Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тоқбай әнші

2280
        Тоқбай әнші - e-history.kz
Бұған жасар амалыңыз бар ма?! Ең өкініштісі Тоқбай Жұмағұловтың таспаға түсірілген әндері тегіс өшіріліп кеткен.

 

Өмірінің көп бөлігі  белгісіз болғанымен, оның ұзақ өмір сүргені, алыстағы Бурятияда еңбек етіп, қазақ театрының майталман әртістерімен таныс болғаны белгілі. Qazaqstan Tarihy порталы өнертанушы Ерлан Төлеутайдың зерттеулеріне сүйене отырып, осы ақтаңдақтардың орнын толтыруға тырысып көрмек.

1937 жылғы репрессия қазақ қауымының интеллектуалды элитасының көп бөлігін жойып қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақтың ұлттық өнерін де жусатып кетті.  Кеше ғана Сәкен Сейфуллиннің шаңырағының астында бас қосып отырған қазақстанның көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов, Орынбек Беков және басқалары сталиндік террор жылдары тұтқындалып, ешбір себепсіз атылып кете барды.  1937-1938 жылдардың қызыл  қырғын басталардың аз алдында осы адамдар Сәкеннің үйіне жиналып, халықтың өткені мен болашағы, елдің мәдени мұрасы туралы әңгіме-дүкен құрушы еді, халықтың басындағы проблемаларын көтеріп, оның шешімдерімен бөлісетін, ұлттық өнердің болашағы туралы келелі сөз болатын.

 Әңгіме арасында Жүсіпбек Елебеков пен Әбікен Хасеновтың орындауында ән мен күй тыңдаушы еді.

 Алайда халық қас қағым сәтте өзінің адал, ерен жүйрік ұлдарынан айырылып қала берді. Осындай бір қаралы күндердің бірінде Жүсіпбек Елебеков Павлодарға жол жүреді. Бұл 1939 жыл еді. Ж. Елебеков бастаған топ Бесқарағай аудандарының ауылдарында концерт қойып, гастрольдік сапарда жүрген еді.  Сол күндердің бірінде Тоқбай атты жергілікті әншімен кездеседі. Тоқбайдың өнерін көріп, оның шеберлігіне таңғалған Жүсіпбек оны Алматыға  көшуді ұсынады. Тоқбай көпке дейін келіспегенімен, ақырында Ж.Елебековтың ұсынысын қабыл алып Алматыға келеді. Тоқбай Жұмағұловтың өмірбаяны туралы айта келіп зерттеуші Ерлан Төлеутай профессор Есет Смайыловтың еңбектеріне сілтеме жасайды. Е. Смайыловтың жұмыстарына сенер болсақ, Тоқбай уақ руынан шыққан. Ол 1882 жылы Кереку уезінің Сейтен болысының Бөрлі ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Жүсіп.  «Тоқбайды ән өнеріне баулыған әкесі»,- дейді Есет Смайылов. Ол жас шағынан әкесімен Бесқарағай өңірінің Сейтен, Бөрлі, Малыбай, Есілбай ауылдарын аралап, ән салған. Тоқбайдың ұстазы Қайдар әнші болған деседі, алайда, оның әндері бізге  жетпеген. Тоқбай Жұмағұловтың аты дүрілдеп шыққан кезі 1924-1925 жылдарға келеді. Әншінің даңқы бұл кезде Бесқарағай аумағынан шығып, Новосибирск, Щеглов (қазіргі Кемерово), Алтайға дейін жеткен. Кейін, 1931-1932 жылдардағы аштық алты бірдей баласы мен әйелін жалмап кетеді. Өзі жер аударылып, Барнауылға әрең дегенде жетеді. Сол жердегі дүкендердің біріне күзетшілікке орналасып, бірінші еңбекақысына балалайка сатып алады. Осы балалайкамен балалары мен әйеліне арнап жоқтау айтқан, қара қазақтың басына түскен зобалаңға қарғыс жаудырады.

