Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

XIX ғасырдың екінші жартысындағы дәстүрлі мәдениеттің дамуы

3798
 XIX ғасырдың екінші жартысындағы дәстүрлі мәдениеттің дамуы - e-history.kz

XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясы сол кезде өлкеде болған тарихи оқиғалар туралы мәліметтер көрініс тауып отырды. Қазақ халқының тарихындағы ірі тұлғалардың атқарған іргелі істері де қазақ поэзиясында жырланды. Қазақ поэзиясының осы қасиеті туралы Ш.Уәлиханов былай деп жазған болатын: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен сенім-нанымдарын қайран қаларлықтай тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең-жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі, сауаттсыз ордадағы ауызша тараған үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық» деп жазды. Демек, қазақ халқының тарихы сақталған қазақ поэзиясының үлгілерінің маңызы жоғары екендігіне толық көз жеткізуге болады.

Ақмола облысы өңіріндегі күміс көмей, жезтаңдай әншілер, төкпе ақындар, шешен билер, жыршылар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы халықтың ауыз әдебиетінің, музыка өнерінің дамуына үлесін қосты.

Ақмола облысы өңірі қашан да хас жүйріктер мен таланттарға толы болды. Қазақ әдебиетінде, әсіресе, Көкше өңірінен шыққан өзінің поэтикалық шеберлігімен, шешендік өнерімен, тапқырлығымен, халық өмірін терең білуімен ерекше көзге түсіп, зор ілтипатқа, даңққа бөленген көптеген ақындардың есімі белгілі. Ән мен жырдың ордасы болған Көкшеден Шал, Шөже, Арыстанбай, Орынбай, айналасын әсем де сұлу, зарлы да мұңлы әуезді ән мен жырға бөлеп Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбрай шықты.

М. Жұмабаев жазғандай: "Ұшы қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға Отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді. Бұл өңірден Бертағының баласы Орынбай, Шөже, Тойлыбай бидің ұлы Арыстан,   Атығай соқыр Тоқжан, Атығай шал, Біржан сал, Ақан сері және т.б.   қазаққа кеңінен танымал болған ақындар шыққан». Отаршылдық саясатқа қарсы күрес поэзиясы қазақ көркем сөзінің дамуында озық идеясымен, халықтың мазмұнымен жаңа белес саналды. Патша үкіметі мен жергілікті билеушілерге қарсы наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия пайда болды, адамды суреттеудің жаңа бір тәсілдері қолданылды. Бұлардың барлығы өз мүмкіндіктері жеткенше әдеби арнаны толықтырды, сол кездегі болып жатқан өзгерістерді өзінше танып жырлады.

XIX ғасырдағы қазақ жыршыларының ішінде - Шөже Қаржаубайұлы елеулі орын алды. Шөже 1808 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданында кедей жанұясында дүниеге келген. 1895 жылы қайтыс болып сүйегі Айыртаудағы Абылай жотасында жерленген. Шөженің әкесі құлдықта, ал шешесі күңдікте өткен екен. Ол - айтыстың хас шебері. Айтыс үстінде ол өзінің суырып салма ақын екенін көрсете алған. Ақын барлық айтыстарында үміт пен күмән, зұлымдық пен әділдік, қайғы мен қуаныш, өмір мен өлім сияқты пәлсапалық түсініктерді тілге тиек етті. Сонымен бірге, Шөже айтыстары өзінің өткірлігімен де ерекшелене түседі. Оның Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тазбала және қыз ақындармен айтыстары белгілі. Шөже сазгер және әнші де болған. Ол орындаған "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" поэмасының көркемдігі жағынан ең үздік және толық нұсқасы халық арасында кең таралды. Ш. Уәлихановтың бағалауы бойынша, Шөже халықтың ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен ел шежіресінің асқан білгірі екенін атап көрсеткен. Оның кейбір өлеңдері жекеленген адамдарды мадақтап құрылған. Сөйте тұра, Шөже ел билеуші, бай, сұлтандардың зұлымдығын, парақорлығын, сараңдығын батыл сынға алған болатын.

unnamed.jpg

Мысалы, бір өлеңінде ақын Мұса деген байдың болыс болып тұрғандағы, тәкәппарлығы мен сараңдығын сынап жырлаған. Оның шығармаларына арқау болған отаршылдық қанау, ел билеу жүйесіндегі саясатты, қазақ қоғамының мешеу күйін сынауда Шөже өлеңдері едәуір көркемдік табысқа жетті.

