Біздің порталға асылдың сынығы, Ілияс Жансүгіровтың ұлы Саят ақсақалдың мынадай бір жазбасы келіп түсті. Саят Ілиясұлы әкесінің бұған дейін еш жерде жарық көрмеген бірнеше мақаласын ұсынған екен. Әрине, қазақ қайраткерлерінің табылған кез-келген дүниесі біз үшін алтынға пар. Біз төменде ақсақалдың өз алғысөзімен жазылған Ілияс Жансүгіровтың мақаласын қуана жариялап отырмыз.
Бір жылдан кейін бұйыртса, тоқсанға толамын. Бір ой әманда маза бермейді. Басты міндетімді орындап үлгеруім керек деп ойлаймын. Менің басты міндетім – әкемнің (ақын Ілияс Жансүгіровтың) лайықты ұлы болу!
Ол кісі туралы егжей-тегжейлі көп жазыдым ғой. Әкеме қатысты тыңғылықты зерттеу жұмыстарым да бар. Биыл республикада бірқатар ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтті. Атап айтқанада «Құлагер» поэмасы ағылшын тіліне аударылды. Алматы облысының ғалымдар тобынан жасақталған делегацияның Мәскеуге, Санкт-Петерборға жасаған экспедициялары аяқталды сондай-ақ, ақынның 125 жылдығына орай туған елінде іс-шаралар өтті. Ілиястың Мәскеудегі Журналистика институтында оқыған (1925-1928) кезі бойынша Бақыт Алтынбековтың жазған «Прерванный полет» атты жұмысы ерекше құрметке ие. Оны мен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне табыстадым. Олар бұл еңбекті зор құрметпен қабыл алды.
Мен де әкем секілді сандаған мақалалар мен өлеңдер жаздым. Мамандығым тау инженері болса да, басқа зерттеушілердің жарияланған жұмыстарын орыс тіліне аудардым. Естеріңізде болса, Маяковский былай деп жазған еді ғой;
Поэзия та же добыча радия
В грамм добыча, в год труды
Изводишь единого слова ради
Тысячи тонн словенской ерунды!
Ілияс мұрасында оның журналистикаға ерте кезден-ақ араласқаны ерекше орын алады. Бақыт Алтынбековпен бірлесіп біз Ташкенттегі оқу кезінде жүргенде Ілиястың жазған, бұрын еш жерде жарияланбаған бірнеше мақалаларын, сондай-ақ «Ақ жол» газетінде (1920ж.) корректор болып жүрген кезіндегі еңбектерін де таптық. Осы сәтті пайдалана отырып, оқырмандар назарына әкемнің мақалаларын ұсынсам деймін…
Құрметпен,
Саят Ілиясұлы ЖАНСҮГІРОВ
Мәтін түпнұсқаның орфографиясымен жазылып отыр.
Қапал, Лепсі уездері.
Жетісу облысының солтүстік алаңы Қапал, Лепсі уездері болады. Мұның бір жағы Семей облысы. Бір жағы Қытаймен тұтасқан. Бұл уездер қазақтың қалың бір жері. Мұндағы қазақтар жатақ-қышлақ болып отырмаса да, сұлу жерлеріне егін салып еңбектерін сіңіруші еді.
Бұл егіндік жерлерін переселен, мұжықтар көтереге алды. Бұлар алғаннан кейін, тастақ пен шөл, құм қазақта қалды.
Қоныс таралып, келімсек бауырлар келе бастағаннан кейін-ақ, әрнәрсе қымбатқа айналды. Бір пұт бидай бір қой болды. Қойларын бидайға салып жүргенде, басқа малдары жұтқа ілікті. Жұрт жетім-жесірге айналды. Сөйтіп, жүрген уақыттарында 18-ші жыл Колчак пен Анне[н]ков, Дутовтардың әскерлері шықты. Халықтың бұл уақытта көрген қорлықтарын айтып бітіргісіз. Бұл кездерде ел ішінде бұзылмаған үй жоқ. Шаруа таланған. Оның үстіне, Кеңестер хүкіметінің әскер бас[ш]ылары Мамонтов, Иванов дегендер де, Жетісу бұзақыларына қару-жарақ беріп, ел талаттырды. Соның, кесірінен бір сыпыра ел Қытайға қарап ауды. Сөйтіп, 20-шы жылдың жазына таман ғана ел іші біраз тыныштанып, Кеңестер хүкіметі орнықты. Бір-ақ жүректі қызметкер жоқ. Елге шығу, сайлау реттері, төрелік істері бұрынғы бұзақылармен алып-сатар ноғайларға тигеннен кейін, облыстық ревком басына ноғайлар келеді. Ол жақта қазақ оқығандары өте аз. Ел қараңғы, надан. Бұл күнгі ел бастайтын оқығандардың көбі, бояма коммунист.
