Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлемнің алыбы

2324
Әлемнің алыбы - e-history.kz
Қажымұқан Мұңайтпасұлы иісі қазақтан шыққан алғашқы кәсіпқой балуан болып саналады. 1908, 1909, 1911, 1913, 1914 жылдары аралығында күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған даңқты спортшы

Ол Еуропа, Азия және Оңтүстік Америка құрлығының 54 бірдей мемлекетінде Иван Поддубный, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Иван Шемякин, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды әлемге аттары мәшһүр балуандармен күш сынасып, барлығының да жауырындарын жер иіскеткен алапат күш иесі. Зерттеушілердің айтуынша, Қажымұқан атамыз өмірінің 55 жылын күреске арнапты. Осы уақыт аралығында әлемдік жарыстардан алтын-күмісі аралас барлығы 56 медаль олжалаған екен. Өкініштісі, сол бұл медальдардың көбі бізге жеткен жоқ. Батыр атамыз бұл медальдарын сатып, ақшасын жоқ-жітікке таратып берген. 

Қажымұқан жас кезінде ауыл байларының бірінің малшысы болып жұмыс істейді. Алайда тумысынан бөлек бітімді, тұла бойы қара күшке толы балаң жігіттің мал соңында жүргені жарамас деп Ғаббас бай Қажымұқанға қалаға кетуге кеңес береді. Ғаббас байдың кеңесі бойынша қалаға (Ақмола) келген балуан біраз уақыт бір саудагердің жүкшісі болып күн көреді. Сол жерде жүріп «цирк» деген өнерге аңсары ауады. Ақыры қоймай жүріп Андрей Злобин деген орыс кәсіпкерінің циркіне жалданып, жұмысшы болып орналасады. Басында цирктің ат қорасында жұмысшы болып еңбек етеді. Бос уақытында қарап жүрмей француз күресінің қыр-сырын меңгере бастайды.

Күндердің күнінде аталмыш циркке өнер көрсету үшін Мәскеуден «Сібір аюы» деген лақат аты бар орыстың бір балуаны келеді. «Сібір аюы» цирк аренасында күрескендерің барлығын жығады. Ақыр соңында онымен күресер адам табылмай қалады. Цирк әкімшілігі ойын одан сайын қызықты бола түссін деген оймен қомақты ақша тігіп көрермендер арасынан «Сібір аюымен» белдесетін адам іздейді. Бірақ көрермендер арасынан ешкім шыға қоймайды. Болмаған соң «не болса да көрейін, жығылсам жер көтерер» деп Қажымұқан өзі шығады. Екеуі ұзақ айқасып бірін-бірі ала алмайды. Ақыры тең түседі.

Кейбір әңгімелерде Қажымұқан атамыздың шыққан бойда орыс балуанын алып ұрып қабырғасын сындырғаны айтылады. Алайда ақиқатында екеуі тең түскен.  Есесіне жас балуанның есімі күллі Ақмола өңіріне тарап кетеді.

Қажымұқанның бұл күресі цирк қожайыны әрі атақты балуан Злобиннің көңілінен шығады. Кәсіби түрде күреспен айналысуға кеңес береді. Тіпті, тиісті жерге хатын жазып, жолын ашып береді. Осылайша Қажымұқан Мұңайтпасұлы күтпеген жерден Санкт-Петербордағы атақты Иван Лебедевтің күрес мектебіне тап болады. Бұл 1904 жыл еді.

Осыдан кейін Қажымұқанның жеңісті жылдары басталғанын білеміз.  1904 жылы Ресей мен батыс Еуропаның біраз қаласында өткен жарыстарға қатысады. Одессадағы 40 балуан қатысқан жарыста екінші орынға берілетін кіші алтын медаль алды. Бірінші орын атақты Иван Поддубный бұйырған еді. 1905 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен жарыста алғашқы алтын медалін алады.

1906 жылы алғаш рет әлемдік деңгейдегі жарысқа шықты. Осы жылы Германияда өткен дүниежүзілік сайыста әлем чемпионы атанып, алтын медаль тағып қайтты. Алайда Қажымұқан сол кездегі саяси жағдайларға байланысты көбінесе ресей империясының атымен күресуге мәжбүр болды. «Мухан», «Иван Чёрный», «Черный Замук», «Қызыл маска» секілді неше түрлі лақап аттар беріледі. Бірнеше жарысқа Ямагата Муханури» деген лақап атпен күресті. 1909 жылғы  жарыстарға «Қара Мұстафа» деген атпен шыққаны белгілі.

Белгілі зерттеуші Елемес Әлімхановтың айтуы бойынша, Қажымұқан атамыз кейбір жарыстарға өзінің өтініші бойынша «Алыпсоқ», «Шидем-Күпінский», «Ұлтанқұл» (Қажымұқанның бала кезіндегі аты) деген лақап аттармен шыққанға ұқсайды.