Осы өңірде дүниеге келген ақындардың бірі Арыстанбай Тобылбайұлы. Ол да Көкшетау облысында туып өскен. Кенесары Қасымұлы қозғалысы кезінде Ұлытау даласына жіберілген орыс экспедициясына қатысқан. Кенесарының қолына түсіп қалған Арыстанбай туған жерімен қоштасады. Ақындық өнерінің құдіреті арқылы ғана басына бостандық алады. Ол сан қырлы талант иесі болған. Қолына домбырасын ұстап, күмбірлетіп ән шырқап, қисса дастандарды нәзік, әдемі даусымен созылта, сыңғырлата жырлаған. Ол әсіресе, эпикалық жырларды орындауды машық еткен. Оның аузынан эпикалық жырлар тыңдаған Шоқан Уәлиханов: «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» деген еңбегінде «Ер Көкше», «Ер Қосай» қиссаларын әдемі әрі тұтас айтатын бір ғана өнерпаз бар еді, ол Көкшетау дуанындағы Қойлы Атығайдан шыққан Арыстан болатын», - деп жазады. Арыстанбай ақынның шығармасының негізгі саласы - айтыс. Ақын Орынбай, Шөже, Сералы тағы басқа ақындармен айтысқа түскен. Арыстанбайды айтыс өнерінің, дүлдүл көгі, «ақиықтай саңқылдаған» ақпа ақын деуге болады. Келесі ел арасында белгілі ақындардың бірі - Орынбай Бертағыұлы. Орынбай 1813 жылы Көкшетау облысы, Айыртау ауданында туып, 1891 жылы қайтыс болған. Орынбайдың өз әкесі Байқожа, арғы атасы Бертағы ақын, жыршы болған. Орынбай 13-14 жасынан өлең шығарып, ақындық жолға түскен. Ақан серіні ерекше құрмет тұтып, бір-бірімен сыйласып өткен. Орынбай ақын өз кезінде Арыстанбай, Серәлі, Шортанбай, Шөже, Балта, Тоғжан, Құлтума тағы басқа ақындармен айтысқан. Оның ақындық өнерін Ш.Уәлиханов, В. Радлов поляк зерттеушісі А.Янушкевич, Ы.Алтынсарин. С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов тағы басқа зерттеушілер жоғары бағалап, өлең, толғау, айтыстарын жинап жариялаған. Мысалы, ақынды өз көзімен көрген поляк жазушысы А.Янушкевич өзінің қазақ жеріне жасаған сапары туралы жазған «Қазақ даласына саяхат кезіндегі хаттар мен күнделіктер» деген еңбегінде Орынбай ақынды талантты, суырып салма, ерекше орындаушылық қабілеті бар, отыз жастағы пысық ақын екенін көрсетеді. Орынбайдың Шөжемен, Арыстанмен айтысына қатысты    ел арасында дерек сақталған. Орынбай Шөжемен айтысқанда жиырма жаста екен. Шөже қырық жаста болса керек. Екеуі он екі ата Атығай, сегіз ата Қарауылдың рубасылары бас қосқан жиында айтысады. Орынбайдың, әсіресе, Серәлімен айтысы ерекше екенін атап өтуге болады. Бұл айтыста қазақ халқының әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері, отаршылдық езгі кезіндегі ауыртпашылық жағдайы, билік басындағыларға олардың жүргізіп отырған саясаттарының әділетсіздігін, қаталдығын, өзімшілдігі туралы сөз қозғалды. Ол жайлы әдебиетші Сүйіншіәлиев былай деп жазды: «Орынбай өз жырларында үстем тап өкілдерінің озбырлығын қатты сынға алады. Ары қарай ол дінді бұзып, жемқорлыққа салынған қожа-молдалардың жемқорлығын ерекше әшкерелейді.

