Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ежелгі Майя және көне түрік халықтарының күнтізбесі неге ұқсас?

2529
Ежелгі Майя және көне түрік халықтарының күнтізбесі неге ұқсас? - e-history.kz
Бүгінде талай әңгімеге арқау болып отырған жұмбаққа толы ежелгі Майя өркениеті мен түрік халықтарының арасында үлкен үндестік бар. Әсіресе күнтізбесі, сәуегейлігі, астрономиясы өте ұқсас.

 «Үндістердің аса жоғары өрке­ниетке қол жет­кізген бір тайпасы саналатын ежелгі майя­лықтардың бізбен яғни Алтай халықтарымен тарихи байланысы бар екенін ешкім жоққа шығара ал­майды. Ежелгі бабаларымыз Солтүс­тік Америкаға жермой­нақ арқылы өткен. Кезінде Азия мен Солтүстік Американың арасында ені 50 мильдік жермойнақ болған. Олар сол жермойнақ арқылы көшкен. Кейін мұз еріген соң, ол жерде бұғаз пайда бо­лады. Олардан асқан математиктер бол­маған. Бес мың жыл бұрын «нөлді» алғаш рет пайдаланған да – солар. Майялар уақыт заңы мен оның қыр-сырын шегіне жет­кізе меңгерген аса білгір халық болған. Олар оны өте шебер қолдана білудің арқасында Жердің  галактикалық уақыт кеңіс­тігіндегі орнын дәл анықтаған. Соның барлығын тасқа басып, жазып кеткен. Бұғаз пайда болғаннан, кейін мәдени байланыстардың барлығы үзіліп қал­ған. Екі түрлі әлем болып қалдық» - дейді белгілі ғалым, зерттеуші Әділ Ахметов.

Әділ ағамыздың айтуынша, америкалық «үндістердің» Ал­тай­дан кеткенін айшықтайтын жайттардың бірі майялықтардың 260 күн­дік киелі күнтізбесі. Яғни ана мен нә­рес­тенің күнтізбесі. Жатырға түскен ұрық пен баланың өмірге келу арасы – 260 күн. Яғни тоғыз ай, тоғыз күн. Аталмыш күнтізбе осыдан пайда болған тәрізді. Мұндай санау жүйесін олар бізден алып барған.  Бүгінде ежелгі майялықтардың 17 түрлі күнтізбесі болғаны анықталып отыр. Алайда солардың үшеуіне ерекше мән беріліпті. «Солардың ішінде 13 санына негіз­делген әр айы 28 күннен тұратын, 13 айлық 364 күндік ерекше күнтізбесі бар. Ондай күтізбе – бір рет ілсең, өмір бойы тұратын тұрақты күнтізбе. Ал біз пайдаланып жүрген «Григорий күнтізбесі» сынап тәрізді. Ол – ғылыми негізі жоқ, жасанды календарь. Ал батыста «13» санын құбыжық көреді. Шын мәнінде, осы «13» мызғымайтын галактикалық тұрақты сан. Тұрақтылықтың белгісі. Оның дәлелдері: Ай жерді жылына 13 рет айналады. Әйел затының физикалық құбылысы да жылына 13 рет келеді. Мойныңнан екі тобығыңа дейін 13 буын бар. Яғни «13 саны – мүшел» дегенді білдіреді» дейді ол.

Оқи отырыңыз: Америка асқан алтайлықтар

 

Ал екіншісі – қазіргі біз қол­да­нып жүрген 365 күндік Григорий күнтізбесіне ұқсастау келетін Хааб деп аталатын азаматтық күнтізбе. Бұл күнтізбе бойынша, бір жыл әрқайсысы 20 күндік 18 айдан (18х20=360) және аты жоқ 5 күннен, яғни бас-аяғы 365 күннен  тұрады. Аспандағы Күн циклымен сәйкестендіріп жасақталғандықтан бұл күнтізбе, ең әуелі, күнделікті шаруашы­лықты  жүргізу үшін қолданылған. 

