Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтар отты қаруды жоңғарлардан бұрын қолданған

2982
Қазақтар отты қаруды жоңғарлардан бұрын қолданған - e-history.kz
Кең даланы мекен еткен қос көшпенді халықтың отты қаруға ие болу мүмкіндіктерін салыстырып, тарихи дәлелдермен көрсетер болсақ, қазақ халқы отты қаруды ойраттардан бірінші пайдаланған болып шығады

Қазақ тарихында Жоңғар хандығы XVIII ғасырдың бірінші жартысында қуатты күшке айналып, қазақ жауынгерлеріне тойтарыс берді деп жазылып келеді. Дегенмен бұл көзқарасты жақтаушылар сол уақыт ширегінде жоңғарлар ұрыс тәсілдерінің тәжірибесін жинап, отты қарулардың түрлерін пайдаланған дегенді айтады. Енді бір топ зерттеушілер сол уақыттағы қазақ жүздерінің билік үшін өзара қақтығыстары мен ішкі талас-тартысты көрсетеді.

Кең даланы мекен еткен қос көшпенді халықтың отты қаруға ие болу мүмкіндіктерін салыстырып, тарихи дәлелдермен көрсетер болсақ, қазақ халқы отты қаруды ойраттардан бірінші пайдаланған болып шығады. Ендеше аузынан жалын шығатын отты қаруды бабаларымыз қай ғасырдан бастап қолданысқа енгізгені жайлы тарихи деректерге жол берейік.

Қазақтың жоңғардан жеңілуі – отты қаруының аздығынан емес, ішкі алауыздығынан

Қазақ Хандығы құрылған кезден бастап XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтарға ата жауға айналған – ойраттар. Қазақ халқы ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атаған. XV ғасырдың екінші жарытысында ойраттардың қалмақ тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы өздерімен іргелес жатқан қазақ даласына шабуыл ұйымдастырады. Дешті-Қыпшаққа баса көктеп кіріп, Ақ Орданы  ойрандады. Осы уақыт аралығынан бастап қазақ халқы ойраттармен жиі шапқыншылық әрекеттеріне көшті. Қазақтың әскери саласы, соғыс өнері XV ғасырдың бас кезінен басталды. Әсіресе Қазақ Хандығының құрылуы мен нығаюының  XV- XVII ғасырлар кезеңінде қазақ әскері қуатты күшке айналды. Қару-жарағын асынып, әскери тактикаларды құра бастады.

Қазақ Хандығының әскери күшінің нығаюын Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбасы бойынша да білуге болады. Дулати еңбектерінде Қасым хан тұсында атты әскер саны 300 мың болған. Қазақ хандығында әскери адамдар қарудың 5 түрін қолданған (найза, садақ, қылыш, сауыт-сайман, қалқан). Қазақ хандығында тұрақты әскерлер төлеңгіттер болған. Төлеңгіттер ханның жасағын құрған. Қазақ әскері жүздік және мыңдық болып бөлінген. Хандықтың тұрақты әскерлері болмаған. Соғыс кезінде руларына әскерлер жинаған. Соғыс біткен соң әскер тайпаларға тарап кетеді. Көшпенді халықтардың ішінде бес қаруын асынған жауынгер халықтың бірі – қазақтар. Ортаазиялық кеңістікте қазақтар отты қаруды  да жеке хандығын құрған уақыттардан бастап қолданған. Отты қарудың түрлеріне мылтық, зеңбірек, тартпа атқыш құралдар, топ (пушка), арбалет, артиллериялық атқыш қарулар жатады. Соның ішінде қазақтар көп қолданғаны – мылтық.

Мылтық – қазаққа сырттан келіп отырған. Тек қазақ қолөнер шеберлері отты қару түрлерінің керекті құрал-жабдықтарын әзірлеген. Мылтықтың алғашқы түрлері қазақтарға XV-XVII ғасырларда белгілі бола бастады.