Орынбай тек қана айтыс ақыны ғана емес, оның көптеген өлеңдері де болған. Ақынның бір топ өлеңін арнау ретіндегі толғауға жатқызуға болады. Олар: «Ерден батырға», «Базылға» сияқты негізінен мақтау мақсатындағы толғаулар. Өлең арнауының екінші тобы сын-сықақ ретінде келеді. Олар: «Нүркей ақынға», «Бексұлтан байға», «Бари ахунға» айтқандары. Орынбай ақынның мұралары ішінде халықтың әдет – салт өлеңдері стилінде тараған шығармалары да кездеседі» дейді.

Қазақ халқының ауызша шығармашылығының туындыларын туғаннан бойына біткен дара қасиетті бар суырып салма ақындар жасаған. Олардың туындыларының мазмұны мәнді, терең болуы, халықтың арасында зор құрметке ие болып, ауыздан-ауызға, болашақ ұрпаққа таралып, халық зердесінде сан ғасырлар бойы сақталып келді. Х.Сүйіншіәлиев XIX ғасыр әдебиеті өкілдері туралы еңбегінде «Ақын атаулы халық қайғысына үн қосып, әлеуметтік шындықты тайға таңба басқандай бейнелеп, ерлік күрес шежірелерін жазды» деп атап кеткен. Сондықтан осы дәуірде азаттық рухты аңсап, ерлікке үндеген күресшіл қазақ поэзиясы өмірге келді.

XIX ғасырдың екінші жартысындағы Ресей империясының отаршылдық әрекеттері қазақ қоғамының дәстүрлі жағдайын өзгертіп, қазақтың жазбаша әдебиетінің пайда болуына өз ықпалын тигізді. Яғни, осы кезде қазақ халқы орысша білім алып, еуропалық мәдениетпен танысып, сонымен қатар, өз еліне қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырды. Олар жаңа заманның өнерін, білімін, ғылымын, мәдениетін меңгеруді мақсат етіп қойды және сол арқылы алдыңғы қатарлы елдерге теңелуге, теңдікке жетуге болатынына сенді.

XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің дамуы аса көрнекті ағартушы, ғалым және зерттеуші Шоқан Уәлихановпен тығыз байланысты. Ол патша үкіметінің отаршылдық саясатының зардаптарын түсіне отырып, одан құтылудың жолы қазақ халқы қолына қару алып күресуде емес, қайта орыс оқуы, білімі мен ғылымы арқылы дамыған елдердің қатарына қосылған жағдайда ғана отаршылдықтың бұғауынан құтыламыз деп сенді. Бұл жайлы Ш. Уәлиханов былай: «Халықтың қалыпты өсу және дамуы үшін ең алдымен бостандық пен білім қажет. Демек, алдымен оқып үйрену керек»- деп жазады».

Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбектерінде қазақ халқының әлеуметтік-саяси қарым-қатынастарға байланысты: «Абылай», «Қырғыздың ата-тегі», «Көне дәуірдегі қырғыздың қару-жарығы және әскери жабдықтары», «Сахарадағы мұсылмандық туралы», «Қырғыздың шамандық қалдықтары», «Қырғыздың көші-қоны туралы» еңбектері бар. Сонымен қатар, Шоқанның «Ыстық көлге сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қашқар сапары жайлы» «Жоңғар очеркі» т.б. тағы басқа еңбектері де жарық көрген.

