«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Қазақстандағы жәрмеңкелік сауда. 2-бөлім

1413
Қазақстандағы жәрмеңкелік сауда. 2-бөлім

«Қазақстандағы жәрмеңкелік сауда» мақаласының алдыңғы бөлімі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс-қазақ саудасының даму себептері мен жағдайы туралы әңгімелеген болатын. Отарлаушылардың сауда саясатының пайда болуының негізгі сәттері, көшпелі өркениетпен жәрмеңкелік сауда жүргізудің ерекшеліктері, өлке әкімшілігінің рөлі және жәрмеңкелердің сыртқы көрінісінің жалпы сипаты айтылған еді. Екінші бөлімде Qazaqstan Tarihy порталы оқырмандарды Қазақстанның жекелеген қалаларындағы жәрмеңкелік сауданың жай-күйімен және олардың өңіраралық мән-маңызымен таныстырмақшы.

Мақаланы дайындаған кезде Т.К.Щеглованың «Ярмарочная торговля Западной Сибири и Степного края во второй половине XIX века» монографиясының материалдары қолданылды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Далалық өңірде жәрмеңке желісін ұйымдастыру мал шаруашылығы өндірісін белсенді бүкілресейлік тауаралмасуға қосты. Далалық өлкенің жәрмеңке жүйесі оңтүстік шикізат нарығы мәртебесімен шарттасқан тауарлар қозғалысының жалпы бағытымен байланысты болды. Сонымен қоса, тарихи дәстүрлерге орай далалық өңірдің әрқайсысында өзіндік өтізу нарықтары құрылды. Тауарлардың Томск губерниясы мен Семей облысының, Батыс Сібірдің алтын кені орындарына, Ірбіт, Крестов, Ишим, Нижегород сияқты бүкілресейлік жинап-бөлу нарықтарына, Орталық Азия нарықтарына, Моңғолия мен Қытайға шығару жәрмеңкелік жүйенің ұйымдастырылуы мен қызмет етуін айқындады. 

Шай, астық, жылқы, балық саудасының арқасында Семейлік сауда желісі Томск губерниясының нарықтарымен байланыс орнатты. Егіншіліктің нашар дамуы, Семей облысы аумағында тұзды және балықты көлдердің болуы және Қытаймен шай саудасы сауда байланыстарының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап екі өңірдің шекарасы бойында өзарабайланысты сауда-саттықпен жәрмеңкелік аудандар қалыптасты, онда Алтай өңірінің егін шаруашылықтары мен қазақ даласының малшылары арасында қарқынды тауар алмасу жүріп жатты. Томск губерниясының оңтүстік-батысында да сауда қарқынды жүріп жатты. 1850-ші жылдары Алтай нарығына Қазақстаннан көксауыр тері, былғары бұйымдары, қытай шайы мен қант әкелінетін. Змеиногорск кеңсесінің деректері бойынша әкелінген тауарлардың едәуір бөлігін Норд-Зайсан көлінен әкелінген тұздалған және балғын қызыл балық құраған. Алтай таулы аймағының оңтүстік-батысындағы айырбас саудасы Орталық және Кенді Алтайдың кен зауыты кенттері мен кен орындарының халқын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде үлкен маңызы болды. Семей және Өскемен қалаларында сату үшін семейлік көпестер Томск губерниясының жәрмеңкелерінен нан мен бал және бағалы аң терісін сатып алатын. Алтай кен басқармасының 1851 жылғы есебінде былай делінеді: «Население Змеиногорского рудника занимается ловлею в весьма малых количествах», пушнина и меховые изделия «бывают привозимы в здешний рудник для продажи калмыкам… получаемые от зверей шкурки вывозятся… торгующими разного рода людьми в города… Усть-Каменогорск, Семипалатинск». 

Өскемендегі Андреев жәрмеңкесі Семей облысының Томск губерниясымен тұрақты байланысының арнасы болды. Онда Томск губерниясының шаруалары бал, нан, сүттен алынған май, тері, терісі бағалы аңды, ал қазақтар киіз, қой терісін, елтірі саудалайтын. кейбір жылдары жәрмеңкеге Бийск уезінен шаруа кәсібінің өнімдері, оның ішінде ағаштан жасалған ыдыс-аяқ әкелінген. 

