Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Қазақ диссиденттері. Кәмел Жүністегі

2308
#Қазақ диссиденттері. Кәмел Жүністегі - e-history.kz
Артық сөйлемек түгілі өзгеше ойлауға тыйым салған советтік империя қанша жерден жан таласса да қазақтың рухын баса алмаған еді

Еліміздің әр өңірлерінде езгігі түскен елдің еңсесін көтеру мақсатында әр түрлі астыртын ұйымдар бой көрсетіп жатты. Солардың бірі – «Жас қазақ» немесе ЕСЕП партиясы.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Советтік империяның дәурені әбден жүріп тұрған кез. Жұрт арасында «Арқа жақта сәбеттік жүйенің шат-шәлейін шығаратын құпия ұйым пайда болыпты, ұйымға жастар лек-легімен қосылып жатыр екен» деген сыбыс тарай бастаған шақ. Артынша бұл сыбыс расқа айналып Қарағанды қаласына барып қайтқан адамдар мен оқудан демалысқа оралған студенттер «Жас Алаш», «Жас Қазақ» деген атаумен Совет өкіметінің жүргізіп отырған саясаты қазақ сияқты ұлттардың тілі мен мәдениетін құртуға негізделгенін, сонымен қатар, қазақ мектептерінің жабылып, барлық мектептерде оқу орыс тілінде жүргізіліп жатқанын ашық сыналған үнпарақтар әкеле бастайды. Кейін мұндай жүйеге қарсы «қауіпті» жазбаларға толы үнпарақтар Қарағанды ғана емес, Алматы, Ақмола қалаларына да таралып жатты.

Бұл тосын оқиға, әрине, құпия қызмет адамдарын аяғынан тік тұрғызған еді. КГБ мамандары күн демей, түн демей аяқтарынан тозып жұмыс істеуге мәжбүр. Қанша жерден жанталасқанымен КГБ агенттері екі жыл бойы (ЕСЕП партиясы 1960-1962 жылдары аралығында жұмыс істеді) дегенің үнпарақтардың қайдан шығып жатқанын, оларды кім жазып, кім тарататынын біле алмай дал болды. Бірақ Қарағанды өңірінен қатты күдіктенді. Негізгі жұмыстарын осы жаққа жүргізді. Ұзамай қауіптің ұясы анықталады. Құпия партияның негізгі жұмыстары Қарағанды қаласында болғанымен басты «штаб-пәтері»  Шет ауданына қарасты қазіргі Ақсу-Аюлы ауылынан табылады. Негізгі ұйымдастырушылары Кәмел Жүнісов және Зейнолла Игіліков атты жоғарғы оқу орындарының студенттері екені белгілі болады. Екеуі бірден 4 жылға сот­талып РСФСР-дің Орал тауындағы қатаң режимдегі саяси тұтқындар лагеріне айдалады. Мұнымен тынбай КГБ агенттері ЕСЕП» пар­тиясына тілектестік танытып, Совет өкіметіне қарсы үгіт жүр­гіз­ді деген айыппен  Кәрім Сауғабаев, Мақ­сым Омарбеков секілді біраз адамды әр түрлі мерзімге жазаға кесті.

Оқи отырыңыз: Дала диссиденті

ЕСЕП қалай құрылды?

К. Жүністегінің айтуынша, ол кез қазақтың күрт саны азайып,  30 пайызға да жетпей қалған шақ еді. «Осының салдарынан өзге ұлт өкiлдерi бізді басынып, күн көрсетпейтін халге жеттік. Қазақтың баласын ұрып кету, үлкендердi қорлау деген жағдайлар жиi кездесiп қалып жүрдi. Үлкендер «бiздi кәпiрлер билеп алды, өлгенде бұлар бiзге жаназа шығартпайды, ең болмаса қарағайға қақтырмай (табытқа салмай деген сөз), өз беттерiңше жерлеңдер» деп жылап отыратын. Осындай жайттар мені қатты күйзелтті. Сөйтіп жүргенде Зейнолла деген бір досым әскерден келе қалды. Екеуiмiз бiрiгiп, партия құру керек деген ойға келдік. 1949 жылы Жамбыл өңірінде мектеп оқушылары құрған «ЕСЕП» болсын (Елiн Сүйген Ерлер Партиясы) атты ұйым болған еді. Алайда бұл ұйымның ғұмыры 15 күнге созылды. Оқушылар қуғынға ұшырап, миссияларын аяқтай алмады. Осы жастардың ізін жалғастырайық деген оймен ұйымымыздың атауын ЕСЕП деп атадық. Өзiмiздi сол «ЕСЕП» партиясының мүшесi санағанымызбен, үнпарақтарды «Жас Алаш», «Жас Қа­зақ» деген атпен тараттық. Үнпарақтарымызды алғашында қолмен жаздық, содан кейiн жазу машинкамыз болды. Оны Аюлы тауының бiр үңгiрiне жасырып қоятынбыз, сол жерде тығылып отырып жазып, жан-жаққа тарататынбыз», – дейді Кәмел ағамыз.

Ұйым мүшелері үнпарақтарын басында барлық қалалардағы жоғарғы оқу орындарына тарата бастайды. Кейін бұларды қолдан көшіріп, өзге студенттер де таратуды қолға алады. Қаладан келген студент жастар ол қағаздарды өздерiмен бiрге ауылға әкелiп таратып жатты.

