Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркістан облысына 1 жыл: өнер қайраткерлері не дейді?

1673
Түркістан облысына 1 жыл: өнер қайраткерлері не дейді? - e-history.kz
Тарлан тарихтың куәгері болған, руханияты жаңғырған еліміздің рухани астанасы Түркістанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өз алдына жеке облыс статусын алғанына осы жылы бір жыл толды

Бір жылдың ішінде Түркістан қарқынды даму жолына түсті. Жаңа ғимараттары бой түзеп жатыр. Бір жыл өте қысқа уақыт болса да, кез келген шаһардың келешегіне, әрі қарайғы дамуына айқын баға бере алатын кезең. Осы орайда еліміздің өнер майталмандарынан облыстың жаңа келбетіне қатысты пікір алған еді. Назар салсақ.

Жандарбек Бұлғақов, айтыскер:

Түркістанның тарихы тұтас қазақтың тарихына негіз боларлық орын ғой. Күллі түркі жұртының басын қосқан, «Ер түріктің бесігі» деп Мағжан жырлаған қазақтың мемлекет болып қалыптасуына зор ықпалын тигізген хандардың мәңгі тыным тапқан, би-шешендеріміз бен көсемдеріміздің, ақындарымыз бен батырларымыздың ұлт мүддесі үшін бас біріктірген ордасы. Сондықтан мемлекет тарапынан Түркістанға облыс мәртебесін беруі, назар аударуы қазақ мәдениеті мен тарихына қамқорлық жасау деп түсінемін.  Түркістан облыс атағаны алды деген хабарды естіген бойда сол қаладағы ағайын-бауырымызға сапарлап барғанымызда жаңа әкімдік ұйымдары мен, білім ордалары бой көтергенше мейрамханалар сияқты қоғамдық, көпшілік орындарда күн-түн демей жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметкерлерді көрдім. Елге деген үлес қоссам деген азаматтардың шынайы ниетін айқап қуанып қалдық. Қаншама жаңа ғимараттар бой түзейтін болды. Көріп отырғанымыздай шетелдік, отандық кәсіпкерлермен аймақты жаңғырту бойынша қаншама келісімшарттарға қол жеткізіліп жатыр. Бұл Түркістанның одан бетер көркеюіне, беделінің асқақтауына зор үлес тигізеді деп ойлаймын. Түркістан облыс болмаған жағдайда қазақ үшін орны бөлек, қадірі биік қалар болып қала берер еді. Облыс атағына ие болуы стратегиялық маңызын тіпті арттыра түскені сөзсіз. Осы ретте Түркістан қаласы гүлденіп, өрлеп бір жыл ішінде жаңаша биіктерден көрінгеніне, дамып жатқанына сәт сайын куә болып келеміз. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты тамаша, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі,  Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі кімді болмасын тамсандырмай, таңдандырмай қоймайды. Себебі бұлардң бәрі тарихтың көзі. Түркістанның әлі де жаһандық кеңістікке ашылар әлеуеті жоғары. Түркістан меніңше бар жаһан үшін тың жаңалық болары сөзсіз.

Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері:

Тарихи шындық мың рет айналып келеді дейді. Қасиетті, киелі топырақ болады. Түркістан сондай қасиет тұнған – киелі өлке. Тек қана қажзақтың емес, Тұран елінің астанасы болған. Бүкіл ұлттың зиялыларын өзіне қаратқан. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болуы бүкіл Түркінің астанасына айналғандығының тағы бір дәлеліне алып келді. Оның қазіргі кескін, келбеті, архитектурасы қай дәуірде де, қай ғасырда да сол елдің алды болған. Сыр мен Қаратаудың ортасында 32 ескі қала болған, солардың сойы – Түркістан. Ата-бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен Түркістанды Орталық Азияның маңдай алды шаһары еткен болатын. Қазір күн сайынғы өзгеріс, салынып жатқан жолдар, жаңа ғимараттар, рухани нысандар халықтың рухын жаңартуға, жастардың өз тарихына деген зердесін ашуға, терең тарих тағылымына келер ұрпақты сусындататын керемет орталық болып келе жатыр. Түркістан облыс орталығы ғана емес, исі түріктің, оның ішінде қазақтың рухани астанасы. Түркістанның әр бір жақсылығы біз үшін, әсіресе мен үшін үлкен қуаныш. Өзім еңбек жолымды осы қаладан бастағанмын. Түркістан облысының құрметті азаматымын. Бұл шаһардың қанат жайып, әр күн сайын жаңғыру жолында болып жатқан жетістіктеріне қаты қуанамын. Әр күн сайын жаңалықтардан болсын, ақпараттардан аймақта болып жатқан жаңашылдықтар туралы оқып, көз жүгрітіп отырамыз. Иә, Түркістан міне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен облыс стаусын 2018-де алған еді. Бүгінде міне облыс болғанына бір жыл толды. Нәтиже жаман емес. Экономикалық аймағы құрылып, қарқынды жұмысы жүріп жатыр ғой. Осы орайда түркістандықтарды мерейлі тойымен құттықтаймын, рухани астана ретінде еліміздің маңдайы жарқыраған қаласы атануына шын жүректен тілекшімін. Биылдан бастап Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, ынтымағын асыратын алтын көпірге айналады десек артық айтқандық емес. Орталық Азия елдері мен Түркия мемлекеттерінің жалпы съездері, мәдени-рухани бас қосулары, түркі мемлекеттерінің самиттері Түркістан шаһарында өтіп жатқаны белгілі.