Барнауылдан әрі қарай Бурятияға қоныс аударады. Жоғарыда көрсетілген зерттеушілердің еңбектерінде ол 1935 жылдан Улан-Удэ филармониясында әртіс болып қызмет  істеген делінеді. 1937-1938 жылдары Т.Жұмағұлов филармониядағы жұмысымен қатар жергілікті радиода да жұмыс істеген. Улан-Удэден соң әнші Моңғолияға кетіп, ол жақтан Қазақстанға тек 1939 жылы ғана оралған. Жүсіпбек Елебековпен кездескеннен кейін әнші онымен бірге Алматыға келеді. Бастапқы кезде Тоқбай  Ж.Елебковтың үйінде тұрған, Жүсіпбек оны филармонияға жұмысқа орналастырады. Алайда филармония басшылығы оған жұмыс істеуге жағдай жасай алмағандықтан, әнші Бесқарағай ауданына оралуға мәжбүр болады.  Бұл туралы Ж.Елебковтың жары Хабиба өзінің «Ән - аманат» кітабында былай дейді «Қайран, Тоқбай! Дер кезінде білім алып, қазақ өнерінің дамуына үлес қосқанда, жеке әншілік мектебі боларлықтай дарын иесі еді ғой. Біздің көкірегі соқыр кейбір басшылар кезінде бағалай білмеген соң, жағдайы келіспей елге қайтып кетті» – дейді Жүсекең өкініш білдіріп.

– Мен сол кісінің өмірін онша жақсы білмейді екем, – дейді Шәкен әңгімені Тоқбайға қарай аударып. Олар шаршай бастағанда әннен әңгімеге ауысып кететінін өздері де байқамай қалатын. – Жарықтықта өмір дейтін өмір болған жоқ шығар-ау! Талайдың отын өшіріп, өмірін қайғыға салған небір ауыр замандар өтті ғой. Ой, заман-ай, десейші, – деп Жүсекең өткен күннен әңгіме қозғайды. – Тоқбаймен 1939 жылы ел аралап концерт беріп жүріп, Бесқарағай ауданында кездесіп едім. Ондай адамдар қай жерге де керек қой, өзіммен бірге Алматыға алып келіп, филармонияға әнші ғып орналастырдым. Бірақ жағдайы болмағандықтан, көп аялдамай қайтып кетті. Осыдан кейін Тоқбайдан көз жазып қалдым. Ұзақ жылдар бойы кездестіре алмай қойдым. Тым болмаса әнін жаздырып алмағаныма өкінем. 1960 жылы тағы сондай концерт беріп жүргенде машинамен ағызып келе жатып, бір аттылы адамға көзім түсті. Дұрыстап қарап үлгергенімше болған жоқ, машина зуылдап өте шықты. Санамда әлдебір қимас адамның бейнесі жарқ ете түскендей болды. Дереу машинаны тоқтатқызып  – Мынау адам Тоқбай болуы керек, тұлғасы соған ұқсайды, – деп машинаны кері бұруын өтіндім. – Қойыңызшы, Жүсеке, бейсауат өтіп бара жатқан мықырайған біреуді Тоқбай деп шатасқаныңыз не? Сіз де не болса, соны айта береді екенсіз! – деп күлді қасымдағылар.

– Меніңше сол, Тоқбайдың нақ өзі, көзім ешқашан алдамаушы еді. Сол екенін жүрегім де сезіп тұрғандай. Барайық, машинаны кері бұрыңдар, басқа адам болса, тонымызды шешіп алып қалмас, көрейік, – дедім. Сонымен, әлгі аттылыға қапталдаса кеп тоқтадық. Машина жолдан қашықтау бара жатқан соң, көзім жете қоймады. Айқайлап қол бұлғап едім, әлгі кісі бізге қарсы жүрді. Жақындағанда оның Тоқбай екенін жазбай таныдым. – Тоқбай! – деп машинадан қарғып түсіп тұра жүгірдім. Бара аттан тік көтеріп алып құшақтап жатырмын. Оның да қуанышында шек жоқ. – Жаман ағаңды қайдан таныдың? Ұмытпапсың ғой, шырағым. Рахмет! – деп жылап жіберді. Шүйкедей болып шөгіп кетіпті. Атын біреуге қалдырып, өзін машинаға отырғызып алдық! Жиырма жыл жоғалтқан Тоқбайды осылай тауып алғам.

