Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ханкелді Әбжанов: «Қазақ хандығын сақтау үшін ешқандай мүмкіндік қалмады»

2518
Ханкелді Әбжанов: «Қазақ хандығын сақтау үшін ешқандай мүмкіндік қалмады» - e-history.kz
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Х. Әбжанов порталымыздың «Қазақ хандығынан – «Мәңгілік елге» тақырыбындағы айдарымызда өз пікірімен бөлісті

– Ханкелді Махмұтұлы, Қазақ хандығының ыдырау кезінде оны сақтап қалуға мүмкіндік болды ма? 

– Бізде коммунистік идеология басым болып, Қазақстанның Ресейге қосылуына ілгері жасалған қадам ретінде баға берілді. Бірақ, түпкі нәтижесінде Қазақ хандығы жойылды, өйткені қазіргі Қазақстан ол кезде әлемдік державалармен көршілес болған, бір жағынан – Ресей империясы, басқа жағынан – Қытай, үшінші жақтан – отаршылдық саясатты жүргізген Англия. Сөйтіп, XVIII ғасырдағы қазақтардың егемен ел болып, дербес өмір сүруге күш-қуаты жетпеді.

c227b170c906d499ae8759a38118af6a.JPG

– Қазақ хандығының ыдырауының негізгі факторлары мен алғышарттарын атап өтсеңіз... 

– Қазақ хандығының ыдырауының негізгі себебі – XVIII ғасырда Еуропа мемлекеттері, соның ішінде Ресей империясы да, оқ-дәрімен жаппай атылатын қаруды меңгерген еді. Ол заманда оқ-дәрімен жаппай атылатын қаруы бар мемлекеттердің артықшылығы қазіргі кездегі ядролық қаруы бар елдердің үстемдігімен тең болатын. Сондықтан да Қазақ хандығын сақтау үшін ешқандай мүмкіндік қалмады, ол кездегі мемлекеттерге қарсы тұру – өз халқының көзін құрту. Біз бәрібір, не Ресей империясының, не Қытайдың, не Англияның құрамына кіретін едік. XVIII ғасырда Ресей артиллериясы мен ағылшындардың кемелері ғылыми-техникалық дамудың ең жоғары жетістігі деп саналған. Қазақтардың иелігінде мұндай қару жоқ-тын. Біз найзалармен, қылыш пен садақтармен қаруланғанбыз, ал қару-жарақтың жетілмеген түрімен тәуелсіздікті сақтау мүмкін емес. Қазақ хандығының Ресейге қосылуы – еліміздің маңдайына жазылған тағдыры.

– Ханкелді Махмұтұлы, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалай түсінесіз? 

– Ұлттық идея дегеніміз не? Ол екі бөлімнен тұрады: бірінші – «ұлт», екінші – «идея». Ұлт – тілі, мәдениеті арқылы байланысқан, бір мемлекетте өмір сүріп жатқан адамдардың үлкен қауымдастығы, ал «идея» ұғымы арманды білдіреді. Демек, ұлт идеясы сөз тіркесін «халықтың арманы» деп аударуға құқығымыз бар. Әр халық мәңгілік болашақ аңсайды. Жер бетінде мәңгі өмір сүргісі келмейтін ұлт жоқ. Көне түркілер – арғы аталарымыз да «мәңгі» боламыз деп армандаған еді.

– Сіздің ойыңызша, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы өз бастауын қайдан алады? 

– «Мәңгілік Ел» термині Күлтегінге арналған ескерткіште қолданылған. Сонымен бірге, бұл термин көне түркі халықтары мемлекетінің ордасында өз көрінісін тапқан. 2014 жылы Президентіміздің бастауымен «Мәңгілік Ел» идеясы туды. Биыл Елбасымыз атап өткендей, бұл ғасырдың аяғына дейін біздің ұлттық идеямыз – «Мәңгілік Ел» болады. Осылайша, Н.Ә. Назарбаев бабаларымыздың армандары мен құндылықтарын жаңғыртты. Әрбір адам мәңгі өмір сүруді армандайды, бірақ бұл – қолынан келмейтін іс. Тек адамзат, ел мәңгі болуы мүмкін.

– Бұл идеяны толығымен іске асыру үшін жастарға қандай бағыт қажет? 

– Бұл үшін жастар бәсекелестікке қабілетті болуы керек. Бабаларымыз бәсекелестікке қабілетті болып, XV ғасырда өз мемлекетін құрған. Біз де осындай күшке ие болып, XX ғасырдың аяғында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазіргі ұрпағымыз да осындай болса деп тілеп, әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын алға қойып отырмыз. Бұл нақты мақсат және жүзеге асатын арман. Осы орайда көптеген мақсат-міндеттерге қол жеткізуіміз керек, олардың бастысы – ғылыми-техникалық прогрессті күшейту. Қай елдің технологиясы жоғары, ғылымы дамыған, сол ел артықшылыққа ие болады. Өмір тәжірибесі дәлелдегендей, ғылым және техниканың арқасында ғана мемлекет дамудың жоғары деңгейіне жетеді. 

– Уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіремін!


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?