақтан солдат алу туралы сөз енді естіліп, ел құлағы елеңдеп отырған болатын. Осы материалда назар салуға тиісті бес мәселе кездеседі. Мұның біріншісі, егер қазақтан солдат алатын болса, бұрыннан солдаттыққа үйренген жұртқа қарағанда жеңілдікпен алу керек дейді; екіншісі «Казак-орыс» ережесімен алып, соған сай жер берілуі керек дейді. Бұл жерде казак-орыс деп отырғандары патша үкіметіне қызмет ететін атты казак жасағын меңзеп отыр. Олардың өктемдігі, тізесі жалпы қазаққа аян болатын. Енді тек солардың статусына көтерілгенде ғана казактардан келер қорлық жоқ екенін түсінгендік, екінші жағынан жер мәселесі де оңай шешілер еді. Үшінші мәселе, әскер бере отырып, думадан депутаттық орын сұрау. Егер думада қазақтың өз адамы болса, онда қазақтың мұң-зарын еркін айтып жеткізіп, есе-теңдік алуына сеп болар еді деген ой болды. Төртінші мәселе, тура осы жаһан соғысы кезінде қазақтан әскер алу – ел ішінде тым асығыстық болады, шұғыл жарлық шығарып, бірден әскер ала бастаса, елдің қарсы болуы әбден мүмкін деп ескерту де жасайды. Ал бесінші мәселе, қазақтың көбі бір ауыз орысша білмейді, алдымен оқуға алып, тәрбиелеп барып алынсын дейді. Бұл деген сөз қазақ баласы жаппай тәрбиеленіп, әрі әскери тәрбие алса, онда ертең күні бөлек ел боларға да дайын армия болары сөзсіз еді. Осы айтылған талаптар мен мәселелрдің бәрін Алаш зиялылары кейінгі өздерінің ұлттық бағдарламаларына енгізді. Дегенмен жыл басынан бастап ел құлағына құйғанмен әуелде айтылған шұғыл солдат алудың қаупі тумай қоймады.

Елдің толқуы бәрі бір көтеріліске алып келді. Елдің орыс орташылығынан көрген езгісі барша ақылды жолдарды жапқан толқыған эмоцияға алып келген еді. Зерттеушілер қазіргі таңда осы көтерілістің шығу себептері туралы айтқанда бір неше себепті алға тартады. Ең әуелі тікелей себеп 25 маусым жарлығы екені анық. Алайда осы тікелей себептен бұрын 150 жылға жуық уақыт жүргізілген Ресей империясының отарлау саясатындағы езгінің жиналып, шегіне жеткен ашуынан туған еді.

Ресей отаршылары ұзақ жылдық Жоңғар шапқыншылығынан әлсіреген қазақ жұртын бір неше бөлектерге бөліп, бірте-бірте жаулап алды. Осы ұзақ барыста бірде паралап, бірде қорқыта жүріп, көптеген ережелер енгізді. Жоңғар шапқыншылығынан кейін, 1731 жылы Кіші жүз Ресей құрамына кірді. 1781 жылы Абылай хан дүниеден өткен соң Орта жүз бен Ұлы жүздің де арасы ажырап, Ұлы жүзге Қоқан ықпал ете бастады. 1822 және 1824 жылдары Ресей билігі Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының хандық билігін күшінен қалдырды да, Ағасұлтан деген лауазым ойлап тауып, бір хандықты бір неше ағасұлтандыққа бөліп тастады. Ал олардың үстінен Генерал-губернатор билік етті. 1867-68 жылдарға келгенде Аға сұлтанды да жойып, одан әрі кішірейтіп бір неше болыстыққа бөлді. Елдің жер бөлісін қайта реттеді, артық жер деген жалаумен көптеген қазақ жерін тартып алып, орыс жерінен қоныстанушылар әкеліп орналастыра бастады. Елдің жайылымы, қыстауы мен жайлауы тарылды. Осы аралықтың өзінде көптеген көтерілістер болған. Оның ең ірілері Сырым Датұлы бастаған, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістер мен Кенесары хан көтерілістері болатын. Басқа да шағын көтерілістер жоғарыда атап өткеніміздей елдің әр түрлі әкімшілік бөліктерге бөлініп кетуіне байланысты көлемді деңгейге жете алған жоқ. Кенесары бастаған көтеріліс жанышталғаннан кейінгі ең ірі, бүкіл елді қамтыған көтеріліс осы 1916 жылғы көтеріліс болды. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей халықтарына аса ауыр қасірет әкелді, майданға шикізат, азық-түлік, мал жіберілді, жаңа салықтар салынды. Соғыс басталған соң жергілікті халыққа салынатын салықтар 3-4 есе, ал жекелеген жағдайларда 15 есе өсірілді. Қазақтардан жерлерін тартып алу жалғастырылды. Осыған байланысты Шербина экспедициясына қатысып, патшалық Ресейдің қазақтарға қаратқан жер саясатын толық аңғарып, әрі тартып алынған жерлерден толық мәліметі бар Әлихан Бөкейханов 1926 жылы былай жазған болатын: «Соғысқа дейін орыстың егіншісі қазақ-қырғыздардың жерінен таңдап 25 млн десятина жер алған. 1913 жылы жалғыз Жетісудан егінші орыс 4 млн десятина жер алған. Бақ та, жоңышқа да, өзен де, тоған да, жайлау да осы алған жердің ішінде кеткен». 1916 жылдың ортасына келгенде патша өкіметінің қазақ халқынан тартып алған жерінің жалпы көлемі 45 млн десятинаға дейін жетті.