Көп жылдан бері қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының тарихын зерттеумен айналысып келе жатқан жалғыз білікті маман – Қалиолла Ахметжанның  «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты еңбегінде: «Ортаазиялық түркі халықтарының тарихына қатысты араб-парсы, түркі тілдеріндегі XVI-XVII ғасырларға жататын тарихи жазба ескерткіштерде Орта Азия мен Қазақстанда отты қарулардың қолданысқа ену уақытын, олардың түрлерін анықтауға көмек беретін қажетті мәліметтерді таба аламыз», – деп қазақтардың отты қару түрлерін пайдаланғаны туралы зерттеуші ғалымдардың еңбектерін көрсеткен. Олар: (Бабыр, 1993; Материалы по истории Казахских ханств 15-18 веков, 1969; Мухаммед-Казим, 1961; Прошлое Казахстан в источниках и материалах, 1998; Рашид ад-дин, 1952; Хафиз-и Таныш, 1983).  

Қазақтар отты қарудың қандай түрлерін қалай пайдаланған?

Қазақ ғылымының шамшырағы, тарихшы, этнограф Шоқан Уәлиханов қазақтардың отты қару әдісін пайдаланғанын өз еңбектерінде жазып көрсеткен. Шоқан – ХІХ ғасырдағы қазақтардың әскери ісін сипаттауға көп көңіл бөлген ғалым. Ол қазақтардағы қарудың түрлерін екіге бөліп көрсетеді. «Біріншісі – мал күзеткенде және ішкі қақтығыстар кезінде қолданылатын қарулар. Олардың қатарына қамшы, құрық, сойыл жатады. Екінші топқа соғыс кезінде қолданылатын қарулар кіреді. Олар: ертеректе қайқы қылыш, кейін сапылар; селебе мен жекеауыз және «үнемі әр қазақта болатын пышақ»; одан әрі найза; садақ, жақ және жебелері; мылтық».

Ш. Уәлиханов қазақтың бес қаруының атауларын ғана ажыратып қоймай, олардың жасалу әдістерін де өз еңбектерінде сипаттап жазған. Тіпті біразынын суреттерін қағазға түсіріп, қарудың түр-сипатын, әскерлердің қаруды асыну ерекшеліктерін көрсеткен. Мәселен, ғалым еңбектерінде отты қарудың түрі мылтықтың өте сирек болатынын, атадан балаға мұра ретінде берілетінін және әр мылтықтың қасиетіне қарай «көз кеш», «күлдір-мамай» сияқты өз аттары болатынын, оқтарды қорғасыннан жасайтынын, сонымен қатар, мылтықты қолдануға байланысты керекті барлық қосалқы жарақтарды да толық сипаттап кетті. Сол сияқты Ш. Уәлиханов «Қазақ оқ-дәрісінің құрамы» атты еңбегінде қазақтарда оқ-дәрінің жасалу жолдары туралы құнды мәліметтер қалдырған.

Қазақтардың XV-XIX ғасырларда отты қаруды пайдаланғаны туралы тағы бір дерек көздері этнографиялық суреттерде, жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерінде, ауызша фольклорлық материалдарда кездеседі. Мысалы: «XVІІ-XIX ғасырларда қолданған қазақтың отты қрауының әрқилы түрлерінің бейнелері Батыс Қазақстанның жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерінде, құлпытастарында және күмбезді тамдарының қабырғаларында да салынған (Қазақтың отты қаруларының тарихы, 2016)». 

Қазақтар отты қаруды жоңғарлардан бұрын қолданса да, отты қарусыз да жауына алдырмаған. Мәселен мына бір аңызда:

