«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жарасбай Сүлейменов: Қазақ хандығы кезеңі – ұлт тарихы мен тағдырының бір шежіресі

516
Жарасбай Сүлейменов: Қазақ хандығы кезеңі – ұлт тарихы мен тағдырының бір шежіресі  - e-history.kz
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қоғам қайраткерлерінің назарынан тыс қала алмаса керек. Осы орайда біз жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовпен аз-кем сұхбаттасқан едік

Жарасбай Қабдоллаұлы, сіз бұған дейін Парламент депутаты болып қызмет еттіңіз. Сол шақта ел тарихы мен әлеуметтік-рухани саласына қатысты бірқатар депутаттық сауалдар жасап, бастама көтердіңіз. Алғашқы сұрағымыз: Қазақ хандығы 550 жылдығының тойлануының мемлекет үшін маңызы қандай? 

Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануының мемлекет, еліміз үшін маңызын айтып жеткізу қиын. Өйткені, бұл кезең – біздің еліміздің, соның ішінде қазақ ұлтының тарихы мен тағдырының шежіресі. 

Тарих – тағылым. Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, өз алдына хандық құруы, оның өрлеп, өркендеуі бар, бүгінгі күнге дейінгі бес жарым ғасырлық кезеңді қамтып, ұлтымыздың үшінші мыңжылдыққа тұтас этнос ретінде жетіп, әлемдік қауымдастықта өз орнын ойып тұрып алып отырғанын мақтаныш етуге тиіспіз. Біз бұл күнге желмаядай желіп отырып, мамыражай күйде жете қоймағанымыз тарихтан аян. Кең-байтақ жерімізді дана да салқам хандарымыз, білекті де жүректі, айбынды батырларымыз, береке мен бірліктің ұйытқысы данышпан билеріміз жауларымен қанды қырғынды бастарынан кешіре жүріп ұрпағына, біздерге тарту етіп, әлем картасында «Қазақстан Республикасы» деген мемлекеттің ең үздік ондыққа ие болып отырған аумағының орын алуына қолдарын жеткізді. 

340157f8a79d6f081837b55e801e2a0a.jpg

Жұбан Молдағалиевтің сөзімен айтсақ, біз «мың өліп, мың тірілген ұлтпыз». Әлем тарихында қаншама мемлекеттердің жойылып кеткені белгілі. Біздің ұлтымыз бірліктің, ержүректіктің, ел билеген хандарымыздың ақылмандығының арқасында мемлекеттік сипатын сақтап қалды. Орыс империясының қол асында болуымыз, одан кейінгі советтік езгі халқымыздың сана-сезімін жоя алмады. Әсіресе, совет кезінде қазақ халқын жадысыздандыру саясаты өршіп тұрғанымен, рухымыз сақталып, бүгінде бабалар аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жетті. Кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев берекенің бастауы бірлік, елдің ынтымағы екенін үнемі жүрегімізге ұялатып келеді. Бүгінгі де, болашақтағы да ұрпақтарымыз осы ұлы тағылымды жадымыздан шығармауы керек. 

Бұл мереке біздің мемлекетттігіміздің тарихының тереңдігін айқындай ала ма? Тарихшы ғалымдарымыз мұны ұлттық мемлекет ретінде қарастырғанымен, түп негізі арыда жатқанын айтуда. Сіз қандай көзқарастасыз? 

Бес жарым ғасырлық кезең мемлекет тарихын тұтастай алғанда соншалықты үлкен өлшем еместігін пайымдау керек. Бұл хандықтың ірге қалауының кезеңі. Ал халқымыздың сонау сақтардан бастап, гүндерге, көк түріктерге барып тірелетін қадым замандарда ғұмыр кешкені аян. Айталық, қазақтың іргелі руларының тарихы тым әріден басталады ғой. Қытай жазбаларында үйсіндер екінші ғасырда белгілі болған. Ал керейлер ме арғындар да осы шамада аян. Демек, рулардың ділі, тілі, тегі, күнкөріс амалдары, салт-дәстүлері қоныстануы, шаруашылық жүргізуі ортақ болғандықтан, бір мемлекет құрамына бас біріктіруі өзге отырықшы дейтін халықтардан асып түспесе, кем болмаған. Оның үстіне, қазақ халқының көшпенді өмірі рулардың тұйықталып, оқшауланып қалмауына септігін тигізген. Бұл жоғарыда айтқан ерекшеліктерімізді, соның ішінде діл мен тілдің, салт-дәстүрледің ортақтығын орнықтырған. Атап айтқанда, ел ішінде тілдегі диалектиканың қазақтарда өзге халықтардан әлдеқайда аз, тіпті болмашы ғана екенін лингвист ғалымдар айғақтап, дәлелдеді. Бұл қазақтардың көшпенді өмір салтының нәтижесі. 