 – Арада жиырма бір жыл өткенде, бірден қалай таныдың? – деймін мен де сөзге араласып. (Сөзге араласып отырған Хабиба Елебекова. Әңгіме Шәкен Айманов пен Жүсіпбек Елебек арасында өрбуде. – Е.Т.).

– Тоқбай сияқты адам ұмытыла ма? Ол ойымнан шыққан емес. Елге шыққанда оның қайда екенін сұрастырып жүретінмін. Ешкім білмейді. Бір рет бұрынғы жүрген жеріне іздеп барып, таба алмай қайтқам. Кейінірек дүниеден өткен шығар деп ойлаушы едім. Арқа сүйер адамы жоқ шүйкедей жаман шалды кім керек етсін. Кеуде соғары жоқ бұйығы адамның өнері ашылмай қала береді екен-ау деп ойға қалушы едім. Қойшы, әйтеуір, көтеріле біткен танауыңнан айналайын шүйкедей Тоқбайды таптым ғой. Жүсекең әңгімесін соза түседі. Шәкен үнсіз ойға батып тыңдай береді.

 – Сол жолы Тоқбайды қонаққа шақырып келдім. Онда осы өзің жатқан үйді жаңа алған кезіміз. Қыс түсе Тоқбай да келді. Қолында балалайкасы бар. Өзіне жеке бір бөлмені босатып бердік. Күнде таңертеңгі тамақтан кейін қоймай отырып ән айтқызам. Дайындалып жаттыға бер, әніңді жазып аламыз деймін. – Қой, Жүсіпбек, мені мазалама. Сексеннен асқанда менде ән айтатын не қауқар қалды дейсің. Өзіңе ғана мына әлсіз даусыммен, сұраған әніңді айтып берейін деп, мына балалайкамды ала келдім, – деп көнгісі келмейді. – Мен бұдан бір сәт ажырай алмаймын. Бұл менің өмірлік жолдасым ғой. Кешегі қайғы басқан қиын жылдарда, тек осы ғана, сырымды ұғар сырласым, зарымды ұғар мұңдасым болмады ма. Кейінгі кезде домбыраға қайта ауысуға болар еді. Оған дәтім бармады. Ауыр күндерде серік болған сырласымды тастай алмадым. Кейбір әндердің балалайкаға көнбейтінін білем. Бірақ амал жоқ! Тастай алмадым. Қиын кездегі жан аяспас досын бас пайдасы үшін сатып кететін жаман жолдастай болмайын деймін. Мен оны өлмей тастамаймын, – дейді. Дегенмен, сол жылы оның біраз өлеңдерін радиоға жаздырдым. Жүсіпбектің Шәкенге шерткен осы әңгімелерінен Тоқбай өмірінің кейінгіге белгісіз көп сырлары көрініс береді.  Е. Смайыловтың деректері бойынша 1961 жылы Жүсіпбек ЕлебековТоқбайдың 26 әнін таспаға жаздырған. Өкініштісі, арада бірнеше жыл өткенде радионың музыка редакциясындағы әлдебіреулердің немқұрайдылығынан, не әдейілеп қастық етуінен Тоқбай Жұмағұловтың таспаға түсірілген әндері тегіс өшіріліп кеткен. Осылайша Жүсіпбек ерекше бағалаған, қадірлеген Тоқбай әншінің дауысы жойылып кетті. Ақын 1964 жылы 82 жасында өмірден озған еді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?