«Бірде қалмақтар бекініп алған үңгірдің аузын атақты қорама мылтықпен қаруланған мерген бірнеше қазақ батырын өлтіреді. Қалмаққа қарсы шығуға енді ешкімнің жүрегі дауаламай тұрған кезде Елшібек деген батыр жорға атын ойнақтатып, асықпай майда желіп шығады. Қалмақ мергенінің оғына ұшатын болды-ау деп тұрғанда Елшібек мергенге жақындай түсіп, оған ұмтыла шабады. Қалмақ пілтесін бір басқанда мылтығы атылмай қалады. Екінші рет басқанша Елшібек оның жанына жетіп, шауып өлтіріпті. Артынан серіктері одан неге асықпай шаптың деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «Қалмақ менің атымды атам деп мені жақындата түскісі келді. Ал менің ойым оған жеткенше оның пілтесін көбірек күл шалып, мылтығы бірден атылмаса екен», – депті. Көріп отырғанымыздай, қазақ батырлары отты қарулардың техникалық сипатын біліп қана қоймай,  жау психологиясын, қандай әрекетке баратынын тану арқылы дегеніне жетіп отырған. 

Жоңғарлар отты қаруды қазақтан кеш қолданған

XVIII ғасырдың бірінші ширегінде жоңғарлардың қазақтарды жеңудегі басты құралы отты қаруды меңгеруі болса керек. Жоңғар әскері қазақтардан бұрын білте мылтық пен зеңбірекпен қаруланыпты. Осының арқасында қазақтарға жойқын соққы беріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретін тудырыпты. Қош, солай-ақ болсын делік. Бірақ араға бірнеше жыл салып, отты қарумен қаруланған жоңғарлар үш жүздің баласы біріккен Бұланты да қатты жеңіліске ұшырап, араға тағы бірнеше жыл салып Қалмаққырылған трагедиясымен естерін жинай алмаған еді.  Бұл жерде әңгіменің бәрі айналып келгенде отты қаруда емес. Қазақтың ішке билік үшін талас-тартысы, алауыздығы болатын.

Ел басына күн туған 1723-25 жылдары Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін үш жүздің арасы алшақтап, қазақтың әскери күш-қуаты әлсіреп тұрған болатын. Құба қалмақтар қазақтың ішкі қайшылықтарын тиімді пайдаланып, жеңіске жетті.

«1723-25 жылдардағы соғыста қазақтардың жоңғарлардан қатты жеңіліске ұшырауы, «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» атанған босқыны, жоңғарлардың отты қарудан артықтығында емес еді. Жоңғарлардың басты басымдығы әскери және саяси біртұтастығында... Оның үстіне Қазақ хандығы үш жүзге бөлініп, әр жүзді жеке хандар мен сұлтандар билеп, Қазақ хандығының басшылығында ауызбірліктің жоғалуы елді жұмылдырып, жауға шұғыл тойтарыс ұйымдастыруға мүмкіндік бермеді», – дейді қазақ қаруларының тарихын зерттеуші, этнограф Халиолла Ахметжан.

Қарап отырғанымыздай, Жоңғар билеушілері қазақтардың бұл әлсіздігін жақсы түсінген. «18 ғасырдың басында Жоңғар ұлысында болып қайтқан Тарск казактары Поспелко, Голубин және басқалар ойраттардың жиналысында «қазақ ордасында өзара қырқысып жатыр, сондықтан оларға соғысқа аттанатыны» туралы шешкенін хабарлайды» (Ахметжан Қ. Қазақтың отты қаруларының тарихы, 2016).  Орыс ғалымы  Владимир Моисеев өзінің зерттеулерінде: «қазақтар ойраттардан қару жағынан, әскери шеберлігі жағынан кем түспеді, бірақ бірікпей әрекет етті, жасақтарын ұзақ жинады, ұйымдастыруды көпке созылды», – деп жазады.

Жоңғарлар шын мәнінде отты қаруды XVIII ғасырдың бірінші жартысында ғана меңгерді. Бұл мемлекетте отты қару өңдірісін ұйымдастырушы Цеван-Рабтан қонтайшы болатын. Оның билігі тұсында кездейсоқ тұтқынға түскен швед офицері Иоганн Густав Ренат жоңғарларға отты қару жасау әдісін үйреткен. «Жоңғарияда болған орыс көпестері Ренаттың мыстан пушка (топ), зеңбірек, шойыннан мортира (қазан), бомбалар, ядролар құю ісін бастап, жоңғарларды оларды тауға үйрете бастағанын айтады (Бобров, Худяков, 2008 ). Отты қару өңідіру ісі қонтайшы Қалдан-Цереннің билігі (1727-1745 жылдар) кезінде де жалғасты» (Ахметжан Қ. Қазақтың отты қаруларының тарихы, 2016).