Кез келген ғылыми еңбектің соңғы нүктесі – тұжырым. Не нәрсенің де қысқа қайырғандағы айтары болмаса, ауа жайылушылық орын алады. «Қазақ хандығы – Алтын Орда империясының заңды мұрагері» деген тұжырыммен келісесіз бе? 

Алтын Орда мемлекеті – «Жошы ұлысының» құрамдас бөлігі екені белгілі. Жошының ұлы Батуды орыстар Батый десе, қазақтар Сайын хан деп атаған. Осы Бату 1227 жылы әкесі өлгеннен кейін оның оның аманатымен Шығыс және Батыс Еуропаға жорықтар жасады ғой. Сондай-ақ Бату әскерлері Орыс кінәздіктерін, демек Ресейді толығымен, Украинаны, Молдованы, Кавказдың аумақтарын түгелдей өзіне қаратып алды. «Жошы ұлысы» Дешті-Қыпшақта құрылғандықтан, қазақ жерлері ұлыстың түпқазығы, кіндігі екені түсінікті. 

0e5795efcc1798fd45c4f474624a96c2.jpg

Алтын Орда мемлекеті 1240-1243 жылдар шамасында құрылып, мен атап өткен зор аумақты өзіне қаратты. 1503 жылға дейін мемлекеттігін сақтады. Бір жағынан алғанда, Алтын Орда қазақ хандығының арғы негізі бола алады. Өйткені, моңғолдар деген атаудың өзіне тарихшылар бүгінде түрлі көзқарас ұстанып жүр. Өйткені, моңғол деген атау бірнеше рулардың қосындысынан шыққаны анық. Бұл мемлекетті Шыңғыс хан құрғанға дейін ондай атаудың болмағаны тарихтан аян. Зерттеушілер ұлы қағанның өзінің арғы тегінің түркілерден тарайтынын дәлелдеуде. Ал анасы – Өлең қоңырат руының қызы болса, балаларының анасы Бөрте де қоңыраттан шыққан. 

Демек, қазақ ұлты Шыңғыс ханға, ұрпақтарына бөтен емес. Бірақ бұл мәселеде әлі де зерттеп, зерделеп, тарих қойнауларына бойлап барып тиянақтайтын жайттар баршылық. Ал Алтын Орданың қазығын қаққан Бату ханның әскерінің басым бөлігін қазақтың рулары құрағанына сүйенсек, бұл мемлекет бізге жат емес. Жазба дәйектерге аса мұқият қытай зерттеушілерінің жәдігерлеріне сүйеніп іздестіру ақиқатты аша түсер еді. 

Бұл мерейтойдан не күтесіз, не орындалады деп ойлайсыз?

Қазақстан Республикасы жас мемлекет деген оймен үнемі келісе берудің жөні жоқ қой деп ойлаймын. Біз бұл ретте мемлекеттілікті еліміздің толық тәуелсіздік иеленіп, егемендікке қол жеткізген жаңа тарихымен өлшеп жүрміз. Жаңа ғасырда осындай мәртебе иеленсек те, тарихымыздың тамыры тереңде. Ал осы хандықтың құрылуының 550 жылдығы мемлекетіміздің бір кезеңі ғана. 

31543d2d65d1d3fad146bdcbdc2546f5.jpg

Елбасымыз ұсынған Мәңгілік Ел идеясы – Қазақстанның мәңгілік болуының мақсаты. Біз бұл мақсатқа жетеміз. Біздің алып аумағымыз, өркендеген күш-қуатымыз, Елбасымыздың өзге елдермен бітімгершілік саясат ұстануы, тату көршілік қарым-қатынастар осы мақсаттың арман емес, ақиқат екенін айғақтайды. 

Әрине, эйфорияға беріліп, асып-тасып кетудің жөні жоқ. Қиындықтар болмай тұрмайды. Оларды бірліктің, сабырдың, рухани келісімнің арқасында еңсеріп келдік және еңсереміз де! Әулиелі жерден түлеп ұшқан ұрпақтарымыз, барша қазақстандықтар Мәңгілік Елдің іргетасын нығайтқан үстіне нығайта береді. Бүгінгі мереке бізді жұмылған жұдырықтай нығайтып, ынтымағымызды бекіте түседі. Мен өзге отандастарым сияқты осы мерекені ұлы салтанатымызға балаймын! 

Сұхбаттасқан Заңғар КӘРІМХАН

Сауалнамалар
Қандай бұйым үйіңіздің төрінде тұр?