Ел ішінде шыққан агитатор, организатор болса, іс үшін емес қымыз ішіп, етке тойып қайту үшін шығады. Мақсат сол болғаннан соң, лау мініп байдан, байды қыдырумен жүреді.
Оқу оқыту істері тіпті нашар. Жоқ есебінде. Қысқасы, қай жағынан қарасақ та оңып тұрған бір іс жоқ. Ел шаруасы ілгерлеудің орнына кейін кетуде. Оның үстіне агент деген атақты алып, ел ішінде шыққан қазақтың, татардың саудагер алып сатарлары қайтадан байып отыр. Баяғы шыр бітпегендері бұл күнде жүздеп қойлы болды. Осы ел Қапал уездінің уезі сиезінде Ақсу болыстан алған 750 қой мен азық-түлік бөлімдеріне өткізген 420 қой. Басқалары сол бетімен жоқ. Сиезде бұл туралы беттерінен ай туған агенттер болды. Және бұл бір ғана Ақсу болысы емес, Қапал уез[і]ндегі түп түгел болып жатқан оқиғалары да осы.
Ілияс Жансүгіров[1]
Мәтін түпнұсқаның орфографиясымен жазылып отыр.
Қапал уезі.
Қапал уезіндегі Ақсу жағасында, 50 үйлік Абакумск деген қазақ-орыс қаласы бар. Бұлар дәуірлеп тұрған Николай заманында жерлес отырған қазақтың бәрін көшіріп, қыстауларын, егіндік торғандарын тартып алған, неше рет ел шауып, қазақтың көбін сотқа көгендеп, көздерін түрмеде жылтыратқан.
Жер туралы қазаққа тісін қайрап, «сен ме!» деп жүретін бұл орыстар, 18-ші жылы Кеңес хүкіметі құрылып, әскер басы Мамантов, Иванов һәм Петренкелер барғанда, қару-жарақ асынып, баяғы өштескен таныс қазақтардың қыстау, қора-қопсысы, мекендерін өртеп жіберген. Малын нәрселерін тартып алған. Бұлардың қолдарына түспеген елдер Балқаштағы құмға қарай үркіп, көшіп кеткен. Нақ сол жылдың май айында Қызылқайың, Діңгек, Жаман Ақсу деген жердегі қалың қазақ қыстауларын өртеп, жарақты бұйымдарын кірелеп қалаға артқан.
Бұлар бұны істеп жүргенде, Қапалға жақын Арасан деген қаланың казак-орыстары қоныстас қазақтарды шауып, сулы жердегі қыстаулардың бәрін өртеп, елін қостырып, Қытайға қарай асырып жіберген. Абакумскінің орыстары болса, қарайған қазақ қыстауларын жоқ қылып, жиырма шақырым шамасында отыратын қазақтың ұясы Қара ағаш деген жердегі қалың қыстауға келіп, үйлерін талап, от қояды.
ҚазАқмешітіне бір-ақ сіріңке (кеуірт) жағылады. Ақырында, бай-жарлының там қораларын жоғалтып болғаннан кейін, керекті жиһаз мүліктерді үлеске салып, бөліп алады.
Сөйтіп, сол жердегі қазақтар, орасан жәбір көріп, осындай дүниенің кемтар кезінде мұқтаждыққа ұшырап отырған жайлары бар.
Ілияс Жансүгіров[2]
Мәтін түпнұсқаның орфографиясымен жазылып отыр.
Қапал
Кеңес хүкіметі орнағалы біраз жыл болса да, мұндағы халық ағарту істері өте нашар һәм бірде ілгерілмейді. Өткен жылы майдан бастап, Алматыда қысқа уақыттық оқытушылар курсы ашылды. Бұл курске Қапалдан келіп оқыған курсант 18-ақ. Лепсіден біреуде келген жоқ. Биыл өткен жаз Жетісуға аралап, комиссия шықты. Мақсат сол уездерден мектепті көбейтіп, оқуды дүрілдеттіру, комиссия бірде іс істей алмай, қағаз бетін шыймайлап, аянышты хәлдерін көріп қайтып келді.
І.Ж.[3]
[1] Ақ жол. 1920. №3. 15 декабрь. // Есенқара Х. Ақ жол. Алматы: КАЗақпарат баспасы, 2015. Т.1. Б.82-83.
[2] Ақ жол. 1921. №10. январь. // Есенқара Х. Ақ жол. Алматы: КАЗақпарат баспасы, 2015. Т.1. Б.219.
[3] Ақ жол. 1921. №20. 30 январь. // Есенқара Х. Ақ жол. Алматы: КАЗақпарат баспасы, 2015. Т.2. Б.41.