Елемес Әлімханов демекші, бұл автордың «Қазақтың балуандық өнері» атты кітабында балуанның жетістіктеріне байланысты мына деректерді келтіреді:

1913 жылы Парижде өткен Әлем біріншілігінде Поддубный екеуі финалға шығады. Алайда «Ағаның жолына әдепсіз ғана таласады» деп Мұқан Поддубныйды кілемнен көтеріп, «бірінші орын осы кісінікі» деп алаңнан алып кетеді.

Оқи отырыңыз: Қажымұқан Поддубныйды қалай жеңген?

Сол жылы Парижден Петерборға келгеннен соң Мұқанға Париждегі жеңістері үшін патшаның бюсті салынған үлкен медаль беріледі.

1914 жылы Парижде (америкалық) еркін күрестен халықаралық жарысқа қатысады. Ол Махмут деген лақап атпен күреседі. Осы күресте Қажымұқан еркін күрестен Әлем чемпионы атанады.

1915 жылы Хабаровск қаласында өткен халықаралық біріншілікте финалдық айқасқа үлкен алтын медальды алу үшін Поддубный мен Қажымұқан шығады. Бұлар екі күн бойы ұдайы күресіп, бір-бірін жеңе алмай тең түсіп, бірінші, екінші орынды бөліседі.

1915 жылы Саракики Жиндофудан хат келіп, онда Ресей балуандарын Харбинге шақыратындықтарын айтады. Сол жарысқа бойы 2,10 м болған Қытай балуаны Ци-Хо-банг және жапонның Саракикиі қатысады.

Поддубный мен Қажымұқан он бес күн бойы күресіп қарсылас балуандардың бәрін жеңіп шығады. Жартылай финалда «Шығыс жұлдызы» Саракики мен Қажымұқан кездеседі. 15 минут ішінде Қажымұқан Саракикидің жауырынын жерге тигізеді.

Поддубный мен Қажымұқан финалдық айқаста екі күн күресіп, бірін-бірі жеңе алмайды. Бас жүлде екеуіне де тең бөлінеді, бірақ жарыс ұйымдастырушылары жүлдені бермейтінін айтып, кім Саракикиді жапон күресі бойынша жеңсе, жүлде соған берілетіндігін хабарлайды. «Иттің күресі болса да күресемін» деп Қажымұқан күреске шығады. Күрес аяғында Қажымұқан Саракикидің ернінен жоғары қарай тартып, бас терісін сыпырып алады.

Оқи отырыңыз: Қажымұқанның Жиндофумен күресі

Хижраның 1286 жылы (1911 жылы Б.Н. ) Ыстамбұлда түріктің даңқты балуаны Нұралыны жеңеді. Атақты Нұралысын жеңгеніне қатты қуанған бай түріктің манаптары Мұқанды өз қаражаттарымен Мекке-Медине сапарына алып барып, қажы атағын алып береді. 

Соңынан Мекке мен Мединеге барады. Сонда Жидда қаласында ұйымдастырылған күреске 25 адам қатысады. Қажымұқан бәрін жеңіп, оған «Азия мен Африка чемпионы» деген жазуы бар алтын медаль және 5000 риал ақша тапсырылады.

Қажымұқан атамыз – күреспен қатар жеке өнер көрсеткен адам. Сонау соғыс жылдары жасының келгеніне қарамастан (ол кезде балуанның жасы 70-тен асқан кез) ел аралап, цирк өнерін көрсетіп отырған. Осындай жолмен 100 мың сом ақша жинап майданға қосқан үлесім болсын деп арнайы ұшақ жасатқаны баршаға мәлім.

«Атамыз өте қарапайым тұрған. Артық дүниеге қызықпаған кісі болыпты. Өзі тұрған үйін саз балшықпен өзі тұрғызыпты. Төбесін қамыспен жапқан үлкен қазақы үйді өз қолымен салған», – дейді балуанның немересі Перизат Қажымұқанова. Балуан атамыз басы-артық дүниесін жоқ-жітікке таратып беріп отырған. «Ол кезде жан-жаққа хат жазған себебі, бұл кісі соғысқа кетіп оралмай қалған, асыраушысынан айырылған 20 шақты отбасыны өзі асырып, жауапкершілікті өз мойнына алып, соларды да өз қамқорлығына алады. Серілік қылып өнер көрсетіп келсе, тапқан малын бір күнде бәріне тарқатып беретін болған», – дейді балуанның тағы бір туысы Меруерт Ескермес.

