«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл

1200
Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл

Бүгін қазақ композиторы, «қазақ вальсінің падишасы» және Қазақстан Республикасы гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толады. Осы мерейлі күнге орай Qazaqstan Tarihy порталы ұлы музыканттің кейбір шығармаларының өмірге келу тарихы туралы әңгімелейді.

Шәмші Қалдаяқовқа дүниеге келгенде Жәмшид есімінің берілгенін көпшілік біле бермейді. Кейіннен «Жәмшид» «Шәмшіге» айналып, құжаттарға да осылай жазылған. Бұнымен қоса, Ш.Қалдаяқовтың жары Жәмилә апай Шәмшінің әкесінің аты да Қалдаяқ емес, Әнапия болған деп еске алады. Аяғындағы қалға байланысты жеңгелері «Қалдаяқ» деп атап кеткен. Ш. Қалдаяқовтың өз айтуы бойынша ол ән-жырға, музыкаға құмар отбасында тәрбиеленген. Әкесі ұста болғанымен, музыка өнеріне өте жақын болған, домбыра, гитара, сырнай сияқты аспаптарда тамаша ойнаған. Анасы жақсы ән сала алған сол себепті де «отбасы әншісі» атанған екен. Композитор ретінде Ш.Қалдаяқов үш жүзге жуық шығарма жазған, солардың ішінде ондаған жылдан кейін Қазақстан Республикасының гимніне айналған «Менің Қазақстаным» туындысының шоқтығы ерекше биік. Бұл туындыны композитор қайтыс боларынан бір жыл бұрын жазған, алайда көзі тірісінде-ақ оны гимн деп атаған екен. Замандастарының еске алуынша, бірде Шәмшіге аңыз бойынша Нұх пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт туралы жыр жазу ұсынылады, сол кезде Шәмші: «Қазығұрт туралы ән емес, гимн жазу керек, бірақ мен бір гимнді жазып қойғанмын, енді екінші гимннің шығуы неғайбыл»,-деген екен. Белгілі қазақ жазушысы әрі Қалдаяқовтың досы Қалаубек Тұрсұнқұлов өз естеліктерінде композитордың кейбір әндерінің шығу тарихы туралы айтады. Мысалы, жазушының айтуынша «Арыс жағасында» әнін композитор жолдастарының өтініші бойынша жазған екен. Сол кезде Шымкентте тұрып жатқан Ш. Қалдаяқовқа достары пианино сыйламақшы болады. Алайда оған себеп болмады. Содан достары одан туған өлке туралы ән жазуын сұрайды. Осылайша «Арыс жағасында» әні дүниеге келді. Ән алғаш рет комсомол комитетінің жиынында орындалған кезде, достары пианиноны сыйлады»,-дейді Қ.Тұрсұнқұлов. ол сонымен қоса «Ақ бантик» әнінің туу тарихы туралы да айтады. Сөйтсе, бұл әннің тууына Шәмшіні тойына шақырған обком хатшысы Қаражан Әбіләзімовтың үйлену тойы себеп болған. Жас композитордың тойға сыйлық апаруға мүмкіндігі болмағандықтан, ол ән сыйлауды жөн көреді. Көп ұзамай ол шенеуніктің жарының мектепті жуырда ғана бітіргенін естиді де, мерекелік жыр атауы осылайша пайда болады. Бұндай оқиғалар жетерлік. Қазақстан Республикасының тұңғыш гимні авторларының бірі, ақын Қадыр Мырза Әлі «Тамды аруы» әнінің шығу тарихы туралы былай дейді: «Бірде мені Шәмші шақырды. Сөйтсем, ол Өзбекстан Республикасының қазақтар көп тұратын Бұхар облысының Тамды ауданына барып келген екен. Ол жер жартылай шөл дала, Шәмшінің айтуынша «резервация». Бірақ ауа-райының қаталдығына қарамастан, халқы өте кеңпейіл! Халқы шығармашылықтан да құр алақан емес. Сөйтіп, сол жердің тұрғындарымен болған кездесулердің бірінде Шәмші Тамды аруы туралы ән жазуға сөз береді. Кенет залдағы жұрт арасынан бір жас жігіт тұрып, әннің сөзін өзінің сүйікті ақыны Қадыр Мырза Әлі жазуын өтініп тұрып сұрайды. Шәмші әрине, дәл солай болатынына сөз береді. Осы жерде мен шынымен-ақ шошып кетіп: «Шәке, мен ол жерде ешқашан болып көрген емеспін, ол жердің қыздарының қандай екенін білмеймін, ешқашан көрмегенмін. Қалайша өлең шығарамын!»,-дедім. Бұған сасқан Шәмші жоқ, қағаз алып бірдеңелерді жазып, сызып, түсіндіре жөнелді: «Міне, мына жерде күллі облыс, мына жерде – аудан»,- деп, қай жерлерге барғанын, кімдермен кездескенін есіне түсіре бастады. Неге екенін білмеймін «Мыңбұлақ» деген сөз есімде жатталып қалыпты (Тамды ауданындағы ауылдардың бірі). Үйге келе жатқан бойда осы атау құлағымнан кетпей қойды. Көп ұзамай өз-өзінен өлең де туды».

Шәмші Қалдаяқов өте қарапайым адам болған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында композитор қатты ауырып, ауруханаға түседі, оның халін білуге әріптестері де келіп тұрады. Композитордың замандастары оның халін білуге Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев және басқалардың да келіп тұрғанын еске алады. «Менің Қазақстаным» әнінің гимн болу керектігін айтқан да - солар. Айтқандай-ақ, композитор дүниеден өткеннен кейін он төрт жылдан соң ән гимнге айналды. Шәмші Қалдаяқов 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

Автор: Аян Аден