Қазақстанда жаңа мектептерді ұйымдастырушы, көрнекті ағартушы, этнограф, фольклоршы, қазақтың жазба әдебиетінің және тілінің негізін қалаушылардың бірі - Ыбырай Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Әуелде орыс-қазақ мектептерінде оқытушы болған Торғай облыстық халық училищесінің инспекторы қызметін атқарған ол сахарада светский (зайырлы) білім беретін оқу орындарын ашу, сөйтіп қазақ жастарын жаңаша оқыту жолында көп күш жұмсады. Еуропалық үлгідегі сабақ орыс және қазақ тілінде жүретін бұл мектептерге оқуға ұлдар мен қыздарды да тартты. Ол өз шәкірттерін орыс тілін жетік білуге, сол арқылы орыс әдебиеті мен мәдениетін игеруге, еуропаның ғылым, білімімен танысуға шақырды.

ne1l-Wn-hl0.jpg

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын орысша сауатты және басқа да пәндік ғылымдарды толық игерген мәдениетті адам етіп тәрбиелеу үшін, мектеп ашумен ғана қанағаттануға болмайтынын түсініп, оған ең алдымен, қабілетті ұстаздар қажет екенін, лайықты оқулық, әдістемелік құралдар керектігін жақсы түсінді. Әсіресе, орыс тілін оқытудың міндет-мақсаттары жөнінде ол көп ойланған. Ал, сол кезде қолданылып жүрген кітаптардың бәрі де орыс балаларына арналған еді. Сондықтан да Ы. Алтынсарин Ушинский, Паульсон, Водовозов, Бунаковтың әліппе, оқулықтарын негізге ала отырып және өзі де қазақ балаларының қабілет-ерекшеліктеріне сай «Оқу құралын» жазды . Ы.Алтынсарин әдебиетке деген ұғым, түсінікті жаңартып, оның қазақ балаларын тәрбиелеудегі ұлы күш екенін көрсетті.

Ұлы ағартушы-педагогтың ұстаздық, тәрбиешілік қызметінің өзі негізінен қазақ балаларын оқуға, өнер-білімге, техниканы игеруге шақыру, сол арқылы қазақ өлкесіндегі қараңғылық пен надандыққа қарсы батыл күрес ашуға бағындырылды. Оның әйгілі орыс-қазақ мектептерінің оқушыларына арнап «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» атты оқу құралдары жоғарыда айтылған міндеттерге сәйкес жастарды білімді игеруге шақырған еңбектер болатын. Сондағы «Бір құдайдың атымен, Кел балалар оқылық» атты өлеңде ақын оқу-білімнің пайдасы мен қараңғылық-надандықтың зиянын салыстыра отырып сипаттайды. Ең алдымен, оқудың өмірдегі орнының аса зор екенін көрсетеді. Сонымен қатар Ы. Алтынсарин орыс педагогтарының еңбектерін басшылыққа ала отырып орыс-қазақ мектептерінің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік құралдар, аудармалармен қоса үлкенді-кішілі 115 шығарма жазады.

Ы. Алтынсарин өзі жазған төл өлең, көркем әңгіме, мысал мен ертегі, қазақтардың ауызша шығармашылығының әдеби үлгілерінен басқа орыс әдебиетіне мәні өшпес ғажайып аудармалар қалдырды. Ол қазақ халқының жазба әдебиеті мен мәдениетін, қазақ әдеби тілін қалыптастыруда үлкен еңбек етті. Сонымен қазақ халқының болашағы үшін теңдесі жоқ жұмыс атқарған.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиеті дамуында жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді. Яғни халықтың ауыз әдебиетімен бірге қазақтың жазба әдебиеті де дамыды. Оның негізін қалаушы ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаев болды. Ол Семей қаласында Ахмет Риза медресесінде оқып, діни ілім алған. Парсы және араб тілдерін үйреніп, Фердауси, Сағди, Омар Хайям шығармаларының түп нұсқасын оқыған ұлы ақын. Қазақ әдебиеті мен Шығыстың таңдаулы поэзиясы, орыс және Батыс классикалық үлгілерінен нәр алған Абайдың өлеңдер, дастандар, қарасөзбен жазылған қағидалары адамгершілік пен шыншылдық, рухани тазалыққа үндеді.