Белгілі зерттеуші, Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Қажымұқан Алашорда үкіметіне де қолдау көрсетіп отырған. Рухани демеу берген. «Қажымұқан – Алашордашылардың рухани демеушісі. Сондай-ақ, ол кісі Алашорданың барлық жиындарына қаржылай көмек берген. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған. 1905 жылы «Алаш» идеясымен таныстыру үшін Қажымұқан Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен. Қажымұқанның өнерін көреміз деп жиналған жұрт петицияға қол қойған. Сондай-ақ, 1914 жылы Омбы, Семей қалаларында Алаштың кеңестері өтер алдында міндетті түрде Қажымұқан қатысып, өнер көрсететін болған. Бұл – «Цирктің әртісі Қажымұқан өнер көрсетті» деп, жандармерияға алаштықтардың басқосуын көлегейлеу үшін де таптырмас себеп болыпты. Қажымұқан өнер көрсетіп тапқан қаржы-қаражатын «алашордашыларға» беріп отырған болса керек», – дейді Тұрсын Жұртбай.

Бәлкім бұл рас та болуы мүмкін. Олай дейтініміз, Қажекең көзі тірісінде біраз қуған көрді. Әсіресе, аумалы-төкпелі оқиғаларға толы отызыншы жылдары көп қиындық көрген. «Қажымұқан – патшаның адамы. Патшаның өз қолынан медаль алған, патшаның сыбайласы» деген желеумен айыпталып, қамауға алынады. Кейін «шетелге шыққанда Мұстафа Шоқаймен байланыс жасайды, құпия ақпараттар жеткізеді» деген айыптар тағылған. Осыған байланысты балуан біраз уақыт бойы Түркістан мен Өзбекстан елдеріне барып, бас сауғалауға мәжбүр болады.

 Осыдан бірер жыл бұрын халық жазушысы Сәбит Мұқановтың Қазақстан Орталық Мемлекеттік архивіне тапсырылған құжаттарының арасынан атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының Ташкент циркіне келіп өнер көрсететіні туралы жарнама парақ табылған болатын. Енді сол құжатқа келейік: «13-14-15-16 қыркүйек. Тәшкенде Қажымұқан Мемлекеттік циркте ғажап күш-ойынын көрсетеді. Жұз пұттық екі метрлік екі құрылыс тірегін (белтемір) иығына салып иеді. «Темір галстук». «Самсон белдігі», тағы басқа ғаламат күшке түсерлік рекордтық ойындар көрсетеді. Қажымұқан ойынынан соң цирктің барлық труппасының қатысуымен ойын көрсетіледі» делінген бағдарламада.

Қажекеңнің дәстүрлі ойынының бірі – төсіне үлкен тас қойғызып, қарулы жігіттерге балғамен ұрғызып уаттыру болған. Қазандай қара қашан уатылып болғанша балуан былқ етпей жата беретін. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай тастардың салмағы 200-300 келі шамасында болған.

Балуан сонымен қатар, төбесіне 4-5 кірпіш қойып 15 келілік балғамен ұрып сындыртатын болған. Сол секілді кеудесіне қалың тақтай қойдырып үстінен машина өткізу секілді қауіпті трюктер орындап отырған. Машина болмаған жағдайда бірнеше ат жеккен шана пайдаланыпты. 25 адам отырған арбаны тісімен сүйреген. Мойнына темір жол рельсін салып майыстыру, білегіне жуандығы бірнеше елі болатын темір орау, мойынына темірден галстук тию, таяқтай темірді беліне белбеу етіп байлау секілді алуан түрлі өнер көрсеткен. Сосын оны шешіңдер деп он шақты жігіт шығаратын болған. «Алайда онысын ешқайсысы да шеле алмайтын. Болмаған соң «бұл елден еркек тумаған ба?!» деп ұрысқан болып орауларын өзі шешетін. Денесін босатып, ішін кергенде оралған темірлер сусып жерге түсіп жататын» дейді екен балуанның көзін көргендер.

Қажекең төрт рет үйленген. Бірінші әйелінің есімі – Бәтима. Небары 16 жасында атамыздың жары атаныпты. Бәтиманың шын есімі – Надежда Николаевна Чепковская болыпты. Циркте каскадер-биші болған. Некелері Омбы мешітінде қиылып, мұсылманша есім алған. Бәтима анамыз 1966 жылы қайтыс болған. Балуан атамыз Бәтимадан Халиоллла деген ұл сүйген.

Екінші әйелі – Ырысты Тынымбайқызы. Қажекең Ырысты анамызға 1925 жылы үйленген. Одан үш қызы тарайды.

Ырысты Тынымбайқызының да өмірі қысқа болды. Белгісіз аурудан өмірден ерте кетеді.

Осыған байланысты балуан үшінші рет некеге тұруға мәжбүр болған. Бұл жолы (1938 жылы) қазақтың әмеңгерлік жолымен қайтыс болған немере ағасының жесірі Мінәйімді әйелдікке алады. Мүнәйімнен Айдархан деген ұл көрген.

Төртінші әйелінің есімі Айшагүл болыпты. Қажымұқан ол кезде 77 жаста болған екен.

Соңғы кездері Қажымұқан атамыздың француз әйелі болғаны туралы деректер айтылып жүр. Бұл ақпаратқа сенсек, француз әйелінен тараған ұрпақтары Францияда тұрып жатыр-мыс.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?