Аятжан Ахметжан, «KazBilim» республикалық орталығының басшысы:

Ата жұртқа алғаш оралған жылы 2006-2007 оқу жылында бір жыл Кентау қаласында, Халықаралық қазақ-түрік университетінің дайындық курсында білім алдым. Одан кейін де оңтүстік өңірге жылына кемінде бір рет келемін. Соңғы рет 2017 жылы ақпанда келген едім. Араға екі жыл салып келдім.

Шыны керек, екі жылда Оңтүстік өңір қатты өзгерген. Түркістанды кезінде халық қала емес, үлкен ауыл дейтін еді. Жоқ қазіргі Түркістан тым бөлек. Қалаға жан кірген, үлкен нысандар ашылып, ХҚТУ-дың өзі үлкен бір қалашыққа айналған. Бұрынғы жым-жырт Түркістан бүгін шынайы қайнап жатқан қызған өмір, қызу тіршілік. Түркістан ғана емес, маңындағы аудандар да серпілген. Кезінде неге осынша тозған қала деп қарайтын Кентау қазір құлпырып түлеген, Шәуілдір, Арыстанбаб өңірлері де туристік бейне ретінде қалыптаса бастаған. Кәдімгі туған жерім гүлденгендей қуанып қалдым.

Біз қазақ қалалық ұлтқа айналу керек дегенді үнемі айтамыз, ондай болса бізде қазақ өсіретін қала керек. Нағыз қазақы ұрпақ ауылдан ғана емес, қаладан да өсіп шығуы керек. Ол үшін бізге Түркістан, Шымкент секілді таза қазақ өндіретін (өсіретін) қалалар керек.

Түркістан қазақ үшін өткен тарихта маңызды қала болса болашақ үшін де Түркістан киелі аймақ. Жаңа нағыз тарихы мен мәдениеті ұштасқан, қазақтың қаласы қайсы десе міне дейтін қала болады деп сенем.

Қазақстанда миллиондық он қала болған кезде біз әлемдік нарықта өз орнымызды ойып алатын күн туады. Бүгінде көбіне тек Астана мен Алматыға көңіл бөліп өңірлер кенжелеп қалды, өңірлер тоқырап қалды деп қайғыратын едік. Жоқ, Оңтүстік өзгерген. Иә, бұл өңірлердің түлеуі жан санының молдығы, бәсекенің мықтылығынан деп ойлаймын. Бәсеке бәрін өзгертеді. Ең үлкен себеп, Түркістан облысының ашылуы. Жаңа облыс жаңа серпін берген. Енді дәл осы үрдіс, Семей, Жезқазған, Арқалыққа жұғысты болса, өңірлер дамыса біздегі біраз әлеуметтік мәселе өздігінен шешім табар еді. Әйтпесе, Астана мен Алматыны жаңғырта беру болашаққа үлкен проблемалар жасап береді. Бізде өңірлері түлеп, жаңа қалалар пайда болатын дәуірге қадам бастық. Түркістан соның басы болғай.

Айгүл Қосанова, әнші:

Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру туралы жарлық шығарғалы бері көптеген өзгерістердің бастау алғанына өзіміз куә болып келеміз. Осынау Түркістан қаласының көне ғасыр қойнауынан бүгінге дейін аман жеткен мекен екені әмбеге аян. Қазақ хандығының астанасы болған құт қонған қасиетті орын. Мың жылдардан астам тарихы бар қаланың бүгінде өзінше статус алып, облыс ретінде қайта жаңғыруы бұл керемет құбылыс деуге болады. Ең әуелі Түркістанның облыс және Шымкенттің республикалық маңызы бар үшінші қала болып жариялануы ел экономикасын арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам деп білемін. Өйткені, Қазақстанның тұңғы Президенті Түркістанға сапарында халықты жұмыспен қамтудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығына бас мән бергені әлі күнге жадымызда. Әрі осы бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатқаны да белгілі. Жақсы бастамалар жасалып жатыр. Сол сапарында Елбасымыз елдегі бар жеке кәсіпкерлерге Түркістанды көркейту жолында жұмыла ат салысу туралы керемет ұсыныс айтты. Бүгінде міне Түркістанның жаңа келбеті өте ерекше. Қала шынымен жаңарған, жаңғырған, көңіл-күй де бөлек.