Майялардың  тағы  күн­тізбесі – Цолькин деп ата­латын 260 күндік  жүйе. Ахметов мырзаның пайымынша, бұл қыр-сыры да, жұмбағы да өте мол күнтізбе саналады. Біріншіден, осы күнтізбе арқылы майя абыздары діни салт-дәстүрлерді өткізетін мезгілдерді белгілеп, оларды осы күнтізбеге сәйкес атқарып отырған. 260 күндік Цолькин күнтізбесі Хааб күнтізбесінен әлдеқайда қысқа болғандығына қарамастан, мұндағы 13 ай да 20 күннен тұрады (20х13=260).  Алайда бұл екі күнтізбенің бір-бірімен үндесетін тұстары да жоқ емес. Мәселен, Хааб күнтізбесінің 52 циклы (52х365) мен Цолькин күнтізбесінің 73 циклы (73х260) 18 980 күнге теңеседі. Бұл майялар жасаған Күн күнтізбесінің 52 жылдық ғасырына тең. Шындығында да майялардың бір ғасыры  52 жылмен ғана шектелген. Үшінші күнтізбе «Ұзын есеп» деп ата­латын миллиондаған жылдардың аумағын қамтитын жүйе. Бұл күнтізбе бойынша, Ұзын есеп біздің заманымыздан 3113 жыл бұрын басталып, 2012 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды.

Тағы бір айта кетерлігі, майя тілінде «kin» деген сөз кездеседі. Әрі ол сөздің бірнеше мағынасы бар: бірінші мағынасы – аптаның бір күні, екіншісі – аспан әлеміндегі Күн, үшінші мағынасы – кіндік дегенді білдіреді екен. «Ежелгі Майя тілінде сөздігінде kіn (бір күн), uіnal (20 күндік бір ай), tun (360 күндік бір жыл немесе 18 uіnal/ай), katun (20 tun/жыл), baktun (20 katun немесе 400 жыл) сияқты сан есімдердің атауларымен қатар олардан да үлкен ұғымдарды білдіретін: pіctun, calabtun, kіnchіltun және analtun сияқты терминдер де кездеседі. «Мәселен, бір analtun 64 миллион жыл деген ұғымды білдіреді. Белгілі бір айтулы уақиғаның орын алған мезгілін белгілеу үшін майя күнтізбесі сан есімдердің мына реттегі бес жүйесін пайдаланған: baktun, katun, tun, uіnal, kіn. Мысалы, 9.10.19.5.11   деген  майя таңбаларын  былайша оқуға болады: 9 baktun (1296000 күн), 10 katun (72000 күн), 19 tun (6840 күн), 5 uіnal (100 күн),  11 kіn (11 күн). Бұлардың жалпы қосындысы 1 374 951 күнге немесе шамамен 3 764 жылға тең. Ал майялардың тастан тұрғызған бір ескерткішіндегі «Ұзын есеп» жүйесімен қашалып таңбаланған жазулар 90 миллион жыл бұрын орын алған уақиғадан хабар берсе, енді біріндегі таңбалар керісінше, 3000 жылдан кейін, яғни  келешекте болатын уақиғаға жөн сілтейді. 2012 жылы Майя күнтізбесі бойынша, 5126 жылдық цикл аяқталып, жаңа дәуір басталады. Бұл 21 желтоқсанға дөп келді. Бұл күнді майялықтар «алтыншы күн» деп атайды. Бір қызығы, 2012 жылдың 21 желтоқсанын кейбіреулер «ақырзаман», «апокалипсис» деп шулады. Бірақ бұл олай емес. Әлгі күн – 13 циклдан тұратын ұлы циклдың аяқталатын кезеңі. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Күн жүйесіндегі планеталар шеруі басталады. Яғни олар галактиканың ортасын кесіп өтетін бір сызықтың бойына тізбектеледі» дейді Әділ Ахметов.

Өкіншке қарай ғаламат жетістік пен небір құпия ғылымның сырын аша білген майя мәдениеті бізге толықтай жетпеді. Көптеген құнды мұралар жойылып кетті. Мәселен 1562 жылы түн мезгілінде майялардың Мани дейтін қаласында Диего де Ланда есімді испан­дық епископ өз жарлығымен байырғы майялардың баға жетпес өнер туынды­ларын, кітаптары мен қолжазбаларын түгел жиғызып алып, түгін  қалдырмай өртетіп жіберді.

Тағы бір айта кетерлігі, көптеген зерттеушілер бүгінгі бізді айран асыр етіп отырған өркениет аяқсыз қалғанын айтады. Ежелгі Майя­лар өздері қалыптастырған өркениетті яғни сәулетті  қалалары мен әлі салы­нып бітпеген ірі-ірі құрылыстарын, пирамида пішінде биік ғимараттарын күрт тоқтатып өздері аз уақыттың ішінде құмға сіңгендей із-түзсіз  жоқ болып кеткен. Бұл бүгінде жауабы жоқ жұмбақтың бірі болып отыр.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?