ХІХ ғасырдың екінші жартысында астық саудасының арқасында екі өңір арасындағы сауда байланысы нығая түсті. Зерттеушілер Ж.К. Қасымбаев пен Б.З. Отарбаеваның пікірінше, астықты Томск губерниясының жақындығы Семей облысының халқын астықпен қамтамасыз етуде маңызды фактор болған. С.А.Судетов тіпті Семей облысындағы нанның құны Томск губерниясындағы астықтың жай-күйіне тәуелді болды деп те айтады. 1879 жылы Семей облысының әскери губернаторы Павлодар, Қарқаралы және Семей уезінің көшпелі халқы Томск губерниясынан жыл сайын 910 пұтқа дейін бидай мен қарабидай сатып алады деп жазған. Семейлік саудагерлерге Жетісу облысының Сергиополь уезінде астық нашар шыққан жылдары жетісу қазақтары да қосылған. Губернатордың айтуынша 1879 жылдың күзінде Семей мен Өскемен арасындағы Ертіс арқылы өтетін өтпежолдардың бәрі де Бийск өңірінің деревняларынан астық алуға аттанған қырғыздың түйелерін өткізумен болған. 

Айырбас жәрмеңкелерінің негізгі аймағы Томск және Семей оңірлерінің уездері мен болыстарының шекаралас аймақтарында қалыптасқан. Жәрмеңкелердің алғашқы тобы Барнауыл уезінің солтүстік-батыс болыстары мен Қайыңды уездінің селолары аумағында орналасқан. Далалық өлкенің жақын болуына байланысты Томск губерниясының солтүстік-батыс бөлігіндегі көптеген жәрмеңкелер малшаруашылығына орай мамандандырылды. Ауылдық старосталардың баянаттарына сәйкес семейлік көпестердің саудасында аталған өңірдің жәрмеңкелерінде сатылу көлемі жағынан малшаруашылығы, ал сатып алу көлемі бойынша астық өнімдері бірінші орында болған. Барнауыл уезінің Бердский селосындағы 1889 жылғы жәрмеңкеде «астық алуда көбінесе қырғыздар басты сатып алушылар болған. Сатуға жылқы әкелгендер де солар». Малшаруашылығы тауарларын сатуда жылқы мен ірі қара мал басым болған, жұмысқа арналған жылқылардың бір бөлігін жергілікті шаруалар сатып алған. Томск губерниясының кейбір жәрмеңкелері жылқы жәрмеңкесі деп аталған. Оларға Қойың уезінің Спасск селосындағы үшкүндік Троицк жәрмеңкесі жатады. Троицк жәрмеңкесіндегі сауда уақыты Түмен мен Тобылға дейін астық пен малшаруашылығы шикізатын алып өтетін Ертіс өзеніне келетін пароходтардың уақытымен және Батыс Сібірге жылқылардың айдалып өтуімен тұспа-тұс келетін. Қайың уезінің Вознесенский селосындағы Девятипятницкая жәрмеңкесі де жылқыларымен аты шыққан. 1878 жылы ең керемет жылқылар 50-60 рубльден сатылған. 

Далалық өңірмен шекаралас Құлынды, Төменгі Құлынды, Покров, Александров, Шелковниковский, Қарасөк болыстарының жәрмеңкелерінде Семей облысының көпестері белсенді сауда жасаған. Семей облысының саудагерлері жылқы айдап апаратын Локтев селосындағы Екатерининская жәрмеңкесі жылқы саудасымен ерекшеленген. Барнауыл уезінің Марзакол селосының шаруалары: «приезд покупателей и торговцев с разными мануфактурными, красными и прочими товарами из городов Павлодара и Семипалатинска, расстояние которых от нашей деревни 250 в. … а также киргиз со своими изделиями — кошмой, маслом, скотом, для покупки хлеба и кочующих не в дальнем расстоянии» осылай деген. 