Сол уақытта Қазақстанның территориясы Дала және Түркістан генерал-губернаторлығына және 6 облысқа бөлінген. Орталығы Омбы қаласы болған Дала генерал-губернаторлығына шығыс пен Арқа өңірі Ақмола облысы және Семей облысы деген атпен енді; орталығы Ташкент болған Түркістан генерал-губернаторлығына оңтүстік өңір Жетісу облысы, Сырдария облысы деген атпен кірді. Орал облысына Орал, Гурьев, Қалмықов, Темір, Лбищенск уездері; Торғай облысына Ақтөбе, Қостанай, Ырғыз, Торғай уездері, Бөкей (Ішкі) ордасы Астрахань губерниясының құрамына кірді, Маңғышлақ уезі Закаспий облысына қарады. Көтеріліс осы аталған өңірлердің бәрін қамтыды, ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды.

Осы жылдарындағы қазақтардың жағдайы мен көтерілістің себептері туралы Сейітқали Меңдешев: «Қазақты соғыс қызметіне алу мәселесі бірнеше көтерілсе де түрліше себептер көрсетіліп, кейінге қалдырып жүрді. 1914–1917 жж. соғысы кезінде бұл мәселе Мемлекет Думасында көтерілгенде де, соғыс министрі Муншамаков елдің жастарына құрал беруге болмайтынын, құралданып алғаннан соң қазақ халқының үкіметке қарсы көтеріліс жасуының мүмкін екенін айтып, тағы да қазақтан солдат алынбайтын болып қалды» дейді. Осының өзінен патша үкіметінің қазақтарға көзқарасы мен қазақтардың патша үкіметіне деген көңіл-күйін анық байқауға болады.

Ұзақ жылдар бойы талқыланып келген күн тәртібіндегі мәселе ақыры жарлық ретінде жүзеге асты. Кейбір зерттеушілер «қазақтан әскер алудың өзі заңсыздық болатын» дейді. Себебі әскер алу ісі ең алдымен Думада талқыланып, дауыс беруден өтуі керек еді деседі. Алайда жарлық соғыс министрі мен ішкі істер министрлігінің дайындауымен бірден жүзеге асқан. Балкім бұл соғыс жағдайына байланысты шығарылған шешім болуы да мүмкін. Жарлықтан соң бір ай өтер-өтпесте көтеріліс бұрқ ете қалды. Алғашқыда тек әскер бермейміз деп қасарысқан ел, уақыт өте топтасып, өз іштерінен хан сайлап, қандай жағдайға да дайын тұруға бекінді. Қарсылықтың күшейе бастағанын аңғарған патша үкіметі енді шара қолдану керек екенін түсінді. «Қазақ» газеті болжағандай «сырттан әскер кіріп, ел үркіншілікке ұшырады». Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі елге тұтас жайылып, Батыс Қазақстандағы көтеріліс, Сырдария көтерілісі, Қарқара көтерілісі, Семей көтерілісі, Ақмола көтерілісі, Жетісу көтерілісі, Торғай көтерілісі деген атаулармен тарихта қалды.