«Түбі бір  ұсталатынымызды білген едік. Ақыры ұсталып тындық. Ештеңеге қараған жоқ. Сол кездегі 58-ші бап бойынша яғни «Отанға опасыздық жасау» айыбымен сотталып кете бардық. Сол кезде мен 22 жаста едім. КГБ-ның түрмесіндегі жағдайлар деген өте ауыр, адам төзгісіз болды. Олардың жендеттері адам аяуды білмейді, ұрып-соғу дегеннің небір түрін көрдік қой. Қолың байлаулы, шашыңнан сүйреп сабаған кезде құйқаң бас сүйектен бөлініп кете жаздайды. Мен алғашқы жиырма күнде орнымнан тұра алмай қалдым, өздерінің ауруханасына апарып, түрлі уколдарды салып, 15 күннен кейін қайта шығарды» деп отырады Кәмел ағамыз сол бір шақтарын есіне алған кездері.

Сотталғандар тиелген вагон Челябинск қаласына тоқтаған соң ондағылар Кәмелді жолдастарымнан айырып алып еңгезердей бір орыстың жігітімен жекпе-жекке шығарады. «Оның қолында сала-құлаш пышақ болды, ал менде түк жоқ еді. Бір Алланың сақтады. Аздап бокспен шұғылданғанымның арқасында аман қалдым. Сондағы ойлары мені жолда өлтіріп кету еді. Осындай жолмен талай қазақтың сүйегі жолда қалды. Мәселен, Қайрат Рысқұлбековті асылып өлді дейді, шындығында ол асылып өлген жоқ, анау орыс секілді біреуді жіберіп өлтірді де, асып қойды. Осылайша, өлігіміз әр жерде қалмасын деп, жанымыз үшін арпалыспен күндеріміз өтті. Екi жарым мың тұтқыны бар үлкен лагерьде төрт жыл отырып шықтым. Қара жұмыс iстедiк. Үнемі аңдуда болдық, түнде барақтан шыққандарды атып тастайтын. Несiн айтасың, көрмеген құқайымыз жоқ. Мен отырған саяси лагерьде қазақ диссиденттерінің алғашқысы Махмет Құлмағамбетов жазасын өтеді», – дейді К. Жүністегі.

Жазасын өтеп аман-есен елге келгенімен Кәмел үнемі бақылауда болады. Ақыры жергілікті билік оны бос жүргізіп қою тіптен қауiптi деп санап орыс мекте­бiне дене тәрбиесiнен мұғалiм қылып жұмысқа орналастырады. Дүркін-дүркін үйге милиция келіп тiнту жасап тұрды.  Алайда соған қарамастан, ол заманда атын атауға болмайтын Шортанбай жырау мен артынан ерген шәкiрттерiнiң бәрiн совет үкiметi атып тастаған Қыздарбек күйшiнiң мұрасын зерттеумен айналысады. Артына тағы КГБ түседі. Тағы да сотталу қаупі төнеді. Абырой болғанда, Балтық бойындағы елдері мен Кавказда түрлi толқуларға байланысты күштің барлығы соларға бағытталып Кәмел бұл қуғыннан аман қалады.

Оқи отырыңыз: Еуропа мойындаған диссидент

Шортанбай демекші, Кәмел Жүністегі мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ  (6-7 сынып кездері) партияның тыйымына қарамастан Шортанбай, Дулат шығармаларын жатқа айтып, жыраулар дәстүрін рахаттанып тұрып жамандайтын ұстаздармен сөзге келіп жүргенін айта кету керек. Онымен тынбай, советтік жүйенің ең  мақтаулы жаңалығы Дарвинизм iлiмiне қарсы шыққан.  Сабақ үстінде «Дарвиннiң пiкiрi дұрыс емес» деп шу шығарып, сабақ өткiз­дiр­мей тастаған кездері де болған.

«ЕСЕП» партиясының белсенді мүшесі, «Жас қазақ» ұйымының негізін қалаушылардың бірі, диссидент, ұлтшыл қазақ әрі жазушы Кәмел Жүністегі ағамыз бүгінде Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында тұрып жатыр.

Кәмел Жүністегі 1939 жылы 27 қаңтарда Шет өңірінде, Ақсу-Аюлы селосында туған.

1959 жылы аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған. 1960 жылы Қарағанды Педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түседі.

1962 жылы қазақ жастары арасында құрылған, «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде, жерлес досы, ақын Зейнолла Игілікұлы екеуіне саяси айып тағылып, Сібірдегі лагерьде болған.

Жазасын өтеп оралған соң, 1966 жылы қайтадан институттағы оқуын сырттай жалғастырып, 1977 жылы ойдағыдай бітірген.

Сол 1966 жылдан 1984 жылға дейін аудан орталығындағы М. Горький атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1984-1989 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет еткен.

1989 жылдан 1992 жылға дейін аудандық мұражай директоры, 1992-2005 жылдары аудандық «Заман» газетінің редакторы болып қызмет атқарды.

Қазір зейнеттер.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы. «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайратекері, С. Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері.

«Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген», «Едіге», «Вожак» «Адам, қайда барасың?» атты кітаптары бар. Сонымен қатар, «Құба белдер» және «Тар заман» секілді бірнеше спектакльдің авторы.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?