Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Көшпенділер өркениеті»: Сиқырлы сырғаның сіз білмейтін сыры көп

3386
«Көшпенділер өркениеті»: Сиқырлы сырғаның сіз білмейтін сыры көп - e-history.kz
Халық әні «Сырғалым»: Көрінсеңші көзіме сағынғанда айхоооу, Жайнап кеттің сырғаңды тағынғанда пай пау. Сырғалым-ау сыңғырлап тез жетсеңші айхоу, Шыдап, жүдеп жүрегім тарынғанда пай поу.

Кейде ұл балаға да сырға тағылған

Ұл баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп, қартайғанда көрген осы ұрпағымыз тұрсын, тіл-көзден, әртүрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Ер балалар бұл сырғаны қазақтарда бес жасқа дейін, ал өзбектерде үйленгенге дейін таққан. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана ата-анасы ауыл-аймағын шақырып той жасап, сол той үстінде бозбала жігіттің құлағынан сырғасын алады.Қазақта осы тойды «сырға той» деп атаған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғ.басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғ. 40-50 жж. дейін кездеседі.

e8e7f8c1496144880ed86472fe834105.jpg

Әкесінің сүйікті қыздары сырғаны мұрнына таққан 

Орыс зерттеушісі: И. Г. Андреев былай деп жазады: «Қазақ әйелдері әшекейлерді кеудесіне де тағады. Бастарына жаулық салып, оның үстінен маңдайға дейін түсетін жамылғы киеді де, оған жіпке тізілген маржан інжу қадап қояды. Кейбіреулері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді, осы арқылы әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғартқан. Саусақтарына жүзікті молынан салады: ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады. Осы деректерге қарағанда, қазақ тұрмысында мұрынға сырға тағу дәстүрі болғандығын болжай аламыз.

963f44a18b29b67bc15e686ed62e7e68.jpg

Сырға өсек аяңнан, жаман сөздерден сақтаған 

Халық түсінігінде сырға құлақты негативті энергия, жаман сөздерден, өсек-аяңнан қорғаған. Әйелдердің өзара әңгімелесуі кезінде кәмелетке толмаған еріксіз отырған балаларға «құлағына алтын сырға» деп айту ғұрпынан кейін балалар «саңырау» болып, қажетсіз мәліметтерді қабылдамай, тек сөздің асылын, яғни алтынын естеріне сақтап алуы тиіс болған. Сырға — әйелдің сыртқы беделін көрсететін атрибут, яғни сырғалардан жеке кісінің иелігін немесе оның жас мөлшерін, шыққан тегін, өскен ортасын білдіретін қасиеттер де байқалып тұрады. Материалына сай ісі де, көркемдік шешімі де жоғары болып келеді. Алтынмен қапталып, асыл тастардан көз қондырылады. Орта Азия әйелдері көлемі үлкен сырғалар таққан. Көлемі ұлғайған сайын сырға бағалы әрі әсем болып табылатындықтан әйел мәртебесін асқақтата түскен. Бұндай ауыр күміс сырғаларды жиын тойларда ғана таққан. 

f3d808cf0b40e130a56145031bcd43f4.jpg

Әйелді ана болуға дайындаған

Сырға — қыздардың сыртқы әдемілігінің қалыптасуына және оның әйелдік қасиетінің жетілуіне әсер етеді. Бұл бұйым болашақта бала туу қызметінің жетістігінің кепілі болып саналады. Қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында күннің, жұлдыздың, айдың, ал салпыншақтарында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуы репродуктивтілікті көрсетеді. Бұл өзінен тарайтын ұрпақтың көп болуын меңзейді. Дәстүрлі тұрмыста әлі күнге дейін сырға, сақинасыз жүру ерсі болып табылады. Қазақ ертегілерінде уақытша қыздың сырғаға айналуы бұл бұйымның әйел жынысының белгісін көрсетеді және асыл тастар сияқты қазақ эпосындағы әйел кейіпкерлерінің әдемілігі ретінде қабылданған. 