Көтерілісті басып-жаныштау үшін бір ғана Жетісу өңіріне 16 зеңбірегі мен 47 пулеметі бар 95 рота, 24 жүздік келіп, ондаған қазақ-қырғыз ауылдарын жойып жіберді. Осы кездері 300 мыңнан астам қазақ Қытайға ауып кетті. Түркістан өлкесінде жазалаушы отрядтар қолынан сотсыз, тергеусіз қаза тапқан адамдарды айтпағанда, 1917 жылғы ақпанның 1-індегі дерек бойынша 347 адам өлім жазасына кесіліп, 168 адам Сібірге айдалды, 129 адам түрмеге қамалды.

7D8CC421-1721-4FC4-A029-563DA5B7ED4A_w408_r1_s.jpg

Тек қана Жетісу өңіріне жасалған жазалау әрекеттері туралы айтар болсақ, адам айтқысыз қатыгездік пен геноцитке куә боламыз. 1916 жылы, 17 шілдеде Еуропа майданында соғыс болып жатқанына қарамастан, Жетісу мен Түркістан өлкесінде «соғыс жағдайы» жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерін әкелді. Әскери гарнизондарды нығайтып, Жетісуға қоныс аударған орыстарға қару таратып беріп, көтерілісшілерді жазалау үшін отрядтар жасақтады. Жетісу облысының Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Нарынқол, Қастек, Жалаңаш, Самсы, Шарын, Қорам елді мекендерінде, Лепсінің Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде жазалаушы әскермен ірі-ірі қақтығыстар болды. Осы кезде Жетісу өңірінен Бекболат Әшекеев шығыа, бытыраңқы көтерілісшілерді топтастыру мақсатында 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әртүрлі болыстардан өкілдер шақырып съез өткізді. Көтерлісшілер «қазақтан әскер алуға жарлық шығарған үкіметке қарулы қарсылық көрсетеміз, ба­ғын­баймыз» деп уәделесті. Осыдан кейін Бекболат елді Үшқоңыр тауына орнықтырып, қарулы қарсылыққа дайындала бастайды. Сонымен қатар, өз қатарларына жаңа күштер тартып, жасақ құрамын толықтыра түседі. Алайда, мұздай қаруланған жазалаушы отрядтар Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісті тұтастай басып-жаншып, көптеген адамды тұтқындап, 7 қыркүйекте Верный әскери гарнизонының сотына тартады. Сотта Бекболат Әшекеевті өлім жазасына кесіп, оны дарға асу туралы үкім шығарады. Сот үкімін облыс губернаторы Фольбаум сот ашылған күні-ақ бекітіп, үкім бір күн өтісімен, 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде орындалады.

Түркістан өлкесіне қаратқан жазалау жорықтары ешбір аяусыз жүргізілді. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды айтпағанда, Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанына дейін сот үкімімен 347 адам өлім жазасына кесіліп, 168 адам каторгалық жұмыстарға айдалды, 129 адам түрмеге қамалды. Көтеріліске қарсы жазалау жорығының сал­дарынан 300 мың қазақ пен қыр­ғыз, Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға ауып кетуге мәжбүр болды.

Алғаш көтеріліс бұрқ ете қалғанда-ақ, әуелден бұндай сценарийге дайын отырған орталық үкімет Түркістан өлкесіндегі көтеріліс жағдайын саралай келіп, көтерілістің ең қауіпті өңірі – Жетісу облысы деп шешіп, бұл жердегі көтерілісті тез арада қанға бояп, жылдам басудың жоспарын жасады. Жоспар бойынша облысты барлық жағынан қоршап, қарулы күшпен көтерілісті тез тұншықтыру; ол үшін мұздай қаруланған ерекше «жазалау» отрядтарын майданға салу; көтерілісшілердің шекара асып, Қытайға өтіп, құтылып кетуіне жол бермеу; қоныстанушы мұжықтар мен казак-орыстарды әскер қатарына тартып, қаруландырып, оларды көтерілісші бұратаналарды қырып-жою мен талап-тонауға барынша еркіндік беріп, мүмкіндігінше пайдалану; бұратаналар ішінен би, болыс, бай, молда және басқа беделді адамдарын тыл жұмыстарына алудан босатып, өз іштеріне жік салу; көтерілісті жаншып басқаннан кейін Жетісу жерін бұратаналардан бір жола тазартып, тек қана орыстар тұратын мекенге айналдыру секілді, аса қитұрқы, аяусыз шешімдер қабылданды.

