Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ағыбайдың Құран кітабы

2346
Ағыбайдың Құран кітабы - e-history.kz
Аты аңызға айналған Ақжолтай Ағыбай батыр ұстаған Құран кітабы табылды деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы ortalyq.kz сайтына сілтеме жасап.

Батыр қасиетті кітапты өзімен бірге жорықтарға алып жүрген екен.

«Өткен сенбіде Шу қаласында «Кәрібай молда» мешіті ашылды. Игілікті шараға елдің түпкір-түпкірінен көп халық жиналды. Балқаш қаласынан «Ағыбай батыр» қорының өкілдері де қатысып қайттық», – дейді аталған қор төрағасы, руханият жанашыры Ғабит Мұсабеков.

Елді елең еткізген жаңалықты осы кісінің аузынан естідік. Сол жиында Жангүл (құжат бойынша Күлзипа) Тарғынқызы Ағыбай батырдың Құран кітабын жаңадан ашылған мешітке сыйлаған. Шежіреге үңілсек, Тарғын – Өскенбектің ұлы. Өскенбек – Тәтиден, Тәти – Аманжолдан туса, Аманжол Ағыбайдың кіндігінен тарайды.

Бірден Жангүл апамызға телефон арқылы хабарластық. Қарт ана өзінің Тарғынның жетінші баласы екенін айтты. Негізі, шешесі Аманбала 18 құрсақ көтерген екен. «Ағыбай бабамыздың Құран кітабын 90 жас жасаған марқұм шешеміз көзінің қарашығындай сақтап келді. Естуімізше, бұл кітапты Ағыбайдың әкесі Қоңырбай Қазан қаласынан алдыртқан екен», – дейді Жангүл Тарғынқызы.

Көлемі 200 беттік Құран кітабының алғашқы бетінде төте жазумен жазылған деректер кездеседі. Сондай-ақ, мешіттер мен жайнамаздың суреттері салынған. Мұқабасы ағаштан ойылған.

Ақжолтай А ғ ы б а й батыр (1802, Ұлытау өңірі — 1885, Балқаш көлінің жағасы, Тасарал қамалы) — Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Жорықта жолы болғыштығы үшін «Ақжолтай батыр» атанған. Сарбаздары Абылай есімімен қатар Ақжолтай батырды да ұранға айналдырған.

13 жасынан қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. Батыр бастаған қол 1826 — 49 жылдар аралығында Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген.

Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. Дүниеден қайтқан соң Ресей үкімет оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленген.

ortalyq.kz

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?