Жылқы саудасымен қатар шекаралас жәрмеңкелер балық саудасымен де ерекшеленетін. Барнауыл уезінің оңтүстік және батыс болыстарының жәрмеңкелеріне Зайсан көлінен балық әкелінетін. Зайсан сыланы ерекше сұранысқа ие болған; сонымен қатар шортан (1 пұты 1 рубль 60 тиын), алабұға (1 пұты 1 рубль 60 тиын), лақа, аққайран, қарабалық (1 пұты 2 рубль 30 тиын), мөңке балық (1 пұты 2 рубль 50 тиын) та саудаланған. «Жазда ауланған балықты күн көзіне кептіреді, ал қыста қатырып, Көкпекті, Өскемен мен Семейге, ол жақтан Алтай кенді аймағының деревняларына, кен орындары мен зауыттарына саутаға жібереді». 

Томск губерниясының жәрмеңкелер желісі арқылы Шығыс Сібірмен байланыс өрби түсті. Бұл жақтың халқынан малшаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күшті болатын. Шығыс Сібірдің алыстығына байланысты өңіраралық жәрмеңкелер желісі арқылы алтын кені орындарына қатырылған етті қыста және жазда жылқы мен ірі қара мал айдап әкелу арқылы сауда жүргізілді. Мысалы, павлодарлық көпестер облыстың басты жәрмеңкелерінде – Ботов және Шардағы жазғы және күзгі жәрмеңкелерде 100 мың рубльге бұқаларды сатып алып, оларды Павлодар жанындағы жайылымдарға жіберетін, ал көктемде сойып, Шығыс Сібір кен орындарына аттандыратын. Осылайша, Семей облысы мен Томск губерниясының жәрмеңкелер жүйесі қазақтардың малшаруашылығы мен шаруалардың егіншаруашылығының экономикалық өзара қарым-қатынасын қамтамасыз еткен. 

Сауданың оңтүстік бағыты Жетісу мен Семей облыстарының жәрмеңкелері және халықаралық сауда арқылы жүзеге асатын. Жетісудан астық наны, ұн, жарма, сұлы, ауылдық қолөнер бұйымдары әкелінетін; Жетісу базарларындағы басты тауар – балық пен бал болды. Мал саудасы Семей мен Жетісу облыстарының толассыз жәрмеңкелер жүйесінің қалыптасуына әкелді. Мал саудасы сонымен бірге Семей облысын Түркістан өлкесімен де байланыстырды. Қоянды және басқа да жәрмеңкелерде сатып алынған мал Ташкент пен Бұқарға жіберілетін. 1893 жылы Далалық өлке мен Сібірден Қытайға жіберілетін тауарлар бойынша Семей облысы бірінші орында болды. Қытайға шығарылатын барлық тауардың 60% соның нарығы арқылы өтетін. 

Бүкілресейлік нарықтарда Семей облысының көпестері мал шаруашылығы өнімдерінен басқа, балық және тұз кәсіпшіліктері өнімдерін, әсіресе Өскемен уезінде кең дамыған омарташылық өнімдерін сатумен танымал болды. Ірбіт пен Нижегород жәрмеңкелерінде Бұқтырма алқабының балы зор сұраныста болды. Ірбітте сату үшін Өскемен, Бұқтырма және Алтай жәрмеңкелерінде бал, балауыз және бағалы аң терілері сатып алынатын.

Ақмола облысының жәрмеңкелер жүйесіндегі саудада тауар ағыны келесідей қалыптасатын: 1) Тобыл губерниясының базарлары үшін; 2) Орал базарлары үшін; 3) бүкілресейлік жәрмеңкелер үшін; 4) Түркістан базарлары үшін. Ақмола облысының жәрмеңке жүйесінің Семей облысынан ерекшелігі – ол көбінесе Батыс Сібір, Орал мен Еуропалық Ресей жәрмеңкелеріне бағдарланды. 

Тобыл губерниясының өңдеуші өнеркәсібі үшін қазақ даласынан ірі қара малдың майы, терісі сатып алынатын да, дайын тауар зауыттан Ақмола облысының жәрмеңкелеріне жөнелтілетін. Батыс Сібір генерал-губернаторының есебінде былай делінген: «Тобыл губерниясы, әсіресе Түмен, бүкіл Батыс және Шығыс Сібірді , сонымен қоса, қырғыз даласы арқылы тері жіберілетін Орта Азияның басты базарларын былғары бұйымдарымен қамтамасыз етті». ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ақмола облысының жәрмеңкелерінде нан Тобыл губерниясынан әкелінген басты айырбас өнімі ретінде болды. Тобыл губернияларының оңтүстік уезінде өндірілген астықтың артық қалған бөлігі қазақ даласында сатуға жіберілетін. Ишим земствосының исправнигі былай деп жазған: «По имеющимся сведениям, половина Ишимского уезда имеет большее тяготение к Петропавловску, в 12 в. от которого находится граница Ишимского уезда, чем к городу Ишиму: так, например, ишимские крестьяне являются поставщиками около 75% всего количества хлеба, привозимого на Петропавловский рынок». 