Сонымен қатар, ол Еуропа мен орыстың классикалық әдебиетін еркін меңгеріп, көркемдік таным мен талғамға жаңа талаптар қойды, жаңа сипатты поэзия туызды. Орыс тілінен классикалық әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аударды және бұл аудармалардың арқасында қазақ халқы орыс және батыс әдебиетімен танысуға мүмкіншілік алды. Абай шығармашылығы қазақ әдебиетінде жаңа эстетикалық принцип қалыптастырды. Абай Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин сияқты қазақ халқының мүддесін, ел намысын қорғап, өз халқының жырын жырлап өткен. Яғни бұқара халықтың ауыр тұрмысы мен өмірі оның творчествалық арқауы болды.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдің Қазақстанды толық жаулап алуына байланысты отар елдің қоғамдық-экономикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени жағдайын зерттеуге мүдделі болды. Сондықтан қазақ даласына көптеген орыс саяхатшылары, зерттеушілері – ғалымдары келді. Олар жергілікті халықтың тұрмысы мен өмір салтын, тарихы мен әдеби туындыларын зерттеп, қағаз бетіне түсірді. Әіресе «бұл кезеңде қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеу жұмысы бірнеше бағытта және түрлі әдіспен жүзеге асырылды. Арнайы тапсырмамен келген әскери адамдар, саяхатшылар Қазақстанның топографиясын жасаумен қатар, жер-су, тау-тас, мекен-жайына байланысты әңгіме, аңыздарды хатқа түсірсе, чиновниктер мен миссионерлер қазақ тілін зерттеп, қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер жасады, орыс әрпіде жазылған оқулықтар дайындалды. Сондай-ақ олар жазып алған көптеген халық ауыз әдебиетінің үлгілері «Саяхатшылар жазбалары» атты журналда жарияланып тұрды.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының ауыз әдебиетін жинаумен және жариялаумен айналысқан орыс ғалымдары В.В. Вельяминов-Зернов, Г.Н. Потанин, В.В. Радлов, А. Янушкевич және т.б. болған. Қазақстан жайында ізгілікті істер мен еңбектер қалдырған орыс саяхатшыларының, ғалымдарының, әдебиетшілері мен шығысты зерттеушілердің қатары көбейе түсті.

220px-Potanin.jpg

Қазақ халқының фольклорын, этнографиясын, тарих және мәдениетін зерттеуге оны қағаз бетіне түзіруге зор үлес қосқан ірі орыс ғалымы, этнограф, фольклорист Г.Н.Потанин болды. Потанин Қазақстанның Далалық өлкесінің аз зерттелген жерлеріне бірнеше саяхат жасап, олардың барысында көптеген құнды экспедициялық материал жинап, сол кездегі қазақ халқының рухани өмірінен дерек беретін мұралары аз емес. Ол белгілі қазақ ағартушысы, ғалым және этнографы Ш.Ш.Уәлихановтың ең жақын достарының бірі болған. Г.Н.Потанин 1895 жылы Шоқанның әкесі Шыңғыстың ауылын аралап, өзімен жүздесіп, әңгімелесіп қайтқан болатын. Жаз жайлауда жайбарақат отырған Шыңғыс ауылын суреттеу арқылы Потанин бүкіл қазақ халқының тұрмысын көзімен көріп, бейнелегендей болады.