Сол заман деректері қазақта отты қарудың аз болмағанын айтады

Қазақтар жоңғарлардан бұрын отты қару әдісін пайдаланғаны туралы жоғары да жазып көрсеткендей болдық. Дегенмен мына бір орыс деректерін де назарға ала кетер болсақ. «Астрахан губернаторы А. Волынский 1725 жылдың 10 маусымындағы хабарламасында қазақтар мен Еділ қалмақтарының әскери әрекеттегі күштерінің қатынасын сараптап, былай деп жазады: «Егер қасақтар шындап қатты қарсы тұрса, қалмақтар, әрине, құруы мүмкін, өйткені олар қасақтардан қорқатыны сондай, мысалы, егер олар 5 не 6 жүз болса да, қалмақтар бес не алты мыңмен оларға қарсы тұра алмайды, себебі қасақтарда садақтан гөрі мылтықтары көп» (Аполлова, 1948. С 172).

Қазақтардың жоңғар басқыншылығына қарсы толықтай бірігіп қимылдауы тек 1726 жылдан басталады. Ордабасы төрінде үш жүздің басы бірігіп, құрбандыққа мал шалынып, үш жүздің біррікке жасағы құрылып, Әбілқайыр хан қолбасшы етіп сайланады. Осыдан кейін қазақтар қалмақтарды ойсырата жеңіп, тарихтағы «Қалмаққырылған» оқиғасын жасайды. 1729  жылы Алакөл маңайындағы 200 шақырымды алып жатқан Аңырақай даласында бірікке қазақ қолының жоңғарларға қарсы азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі болды. Бірақ жоғары да айтқандай жоңғарлар Иоганн Густав Ренаттан отты қарудың түрін жасатып, әскери техниканың жетік меңгерсе бұлайша жеңіліске ұшырамаған болар еді. Жоңғар халқы әруақыттағы іргедегі көрші ел қазақтардың арасындағы алауыздықты аңдысып отырған. Қазақтың әр кез жауға алдыртып қойған үлкен қателігі – алауыздығы. Әйгілі жырау Нысанбайдың:

Кімнен таяқ жегендей,

Біздің қазақ баласы,

Алдырып жүрген дұшпанға,

Өзді-өзінің аласы, – дейді.

Қазақтарды әркез алауыздығын аңдысқан жоңғарлар түбінде өзінің алауыздығынан мемлекет құрылымын тарих сахнасынан жоғалтты. Хан Абылайдың тұсында үш жүздің басы бірігіп, қазақтың қаһарман батырлары қолдарына найза алып, жауын ес жидыртпай жеңіп, ұлан-байтақ даланы жоңғарлардан азат етті.

«Кеңестік замандағы тарихнамада стеореотипке айналған, бүгінде қазақ тарих ғылымында әлі де жалғасып келе жатқан – қазақ-жоңғар соғысының алғашқы кезеңдерінде қазақтардың қатты жеңілісінің басты себептерінің бірі ретінде жоңғарлардың техникалық басымдығы, мылтық пен зеңбіректерді көп қолдануы деп түсіндіру дәстүрі шыңдыққа сәйкес келмейді, болашақта бұл көзқарасты өзгерту қажет деп санаймыз» деген Халиолла Ахметжан ағамыздың пікірмен үндескеніміз абзалырақ. Тарих өткенді қозғау арқылы бүгініне шолу жасау деген. Бүгінгідей алмағайып заманда қазақтың қуатты әскерінен гөрі бірлігі мығым ел болуы маңыздырақ...

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Суреттер: Х.Ахметжанның "Қазақтың отты қаруларының тарихы" кітабынан алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?