Ақмола облысы жәрмеңкелері мен Орал бойы, Башқұрт және Еділ бойының жылқы саудасы арасында тікелей сауда байланысы болған. 1894 жылы Ақмоланың Константинов жәрмеңкесінен Орынбор мен Самараға 6647 жылқы айдалған. Преснов, Пресногорьков және Тайыншакөл жәрмеңкелері арқылы Қорған, Екатеринбург, Шадринск қалаларына ірі қара мал мен қой айдалған немесе Петропавлда сойылып, әрі қарай еті жөнелтілген. Ақмола жәрмеңкелеріндегі Түркістандық сауда өңірліктен гөрі, транзиттік мәнге ие болған. 

Түркістан тауары Ақмола облысындағы керуендік және жәрмеңкелік сауда арқылы Тобыл губерниясы мен Оралға жеткізіліп тұрған. Батыс Сібір генерал-губернаторының 1885-1883 жылдардағы есебінде Қорған мен Ялуторов уездерінің ортаазиялық иеліктермен сыртқы сауда қатынастары Петропавл мен Ақмола арқылы жүзеге асты. Негізгі маршрут Ақмола мен Тайыншакөл жәрмеңкелері арқылы өтті. «Ташкенттік тауарлармен» негізгі сауда Ақмола жәрмеңкесінде жүргізілді. Саудадан қалған артық тауар Тайыншакөл жәрмеңкесіне жіберілетін де, одан әрі Тобыл губерниясына аттанатын. Осылайша, шығарылатын саудада Семей мен Ақмола облыстары арасында жәрмеңке желісі арқылы белгілі бір географиялық-экономикалық бөлініс қалыптасты. 

Олардың әрқайсысында көршілес аймақтармен тығыз тікелей қарым-қатынастар қалыптасты: Семей облысы үшін бұл Томск губерниясымен, Шығыс Сібірмен, Жетісу облысымен және Қытаймен сауда болса, Ақмола облысы үшін – Тобыл губерниясымен, Орал және Орта Азия қалаларымен. Алайда Далалық өлкенің Ресей нарығымен сауда байланыстары ХІХ ғасырдың екінші жартысында да тікелей болған жоқ, бүкілресейлік жәрмеңкелер жүйесі арқылы жанама болды. Далалық өлкенің, оның ішінде Ақмола мен Семей облыстарының алыстығы тауарларды ресей нарығына тасымалдауда қиындық туғызды. Олардың аумағынан тауарларды тасымалдау үшін жазғы Нижегород және қысқы Ірбіт жәрмеңкелерінің басымдылығымен бүкілресейлік жәрмеңкелер желісі пайдаланылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ақмола мен Семей облыстарының жайылған жәрмеңкелер желісі арқылы шығарылатын көтерме сауда көлемінің өсуі малшаруашылығы алдан ала топтастыру үшін Далалық өлке шекараларының маңында жаңа көтерме сауда пункттерінің салынуын талап етті. Қазақстаннан Ірбіт пен Нижегород жәрмеңкелері жолындағы май тауарларын бірінші «жинақтайтын орын» Ишим жәрмеңкесі болды. Замандастарының жазуынша, 1890-шы жылдары майды оған «негізінен Ақмола облысының Тайынша көл жанындағы жәрмеңкеге қазақ даласынан айдап әкелінетін малдан жинаған. 