Түркістан өлкесінде қатысты бұл стратегиялық жоспарды жүзеге асыру ісі 1916 жылдың шілде айында Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы әрі Түркістан әскери округінің қолбасшысы болып тағайындалған, Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» хикаятындағы «кәрі жандарал» деген лақап атпен кездесетін 68 жастағы А.Н.Куропаткинге жүктелді. Аталған қанды жоспарды Жетісу облысында жүзеге асыру Жетісу казак-орысының атаманы, Жетісу облысының генерал-губернаторы И.А.Фольбаумға жүктелді. Осыдан кейін-ақ аяусыз жаныштау басталды. Көптеген ауылдарды үстінен басып қалып, қырып-жою, тонау, зорық жасау патша әскерінің күнделікті әрекетіне айналды. Тамыздың 14-інде алдымен Жетісу облысы бойынша, кейін 24-інде бүкіл Түркістан өлкесінде төтенше әскери жағдай жарияланды. Ресей Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен ерекше әскери сот жасақталды. Тапсырма бойынша әскер сотқа тек саптағы офицерлер ғана қатысатын болды. Яғни сот шешімі бір жақты ғана болады деген сөз. Әскери соттың құзыры шектеусіз болды, сот шешімі қайта қаралмайды, арыз-шағым қабылданбайды, бір сөзбен айтқанда ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Еш сұраусыз, диалогсыз қаншама адам атылып кете барды. Осы жылдар туралы естеліктерде кейбір ауылдарды қоршап алып тұтастай пулеметпен отап кеткені де кездеседі.

Жетісу облысының губернаторы Фольбаум облыста «әскери серуен» қызметін ұйымдастырып, оның қызметін бүлікті жылдам басу үшін ең қауіпті деген өңірлердің тас-талқанын шығарып, неше жүз адамын сұраусыз қырып салу керек, сонда басқа облыстар сабақ алады деп нақтылады. Осындай тапсырмалардың негізінде тұтас қазақ даласын мұздай қаруланған патша әскерлері мен атты казактар кезіп жүрді. Өлке орталығы, облыс орталығы мен уезд орталықтарында әскер санын толтыру мақсатында көптеген қарулы күш жасақталып жатты. Тіпті батыс майданға жасақталған әскердің де бір бөлігі осы қызметке тартылды. Ол аздай Қытайдың Құлжа қаласында тұрған жүздіктердің бірі шақырылды. Осындай жолдармен жасақталған жазалаушылардың тек қана Жетісу жеріне жіберілген саны 8750 найзалы мылтығы бар 95 рота, 3900 қылышы бар 24 жүздік, 16 зеңбірек, 47 пулемет жіберді. Бұның сыртында Жетісудың өзінде жасақталған 14190 казак-орыс пен мұжықтар қосылды. Бейресми деректерге сенсек, Жетісу өңіріндегі көтерілісті басып-жаншуға 30 мыңға жуық қарулы күш жұмылдырған. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Курапаткин қарулы күшке берген бұйрығында көтерілісшілерді жасына, жынысына қарамай тұтастай қырып тастау туралы бұйрық берген. Бұл дегеніміз нағыз геноцит ұйымдастыру деген сөз болатын.