Көкшетау жерінде Шоқанның туыстарының үйінде қонақта болып, Потанин өте бай этнографиялық материал және халық ауыз шығармашылығының үлгілерін жинап, кейін бірнеше журналдардың беттеріне басып шығарған. Потанин өзінің жазбасының кіріспесінде былай деп жазған: «Бұл беріліп отырған ертегілер Ақмола облысының Көкшетау уезінде жазылып алынған, яғни казак-қырғыздар қоныстанған жерде, бірақ олар өздерін «қазақ» деп атайды, ал біз болсақ қателескендіктен «қырғыздар» деп атаймыз.

Потанин қазақ халқының өнерге, соның ішінде ән айту өнеріне бейімділігін былай деп суреттеген: «Қазақтар әнменен өмірді көріктендіреді. Қазақ әнін тыңдап отырған шақта көз алдыңызға кең-байтақ қазақ даласын елестеп, мұрныңызға жусанның иісі келеді. Өз өмірін өнермен өрнектей білетін, табиғаттың небір күштеріне тойтарыс беріп жүрген рухани жағынан күшті қазақ халқының молдалар лақтырған торға түсіп, өспей-өркендемей қалуы мүмкін емес. Бұл халық әлі өседі, дамиды. Қазақ адамының бойында сүйсінерлік қасиеттер көп. Бұлар бейбіт өмірді сүйетін жуас халық. Қазақтар атадан қалған мұра, өсиетке аса қастерлікпен қарайды» -дейді.

Г.Потанин қазақ ауыз әдебиетін зерттеуге зор үлес қосты. Оған мысал ретінде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының бір нұсқасын ел аузынан жинап жариялаған.

Қазақ халқының тілі мен фольклорын, тарихы мен этнографиясын зерттеуде аса көрнекті шығыстанушы, этнограф ғалым В.В. Радлов (1837-1918) үлкен рөл атқарды. Көптеген жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде өзінің он томдық «Түркі тайпалары халық әдебиеті қазақ халықтық әдебиетінің үлгілері» деген ғылыми шығармалар жинағының үшінші томын қазақтың халық шығармашылығына арнады. Бұл бөлімде «қазақ ауыз әдебиетінің барлық дерлік жанрын толығырақ қамтыса, екіншіден жинақта халық тілінің, әсіресе, ауызша сөйлеу тілінің ерекшелігі толық сақталған».

Сонымен қатар бұл кітапта қазақ фольклорлық жанрының байлығына таң қалып, қаншалықты жоғары екенін жазады. Мәселен, қазақ халқының ауыз әдебиетінің рухы таза, ойы айқын, тілінің көркемдігін В.В. Радлов былай суреттеген: «Өз ойын дәл және анық жеткізе отырып, ол (яғни қазақ) өз сөзіне әсемділіктің таныс мөлшерін бере алады және ең қарапайым әңгімелесуде де, фразалар мен аралықтарды құруда онда үнемі ритмикалық көлем, сөйлемдердің бірінен соң бірі өлең, шумақ түрінде келіп, өлеңнің әсерін тигізеді...

Осындай дәрежеге дейін сөз шеберлігіне қанағаттанатын халық ритмикалық сөзге әлемдегі жоғары өнерге тән қарайтындығы түсінікті. Сондықтан қазақтарда халық поэзиясы дамудың жоғары дәрежесіне жеткен. Аралас рифмаларымен келетін мақалдар мен ескі дана сөздер тарихи, жарысқа түсетін, үйлену тойларында айтылатын әндер, қайтыс болған адамға арналған жылататын өлеңдер және т.б. барлық жиындарда айтылып және орындалып, бүкіл жерде жылы қабылданады. Сонымен қатар, осы жерде қонақтардың алдында дұрыс құрастырылған өлең жолдарын оқу суырып салма өнері қатты тараған » дейді.