Көкейге қонбайтын көне дәстүрлер де бар

Қайтыс болған әйелдің барлық әшекей бұйымдарын шешіп алып, шашын өріп қойған. Тек сырғасын ғана қалдырған, өйткені сырғасы жоқ әйелдің құлағына жылан кіріп кетеді деген түсінік халық арасында қалыптасқан. Егер сырғасыз жерлейтін болса, онда міндетті түрде құлақтың сырғалығын жырту керек болған. Табаридің мәліметтері бойынша б. э. 728-729 жж және б. э. 738-739 жж. Түріктер соғыста қайтыс болған қолбасшыларын жоқтағанда, құлақтарын кесіп, беттерін тырнап жылаған. ХХ ғасырдың басына дейін қазақтар мен қырғыздардың жесір қалған әйелдері үшін бетін тырнап, өзін-өзі азаптау қатаң ереже болып табылған. Бұл түркі халықтарына тән дәстүр Пенджикент ғибадатханасында жоқтау кезінде құлақтарын кесу сәті көркем суреттерде бейнеленген. Жақын адамы қайтыс болған кезде өзін-өзі азаптау ғұрпы әлемнің көптеген халықтарында кездеседі. 

4ddfcc266573fa57cb8b9353a178f1dd.jpg

Керегедегі кілемге тағылған сырғаның сыры 

Этнографиялық деректер бойынша, көптеген түркі халықтарында қыздардың құлағын тесіп, сырға тағып қою өте ерте жастан басталады. Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген. 

Қалыңдықты — «сырғалы» деп атаған 

Атастырылған қыздың құлағына сырға салу, сырға тағу (кейде үкі қадайды) рәсімі бар. Сондықтан да құда түсу рәсімінде сырғаны, басқа да бағалы заттармен бірге сый ретінде әкелу міндетті болып саналған. Бұл дәстүр Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде жақсы сақталған. «Қалыңдық» мағынасындағы сырғалы қыз немесе сырғалы атауы осыған байланысты шыққан. Алтай тілінде де қалыңдықты «сырғалы», «сырғалық» деп атайды. Яғни сырғасы бар деген мағынада. Осы әдетке қатысты қырғыз тілінде сөйке салды тіркесі жұмсалады. Қырғыз тілінде сырғаны сөйке дейді. Қазақтардың әдетінде жігіттің әке-шешесі қыздың үйіне алғаш рет келген кезде болашақ келінінің құлағына өздері алып келген сырғасын тағады. Осыған байланысты кішігірім той жасалған. Бұл той қырғыз тілінде де сырға той деп аталған. Ертеде, құлақ моншақ деп сырғаны айтқан. Қырғызстанның оңтүстік диалектісінде сырғаның бір атауы құлақ моншақ. 

a9d58ded683485d90aff9d7b178a26ca.jpg

Сырғаның сырын сырттағылар да сезіпті 

Қазақ даласындағы зергерлік өнер туралы академик саяхатшы П. С. Паллас өзінің 1776 жылғы «Путешествие по разным провинциям Российской империи» деген еңбегінде: «...қазақтарда ұсталар да зергерлер де бар», — деп жазады. 1803-1804 жылдары қазақ арасында тұтқында болған Савва Большой деген адам да қазақтарда зергерлік өнерінің өте ертеден бастау алғанын жазған. Революцияға дейін жарық көрген «Обзоры Акмолинской области за 1904 год» атты жинағында «.....У казахов существуют особые художники и золотых дел мастера» деп атап көрсеткен. Ақтөбе облысының батыс жағында тұрған А. К. Гейнс 1892 жылы «Литературный сборник» атты еңбегінде «қазақтар күмісті балшық тостағанға салып, жуан қаңбақ түбірінен жаққан көмірге қыздырып қорытады» деп жазды. Қазақ халқының қыз-келіншектері сырға, сақиналарды жоғарғы талғаммен таққан. Ертеде қазақтар әйелдің қолында не жүзігі, не сақинасы болуы керек деп санаған, ол болмаған жағдайда дайындаған тағамын арам деп білген. Күмістен сақина, жүзік салған әйел дайындаған сусынды қонақ адал деп сүйсініп ішкен.

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?