Бұл жәрмеңкеде 1/2 млн жуық ұсақ мал және 100 мыңға жуық ірі қара мал сатылады». ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы екінші жинақтау орны қаңтардың бірінен ақпанның бесіне дейін өтетін Түмендегі Васильев жәрмеңкесі болған, бұл жәрмеңке Қазақстанмен Обь-Ертіс су жүйесі арқылы байланысқан. ХІХ ғасырдың ортасында тағы да екі жинап-бөлу жәрмеңкелері – Крестов және Мензелин жәрмеңкелері пайда болды. Ақмола, Семей және Жетісу облыстары үшін Крестов жәрмеңкесінің үлкен рөл атқарды. Крестов жәрмеңкесінің құрылуымен Далалық өлкенің жәрмеңкелер желісінің бүкілресейлік нарықпен байланысы нығая түсті. «Сибирьская газета» тілшісі былай деп жазған: «Для Степи, Крестовская ярмарка в закупке промышленных товаров играла большую роль, чем для сибирских купцов. Но для последних она имела значение оптовой скупки произведений Степи». Замандастары Крестов жәрмеңкесіне Нижегород жәрмеңкесінің жалғасы ретінде қарады. 1881 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде мануфактураның көп болғаны соншалық, саудагерлер алдағы Нижегород пен Крестов жәрмеңкелерінде кредиторларына төлеу үшін қалай да болсын ақша табу үшін өздері шығынға кіріп жатса да, тауарларын арзан бағаға сатқан. Халықаралық саудада рөлінің артуына байланысты Ірбіт жәрмеңкесінде азиаттық тауар айналымы өсті. Тарихшылардың пікірінше, Ірбіт жәрмеңкесінің трансазиаттық саудамен байланысы екі бөліктен тұрған: Қазақстан мен Түркістанның ішкі саудасы және Моңғолия және Қытаймен сыртқы сауда. Ірбіт, Ишим, Түмен жәрмеңкелерінде азиаттық сауданың дамуы негізінен ресей-қазақ саудасы есебінен жүрді. Нижегород жәрмеңкесі түркістандық сауда-саттықтың жетекші орталығы болып қалды. 

Еуропалық Ресейдің нарығына енгізуге арналған Түркістаннан келген тауардың негізгі бөлігі оның азиаттық сауда үй-жайларына кететін. Қазақ жерлерінің Ресейге қосылу үдерісінің аяқталуы, олардың мемлекет құрылымына және Ресей империясының бірыңғай шаруашылық механизміне енгізілуі Қазақстан халқының Ресей және Азияның көрші елдерімен сауда-экономикалық байланысының нығаюына әкелді және ішкі сауданы жандандырды. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында айырбас алаңдары басты рөлді атқарды. 

Трансазиаттық сауда Орынбор, Троицк пен Петропавлдың айырбас алаңдарында шоғырландырылды. Бұл жерде сауда оңтүстік ауылдардың алғашқы көшінен бастап соңғы малшылардың қыстауға кеткеніне дейін жаз бойы жүретін. Сондықтан да айырбас алаңдары ірі жәрмеңкелік сауда орталықтарына айналатын. Алайда сол кезде олар бірыңғай жүйені құраған емес. ХІХ ғасырдың ортасында шекаралас қалалар ресей-азия сауда байланыстарының орталығына айналды. Сібір және Түркістан сияқты екі маңызды сауда артериясының тоғысында орналасқан Петропавл қаласы Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігіндегі Есіл бойының жетекші экономикалық орталықтарының бірі болды. Айырбас алаңдарынан өзгешілігі – шекара маңындағы қалалар арқылы, әсіресе, жазғы керуендердің өтетін кезінде трансазиаттық сауда жыл бойы жүретін. 

Қалаларда қоймалар салынып, оларға жыл бойы өндірістік тауарлар әкелінетін де, кейін Далалық өлкенің алыс өңірлеріне сатуға және айырбасқа шығарылатын. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында шекара маңындағы сауда-саттық пункттеріне әкелінетін тауардың басым бөлігі бүкілресейлік Нижегород және Ірбіт жәрмеңкелерінен келетін. Ал оларға Азиядан мақта, өңделмеген жібек, кілемдер, жібек және мақта маталар, елтірі, ешкінің түбіті, жеміс-жидек тиелген арбалар жөнелтілетін. Екі жүз жыл бойы Ірбіт және Макарьев жәрмеңкелері қазақстандық және ортаазиялық тауарларды шоғырландыруда және Қазақстан, Орта Азия, Қытай мен Шығыс Түркістанға орыс бұйымдарын жіберуде үлкен рөл атқарды.

Автор: Аян Аден