Bundesarchiv_Bild_146-1982-077-11,_Russland,_Minsk,_gefangene_sowjetische_Soldaten.jpg

Елге жүргізген геноцидтің нақты дәйегі ретінде бір неше оқиғаларды мысалға келтіруге болады. Соның бірін Сайлау Ағыбаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 8 қазандағы санында келтіреді. Сонда жазалаушылар ішінде болған Коробин дегеннің айтқаны: «…Өткен айдың аяғында Шәлкөде постысында Иван Пшеничныйдың бұйрығымен Ылайлы қыстауына бардық. Онда 42 ер адам, 62 әйел, 56 бала болды. Оларда 45 жылқы, 43 сиыр, 50 шақты қой бар екен. 29 желтоқсан күні еркектерді Охотничийға (Нарынқол) айдадық. …Қараңғы түсе Савенков, Черкашин үшеуіміз олардың бәрін қырып тастадық. Қазақтарға 200 оқ жұмсадық. Тірі қалғандарды қылышпен шаптық». Осы дерекке қарасақ осынша адамы бар ауылда 45 жылқы, 43 сиыр мен 50 шақты ғана қойдың болуының өзі – қазақтардың кедейшілік халін анық көрсетіп отыр. Сол бейшара ауылды тігерге тұяқ қалдырмай қырып салу және бұның тек бір ауылда ғана болған оқиға емес екенін ойлау тіпті қасіретті. Оқиға 1916 жылдың 29 желтоқсанында болған. Ал осындай жағдайлар 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін жалғаса берген. Одан кейінгі азамат соғысы тұсындағы қырғын мүлде бөлек әңгіме.

Шілдеде басталған көтеріліс қыркүйектің ортасына қарай жөнді қаруы, әскери дайындығы жоқ болғандықтан әлсірей бастады. Енді шегіне соғысып, тау-тасты паналап, қашқан елді шекарадан қорғап өткізу секілді тәсілдерге көшті. Ал зеңбірек сүйрей, пулеметін сайлай келген жазалаушы әскерлер ел соңында қалып қойған, қарусыз, қауқарсыз жұртты қынадай қырды. Әсіресе арнайы қаруландырған қоныс аударған орыстар мен казак-орыстар ешбір аяушылық жасаған жоқ. Бала-шаға, кәрі-жас, ер-әйел демей отап кетіп отырды.

Көтерілісті басып-жаншу ешқандай заң нормасынсыз, адами моральдан тысқары, қалай болса солай жүрді. Сонымен қатар бұған қатысты қатталып-шотталған архив деректері де тым мардымсыз. Алайда ел ішіндегі осы қырғынды көзі көрген адамдар өле-өлгенше айтып та, жазып та жүрді. Сондай деректердің бірі бұрынғы Кеген ауданы, Жаңа Тоған колхозының мүшесі Жазылбек Серібайұлының 1936 жылы жазған «1916 жылғы көтеріліс туралы» деген естелігі: «…Тау Шелектен бері қарай Албан руы Қытай шегіне қарай үрікті. Нарынқол, Сүмбе шектеріне барғанда шек баққан Қытай әскері үріккен елді Қытайға өткізбей тоқтатты… Нарынқол шегінде Албанның үстіне Қарақол уезінен қырғыздың Бұғы руы үркіп келіп қосылды… Үріккен ел екі ай шамасында Нарынқол, Сүмбе шектерінде қамалып отырды… Бір күні «үш-төрт жүз әскерімен, бірнеше әскер бастығымен Кравченко келіпті», – деген сөз шықты… Қақпақтың ауызы мен Текес суының жағасында аздап атыс болды… Күн кеш кіріп, түн болған соң, Кравченко әскері Қақпаққа келіп қонды… Таң атқан соң, Кравченко Қақпақтан шығып, зеңбіректі гүрілдетіп Нарынқолға келді… Қырғыздан көп адам шығын болды… Зеңбіректің жалындаған оғын көрген соң, Қытайдың шек әскерлерін тыңдамай, құмырсқаша басып, Албан, Бұғы Қытай шегінен өте шықты…». Бұл туралы Қытай деректерінде де айтылады. 1916 жылдың 22 қазаны күні Текес өзені бойындағы Қытай заставасының бастығы Го Ибао Іле қорғаныс комиссары Яң Фишаға мына жағдайды мәлімдепті: «19 қазан күні таң азанда Ресейдің 500-ден астам әскері Ресей қазақтарына зеңбіректен оқ жаудырды, көп ер-әйел, үлкен-кіші, ұл-қыздар қырылды… Ресей қазақтары еліміздің ішкі жағына тым-тырақай жанталаса қашты. Біздің әскерлер оқ атып тоқтатпақ болып еді, олар өлген-тірілгеніне қарамай, шекараның ішкі жағына өтіп кетті…».

(Жалғасы бар)