Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абай: Ақиқатты білмек үшін үйрену керек

3234
Абай: Ақиқатты білмек үшін үйрену керек  - e-history.kz
Абай әлемі бірегей құбылыс. Абай - қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде 2018 жылы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталатындығын тұжырымдаған болатын. Әрбір ел тарихи тамырымен ғана мақтана алады. Ұлы далада Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғыры дүниеге келді. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу сабақтастығы басты мұратымыз. Қоғамдық сананы жаңғыртуда Абай мұрасының рухани азық ретінде қызмет атқарып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ақын шығармаларынан тағылым алу, Абайды жаңаша зерделеу қажеттігі жөніндегі бастамасының өзектілігі зор.

Еуразиялық кеңістіктің түйіскен жерінде дүние есігін ашқан Абай, халықты білімге, ғылымға, еңбекқорлыққа үндеген ақындардың бірегейі. Себебі ақын ғылымды әлеуметтік жағдайды тұпкілікті өзгерту, әділетті орнату құралы ретінде қарастырды: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста». Ақын өзі өмір сүрген замандағы алдыңғы қатарлы технологиялық жағынан дамыған елдердің даму тарихына, ақыл-ой жүйесіне, мәдениетіне, әдебиетіне көз тікті. Мұқтар Әуезов Абайдың ақындық дарынының үш көзін: қазақ халқының ауыз әдебиеті қоры, екінші араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем поэзиясы, үшінші орыс халқы мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениетіне қатысты дүниелерден нәр алғанын тұжырымдаған болатын. Абай өмір сүрген уақытта Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің Семей кітапханасы каталогы тізімінде Спенсер, Спиноза, Р. Декарт, Д.С. Милль, Дрэпер, Ч.Р. Дарвин, У. Шекспир, И.В. Гете, Ф. Шиллер, Г. Гйне, Д. Байрон, О. Бальзак, А Мицкевич, А. Дюма және басқа авторлардың шығармалары жинақталған. Бұл өте зор рухани азық болатын. Ақынның шығармаларының көпшілігі адам болмысына қатысты болғандықтан да, жоғарыдағы авторлардың еңбегін айналып өтпегені айқын. Ал «Қара сөздерінде» кездесетін сонау антикалық эллин мәдениетінің классикалық үлгілері, ақынның рухани ізденісіндегі адамзаттың ортақ мұрасына аса мән бергенінің көрінісі. Жиырма жетінші сөзіндегі Гомер, Софокол, Зевксисті атаса, Сократтың қайшылықтарды шешу арқылы шындыққа жету диалектикасына орай отыз жетінші сөзде қалың жұртшылыққа: « - Сократқа у ішкізген кім?» деген сұрақ қояды. Қоғамда кездесетін адамдар арасындағы мінез-құлық надандығына налиды.

Қазақ қоғамында заман ағымын елдің жәй-күйін, мүддесін шеберлікпен бейнелеп айтқан қазақ ақындары аз емес. Расында Абай әлемі бірегей құбылыс. Абай - қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!». Осы бір өлең шумағын естіген сәтте, алғашында өзекті жарған өкініш пен әлсіз жанның үні тәрізді көрінуі мүмкін. Анығында зерделеп құлақ түрер болсақ, Абайдың өзінің еліне, ұлтына, жалпы жұртына деген ілтипаты мен зор сүйіспеншілігін аңғару қиын емес.

Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі».

Абай адамдардың рақымшылдығы, мейірбандығы, әділдігі ғана ақиқатты білуге жетелейтінін жұртшылыққа ұғындырды. Береке бастауы еңбек пен қарекет екендігін қалың елге ұғындыруға тырысты. Бұл өмірлік тәжірибемен келген тұжырым еді. Семей қаласы 1782 жылдан бастап бірнеше заводы, сауда және мәдени ағарту ошақтары, жәрмеңкесі бар уезд орталығы болатын. Ақын мұндағы кітапханада жиі болатын, балалары да училищеде білім алған. Комитеттің қарамағындағы Семей кітапханасы саяси жер аударылғандардың бастамасымен 1883 жылы құрылған мәдени мекеме. 1886 жылы комитеттің алғашқы ғылыми хатшысы Е.П. Михаэлистің ұсынысымен Семей облыстық статистикалық комитететінің толық мүшесі болып сайланады. Олардың кітапханада кездесуі достыққа ұласты. Осында орыс демократтарымен пікірлескен және Лермонтов, Пушкин, Крылов өлеңдерін жан дүниесімен қабылдаған және қазақ тіліне аударғаны әлем жұртшылығына мәлім. Статистикалық комитеттің жұмысына С.С. Гросс, А.А. Блек, А.А. Леонтьев және басқалар қатысты. Нәтижесінде «Қырғыздардың заң дәстүрлерін зерттеуге арналған материалдар» атты құнды зерттеу жұмысы басылып шықты. 1900 жылы «Памятные книжки Семипалатинской области» басылымы жарық көрді. Осы жылдан бастап ақын мәдени-ағарту мекемелеріне, қоғамдық ұйымдастыру ісіне белсенді қатысып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Семей кітапханасында кезінде Ш. Уәлиханов, Ф.И. Достаевский, американдық публицист Дж. Кеннан болған.

Абай білім алудағы негізгі мақсатты жіктейді. «...Орын таппай баптанба». Білімді надандыққа емес адал тірлікке жұмсау, ақыл сенген нәрсеге ғана сену, көзің анық жеткен шындықты тура айтудан тайынбау. Жақсы мен жаманды ажырата білетін біліммен қаруланған адамды құрметтеу қажеттілігін айта келе, ақылды да парасатты адамның идеал бейнесін ұсынады. Көкірек көзі ғана білімдіден шыққан сөзді ұғынатынын ескертеді. Ақын айналасындағы Ақылбай, Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай, Көкбай сияқты шәкірттеріне ақыл-ойы мен өнер-білім шапағатын сыйлады.

Абайдың көзі тірісінде, орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған – Әлихан Бөкейханов болатын. Абай қайтыс болған соң, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде ақынның өмірбаянын жариялады. 1907 жылы «Записки Семипалатинского отдела Императорского русского географического Общества» кітабында Абайдың өмірбаяны фотосуретімен қоса жарияланады. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы Петербургтың «Бораганский» баспасында жарық көрді.

ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның дамуы үшін де Абай әлемі мен өсиеті таптырмас құндылыққа айналып отыр. Абай сөзі - ел тұтастығы мен бірлігін болашаққа мәңгілік жетелейтін қасиетті рухани мұра.

Құндызай ЕРІМБЕТОВА, 

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, 

тарих ғылымдарының кандидаты.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?