Келесі қазақ жеріне жер аударылып келген белгілі поляк революционері Адольф Янушкевич 1835-1846 жылдары Семей, Омбы т.б. жерлерді аралап, қазақ халқының өмірімен танысқан. Ол досына жазған хатында: «Бірнеше күн бұрын мен бір-бірімен жауласып жүрген екі партияның кездесуінде куәгер болып, ешқашанда Демосфен мен Цицирон туралы хабарсыз шешендердің сөзіне тәнті болдым: ал бүгін менің алдымда не оқу, не жазуды білмейтін ақындар сөйлеп тұр, алайда олар өз дарындылығымен баулап алып, өлеңдерімен менің жаным мен жүрегіме жақындаса түсті. Бұл жабайы адамдар ма? Бұл - түк білмейтін, болашағы жоқ шопандар ма? Жоқ! Шынымен! – деп жазды ол. – Осындай қабілеттерге иеленген халық өркениеттен тыс қалмайды: оның рухы бір кезде қырғыз даласына еніп, жарқын болашақтың шамын жағады және бүгінгі күні көшіп жүрген халық өзінің үстінен қарап тұрған халықтардың арасында өз құрметті орнын алады» - дейді. Қазақ халқының «табиғи қабілеті күшті» дей келіп, автор болашақта «менсінбей, өздерінен төмен санаған халықтар арасында қазақтар да құрметті орнын алуы сөзсіз» - деп айтуы орынды, өйткені қазақ халқының рухани мәдениеті дүниежүзілік өркениет көшіне ілесе алатындай орында еді.

XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейдің Петербург, Уфа, Орынбор қалаларында қазақ кітаптары шыға бастады. Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинаушылар қатары көбейді.

XX ғасырдың басында қазақ халқының әдебиетінің дамуы Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты болды. Осы тарихи оқиғаларды пайдаланып қазақ зиялылары тәуелсіздік пен бостандық үшін, патша үкіметінің отаршылық саясатына қарсы шығу үшін күрес жүргізді. Олардың күрес тәсілдері қазақ жастарын білімге, ғылымға, өнерге, мәдениетке шақыру болды. Әсіресе қазақ ақын-жазушылары өз шығармаларында отаршылдық саясат кезіндегі қазақ халқының жағдайын жан-жақты суреттеген. Олардың қатарында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты бірқатар қазақ ақын-жазушылар болған. Ғасыр басында әдебиетке келген қазақтың ақын – жазушылардың төл тума шығармалары да отаршылық саясатын, ел билеушілердің әділетсіздігін, ел ішінде жайлаған надандықты сынап жазған-тұғын. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасы патша үкіметінің отаршылдық саясатын, қазақ халқының ауыр, құқықсыз жағдайын суреттеген. М.Дулатов «Серке» атты газеттің бетінде «Жастарға» деген өлеңінде жастарды білімге, ғылымға, мәдениетке шақырған болатын.

ХХ ғасырдың басында өлкеде діни және зайырлы мазмұндағы кітаптар жарық көрді. Мәселен, 1900 жылдан 1917 жылғы дейін қазақ тілінде немесе қазақ оқырмандарына оқуға оңай 400-ге жуық аталыммен, ал жалпы алғанда 1917 жылға қарай бүкіл революцияға дейінгі кезең ішінде 700-ге жуық аталыммен, оның ішінде 1912 жыдн 1916 жылға жейін жалпы таралымы 65 800 дана болған 156 кітап шығарылды. Ал барлық Ресей империясы бойынша 1912 жылы ғана мұсылмандарға арналған діни мазмұндағы 2 812 130 дана 608 кітап жарық көрді.     

Сонымен, XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанды Ресей империясының отарлауы тек әлеуметтік-экономикалық және саяси сипат алып қоймай, сонымен бірге қазақ халқының рухани өмірінде де өзіндік әсерін қалдырды. Жоғарыда аталған және басқа да әдебиет қайраткерлерінің шығармалары сол кездегі қазақ халқының ұлт азаттық күресі тарихының маңызды оқиғаларын, патша үкіметінің отаршылдық саясатының түпкі мақсатын ашып көрсету, халықты бостандық пен тәуелсіздік үшін күреске шақыру болғанын жан-жақты көрсетіп берді.  

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?