Жалпы  «Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда құл Қожа Ахмет» деген халық арасындағы сөздің Түркістанның қаншалықты қадір-қасиетке ие екендігін айқындайды. Түркістан облысының жеке облыс ретінде құрылуы бізге көптеген мүмкіндіктер сыйлап отыр. Түркістанның туризмде болсын, руханиятты, мәдениетте, енді міне жаңа заманның жаңаша шаһары болуда қауқары жетеді. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын 20 жыл да аяқтан тұрғызғанымыз сияқты, Түркістанның да жаңғыру жолы басталды. Аз ғана уақытта шаһар түлеп шығады деп сенемін. Оған Түркістанның жалпы ежелгі руханият астанасы ретінде болсын әлеуеті жетеді. Өз тегіміз бен тарихымыздың, ұлттық мәдениетіміз бен тәрбиеміздің арқасында мәңгілік жасампаздыққа жете аламыз. Ел азаматтарының атқарып жатқан жұмысы мен шешіміне қолдан келгенше қолдау көрсетуге, ат салысуға әзірміз.

Ауыт Мұқибек, Ұлттық кеңес мүшесі:

Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі мемлекеттің бірі. Осындай көшбасшы мемлекетті құрушы, түркі халықтарының ақсақалы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен Түркістан облысын құруы, атауы біздің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы керемет шешім болды деп есептеймін. Облыс құрылғалы бергі бір жыл ішінде өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелер уақыт оздырмай шешімін тауып келеді. Сондай-ақ, ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелері де бірте-бірте шешіліп жатқаны рас. Бұл – оңтүстіктегі әлеуеті жоғары екі қаланың тұрғындары мен олардың айналасындағы елді мекендердің дамудың даңғыл жолына апаратын бастама. Ал ең бастысы, түркі халықтарының іргесінің нығая түсуіне, бірлесуіне, туризмнің дамуына үлес қосатын оң тұстары айқын көрінді. Сондықтан түркі бірлігіне қызмет ететін бірден бір орталық құрылғанда барша қазақстандықтардың қуанышы мен салиқалы шешімнің игілігі жалғаса беретіндігіне күмәніміз жоқ. Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы  -Түркістан», - деген болатын. Түркістан шаһары облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы. Енді міне облыс болып өз алдына құрылғалы Түркістан еліміздегі өзге аймақтар мен қалалар сияқты экономикалық даму болсын, әлеуметтік нысандардың салынуы, туризм т.б салаларда әлі драйвер болатынына мен өз басым сенемін. Себебі қаншама инвестиция тартылып жатыр, халықаралық форумдар өтті. Онда қол жеткізген қаншама мәмілелер бар. Олардың бәрі тегін емес қой. Әрі Түркістан жалпы қай тұрғыда болсын өте тартымдықала. Өйткені онда руханият бар. Бұл ерекше фактор. Руханиятты, ежелгі заманның үнін бар қаладан көріп, сезіне білмейсіз. Бұл бір экзотика сияқты дүние. Міне, Түркістанның осындай бір ерекшелігі бар. Әрі бұл Түркістанның ерекшелігі ғана емес, болашақта оның көзіріне айналады. Әлі бар әлемге танылған тарихи орталық болатынына да еш күмән келтірмеймін.

Тарих әр сәт сайын жасалады. Түркістанның келбетіне көз тіккен сайынбіз одан бірінші кезекте мен мұндалаған тарихты көреміз, қасиетті қазақтың, түркінің ұлы да асқақ рухын сезінеміз. Өткеннің бізге алыстанкөз тастап тұрғанын ұғынғандай боламыз. Міне, бүгінде Түркістан жаңашыл қала келбетіне еніп келеді. Бірақ оның еш қалада жоқ руханияты кез келген жанды баурап алады. Облыс статусын алуы бұл бірінші кезекте – тарихқа жасалған құрмет. Қазақтың киелі топырағында «ежелгі ер түріктің бесігі болған» Түркістан атауының жаңғыруы бұл – тағзым, жаңа тарих және келешек.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?